АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОРҒАУ – ЕЛ МІНДЕТІ
19.06.2024
882
0

Жалпы ана мен баланы қорғау көпқырлы мәселе екені белгілі. Соның ішінде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Балалардың құқықтарын қорғау» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында кеңінен айтылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабағина өз сөзінде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың барлық шаралары әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті. Бүгінде балалы отбасыларға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлемдердің 2 түрі, сондай-ақ жергілікті бюджеттен табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Сонымен қатар мүгедектік туындаған және асырау­шысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер төленеді. «Биыл 4,4 млн отбасы үшін жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге әлеуметтік төлемдер көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,3%-ға көп. Осы жылдың 4 айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдер 3,2 миллионнан астам отбасына тағайындалды», – деді Ғалия Жабағина.
Министрлік өкілдері атап өткендей, жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тен біржолғы төлемдер тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты. Төрт айдың қорытындысы бойынша бұл төлемді 90 мыңнан астам адам алды. Биыл 1 қаңтардан бастап бала тууға арналған біржолғы жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Осы жылы дүниеге келген бірінші, екінші және үшінші балаларға – 140 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 232 мың теңгеден астам төленеді. Жыл басынан бері бұл жәрдемақыны 136 мыңнан астам адам алды.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша бюджеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақы баланың туу кезегіне байланысты, бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 21 266 теңгеден 32 859 теңгеге дейінгі мөлшерді ұлғайта отырып төленеді. МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы жұмыс істейтін әйелдердің орташа айлық табысының 40%-ын құрайды. Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап бала күтімін жүзеге асыратын ата-аналар үшін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді. Сондай-ақ 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа де­йінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу туралы айтып берді. «Жәрдемақы мөлшері – 4 баласы бар отбасы үшін 59 183 теңгеден 8 баласы бар отбасылар үшін 118 144 теңгеге де­йін балалар саны бойынша сараланған. Ал одан да көп баласы бар отбасылар үшін бұл сома әр бала санына байланысты 14 768 теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақы 601,8 мың отбасына төленеді, бұл мақсаттарға 474,8 млрд теңге қарастырылған», – деді Ғалия Жабағина.
Министрлік мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2021-2025 жылдарға еліміздің 12 өңірінде 150 орындық оңалту орталықтарын салуды жоспарлады. 2023 жылы оңалту орталықтары Абай облысы Семей қаласында және Жамбыл облысы Тараз қаласында ашылды.
Бұдан басқа, «Қамқорлық» бастамасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 8 күндізгі емдеу орталығын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнде Талдықорған, Тараз, Өскемен, Қостанай, Павлодар және Шымкент қалаларында 700-ге жуық балаға қызмет көрсетіледі.
Министрлік өкілінің айтуынша, биыл шілдеден бастап АӘҚ жүйесін жаңғырту шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін жеке секторды тарта отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу көзделуде. Пилоттық жоба аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық бұзылулары бар балаларды АӘҚ қамту жоспарлануда. Бұл бәсекелестік жағдайында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар мен отбасыларды қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір