БҮГІНГІ МІНДЕТ – ҚАЗАҚ АУДАРМАСЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҒАРУ
18.04.2023
3514
0

Абай мен Ыбырайдан бастау алып, Алаш зиялылары соқпақ салып кеткен, бүгінде даңғыл жолға айналған қазақ аударма ісінің бір жарым ғасырлық қана тарихы бар. Осы бір жарым ғасырда қазақ аудармашылары дүниежүзі әдебиетінің үздік туындыларын қазақша сөйлету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазақ оқырманы қай кезде де әлем әдебиеті үлгілерін түгел болмаса да, ең үздік жауһарларын ана тілінде оқып келді. Алайда 2022 жылды өз басым кейінгі бір кезеңдегі ең «жемісті» жыл деп атар едім.      

Ұлттық кітап палатасының дерегіне сүйенсек, 2002 жылы Қазақстан баспаларынан қазақ тіліне аударылған 187 кітап жарық көрген екен. Бұлардың арасынан ғылыми, нон-фикшн әдебиетті және бұрынғы аудармалардың қайталама басылымдарын, мысалы, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Мағауин, Дидахмет Әшімхан және тағы басқалардың бұрынырақта жасаған аудармаларын алып тастағанның өзінде тоқсанға тарта көркем аударма туынды шықты. Кітаптар негізінен ағылшын және орыс тілдерінен, бірді-екілі шығарма неміс, француз, қытай, орыс, украин тілдерінен аударылған. Англия, Америка, Австралия, Канада, Испания, Италия, Германия, Франция, Араб әлемі елдері, Қытай, Шотландия, Швеция, Жапония, Испания елдерінің әдебиеті ұсынылған. Әзірге түпнұсқа тілден аударылған шығармалар орыс тілі арқылы аударылған шығармалардан аз болып тұр.
90 деген – бір жылға жетерлік сан болғанымен, қазаққа аз. Қазіргі таңдағы отарсыздану үрдісін ескеріп, оқырманды өзге елдің әдебиетімен таныстыруда мемлекеттік тілді алға шығару ниетімізді алға тартсақ, 90 кітап қазақ аударма ісінің жыл сайынғы жемісі болуға тиіс ең аз сан дер едік. Қазақ тіліне аударылмаған әдебиет жауһарлары әлі қанша. Оның көбі кезінде қазақ оқырманына орыс тілі арқылы танылғанын тағы ескерсек, қазір көркем аударма оқырман назары үшін күресте төл әдебиет туындыларымен қатар басты қаруға айналуға тиіс.
Аударма әдебиет шығаруда кітап саны жағынан «Foliant» баспасы көш бастап тұрса, нарықтағы қазіргі негізгі ойыншылар «Мазмұндама», Steppe& World және «Қасым кітапханасы» баспалары болып отыр.
Осы баспалардан жарық көрген кітаптардың аудармашыларын жиілігіне қарай атасақ, Заманбек Әбдешев, Сағыныш Намазшамова, Баян Хасанова, Динара Мәзен, Әлия Бөпежанова, Мира Сембайқызы, Лира Қоныс, Дәурен Берікқажыұлы.
Былтыр жарық көрген аудармалар арасында 2021 жылы дүние салған Заман Төлеуовтің екі аудармасын айрықша атап өту керек шығар: Кэролдың «Алиса ғажайыптар елінде» романы және Стейнбектің «Тышқан мен адам хақында» туындысы.
Стейнбектің тағы бір шығармасы – «Ыза шоғы» романын қазақ тіліне Балғынбек Имашев аударыпты.
Былтыр қазақ тіліне аударылған кітаптардың басым көбі – 18-19-ғасырлардағы әлем классикасы: Шарлотта Бронтенің «Джен Эйр» романын Ұлпан Кенжебаева, Эмили Бронтенің «Найзағайлы асуын» Ұлпан Жакина, Джек Лондонның «Мексика ұлы: балаларға арналған әңгімелер» жинағын Баян Хасанова, Джейн Остиннің атақты «Pride and Prejudice» романын «Тәкаппар ғашықтар» деген атпен Мөлдір Нұрмолданың аудармасын «Мазмұндама» баспасы шығарса, сонымен қатар ол роман «Асқақтық пен адасу» деген атпен де жарық көрді.
Былтыр жарық көрген аударма кітаптарды елдерге жіктей отырып шолып шықсақ: испан жазушысы Артуро Перес-Ревертенің «Құрсау немесе өлім үстіндегі ойын» романын орыс тілінен Сырым Бақтыгерейұлы аударған; итальян жазушыны Роберто Риччидің «Қызыл Арлекин» сериясының бір томы – «Арлекин көтерілісі» шығармасын Аслан Әлімбаев аударған; түрік әдебиетінен Орхан Памуктің «Үнсіз үй» және «Ақ қамал» романдары аударылған.
Кейінгі жылдары жарық көрген аударма кітаптардың бір парасы – фентези жанрындағы әдебиет. Осы жанрдағы әлем әдебиетінің озық үлгілерінің қазақ оқырманына жетер жолы тым ұзақ болды. 1955 жылы баспадан жарық көрген Джон Роналд Руэл Толкиннің «Сақиналар әміршісі» романы жетпіс жылға жуық уақыттан кейін ғана қазақ оқырманының қолына, қазақ тілінде тиді. Кітап туралы ашық дереккөздердергі материалдарда бұған дейін 38 тілге аударылды делінген, демек қазақ тілі – ХХ ғасырдың ең ұлы туындыларының бірі саналатын осы роман аударылған отыз тоғызыншы тіл.
«Сақиналар әміршісі» трилогиясының бірінші кітабы – «Сақиналар бауырластығы» 2022 жылғы сәуір айында таныстырылып, іле-шала Foliant баспасынан екінші және үшінші томдары – «Екі қамал» мен «Патшаның оралуы» жарық көрді.
Трилогияның бірінші томын ағылшын тілінен аударған – Алтынжан Иралиева, екінші, үшінші томдары – Айжан Бозбаеваның ағылшын тілінен аудармасы. Профессор Толкин жазған трилогияны аударудың қиындығы – толық ойдан шығарылған, егжей-тегжейлі тарихы мен тағдыры жазылған, тіпті картасына дейін сызылып әзірленген Жерортаның атмосферасын жеткізу, автордың сөз ойнату стилін дәл жеткізе білу. Трилогия орыс тіліне 1960 жылдардан бастап бірнеше рет аударылса да, оқырман әлі күнге дейін көңіл көншітер мінсіз аударманы көрмедік деп, әр мәтін төңірегінде пікірталас өрбіп, зерттеу жүргізіліп келеді. Оған қоса, профессор Толкиннің кезінде өзі жазып кеткен «Аудармашыларға арналған нұсқаулығында» жер-су атаулары мен кейіпкерлердің аттарын аудару керек пе, аударса қалай аудару керек, қайсын аударуға болады, қайсын мүлде аударуға болмайды деген нәрсенің бәрі көрсетілгеніне қарағанда, бұл жазушының осы шығарманы өз тіліне аударамын деген аудармашыларға қалдырып кеткен жұмбағы әлі көп деген сөз. Осы ойға сүйеніп, Толкин трилогиясының әзірге қазақ тіліндегі жалғыз аудармасы әлі де жетілдіріледі, мәтіннің стилистикасы өңделіп, тартымдырақ бола түседі деп сенеміз. Осы орайда, трилогияның алғашқы екі бөлімінің атаулары қазақ тіліне сәтсіз аударылғанын айта кетуді жөн көріп отырмын. «Сақиналар бауырластығы» деген тіркес орысша «Братство кольца» деген аудармаға сүйеніп алынған, ал «Екі қамал» деген атауда түпнұсқа мәтінде екі қамал емес, екі мұнара-бекініс туралы сөз болатыны ескерілуі керек еді.
Фентези жанрындағы туындылардың қазақ тіліне аударылуы жөнінде айтқанда атамай кетуге болмайтын үлкен туындылардың бірі – ағылшын жазушысы Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер» романдар сериясы. Бұл туынды да 2022 жылы толық аударылып, оқырман қолына тиді. Жетінші томының аудармасы 2022 жылғы қарашада жарық көрді. Қазақ тілі бұл роман аударылған сексен бірінші тіл болды. Жеті том романның бірінші томы 2020 жылы таныстырылып, екі жарым жылға жуық уақытта жеті томы толық оқырман қолына тиді. Романды кәсіби аудармашылар ағылшын тілінен аударған. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» деп аталатын бірінші томды Нәркез Берікқазы, Динара Мәзен және Саят Мұхамедияр аударса, кейінгі томдарын Динара Мәзен мен Саят Мұхамедияр кезектесе, кейде бірлесе отырып аударған. Бұл романдар сериясын да қазақ оқырманы ұзақ күтті. Алғашқы кітабы 1997 жылы жарияланған серия қазақ оқырманына жиырма бес жыл дегенде жетті.
Фентезиден кейін психологиялық хоррор жанрына ойыссақ, 2022 жылы жарық көрген сүбелі еңбектердің бірі – америкалық атақты жазушы Стивенг Кингтің «Сол» романы. Қазақ тіліне аударған – Заманбек Әбдешев. Бұл шығарма қазақ тіліне алғаш жарық көргенінен отыз бес жыл өткенде ғана аударылып отыр. Романның алғашқы екі бөлімі – тоғыз тарауы «Сол. Өткеннің елесі» деген атпен 2021 жылы жарық көрген болатын, ал толық бес бөлімі 2022 жылы жарияланды. Аударманың сапасы мен дәлдігіне баға беруді зерттеушілердің еншісіне қалдырып, бір тұсын ғана атап кетсем деймін.
Әлем әдебиеті жауһарлары ХХ ғасыр бойы қазақ тіліне дәстүрлі түрде орыс тілінен аударылып келді. Ол бізге қалыпты нәрсеге айналып кетті, кейде дәнекер тілдің стилистикасы арқылы қазақ тіліне аударылған мәтінде мазмұн, контекст қайшылығы кездесіп жататыны да содан. «Сол» романының аудармасынан бір мысал келтірсем, бесінші бөлім, 22-тараудың «Ғажап жоралғысы» деген атауы қате аударылған. Түпнұсқа тілде «Ritual of Chüd» яғни, «Чүд жоралғысы» деп аталатын тарау, орыс тіліндегі «Ритуал Чуда» нұсқасына сүйеніп, «Ғажап жоралғысы» болып аударылған. Алайда бұл контекстіде «ғажап» деген сөздің мүлде қатысы жоқ. Чуд ұғымы – ғажап та, ғажайып та емес, Стивен Кинг тудырған «соның» әлемінің бір элементі. Алдағы басылымдарда осы олқылық түзетілсе деген тілек бар.
Сондай-ақ 2022 жылы Заманбек Әбдешевтің тағы бірнеше аудармасы жарияланған болатын: Фитцджеральдтың «Ұлы Гэтсби» романы, Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романы, Чарльз Диккенстің «Оливер Твисттің басынан кешкендері» туындысы.
Толкин мен Стивен Кинг шығармаларының аудармасына шұқшия тоқталғанымның бір себебі – бұлар қазақ аударма ісіндегі үлкен бір белес саналатын дүниелер. Оның үстіне дүниежүзінде де, қазақ оқырманы арасында да Фандомы көп туындылар болғандықтан, кітапты оқиын деп қолға алған адам ең алдымен сол автордың қиялының жемісі саналатын ұғымдарды іздейді. Оларды таппаса – аударма өз міндетін атқара алмады деген сөз.
Стивен Кингтің қазақ тіліне аударылған шығармасы бұл ғана емес. 2022 жылы «Фолиант» баспасынан автордың «Төрт маусым» хикаяттар жинағы қазақ тілінде жарық көрді. Ағылшын тілінен аударған – Мира Сембайқызы. Мира Сембайқызының бұған дейінгі елеулі жұмыстарының бірі – швед жазушысы Астрид Лингреннің «Ұзыншұлық Пиппи» романы болатын.
Осы қатардағы аударма кітаптарды сөз еткенде, 2022 жылы Лира Қоныс ағылшын тілінен аударған Кен Кизидің «Көкектің ұясы» романын да атап өту керек. 1962 жылы жарық көрген роман қазақ тіліне алпыс жылдан кейін ғана аударылып, жарық көріп отыр. Осының өзінен-ақ қазіргі аударма жүгін арқалап жүрген мамандардың, аударма кітаптарды басып шығаратын баспалардың жауапкершілігі, міндеті, атқарылатын істер ауқымы қандай екенін бағамдай беруге болады.
2022 жылы сондай-ақ қазақ тіліне алғаш рет жапонның атақты жазушысы Харуки Муракамидің «Норвег орманы» атты романы аударылды. Романды жапон тілінен аудартуға мүмкіндік болмай, ағылшын тіліндегі екі аударманың автор өзі ең дұрысы, сәттісі деп таңдаған нұсқасынан аударған – Дәурен Берікқажыұлы. «Норвег орманы» 2022 жылы басылып шыққанымен, аударма 2021 жылы әзір болған, ал Дәурен Берікқажыұлының 2022 жылғы еңбегі – американ жазушысы Ханна Кристиннің «Бұлбұл» романы. «Бұлбұл» – 2015 жылы жазылып жарық көрген шығарма, қазақшаға алты-жеті жылдан кейін аударылып отыр.
Осы орайда ірі прозалық туындылармен қатар, 2022 жылы қазақ ақындарының да аудармадағы бір сүбелі еңбегін атап өткім келіп отыр. Алматыдағы Гете-институт жариялаған Semurg жинағында Германия­ның қазіргі заманғы бес ақынының өлеңдері Орталық Азия елдерінің бес тіліне аударылған. Неміс ақындарын қазақша сөйлеткендер: Айгерім Хавранек, Жеңісбек Пәзіл, Имангелді Естаев, Райхан Шалғынбаева, Рауза Мұсабаева, Еділбек Дүйсен, Таңсұлу Рахымбаева, Айсұлу Бекен болды. Бұл жинақ 2021 жылы әзірленіп, 2022 жылы жарық көре салысымен, Гете-институттың бастамасымен неміс тіліне Орталық Азия елдері ақындарының өлеңдері аударыла бастады. Ол жинаққа қазақ ақындарынан Батырхан Сәрсенхан, Сағыныш Намаз­шамова, Еділбек Дүйсен, Жеңісбек Пәзіл және Мирас Асанның шығармалары енді.
2022 жылы жарық көрген аударма кітаптар арасындағы драматургия жанрындағы жалғыз еңбек – Әлия Бөпежанова аударған «Еділ қаған» аударма пьесалар жинағы. «Еділ қаған» – орысшадан қазақ тіліне аударылған пьесалар жинағы. Әлемдік классик туындылардың аудармасы. Атап айт­қанда, жинаққа Е.Замятиннің «Еділ қаған» трагедиясы, А.П.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» психологиялық драмасы, У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясы мен Г.Томскийдің «Аттила мен Аэций» тарихи драмасының сахналық нұсқалары енген.
2022 жылы жарияланып, алғаш рет өткізілген «Айбоз» әдеби сыйлығы да аударма саласына бір серпін әкеліп, жандануға себепші болды. Байқау­дың «Үздік аударма» номинациясы бойынша қысқа тізімге Эрих Мария Ремарктың «Махаббат декадансы» әңгімесін аударған Ақлима Исмаил, Лесли Ньюманның «Хачико. Иесін күткен ит» повесін аударған Баян Хасанова, ағылшын және американ жазушыларының әңгімелері топтамасын аударған Алпамыс Файзолла, Стефан Цвейгтің новеллаларын аударған Кенжебай Ахметов, Чехов әңгімелерін аударған Мәди Әсетұлы, Неміс тіліндегі ертегілер топтамасын аударған Шолпан Бейнеш және Уиль­ям Шекспирдің «Жазғы түні көрген түс» шығармасын аударған Үрила Кеңесбаева кірді. Байқаудың осы номинациядағы бас жүлдесін Кенжебай Ахметов алды.
Қазіргі қазақ аудармасын жаңа деңгейге шығару – әлем әдебиетінің озық үлгілерін жариялана салғанда, тым болмаса араға көп жыл салмай, суытпай аударуға ілесу де бір міндет. Қазақ тілі өзіне лайық орын алсын десек, қазақ оқырманының назарын қазақ тіліндегі кітаппен ұстау керек, әйтпегенде тренд болып жатқан шығармаларды түпнұсқа не орыс тілінде оқиды. Ол деген – оқырманның жеті жүз, сегіз жүз бет контентті тұтынатын, сонша бет сөзді сіңіретін уақытын өзге тілге беріп қою деген сөз.
Оқырман назары үшін күресте басты фактор – ең алдымен саны болса, одан кейін сапасы. Кітаптан автордың стилін таппаған оқырман уақытын қазақ тіліндегі кітапты оқуға жұмсамайды. Бұл – біздің жауапкершілігіміз.

Назгүл ҚОЖАБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір