Ана мен баланы қорғау – ардақты міндет
С.ҚАЛИЕВА,
Экономика институты Әлеуметтік саясат және адам капиталын дамыту бөлімінің
меңгерушісі, э.ғ.д., қауымдастырылған профессор
Қандай елдің болсын демографиялық, экономикалық, еңбек және әлеуметтік әлеуетін арттыру халықтың және ең алдымен ана мен баланың денсаулығына тікелей байланысты болады. Міне, сол себепті, Қазақстан Республикасында да ана мен баланы қорғау – елдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі болып отыр. Сондықтан да ана өлімімен күрес бүгінде денсаулық сақтау ісіндегі ең өзекті міндет, ардақты борыш саналады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында елдегі жалпы экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты аналардың өлім-жітімі күрт артып, үлкен әлеуметтік проблемаға айналғаны бәріміздің есімізде. Сол кезеңде қан аздыққа, бүйрек, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларына ұшыраған әйелдер саны қауіпті шегіне жетіп, қатты алаңдаушылық туғызған болатын. (1990 жылы 199 өлім жағдайы тіркелсе, 1999 жылы ол 141 болды). Ал бұл халықтың едәуір бөлігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайындағы қиыншылықтарды, білікті медициналық көмектің жетімсіздігі немесе тіпті жоқтығы, бірқатар аурулардың алдын алу шараларының мүлдем жүргізілмейтіні секілді келеңсіз жайларды әшкерелеп берді және тәуелсіздікке жаңа ғана қолы жеткен жас мемлекеттің алдына соларды тез арада жоюды міндет етіп қойды.
Бүгінде Қазақстан ана өлімі дейтін сұмдықтан едәуір арылып, бұл жөнінде орта дәрежелі көрсеткіші бар мемлекеттер санатына ілікті. Дегенмен, Ұлттық экономика министрлігі Статистика жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, 2016 жылдың 8 айында сондай 32 жағдай тіркелді. Бұл жөніндегі неғұрлым жоғары көрсеткіш Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында орын алғанын атап өткен жөн.
Ана өлімінің негізгі себептері мыналар:
– перинаталдық (босанғанға дейін, босанар кезде және босанғаннан кейінгі) кезеңде болатын жай-күйі – 54,5%;
– дамудың туабітті ақаулығы – 22,2%;
– сепсис – 6,5%;
– тыныс органдарының аурулары – 6,4 %.
Ана мен бала өліміне жол бермеу мақсатында Қазақстанда іске асырылып жатқан шаралар қатарында мыналар бар:
– Денсаулық сақтауды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы;
– «Ана мен баланы қорғау» мемлекеттік бағдарламасы;
– Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясы;
– Қазақстан Республикасының «Азаматтардың өсімпаздық құқықтары және оларды жүзеге асырудың кепілдіктері туралы», «Йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы», «Бидай ұнын темір препараттармен, дәрумендермен байыту туралы» және т.б. заңдар;
– Босануға жәрдем беру және балаларға қызмет көрсету жұмысының тиімділігін арттыру мен біртұтас үлгісін енгізу жөніндегі жол картасы, аймақтық жол карталары;
– Екіқабат әйелдер мен босанатын әйелдерді, жас босанған аналар мен балаларды ауруханаға жатқызу тәртібі;
– Аналар үшін 5 жасқа дейінгі балаларды бағып-қағу Ережелері (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, ЮНИСЕФ-тің және Бүкілдүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының бірлескен Жобасы);
– акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың үлгісі;
– перинаталдық өлім-жітімді тексеруді енгізу және басқалар.
Өмір сапасы халықтың ана өлімін азайтуға, табиғи өсімнің көрсеткіштерін жақсартуға ықпал ететін сипаттардың жүйесі арқылы айқындалатын әл-ауқаты арқылы бейнеленеді. Оны материалдық әл-ауқат деңгейі, әлеуметтік қорғалу, денсаулық және медициналық көмектің, өзіндік даму мүмкіндігінің, білім берудің деңгейі мен сапасы, еңбек пен демалысты ұйымдастырудың жай-жапсары, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың тұрақтылығы, басқа да толып жатқан факторлар айқындайды. Осы орайда халықтың жалпы әл-ауқатын ұзақ мерзімде арттыру әйелдер мен аналардың денсаулық жағдайын жақсартумен бір мезгілде жүзеге асыруылы тиіс. Ол үшін міндетті шарттар мыналар:
– ананың босануына және балаға көмек берудің біріккен үлгісін енгізу жөніндегі жұмысты үйлестіру;
– ананың босануына және балаға көмек беру жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны халықаралық тәжірибе мен ДСҰ ұсыныстарын ескере отырып талдау;
– ана өлімі мен перинаталдық, өлім-жітімнің, акушерлік практикадағы тосын жағдайлардың себептерін анықтау бойынша тексеріс жүргізу;
– біліктілігі жоғары кадрлардың тапшылығын кеміту;
– созылмалы ауруы бар жүкті әйелдерді қауіп-қатер топтары бойынша бақылауға алып, диспансеризациялау;
– әр түрлі қорлармен ынтымақтасу және олардың мүмкіндіктерін денсаулық проблемаларын шешуге пайдалану;
– перзентханаларға, балалардың ауруханаларына құрал-жабдықтар алуға және озық технологияларды енгізуге, жеткілікті қамтамасыз етілмеген отбасыларын материалдық қолдауға гранттар тарту, әр түрлі акциялар өткізу;
– шығармашылық, рухани және нақты мүмкіндіктерді дамыту арқылы жеке тұлғаларды қалыптастыруға бағытталған білім беру үшін тиісті әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер туғызу, мүгедек балалары бар әйелдерге әлеуметтік көмек жасау;
– түсік жасауды болдырмау мен алдын алу жөніндегі жұмысты ширату;
– он сегіз жасқа дейінгі балалар мен бала туу жасындағы әйелдерге тегін медициналық көмек беру мен оларды одан әрі сауықтырудың кепілді көлемін арттыру;
– бес жасқа дейінгі және диспансерлік есепте тұратын он сегіз жасқа дейінгі балаларды белгілі бір аурулар тізбесі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша шараларды тұжырымдау;
– білікті және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
– балаларды, аналар мен жүкті әйелдерді сауықтыру және денсаулықтарын жақсарту орталықтарын құру;
– саламатты өмір салты, өсімпаздық саулықты қорғау, ана қауіпсіздігі, балалар арасындағы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істеу;
– ықтималды қатысушылар мен мүдделі құрылымдарды тарта отырып ана мен баланы қорғаудың бүтіндей жүйесін жасау;
– өсімпаз денсаулықты қорғау саласындағы әлеуметтік жобаларды іске асыру;
– ақпараттық-біліми бағдарламаларды әзірлеу, соның ішінде отбасын жоспарлауға, толғақ алдындағы жағдайларға қатысты жұртшылыққа ақыл-кеңес беру;
– әйелдер мен балаларды қорғауға байланысты жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік-жекелік серіктестікті дамыту және т.б.
Сөйтіп, аналарды қорғаудың, ана өлімін азайтудың негізгі мақсаты ана мен бала өмірін сақтауды, сапалы медициналық көмек беруді, өсімтал жастағы әйелдердің денсаулық индексін көтеруді қамтамасыз ету үшін жағдай туғызу болмақшы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.