Ұлттық ұстаным
18.11.2016
1005
1

Қазақта батырлықты мадақтау, Ел арасында батырлардың есімін ардақтап, ұлан-асыр той жасау мен ас беру кең етек алды. Біздегі батырлар жырындағы гипербола, яғни олардың тұлғасын асыра әсірелеу ескілікті әдіс болса да, әлі күнге баурағыштық күші барына таңырқайсың. Жалпы, бұл қасиетімізді ұлт ретіндегі ерекшелігіміз десек те болатындай. Әйтсе де, ара-тұра басқа ұлттардың, әсіресе орыс тарихшыларының «Қазақтардың өзгелерден артықшылығы – олар атқа жақсы отырады және ат үстінде керемет айқасады» деген пікірлерін оқып қаламыз. Сондай-ақ, отырықшы халықтар мен көш­пенді халықтардың айырмашылығын зерттеген ғалымдар көшпенді халықтардың өте алғыр, мәселені шешуге келгенде  жылдам және өткір келетіндігін айтады. Ал отырықшы халықтар тиянақтылығы мен ерік-жігерінің мықты, төзімділігімен ерекшеленеді дейді. Өткен ғасырда өмір сүрген бабалардың ерлігі мен өрлігін мақтан етіп, олардың әр ісін өнеге тұтуымыз, әрине, орынды. Әйтсе де, соңғы кезде  әр ру өз аталарын түгендеуді, олардың көзсіз ба­тырлығын дәріптеуді дәстүрге айналдырған секілді. Ал осы әре­кеттердің  ұлт тұтастығына, ұрпақ алдындағы жауапкершілікке, тіпті мемлекеттік аппарат құруда қандай әсері болуы мүмкін? Осы көшпенді өмір салтынан қалған мінезіміздің  бізге тигізетін пайдасы көп пе, әлде зияны басым ба? Мықты мемлекет болу үшін қазаққа қандай ұстаным қажет? – деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік…


Бексұлтан НҰРЖЕКЕ,
жазушы

Қазақ қайда қалады?

Қазақта әр ауылда, әр өңірде батырлар болған. Кейбіреулер қазақтың бәрі батыр ма деген пікір айтады. Батырлық деген жауды өлтіру, қырумен ғана шектелмейді. Елдің есесі кетіп бара жатқан жерде бел шешіп, кесімді сөз айтып, әділдік танытқан кісіні де қазақ батыр деген. Сөйлемей бұғып қалатын, бүгін мынаны, ертең ананы жақтапжүретін адамдарды қорқақ, ез дейді. Ондайлар не өзін, не басқаны қорғай алмайды. Қазақтың билерінің ішінде де ешкімге туысқаншылық, рушылдық жасамайтын, қара қылды қақ жарған әділ адамдар «батыр» атанған.
Қазір радио, теледидардан көкірегін керіп, «біз анандаймыз, біз мынандаймыз» деп сөйлеп жатқандарды жиі көреміз. Осындай адамдардың әңгімесін естіп отырып, қатты қынжыламын. Өйткені, оның айтып отырғаны біздің ерлік емес, ертедегі біздің ата-бабаларымыздың әділдігі. Бұрын бүйткенбіз, сөйткенбіз дегеннен гөрі, біз осылай жасап жатырмыз ба дегенді ойланғанымыз жөн секілді.
Қазіргі кезде ең жоқ дегенде әрбір рудың он-он бес шақты қоры бар. Ал қазақтың басын біріктіретін қор бар ма? Әрине, мүлдем жоқ деп айтуға болмайды, бар. Бірақ ондай қорлар некен-саяқ. Егер осылай ру-ру болып бөлініп, әркім өз ата-бабасына ескерткіш орнатумен айналыса беретін болса ертең қазақтың жері шұбар ала болады. Сонда әр рудың, тайпаның ғана мүддесін қорғап кететін болсақ, қазақ қайда қалады? Қазақтың жері қайда қалады? Ал осы мәселеге саналы көзқараспен қарасақ, әр рудан тараған ұл мен қыз сол руға қойылған ескерткіш емес пе… Одан да бабалар қорын құрсақ, ұлтқа қорғаныш болар еді деп санаймын.
Жалпы, руды қорғаудан қазақтың көсегесі көгереді деген түсінік қате деп ойлаймын. Рулық, тайпалық дәуір деген әрбір мемлекетте болған. Бірақ олардың барлығы да өткен тарихтың қойнауында қалды. Бұдан гөрі біз Тәуелсіз мемлекет құрып, Ұлт болуды ойлағанымыз жөн болар еді. Егер осы бетімізбен кете берсек, біздің Тәуелсіз мемлекетіміздің жалауы еш жерде желбіремейді. Абайдың:
«Бас-басына би болған өңшең қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сыйқын», –
деген сөзі біздің қазіргі жағдайымызға сай айтылғандай.
Қор құруда­ғы ең басты мақсат – жеке-жеке бастық болуды ойлағаннан туындаған мәселе деуге де болатындай. Шын мәнінде, қазақ бір атадан тараған. Мысалы, кеңес өкіметі кезінің өзінде ұлы жүзді Ақарыс, орта жүзді Жанарыс, кіші жүзді Бекарыс дейді екен деп естігенбіз. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақалдың өзі сол Арыс бабамыздан қалған екен. Үлкен ұлын Ақарыс, ортаншы баласын Жанарыс, кішісін Бекарыс деп атаған. Ал Ақ пен Пан деген баласы Тәңіртаудың түбінде жылқы күзетіп жүрген кезінде үсіп, қайтыс болады. Сондықтан да сол айды «ақпан» деп атаған. Ал осы сақтарды және біздің арыс бабамыз шетелдерді аралағанда өзінің туысы Тоқсарымен бірге жүрген дейді. Ал Геродот, Лукияндардың жазбасында «Грек еліне бірінші келген анахарсистер емес, тоқсаниттер еді» дейді. Бұдан біздің шежіреміз бен Геродоттың жазғандарының бәрі бір арнаға тоғысатынын аңғаруға болады.
Бұл айтылған сөздерді руыңды құрт, тайпаңды құрт деп түсінбеуіміз керек. Бірақ кішіліктен асып, мемлекет болу жолында біріккен адамдардың енді қайтып рулыққа қызмет етуі дұрыс емес деп есептеймін. Бұл ілгерілеу, өсу емес, кейінге шегіну, өшу дер едім. Шындығына келсек, руға бөлінудің арғы жағында руын дәріптеу, көсем, ақша, бәсекелестік деген сияқты көптеген мәселелер бар. Бір сөзбен айтқанда, ата-бабаның атын бизнеске айналдыру секілді. Ал бұл бизнес емес, ұлттық идеологияға айналуы керек. Біз қазір осы жағын ойлап жатқанымыз жоқ. Жеті атаңды біл дегенге әркім өз руынан кімдер шыққанын түгендеп кетті. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылған жұдырықтай берік болғанда ғана мықты мемлекет құра аламыз. Ал мемлекет құра салу оңай шаруа емес. Сол үшін де жеке бастың мүддесін кейінге ысырып, біртұтас ұлт болудың қамын жасағанымыз жөн.


Тұрсын Ғабитов,
философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры

«Батыр» – тарихи-мәдени феномен

Еліміздегі «батыр» фено­ме­нін мадақтау, ел арасынан ба­тырларды көп шығару, батырлар тұлғасын асыра әсірелеу ұзақ жылдарға созылған бо­дан­дық пен тоталитаризмнен кейін келген тәуелсіздік пен азат­тық­тың алғашқы уақытындағы жағымды толқын іспет­тес. Бірақ ұзақ уақыт осындай эмоциялардың жетегінде қала бер­ген дұрыс емес. Шешілмеген мәселелер де аз емес. Батыр­лық нақтылы ұғым және ол ғасырлармен, жаугершілік зама­ны­мен, азаттық үшін күреспен байланысты және «жырау», «ру­басы», «көсем», «қолбасы» сияқты негізінен өткен тарихпен байланысты.
Батыр – өзінің жігері мен ерлігі арқасында қауымнан да­раланып шыққан мәдени кейіпкерге жатады. Ол тек жау­гер­шілік оқиғаларында ғана емес, сонымен қатар елін бас­қын­шылар мен табиғаттағы тылсым күштерден қорғауда ора­сан зор жанқиярлық танытады. Мысалы, «Манас» жы­рын­да қырғыз батыры Сырғақ оқ пен найза алмайтын жалғыз көзді циклоп Малғұнды көзін түйреп жеңеді. Фирдоусидің «Шахнамасына» Рүстем зал циклоп Исфендиарды екіұшты жебемен жаралайды. Табиғи кесір күш сияқты батыр да ерек­ше қорғалған. Мысалы, Манас, Алпамысты «атса мыл­тық өтпейді, шапса қылыш кеспейді». Батырдың даралық қасиеті әм­бебапты сипатта келтіріледі. Мысалы «Қорқыт ата жы­рын­дағы» батыр Бисаттың циклоппен шайқасын алайық. «Төбекөз» туралы аңызды алғаш зерттеген неміс ға­лымы  Диц. Ол Төбекөзді Гомердің «Одиссейіндегі» Полифем­мен салыстырады, сөйтіп гректер бұл аңызды Шығыс ел­дерінен алған деген қорытындыға келеді. Археологтар Енисей бойынан жалғыз көзді дәудің тасқа түсірілген бейнесін тапты. Мұның өзі, оған қоса кейін келе діни нанымға ие болып кет­кен «Тас әулие» (Тарбағатай), «Қоңыр әулие» (Шыңғыс тау­да), «Қазығұрт үңгірі» (Шымкент маңында), «Айдаһарлы үңгір» (Атасу бойында) сияқты қатерлі жерлерді ерте заманда жезтырнақ, дәулер мекен етеді десетін қорқынышты орын­дар болғанын белгілейді.
Бұл мәтіннен мынадай бір ой қорытуға болады: батыр – табиғаттан алғашқы азаттық алған тұлға. Оның жігері мен қай­раты табиғи күштерден жоғары тұрады. Әрине, мәдени қаһарманның («культурный герой») теріс әлеуметтік қызметі мен деструкциялық әрекеттерін аңғарған абзал. Алайда, не­гізі ілкі тектен, мәдени қаһарманнан басталатын батыр бейнесі халықтың мифологиялық, генеалогиялық, тарихи жадында Құдай деңгейіне дейін көтеріле (Шоқан Уәли­ханов­тың «әр қазақ ерлігі мен елдігі арқылы өлгеннен кейін аруақ­қа айнала алады» деген ойын еске алайық) алады. Мәдени қаһар­ман Прометей адамзатқа от сыйласа, Толағай тауды ар­қалап әкелді, Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбайлар халқын геноцидтен аман алып қалды.
Батыр жаудың небір әсем шаһарларын, биік мұнаралы бе­кіністерін, бау-бақшалы сарайларын шауып алғанымен он­да тұрақтап қалмайды, аяғында сол баяғы көшпелі тір­шілікке қайтып оралады. Әскери демократиялық әлеуметтік құрылымда батырлармен қатар ерекше қызмет атқарған мәдени қаһармандарға әскербасылар, бектер мен хан-сұл­тандар жатады. Ежелгі түркілік мәдениетте элитарлық тұл­ғалар қасиетті саналып, тернарлық әлемде оларға жоғары дү­ниеден орын беріледі. Мысалы, ғұндардың тәңірқұты Көк­тен жаралған және Күн нұрымен шапағатталған деп есептелген.
Қазіргі заманда да батырлық пен ерлікке орын бар. Мыса­лы, Ұлы Отан соғысының батырлары мен азаттық үшін кү­рес­кен Желтоқсан батырлары. Олардың халық үшін, ел үшін жасаған ерліктері ешқашан ұмытылмауға тиіс.  Дегенмен, шын батыр болуменен өз-өзін батыр жасаудың аражігін ажы­ратып ал­ғанымыз жөн секілді. Жалпы, Тәуелсіз ел болып, мықты мем­лекет құру жолында бірауыздылық, руға емес, елге деген сүйіс­пеншілік қажет секілді.


Зиябек ЕРМҰҚАНҰЛЫ,
тарих ғылымының докторы,
Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Ұлттық тарихшылар конгресінің ғылыми хатшысы

Батырларға тән ұстаным

Бағзы замандардан-ақ  дала халқының аты тамаша жауынгерлер ретінде әлемге танылған.
Әскери өнер оларға арғы бабалары – қыпшақтардан, түркілерден, ғұндар мен сақтардан мұра болып қал­ған. Өз жерлерін, халқын, малын шетелдік шапқыншылардан қа­лай да қорғап қалу олардың ер­кін, әскери-соғыс тұрмыс салтын ұстануына басты себеп болды.
Біздің заманымызға дейінгі
V ға­сырдың өзінде белгілі грек оқы­мыс­тысы Геродот «Грек-парсы со­ғыс­тарының тарихы» кітабында біз­дің тікелей арғы бабаларымыз сақ­тардың аса жоғары әскери қа­сиет­тері жайлы: «Скиф (сақ-авт) әс­керіне Еуропаның халқы ғана емес, тіпті Азияда да, бірде-бір тай­па жалғыздан-жалғыз біріккен скиф­терге қарсы күресе алмайды. Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса бе­реді – соғыстың екі түрін де мең­герген… садақпен де, найзамен де, айбалтамен де шайқасады», – деп жазған. Ол сондай-ақ, «Бізге белгілі ха­лықтардың ішінде тек қана скиф­­тер  адам өмірі үшін ең маңыз­ды өнерді игерген. Оның мәні мы­на­да, олар еліне шабуыл жаса­ған бірде-бір жауының аман қал­уы­на жол бермейді және ешкім олар­ды қуып жете алмайды… Се­бебі олар­дың тұрғын үйі – күй­ме­лер», – дейді.
Үш ғасыр өткеннен кейін басқа бір ұлы грек Дионисий Периэгит те біздің тікелей арғы тегімізге қа­тыс­ты лайықты мақтау сөзден аянып қалмаған. Ол: «Согдиананың ар жа­ғында, Яксарттың  ағысы бо­йын­­да, садақ оғымен жайпайтын, әлем­дегі мергендердің ішіндегі ең ше­­берлері, бір де жебесін  айдалаға ат­пайтын сақтар тұрады», – деп жа­зады. Бұл сөздер даланың ежелгі тұр­ғындары, біздің тікелей арғы ба­баларымыз жайындағы жалған мақ­тау емес, басқа өркениеттер мен мәдениеттердің өкілдері, тіпті кө­бінесе жау болған тарап өкілінің шы­найы әрі сүйсіне баға беруі.
Қазақстан тарихында елеулі із қал­дырған біздің келесі бабаларымыз – ғұндар. Түркі тілдес ғұндар­дың асқан әскери-соғыс қасиетте­рін рим оқымыстысы Аммиан Мар­целлина (330-400 ж.ж. шамасы) былай деп сипаттайды: «Олар­дың дене мүшелері бұлшық етті, мық­ты, мойындары жуан… Олар тау-тасты, орманды кезіп көшіп жү­реді, бесігінде жатып ыстық-суық­қа, шөлге де төзуге үйренеді… Олар мінсіз жауынгерлер деп мойын­дауға әбден лайық, өйткені алыс­тан садақ атып, жақындасса жауы­мен қоян-қолтық айқасып, өз­деріне дарытпай, жанқиярлық ба­тырлықпен қылыштасып, атта оты­руына да, жаяу кетуіне де мүм­кіндік бермеу үшін жауына арқан лақтырады».
Біздің даңқты тарихымызда же­ке дара тоқталатын кезең ортаға­сыр­лық түркілер дәуірі, олар да біз­дің арғы бабаларымыз. Арабтар олардың әскери өнеріне жоғары баға берген, мысалға, араб оқы­мыс­­тысы аль-Джахиз (775-868 ж.ж.): «Түр­кілер жабайы аңдарды, құс­­тарды, нысаналарды, қозғал­май­­тын нысандарды, орнатып қой­ған су­реттерді, жыртқыш құс­тарды көз­деп атады. Ол хариджит (ең ба­тыл сарбаздар – арабтар – авт.) бір жебені садағына оқтағанша, он же­бе­сін атып үлгереді», – деп жазған.
Қару күшінің мәңгілікке даң­қын шығарған Ұлы дала қып­шақ­тары. Олар турасында аты әйгілі араб жылнамашысы аль-Ома­ри: «Татарларды (моңғолдарды) олардан (қыпшақтардан) басқа ешкім жеңе алмаған», – десе, оның келесі бір жерлесі  Ибн-Яхий олардың бі­ре­гей, қайталанбас әскери қасиет­те­рін елеулі түрде толықтырып, си­паттайды: «Қыпшақтың түр­кі­лері басқа түркілерге қарағанда өз­­де­рінің діндарлығымен, ба­тыл­ды­ғымен, шапшаң қимы­лымен, дене сымбатымен, бет-келбетінің ке­ліс­тілігімен ерекшеленеді. Мы­сырдың сұлтандары мен әмірлері со­­­лардан шыққан және осы им­пе­риялардың әскерінің көп бөлігін құрайды».
Қазақтың  кез келгені  мықты жауын­гер болған. Бұл жөнінде ХІХ ға­сырдың ең басында Қазақстанда бол­ған Я.Гавердовский жақсы жаз­ған: «Қырғыздарда (қазақтарда – авт.) әскери өнер мәртебелі деп са­налады, сондықтан да онымен бү­кіл халық айналысады. Қаруды мең­гере алған адам өзімен бірге қы­нында үнемі қылышын немесе пы­шағын алып  жүруі және ру­ба­сыларының бірінші шақыр­туынан-ақ жасаққа келіп қосылуы тиіс». Қыс­қа ғана уақыттың ішінде дала­лық­тар саны көп және толығымен со­ғысқа қабілетті әскер дайындай ала­тын.
Жалпы, әскери жасақ әскер ру­хының жоғарылығымен ерек­ше­ленді. Өздерінің жақын туыстарымен жақын жүргендіктен олар өз бет­терімен ұрыс даласын тастап кету туралы ойламайтын да. Сат­қын­дар мен қорқақтарды дала­лық­тар ашықтан-ашық жек көретін.
Сондықтан отырықшы ха­лық­тар көшпенділерден, соның ішін­де қазақтардан  мықтылау де­ген­ге келіспеймін. Отырықшы ха­лық­тардың бізден  артықшылығы   тех­никаға бейімдігінде, қару-жа­рақ жағынан бізден озықтау бол­ған­дығында.
Шайқастарда айрықша көзге түс­кен әскери жасақтардың қол­бас­шыларын, сондай-ақ қатардағы жауынгерлерді де қазақтар «батыр» деп атаған. Кейіннен ру  арасындағы күресте, барымтада, патша үкі­ме­тіне  және ортаазиялық хандық­тар­ға қар­сы күресте ерекшеленген адамдар да солай атала бастады. «Батыр» атағын тек жеке басының ер­лі­гінің арқасында ғана алатын.  XVIII ғасырда қазақ қоғамында ха­лықтың сүйіспеншілігіне бө­лен­ген тұтастай батырлар шоғыры пай­да болды. Бұл, ең алдымен, қа­зақ халқының жоңғар басқын­шы­лы­ғына қарсы күресімен байланыс­ты. Бұлар: Бөгенбай,  Қабанбай, Ма­лайсары, Есет, Тайлақ, Жәнібек, Өте­ген, Олжабай,  Бәйімбет, Бай­бо­лат  және  басқалары.  XIX ға­сыр­да қазақтардың Ресей империясы мен ортаазиялық хандықтардың экс­пансиясына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстары кезінде халықтың есін­де қалған батырларымыз: Нау­рыз­­бай, Ағыбай, Бұхарбай, Иман, Жоламан, Есет, Сұраншы және бас­­қалар. Ата-аналар өздерінің ұл­­да­рына солардың атын беруге ты­рысқан. Айрықша ерекшеленген ба­тырлар қасиетті Түркістан қала­сын­да, Қожа Ахмет Иассауидің ке­се­­несінде жерлену құқығына ие бол­ған.
Көшпелілер арасында бес қаруы сай болу өте беделді және құр­метке лайық деп саналған. Мы­салы, қару асынбаған қазақты құ­рыл­тайларға кіргізбеген. Оларды дауыс беру құқығынан айырған, бұл масқараның зоры болып санал­ды. Белгілі қазақ зерттеушісі Көш­ке Кемеңгерұлының пікірін­ше, «қаруы бар жас, жасы үлкен қару­сыз руласына тұрып орын бер­ме­ген». Жердің  ұлтарақтай пұш­па­ғын шайқаспен сақтап қалу керек болатын, дала жағдайында кімнің қо­лында қаруы болып, оны ептілік­пен қолдана білсе, сол құрметке лайық болды.
Далалықтар төзімділік, шы­дам­­дылық, батылдық және қай­сар­­лық сияқты мықты қасиеттерге бай болған. Бұл туралы көптеген Ре­сей және шетел ғалымдары  өз зерт­теулерінде ерекше атап көр­сет­кен. Мысалға, Кіші жүздің тұр­мыс-салтын жақсы білген Ф.М.Ла­за­ревский ХІХ ғасырдың ор­та­­сын­да: «Қырғыздар (қазақтар) өз­де­рімен көршілес, қатар көшіп-қо­нып жүрген халықтарға қара­ғанда анағұрлым батылырақ және ер­жүрек келеді», – деп сүйсіне жаз­ған. Мұны белгілі орыс әде­биетшісі В.С.Бурнашев те растайды: «Ер­жүрек­тілік олардың кішкентай қара көздерінде жалтылдап тұрады, ал дене тұрпатының мықтылығы олардың әу баста қалыптасқан күшін көрсетеді».
Жауынгерлік жағынан әйелдер қауымы да қалыспаған. Бұл жөнін­де Ресейдің келесі бір өкілі Ф.Назаров: «Олардың әйелдері, дәл өз­де­ріндей, аттың құлағында ой­­най­­ды, найзамен және айбалтамен қару­ланып алып шайқасады және жа­уыздығы жағынан еркектерден асып түсердей», – деп жазады.
Бүкіл әлем тәуелсіз баға­сы­на сенім артатын, жаңа заман­да­ғы белгілі ағылшын оқымыстысы Д.Флэтчер де далалықтардың ба­тыр­лығына тәнті болған. Ол: «Өлім­­ді жек көретіндіктері сонша, жауынан жеңілгеннен гөрі өлім құшуға даяр және тас-талқан болып жеңілсе, енді шайқасып, өзін құтқара алмаған күннің өзінде қаруын кеміреді!», – дейді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да қандастарымыз ерлік пен батырлықтың үлгісін көр­сетіп, Кеңес Одағының Батыры, Даңқ орденінің толық иегері болған жауынгерлердің саны ре­кордтық көрсеткішке жетті. Нәзік жандылар да бұдан қалыс қалмады. Даңқты әскери дәстүрлерімізді Ауғанстан территориясында ерлік көрсеткен интернационалист-жауынгерлеріміз жалғастырды.
Жаугершілік заманда әр қазақ   ат­қа қонып, Отанын қорғады. Шаһит болды, ерлік жасады. Ол кезде батыр болмау мүмкін емес еді. Сондықтан батырлардың тойларынан, көптеген мақалалардың шығуынан қорықпау керек. Біздің әрқайсымыздың да арғы аталарымыз  жер мен ел үшін күресті.
Сондықтан оларды ұлықтау – біздің міндет және парыз. Себебі, қа­зір жау шапса, жас жағынан со­ғыс­қа жарайтын еркектердің жартысынан көбі «атқа» қона  алмайды. Көбінің көзі көрмейді, салмағы аз немесе әскери дайындығы жоқ. Бі­­разы үйсіз-күйсіз жүргендердің Отанды қорғайтын ниеті де жоқ. Мысалы, кеңес өкіметінің кезінде әскерге бармаған жігітті жігіт қа­та­рына санамаған. Ол кезде он жі­­гіт­тің тоғызы әскерде болса, қа­зір керісінше – онның тоғызы әс­ке­р­ге бармайды…
Әр ру өз бабасын ұлықтау ар­қы­­лы  ұлттың бірлігі бұзылады де­­ген­ге мен келіспеймін.  Көшпенді өмір салтынан қалған қайсар   мі­незіміздің   бізге тигізетін пайдасы зор. Мықты мемлекет құру үшін  қа­зақ­қа тектілік, адалдық, бірауыз­ды­­лық, сөзге беріктік секілді на­ғыз батырларға тән қасиеттер мен мық­ты ұстаным қажет.

Бетті әзірлеген Г.СЫДЫҚОВА.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 07.10.2019 | 17:36

Т

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір