Ғажап жат­тықтырушы. Нағыз ұстаз
22.03.2024
177
0

Бір төбенің шаңын бір төбеге қосып шапқылап өскен ауылдың ол да бір қара сирақ баласы болған екен. Сабақ жағын білмеймін, ал спортқа қаршадайынан бейім болған көрінеді. Алысқанын алып ұрып, жағаласқанын жығып тастап жүре береді екен. Ке­йін ер жетіп есейген шағында Қарағандыда оқып, біздің Суықсай мен Ащыбұлаққа еркін күресті алып келіпті. Ол кім десеңіздер, айтайын, ол – еркін күрестен КСРО спорт шебері Наурызбай Күреңов.

Нәукең – ғажап жат­тықтырушы. Нағыз ұстаз. Сэнсэй. Қазіргі тренерлердің көбі екі иығын жұлып жеген жеткіншекті жеңіске жетелеп, күші өзгелерден басым баланы ғана көздейді ғой. Сөйтіп, төтелей келетін даңққа бөленуге құштар. Нәукең болса, күн-түн демей ауылдың әр баласын спортқа баулыды. Солармен бірге тер төкті. Солармен бірге өзі де шынықты, шыңдалды. Шәкіртін аялап сүйетін Наурызбай Күреңовтей тренерді мен бүгінге де­йін көрген емеспін. Ол еркін күрестегі шәкірт­тері туралы әлі күнге шабыт­танып, шалқып отырып әңгіме айта алады. Нәукең боз кілемге алып шыққан бозтайлақ ұлдардың алды – Талғат Атабаев КСРО жастар мен жасөспірімдер арасындағы дулы жарыста топ жарып спорт шебері атанды. Талғат­тың соңынан Асхат Тұматаев, Айдар Темірғалиев, Жұмағали Тазабеков, Жанат Сарқытов, Серік Бакалов, Боранбай Қуатов, Ермек Жиентаев, Берікбол Сындыбаев, Қойшыбай Қуатов, Есбосын Қызайбеков, Ермек Дүйсебаев, Жеңіс Күреңов, Марлан Заманбеков, Қайырбек Есімбеков, Айдар Тасымбеков, Алмас Орысбаев, Бауыржан Болатханұлы, Ержан Қазиханов, Бауыржан Оспанов, Берік Бакалов сияқты Ащыбұлақ пен Суықсай ауылынан шыққан палуандар дүбір салды. Ал осы аталған палуандардың арасында Тамбов қаласында оқып, Тамбовтың ақазуларымен «шайнасқан» Асқар Мұқаев туралы әңгіме тіптен бөлек.
Жуырда Нәукең 70 деген жастың мерейлі межесіне келіп ат шалдырған еді, шәкірт­тері Талдықорған қаласындағы «Өркен» спорт кешенінде жас өркен жас палуандарды жиып керемет жарыс өткізді. Жарыс барысында еркін күресті дамытуға сіңірген еңбегі ескеріліп, Наурызбай Оразақынұлына Спорт министрлігі тағайындаған марапат пен төсбелгі табыс етілді. Шараға даңқты палуан Мәулен Мамыров келіп қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді. Турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған азамат­тар: Мұрат Телібаев, Асхат Тұматаевтар әулет­тің алғысына бөленді. Белдескенін бүктеп салатын білек күштері мықты палуандарды ғана емес, елін, жерін елжіреп сүйетін отаншыл ұлдарды тәрбиелеп өсірген Нәукең бұл күні бір марқайып қалды.

Д. Қасенұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір