Ардақты қазақ қаламгерлері!
Сіздерді Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық торқалы тойымен күллі қырғыз қаламгерлерінің атынан ыстық ықыласпен құттықтаймын!
Әлем әдебиеті қазынасын байытқан рух дүниесінде қазақ әдебиетінің ерекше орны бар. Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан қазақ эпостарынан нәр алған қазақ жазба әдебиетінің жұлдызы жарқ етіп жанып, әлемге белгілі ұлы қаламгерлерді танытты.
Қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған Абай Құнанбаевтың есімін бұл күнде кім білмейді дейсіз! Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында ұлы даланың осы дара ұлының даналық өмір жолын ғана емес, бүкіл қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін ғасырларға жететіндей көркем суреттеп, кейінгі буын ұрпаққа дарыта танытып, өлмес шығармаға өзек ете отырып, мәңгілік мирасқа айналдырғанын аса ризашылықпен атап өтеміз.
Мұхтар Әуезов жайлы сөз болғанда, кеңес дәуіріндегі қаһарлы да қиын кезеңдерде қырғыз елінің ғасырлар бойы келе жатқан ұлы эпосы «Манасты» әсіреұлтшыл-шовинистердің тұқыртуынан құтқарып, кескілескен ғылыми талқуалардан көкірегін тоса қорғап, оның бүгінгі буын ұрпаққа дейін жетіп, ғасырлар бойғы сыйластығымызды бекіткен ұлы қазынаға айналуына зор еңбек еткенін қалай ұмытуға болады.
Ал енді, осы бір заңғар ұлы адам қырғыз елін әлемге танытқан атақты қаламгеріміз Шыңғыс Айтматовтың тұсауын кесіп, өткен дәуірдегі абыройы биік Лениндік сыйлықтың лауреаты атануына көмек көрсеткені де – болашаққа үлгі боларлық дүние.
Құрметті қазақ қаламгерлері!
Қазақ елінің дарынды қаламгерлері Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Қасым Аманжоловтың, Олжас Сүлейменовтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Мұхтар Шахановтың, Сәбит Досановтың және басқа да қаламгерлердің шығармалары қырғыз әдебиетінің рух қазынасын байытып, келешек ұрпақтың қалыптасуына зор ықпал етіп келе жатқанын баса айтқым келеді.
Қазіргі қазақ әдебиетінің тарихта өзінің үлкен орны бар. Қазақ жазушыларының шығармаларын қырғыз тіліне аударып, оқырмандарға жеткізуде қырғыз ақын-жазушылары Акбар Рыскулов, Марк-Абай Ааматов, Атантай Акбаров және басқа қаламгерлер үлкен үлес қосып келеді.
Бір туған екі елдің ынтымағы бұдан әрі де әдебиет айдынында жалғасын тауып, шыңдала берсін!
Аман болыңыздар, бірге болайық!
Қаныбек
Иманалиев Қырғыз
Республикасының
Ұлттық Жазушылар одағының төрағасы