Еңсені түсірмей, мерейін өсіру – ортақ міндет
Жанұзақ Аязбеков
Әдеби сыншы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері,
ҚЖО Қостанай облысы бойынша өкілі
Міне, қазақ қоғамының көзі мен құлағы іспетті, көнекөз абыз қариядай Қазақстан Жазушылар одағы тоқсанға келіп отыр. Ұлтымыздың асыл сөзінің төрі, ұлт руханиятын алға сүйреген локомотив болған Одаққа бүгінде артылып отырған жүк аса салмақты. Шынтуайтына келсек, қазір елдің тұтастығы мен ішкі бірлік сынға түскен кезең. Мұндайда руханияттың оғландары көркем ойдың дертіне де, ұлт тағдыр-талайына да немқұрайлы қарай алмасы анық. Осы орайда қаламгерлер қауымының төл мәдениетімізді жаңа сатыға көтеру жолындағы ізденістері мен іркілістері, табыстары мен тебіреністері қалың жұрттың көз алдында өтіп жатыр. Мынаны ұмытпағанымыз жөн. Қазақстан Жазушылар одағы – көркем сөзімізді ұйытқан қазақ әдебиетінің қастерлі ордасы. Ендеше, оның еңсесін түсірмей, мерейін өсіру – аға ұрпақ, жасы бар, жасамысы бар, әдебиетті ардың ісі дейтіндердің бәріне бірдей жауапты міндет.
Бұл ретте Қостанай-Торғай өңіріндегі сөз өнері алдында адалдық танытып келе жатқан қауым бар. Олар – Ыбырай, Бейімбет, Ахмет пен Міржақып әуездеген, кестелеген көркем де дарынды сөзді ес білгелі мансұқтап өскен ұрпақ. Өңір топырағынан шыққан әдебиетіміздің аймаңдайлы азаматтары бүгінде астанамызда тұрса да, туған жерден қол үзіп көрген жоқ. Айталық, Төлен Әбдік, Қойшығара Салғаринмен Қостанайда өткен жүздесудің әсері айрықша болды. Ал, марқұмдар, көсемсөз және аударма ақтангері Ғаббас Жұмабаевқа, сатира саңлағы, көркем прозада өзіндік қолтаңба қалдырған Қонысбай Әбілге арналған кештер жас әдебиетшілерге естен кетпестей ұлағатымен есте қалды.
Биыл Қостанайда қоңыр күзде өткен қазақ әдебиетінің онкүндігінде жаңа есімдер жаңа қырынан танылды. Жандос Жүсіпбеков, Дәулет Жадырасын, Асылан Қанғожин, Жанна Ерекина тың шығармаларын оқырмандарына ұсынып, көпшілікті елең еткізді. Ал өзі прозашы әрі баспагер Әбутәліп Әмір балаларға арналған өңір ақын-жазушыларының туындыларын көркем безендіріп жеке кітап, сол сияқты 70-тен асқан қариялардың руханиятқа арналған тосын көзқарасты ой-пікірлерінен сұрақ-жауаптан өрілген тұрпаты бөлек жинақ құрастырды. Бәрін де өз қаражатына шығарып, қалың оқырманға таратып берді.
Кезінде Қазақстан Жазушылар одағының қара шаңырағынан ұлағат алған ақындар, есімі елге танымал Серікбай Оспанов пен Ақылбек Шаяхмет бүгінде Қостанай өңіріндегі жас ақын-жазушылардың көшін бастап келеді.
Өңірімізде 12 ҚЖО мүшесі бар. Бұл бірақ таланттар туған өлкедегі шығармашылық адамдарының аздығын білдірмейді. Әлгінде айтқанымыздай, Қазақстан Жазушылар одағы секілді мәртебелі де мерейлі бірлестікке деген құрметі әрі әдебиетке деген адалдығы дер едім. Әйтпесе қала мен аудандарымызда әдеби үйірмелер жыл санап бой көрсетуде.
Мерейтой үстінде айтарымыз, Жазушылар одағы – Алматы мен Астана ғана емес, ұлан-байтақ еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі, шығысы мен батысы. Ендеше, Одақ абыройын асқақтатамыз десек, сол байтақтағы өсіп-өніп келе жатқандарға айрықша назар аударып, қолдау көрсету керек. Одақ басылымдарында жергілікті авторлардың туындыларын талқылап, сараптап отырса нұр үстіне нұр болар еді. Шығармалар шынайы бағаланып, авторларға даңғыл жол ашылса, ұлт әдебиетінің де, Одақтың да мерейі үстем болары анық.
Мерейтой құтты болсын, әріптестер!
90 ЖЫЛҒЫ ҚЫЗМЕТІ ТЕК ЕЛГЕ АРНАЛДЫ
Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ
ҚЖО-ның Шымкент қаласындағы
өкілетті өкілі
Тоқсан жыл ішінде осы киелі шаңырақта қаншама алыптар еңбек етті.
Көбісінің атақ-даңқы алысқа кетіп, жат елдіктерге қазақтың тарихы мен мәдениетін, тұрмысы мен тіршілігін өздерінің өлмес шығармалары арқылы таныстырып кетті. Ал әдебиетіміздің сол алыптары қазақ прозасы мен поэзиясын өркендетумен қатар, өз кезектерінде шетел классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, біздің елге таныстырды. Сөйтіп, біз қай қоғамда өмір сүрсек те, Жазушылар одағында жұмыс істеген немесе оған мүше болған қаламгерлеріміздің аударма еңбектерінен әлем жұртының тыныс-тіршілігін таныдық. «Әдебиет пен өнерде шекара болмайды» деген қағида осыдан қалыптасса керек. Сондай әдемі үрдісті бүгінгі қаламгерлер де жалғастырып келе жатыр. Сірә, бұл үрдіс қаламгерлер тұрғанда ешқашан үзілмесе керек. Міне, барша халыққа осындай рухани байлық сыйлап, оған қоса, халықтың мұң-мұқтажын жоқтап жүрген, ел ішіндегі таланттарды жұртқа таныстырып, көпшілікке әйгілі еткен, сол әйгілілерді кейін ел тұлғаларына айналдырған Жазушылар одағының өмір сүріп келе жатқанына 90 жыл толыпты. 90 жыл! Бір ғасырға сәл ғана жетпейтін уақыт. Осы уақыт ішінде, мұнда еңбек еткен және оған мүше болған таланттар бұл Одақты ешкімге өзін таныстыруды қажет етпейтін атақты ұйымға айналдырыпты. Асырып айтқандық емес, елдегі бірде-бір қоғамдық ұйым дәл осы Жазушылар одағы сияқты елге кеңінен танылған жоқ. Бұл Одақ әлі де талай жыл осындай мәртебесінен айырылмай, ел үшін еңбек ете беретіні тағы хақ. Мереке құтты болсын, әріптестер! Барлықтарыңызға шалқар шабыт пен, шығармашылық жолда үлкен жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін!
ЖЕТІСУ АҚЫНДАРЫНЫҢ ЖЫР ЖАУҺАРЛАРЫ ЖАРҚЫРАҒАН ЖЫЛ
Жангелді НЕМЕРЕБАЙ
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының Жетісу облысындағы өкілі
Биылғы ұлу жылы ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениеті үшін табысты жыл болғаны рас. Басқа облыстарды айтпағанда, Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілдігі үшін де жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Жыл соңына дейін атқарылған іс-шараларымыз да ауыз толтырып айтарлықтай.
Жыл басынан Жетісу облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Халық шығармашылығы орталығының қолдауымен көптеген әдеби шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішінде атап айтар болсақ, тікелей өкілдіктің атсалысуымен, басқарма басшысы Қуаныш Сүлейменовтің ұсынысымен жобаның жетекшісі әрі тұрақты жүргізушісі ретінде өзім мұрындық болып, жетсулық ақындарға арналған «Жыр жауһары» поэзия сағатын әр аптаның бейсенбісінде тоқтаусыз өткізіп тұрдым. Еркін форматтағы бұл жобаның мақсаты – қара өлеңді серік еткен, оқырманын тебіренткен жерлес ақындарымыздың есімдері мен өлеңдерін ұлықтап, поэзия туралы ойларын ортаға салып, жыр сүйер қауыммен пікір алмасу еді. Ілияс Жансүгірұлының 130 жылдығы аясында құлагер ақыннан бастап, өмірден өтіп кеткен Жұматай Жақыпбаев, Сәкен Иманасов, Қанипа Бұғыбаева, Әбен Дәуренбек, Үсен Өмірзақов сияқты шайырларымызды еске алу кештерінде аяулы ақындардың туыстары осы рухани шараның құрметті қонағы болды. Облысымыздағы халық театрларының әртістері жобаның әр санында кеш кейіпкерлерінің өлеңдерін оқып, жаңа әндерін жарыққа шығарды. Осынау тағылымы мол жыр алаңына әр аптада, бүгінгі ортамызда жүрген көзі тірі ақындарымыз да кезекпен келіп, белсене қатысып отырды. Атап айтар болсақ, аға буын Әли Ысқабай, Әміре Әрін, Жомарт Игіман, Қуат Қайранбаев, Нүсіпбай Әбдірахым, Төлеужан Ғұмаров, Тезекбай Садиев, Қайрат Бестібаев, Базархан Жақыбаев, Азамат Ақылбеков сияқты ақындармен бірге аудандарда қызмет етіп жүрген жас қаламгерлер де назардан тыс қалмады.
Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының жаңа жобасы бойынша «Әдеби шеберлік мектебіне» Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілдігі ұсынған үміткерлердің арасынан ақын Мұхтар Күмісбек 10 күн бойы Жазушылар одағының қолдауымен (жатын орны мен үш уақыт тамағы қамтамасыз етілген) әдеби, тарихи нысандарды аралау шарасына қатысса, өңірімізден (әзірше) алғашқы болып Талдықорған қаласындағы №21 орта мектептің 11-сынып оқушысы Аяулым Жапархан (Кербұлақ ауданының тумасы) мен Талдықорған қаласындағы Барлыбек Сырттанов атындағы №27 мектептің оқушысы Жанерке Темеш «Жас қаламгер» атанып, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің өз қолынан «Қазақстан Жазушылар одағына үміткер» билетін алды.
Сондай-ақ республикалық «Алқа» әдеби клубының мүшелері мен жергілікті қаламгерлердің кездесуі ұйымдастырылды. Өңірдің тарихи жерлеріне әдеби сапар жасау мақсатымен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас әдебиетшілер Сайын Мұратбектің туған жеріне ат басын бұрып, «Жабайы алмасын» көріп, «Тамшыбұлақтың» сұлулығын тамашалаған сәттерін үлкен әсермен жарыса жазды. Осы жылдың легінде Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілдігі аудандармен де бірлесе отырып біраз шаруа атқарды. Жаз айында саялы өлке Сарқан ауданы әкімдігінің қолдауымен, Жетісу облыстық Жазушылар одағы өкілдігінің тікелей ұсынысымен жазушы, «Алтын қалам» байқауының жеңімпазы, марқұм Заман Төлеуовтің атын есте қалдыру мақсатында кезінде өзі қызмет еткен Қойлық ауылдық мәдениет үйінің ішінен «Тастұма» атты рухани-танымдық шығармашылық зал ашылып, жазушының жары әрі әдеби мұрасын түгендеушісі Гүлмира
Ажиханова көпшілікке ас берді, қаламгер рухына құран бағышталды. Алакөл ауданы, Қабанбай мәдениет үйінде белгілі жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылып, қаламгерге ел-жұрттың атынан аудан белсендісі Ербол Ақшолақов ат мінгізіп, қазақы салтпен иығына шапан жапты. Жақында ғана Жетісудың тумасы, ақын, жазушы Қайрат Бестібаевтың 60 жылдық мерейтойына орай «АР» баспасынан автордың үш бірдей кітабы оқырманға жол тартып, оның таныстырылымы ҚР Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылса, ақын Қуат Қайранбаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты шығармашылық кеші Жазушылар одағының бас ғимаратында өтті. Биылғы жылы мерейтой иесіне Қарасай ауданының Құрметті азаматы атағы беріліп, Құрмет ордені табысталды. Сол сияқты «Абай» баспасынан Жангелді Немеребай (автор) мен Сағыныш Намазшамованың өлеңдер жинағы 2000 данамен басылып шықты. «Жетісудың жыр жауһарлары» айдарымен Талдықорған қаласындағы №17 мектепте (кітапханасының ұйымдастыруымен) белгілі ақындар – Гүлбақыт Қасен мен Торғын Тұрлыбаеваның шығармашылығы сахна төрінде салтанат құрды. Көксу ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай «Көрікті менің Көксуым» тақырыбында облыстық мүшәйра ұйымдастырылып, Көксу ауданы әкімдігінің қолдауымен жеңімпаздарға қаржылай жүлделер табысталды. Жемісті де келісті күз айының 25 қазан – Республика күніне орай жетісулық Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Нұрила Бектемірова мен Сағыныш Намазшамова «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» атағымен марапат¬талды. Жетісу облысы әкімінің қолдауымен жылдағы дәстүр бойынша аймақтағы қаламгерлердің әдеби кітабы жарық көріп, өңірде тұратын Одақ мүшелеріне 150 мың теңгеден Жетісу облысы әкімінің стипендиясы берілді.
Бағаналы орда, алтын шаңырақ
Хамит ЕСАМАН
Қазақстан Жазушылар одағының
Жамбыл облысы бойынша өкілі
Ұлттың қалам ұстаған, ой баққан рухани тұлғаларының бағаналы ордасы, алтын шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы деп білеміз. Сонау отызыншы жылдардағы ойранның ар жақ-бер жағындағы тарихта Ілияс Жансүгіров бастаған Алаш қайраткерлерінің алқауымен қасиетті қара шаңырақтың құрылғаны тарихтан белгілі. Әрине, бұл бір күннің, бір сәттің шаруасы емес еді. Басын бәйгеге тігіп, тағдыры теперішке түссе де байтақ даланың рухани шаңырағының болуын көксеген Алаш тұлғаларының арманы ақиқатқа айналды. Қазақ даласында руханият салтанат құрды, ұлттың өлгені тіріліп, өшкені жанды. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, талай буын алмасса да, ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ.
Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына тоқсан жыл толып отыр екен. Ғасырға жуық уақыттың ішінде киелі қара шаңырақта талай толайым жұмыс атқарылды. Ұлт тұлғалары қазақ әдебиеті үшін талай жан алысып, жан беріскен күндерді бастан кешті. Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет және өзге де қазақтың көрнекті тұлғалары Жазушылар одағына басшылық жасады. Бүгінде қасиетті орданың шамшырағын Мереке Құлкенов ағамыз жарқыратып отыр. Ұлттың бірқатар қаламгерлері қасиетті де киелі қара шаңырақта түрлі қызметтер атқарды. Мұның барлығы да – тарих. Тарихты адамзат жасайды, уақыт оқиғаларды сараптайды. Қазақстан Жазушылар одағы елдің есінде мемлекетшіл, халықшыл ұйым ретінде сақталған. Әрі қарай да солай болатынына күмән жоқ.
Біз Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Мағауин сияқты әдеби алыптарды алғаш рет Жазушылар одағынан көрдік. Арманшыл кезімізде Абылай хан көшесі, 105-үйде орналасқан ғимаратқа әрі қуана, әрі қорқа кіргеніміз есімде. «Қазақ әдебиеті» газетіне жастықтың жалынымен жазған өлеңдерімізді алғаш рет ұсынғанымызда, оны газеттің «Жас қалам» қосымшасына жариялаған Маралтай Райымбекұлының ағалық ақ пейілі де есте. Жазушылар одағы мейірім мекені, жылылық пен ұлылықтың ордасы секілді әсер етеді. Қасиетті қара шаңыраққа бас сұққан әр сәтіміз оқиға болатын. Себебі ұлылықтың ізі, даналықтың табы қалған мекен қолына қалам ұстаған жанның бәріне де ыстық.
Ұлттың тарихи жадынан ештеңе өше қойған жоқ. Ештеңе де ұмытылған емес. Талай тағдыр теперішін көріп, талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтсе де қазақ руханияты өзінің биігі мен киесін сақтап қалды. Тоқсан жылдан бері қасиетті қара шаңырақ ұлт руханияты мен әдебиетіне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Әр уақытта әрбір буынның қалыптасуына ықпал етті. Біздің буын көрмеген, бірақ естіген талай тарихи оқиғалардың Жазушылар одағында болғаны шындық. Аңызға бергісіз барлық әңгімелерде ұлт тұлғаларының ұлы бейнелері көз алдымызда асқақтап көрінеді, сана түкпірінде жарқырайды. Қазақтың рухани әлемінің кеңістігін алтын нұрға бөлеген кенен дарын, кемел тұлғалардың ұлт әдебиеті үшін тұтас ғұмырын сарп еткені де шындық.
Тоқсан жыл бойы тағдырдың түрлі сынағына төзген, уақыттың дауылы мен жауынына шыдаған қазақ руханиятының алтын төрі – Қазақстан Жазушылар одағының ғұмыры әлі талай жүзжылдықтарға жалғасатынына сенім мол. Қай кезде де ұлт руханиятының жоқшысы әрі айбары болған қадірлі қара шаңырақ әлі де қазаққа қызмет ете беретіні сөзсіз. Қазақстан Жазушылар одағының барлық ұжымын, барша қазақ қаламгерлерін тұғырлы тоқсан жылдық мерейлі сәтімен құттықтаймын! Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев «Барлық ақын баласы бір ананың» дегеніндей, барлық қаламгерді бір шаңырақ астына топтастыра білген, мұраттас, рухтас қылған ортақ шаңырақтың тойы құтты болсын! Қазақстан Жазушылар одағына жемісті жұмыс, асқақ абырой, биік бедел тілеймін!
Қасиетті қара шаңырақ – мінездер мекені, руханият шамшырағы! Қазақстан Жазушылар одағына, барша қазақ қаламгерлеріне табыс тілеймін!
ПІКІРЛЕР1