қазақы сальеризм: САБАУ мен САМҒАУ
16.09.2022
1352
0

Өнер – өмір. Ал өнердегі өмір – бәсеке, тартыс-интрига, бақталастық. Біреуге – хас дарын, енді біреуге – бос қарын береді. Бәсекеден – бақталастық, ал бақталастықтан – қастандық туындап жатпақ. Соның ақырында шын дарынмен қоса, оның бақталасы да жаман әрекеті арқылы тарихта қалмақ.
Әлбетте, Пушкинді өлтірмесе Дантес есімі тарихта қалмас еді. Моцарт қазасының арқасында Антонио Сальери есімі де адамзат тарихына мәңгі жазылып қалды. Өнертану ілімінде «сальеризм» деген анықтама қалыптасты.
Ескерте кету парыз, аты тарихта қаншалықты жаман атағымен қалды дегенімізбен, Сальери де тегін адам емес еді. Оның Бетховен, Шуберт сияқты ұлы композиторларды тәрбиелеп шығарған тәлімгер болғанын айтсақ та жетіп жатпақ.

Сондай еңбегіне қарамастан, жалпып­лане­тарлық түсінікте Сальери – есімі ешқашан оң ыңғайда айтылмайтын қарабет персонаж. Өнертану ғылымында консервативті бақталастықты ұқтыратын «Сальери синдромы» деген психологиялық анықтама да соған байланысты қалыптасты.
«Сальеризм» атты ұнамсыз құбылысқа қазақ өнерінің тарихы да кенде емес. Бұқар жырау бабаның тілімен айтқанда, «қазақтың жауы – қазақ» демекші, Абайдың басын жарған да басқа емес, қазақтың өзі. «Мифтік перінің қызымен ашына» деген жала жауып, Ақан серіні байлап тастап сабаған да – қазақ.
Тізе берсек, қазақша сальеризм баяндары осылай жалғаса береді. Оны дәлелдейтін дақпырт та, аңыз-инсунуация да жетерлік. Тіпті Қазақстанда «қазақы сальеризмнің» таспен бедерленген ескерткіші де бар.
Ескерткіш – өткен, тарихи оқиғалардың жаңғырығы. Тек жаңғырығы ғана емес, өткеннің бұлтартпас айғағы да. Та­қы­рып­тың ыңғайына орай бұл жерде айғақ юриспруденциялық анықтамасына екпін, акцент беруге тиістіміз. Тіпті біздің жағдайда оған мәжбүрлік те бар…
«Көкшетау» мәдениет сарайының алдында сол өлкенің ғана емес, алты Алаш­тың мақтанышына айналған Ақан сері мен Біржан салдың ескерткіштері тұр. Обалы қанша, жерлестері қазақ ән өнерінің осы екі тарихи тұлғасының есімін әспеттеуде аянып қалған емес.
Қаладағы Ақан мен Біржан атындағы үлкен көшелерді айтпағанда, екеуінің атында екі іргелі өнер, музыка колледждері, Біржан сал атында ірі әкімшілік аудан бар. Дұрыс қой, сал мен серіні ардақтамағанда кімді ардақтар едің, деп қоя салса да болатындай жағдай енді.
Осы бір тұста «былшығын алам деп, қыл­шығын алыпсың» деген анайылау мәтелдің еріксіз ауызға оралатыны қынжылтады. Мәселе қос дүлдүлдің жаңағы ескерткішіне байланысты.
Ескерткіштегі Ақанның да, Біржанның да қолдары байлаулы. Біреуінің көзінде жас бар. Екіншісінің қолындағы домбырасы сынған.
Оу, сонда бұл не? Сал мен серіні ардақтау ма? Әлде масқаралау ма? Әлде өз заманында болған, сал мен сері бастан кешкен ұнамсыз, консервативті оқиғалардың бұлтартпас тарихи айғағы ма? «Мүмкін өзгеден озық, дарынды болсаң, көретін күнің – осы» деген ишара шығар?» деген де ой келеді…
Композитор Қалдыбек Құрманәлінің кезінде осы жолдардың авторына ойынды-шынды «сіздің елдің Ақан мен Біржанды мақтан етуге қақысы жоқ. Себебі екеуін де ағашқа байлап қойып сабағансыздар…» дегені бар.
Әлбетте, оған қарсы уәж айта алмадық. Себебі болған, алты Алаш тегіс білетін ақиқат. Үндемедік. Амалсыз іштен тындық.
Осы бір жайтты елге барғанда белгілі бір орталарда айтып та жүрдік. Әрқилы мазмұндағы саналуан пікір де естідік. Ішінде қисындысы да, қисынсызы да, орынды, орынсызы да бар.
Әсіресе әлдебір керауыздың «сабамаса «Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап», «шешіңдер, қолыма арқан батты» деп зарлаған «Теміртас», Ақанның күйзеліске толы «Әудемжер» әндері туар ма еді! Осы екі классикалық ән де сол сабаудың арқасында туған ғой. «Сабамаса…. ондай әндер тумас еді…» дегенін де естіген кезіміз болған…
Естіген құлақта жазық қанша, тіпті «ағашқа байлап қойып сабаса… сенің өзіңнен де тамаша бір ән тууы мүмкін…» дегенді де қосқаны. Жағаны амалсыз ұстататындай жағдай енді…
Әлгі патшағардың пайымынша, сабаудың ақыры самғауға ұласқан-мыс. Аса зарлы осы екі ән арқылы Ақан мен Біржанның өнер әлеміндегі мәртебесі артқан-мыс… Басқаша айтқанда, сабау – самғаудың қозғаушы күші болған-мыс…
Еріксіз есімізге соңғы дәуірдің классиктері Төлеген мен Мұқағалидың өмірден, кейбір тараптардан көрген қорлығы түседі. Есенберлиннің Лениндік сыйлықты алуына кедергі келтіргендер ойға оралады. Ол да «сабаудың» бір түрі болатын…
Теңдессіз әнші Амангелді Сембиннің түбіне жеткен де сол – қазақы сальеризм.
Қазір бар-жоғын білмейміз, Бурабай түбіндегі «Қымызнай» ауылында алдыңғы жылдары үш жүз түйе бағылатын. Әлбетте, оның шұбаты курортқа келген дөкейлердікі. Жергілікті жұрттың міндеті – түйелерді сауып, дөкейлерді шұбатқа қарық қылу ғана.
Әлбетте, Бурабайға келіп демалатын, көңіл көтеретін мықтылардың саны «Қымызнайдың» түйелерінің санынан әлденеше есе көп қой… Шұбат шыдатпайды. Курортта жатқан дөкей бас дәрігерді шақыртып алып «шұбат әкел!..» деп пәрмен береді. Бас дәрігер байғұс екі өкпесін қолына алып, «Қымызнайға» жүгіреді. Әкелген шұбаты таусылған соң шұбат сұрау тағы қайталанады.
Інген шіркінің де сүт фабрикасы емес қой, ақыры оның да сүті тау­сылады. Ал курорттағы дөкей шұбатқа бір тойса, кәні?! Ең соңында жаны қысылған дәрігер мен түйекеш сүті таусылған інгенді аяусыз таяқтайтын болыпты. Тек сонда ғана інген ең соңғы сүтін иеді екен.
Оны қаперіне алып жатқан дөкей жоқ, бас дәрігерге «тағы да шұбат әкел!» деп ақырады. Түйекеш пен бас дәрігер тағы да інген байғұсты амалсыз сабайды. Сол кезде соңғы сүтін иген бейшара інгеннің қысылғаннан зәрі шығады екен!.. Қартайған, шау тартқан Біржан мен Ақан сияқты байғұс інгеннің де басқа берері қалмағаны ғой…
Міне, «қазақша сабаудың» кереметі қайда жатыр?! Сабаса – қазақ сабасын! Қазақ сабаса – не зарыңды шығарады, не зәріңді шығарады!
Ғажап емес пе?!
Сонымен ағайын, теріс ыңғайда айтсақ, мықтыларымыздың біразын сабау арқылы самғатыппыз! Інгенді сабап – зәрін, серіні сабап – «Әудемжер», «Теміртас» әндері түріндегі зарын шығарыппыз. Демек, ондай шаруа қолдан келеді екен… Ендеше, не тұрыс бар, қазақ! Тағы да бір мәрте сабап көрелік…
Бірақ қазір кімді сабау керек? Дарындыны ма, әлде дарынсыз халтураны ма?
«Әрине, соңғысын…» дейді салауатты сана.
Ақан мен Біржан заманынан, тіпті ежелден, ықылым заманнан бері дарындыларды сабап келіппіз. Енді дарынсыздарды сабайтын кез келген сияқты. Себебі ұлттық өнердің кейбір саласында халтура көп, күн өткен сайын көбейіп те барады. Ол әсіресе ән, музыка саласында қаттырақ байқалады.
«Техникалық туындысымақтардан» бүгінгі әдебиет те кенде емес.
Ал халыққа шынайы, табиғи өнер туындысы керек.
Тақырып, эмоция екпінімен кері ағыстар ағынына ілесіп кетсек кешірім өтінеміз, әлде «Теміртас», «Әудемжер» сияқты классика тудыру үшін әні көңілге қонбай жүргендерді байырғы, бастыққан тәсілмен… ағашқа байлап қойып сабасақ па?
Әуелден қалыптасқан игі тәртіп бар. Әлбетте, таланттарды қорғау, қолдау керек. Әсіресе дәстүрлі «қазақи сальеризмнен…».
Өкінішке қарай, бізде ондай кері құбылыс әлі де бар. Тек оның сипаты, түрі, мазмұны өзгергені болмаса…

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір