БАЛАНЫ ҚОРҒАУ: КІМНЕН, НЕДЕН?
Біздің қоғам «Балаларды қорғау күні» деген мағыналы датаны жыл сайын мейрамдап, есеп үшін ғана атап өтетін науқанға айналдырып алған сияқты. Болмаса, елде балалар әлеміне қатысты мәселе бастан асады. Соның бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жыл сайын көбейіп келе жатқаны болса керек.
Ашық дерекқордағы мәліметтерге сүйенсек, балалардың қолымен жасалатын жыл сайынғы құқық бұзу оқиғасының есебі 145 мыңның шамасында екен. Мысалы, былтырғы наурыз айында ғана 378 жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалған көрінеді. Бұл – құқық қорғау органдарында ресми тіркелген тізім. Заң шеңберінде өткен жылы 700 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Жалпы, тәрбие мен білім берудегі көпе-көрінеу қателіктің ұрығы тез өнеді екен. Мұның нәтижесін осы деректерден-ақ көруге болады. Демек, қоғам тарапынан қозғау салынып, қадағалауға алатын оқиғаларға көз жұмып қарап отыруға болмайтын жағдайлардың балалар арасында да көбеюі бізді ойлантуы керек. Әрине, балалар мен жасөспірімнің әдеп, дәстүрді аяқасты ететін қылықтары мен адам құқығы, заң талабын өрескел бұзатын кез келген әрекетін айыптап қана отыру аздық етеді. Жазалаумен де қанды іріңі бетіне шыққан мәселені түбегейлі шешу қиын. Егер мұны қоғамның дерті дейтін болсақ, оның жұқпалы ауруға айналуының алдын алу керегі даусыз.
Бәрімізде осының уақытын өткізіп алмадық па деген қауіп бар және ол қауіп бүгін ғана төнген жоқ. Біз осы оқиғалар арқылы қазір өмір аренасына атойлап шыққан жас толқынның білімі мен тәрбиесіне қатысты аға буын мен мемлекеттік идеологияның жіберіп алған қателігінің салдарын көргендей боламыз. Оның бір мысалын мәдени экспанция арқылы ұрпақ санасына сіңірілген қатыгездік идеясынан іздеуіміз керек сияқты. Мәселен, ұзақ жылдар бойы көгілдір экран мен ғаламтор арқылы қолжетімді болған киноөндірістің өнімдерінде «Адам адамға – қасқыр» деген «ұран» ашық айтылып келді. Көрген шығарсыз, әсіресе ресейлік сериалдарда Құдай сөзіндей дәріптелетін қылмыс әлемі «серкелерінің» уағызын тыңдап, қылмыстың барлық түрі үшін ешқашан жазаланбайтын кейіпкерді кумир етіп өскен ұрпақтың қазіргі «кері байланысы» осылайша болатыны белгілі-тін. Өкінішке қарай, біздің қоғамдық жүйе ұлттық құндылықтардың жетегімен жүрмей, әсіреқызыл идеологияның құрбандығына шалынғанын енді ұқтық. Көре де беретін шығармыз әрі өз қолымызды өзіміз кесе алмай отырамыз ба?
«Адам – адамға қасқыр» деген түсініктің қашан қалыптасқанын анықтау енді қажет пе білмедік, анығы адамзаттың өзі осыдан зардап шегіп отырғанын мойындай бастады. Әуелгіде түрме тұрмысының, қылмыс әлемінің ыңғайына жығылған қу ауыз біреу айта салған болуы керек, сол сөздің жүре келе тұтас ұрпақтың «ұранына» айналып кетуіне бәріміз кінәліміз. Былай қарасаң, дұрыс та. Тек дұрыс болса неге былай қараймыз: жасөспірімнің бойындағы жаман әдет, теріс қылықтың бәрі сырттан келген, жаттан жұққан сияқтанады. Әйтеуір өзіміз таза, кіршіксіздей көрінеміз. Шынтуайтында, бүгінгі баланың зәредей асау қылығының өзіне қоғам жауапты екенін ұмытпауымыз керек еді. Бұл жерде қоғам деген ұғымға ата-ана, мектеп, қала берді мемлекеттің де тиісті механизмдері еніп кетеді. Тегінде «Адамның адамға бауыр» екенін ұғыну үшін көп дүние керек те емес. Біздің бір досымыз айтқан әңгіме еді: «Ұлымды 6 жаста қолынан жетектеп музыкаға апардым. Одан биге. Би болғанда да спорттық балл биі болатын. Таныстарым күлді. Олар баласын бокс, каратэ, күреске берді. Ал менің ұлым би тобындағы жалғыз қазақ баласы болды, ол тіпті орысша түсінбейтін. Кейін балалар өсті. Ұл би мен музыкадан лауреат атанып, өнер саласына шетелге оқуға кетті. Ал ұлы спорт секциясына барып жүрген танысым жиі ашуланатын. Қара күш пен әбжіл әрекетке бейім бала кәмелетке толмай полицияға түсіп үлгерген…».
…Қоғамнан жеке басқа өтейік. Мұндай жағдайды жеке-жеке талқылап, әркім өз әлінше әрекет қылғаны дұрыс болатын шығар. Өйткені әркім өз баласына жауапты ғой. Мұнан бөлек ертең өкінбес үшін, бүгін істеуіміз керек нәрселер бар. Не істеу керек? Өскелең жастың жүрегіне ізгілік нұрын құя аламыз ба? Кімнен үйренеміз мұны? Мысалы, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…», Абайдан…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ