САНДЫҚ ҒАЛАМ 4.0: кітапхана қауымдастығына арналған жаңа тенденциялар мен міндеттер
Кітапхананы ақпараттандыру саласындағы бүгінгі күннің елеулі жетістіктері – кітапхана мамандарын даярлаудың әлеуметтік тәртібін түбегейлі өзгертіп, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу бағытында іс-шараларды белсенді түрде дамыту. Кітапхана ісін көркейтуде, кітапхана жұмысында жаңа технологиялардың енуіне орай білікті де, білімді мамандарды даярлауда «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» бағыты бойынша бакалавр, магистратура, әсіресе докторантура деңгейі бойынша мамандарды даярлаудағы Қазақстан бойынша Жоғары оқу орындары ішіндегі жалғыз оқу орны ол – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті.
Осыған орай, 2023 жылдың 23-24 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих факультетінің Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» мамандығында «Сандық ғалам 4,0: кітапхана қауымдастығына арналған жаңа тенденциялар мен міндеттер» атты Бірінші қысқы мектеп жұмысы онлайн форматта өткізілді.
ТМД мен шетел ғалымдарының баяндамалары, тәжірибелері, талқылауларымен өткізілген қысқы мектеп жұмысына АҚШ-тың Индиана университетінің профессоры, библиограф Акрам Хабибулла, Түркияның Ислам ынтымақтастығы ұйымы (OIC) Ислам тарихы, мәдениет және зерттеу орталығының (IRCICA) кітапхана және мұрағат бөлімінің меңгерушісі, доктор Дидар Байыр, Иордания Ұлттық кітапханасының Бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы Нидал Ибрахим Мухаммад әл-Ахмад, Иордания Ұлттық кітапханасының ақпараттандыру және архивтану магистрі Тамадор Мукахал, Өзбекстанның Мұхаммед әл-Хорезми атындағы Ташкент ақпараттық технологиялар университетінің «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.И.Ганиева, Қ.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің аға оқытушысы М.Н.Теишова, Қазан Мемлекеттік Мәдениет институтының кітапханалық-ақпараттық қызмет және зияткерлік жүйелер кафедрасының доценті Н.Г.Яшина, РФ-ның Саратов қаласының IPR MEDIA басым бағыттарын дамыту жөніндегі бас директордың орынбасары В.В.Кутуева, кітапхана ісі саласының зерттеушілері: доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты М.К.Кукеева, педагогика ғылымдарының кандидаты К.Т. Туенбаева, тарих ғылымдарының кандидаты Б.С. Асанова, сонымен бірге «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ, «А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы» КММ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті кітапханасы, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі мамандарының баяндамалары тыңдалып, тәжірибелерімен бөлісіп, кітапхана саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Айта кету керек, қазіргі уақытта ақпараттық кеңістіктің кеңеюінде кітапхананың рөлі артып келе жатқанын бәрі мойындайды, бірақ кітапхана ісін дамытуға әлі де жеткіліксіз көңіл бөлінуі көпшілікті қынжылтады. Дегенмен де өткізілген Бірінші қысқы мектеп жұмысына жүзден аса қатысушының қатысуы, бұл мамандықтың болашақта өркендеп, дамуының жарқын көрінісі.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаев: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», – деген еді.
Бұл кітап пен кітапханаға деген зор құрметтің жарқын көрінісі.
Б.АСАНОВА,
т.ғ.к., аға оқытушы
КЕ АҚ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дүниежүзі тарихы,
тарихнама және деректану кафедрасы