Ұлттық сезім – киімнен

Ежелден келе жатқан есті мейрам – Ұлыстың ұлы күніне арналған мағыналы, мәнді іс-шаралар толассыз өтіп жатыр. Соның бірі ұлттық киім күніне арналған «Ұлттық сезім – киімнен» атты Алматы Сән және қызмет көрсету саласы колледжінде өткен сән көрсетілімі. ОКЖ қарасты №20 кітапхананың ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шараға студенттерден бөлек зиялы қауым өкілдері де қатысып, кеш мазмұнын арттыра түсті.

Ақ батамен, шашумен ашылған кешті колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күнімай Нұрлыбайқызы жиналғандарды мерекемен құттықтап, жетістік пен жақсылық тіледі. Кезекпен сөз алған «Дәстүрге жол» РҚБ Іле ауданы филиалының жетекшісі Кәмила Ибрашева, ҚР білім ісінің озық қызметкері Ищанова Зина Сайлауқызы, тігінші-дизайнер, журналист, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігінің Алматы қаласы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызы, «Ару-Ай» брендінің негізін қалаушы, «Алтын алқалы» ана Сандуғаш Мырзабекқызы, әнші, композитор, ақын, сазгер Жанболат Құрман ізгі тілектерін жолдап, тарихы терең мерекенің маңызын ашып, мағынасын жеткізе білді.

«Дәстүрге жол» РҚБ Іле ауданы филиалы әжелерінің ақ кимешегімен ашылған сән көрсетілімін Алматы қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Алматы әжелері» модельдер тобы «Тамғалы лебі» топтамасымен жалғастырды. Италия, Испания, Түркия, Қытай, Қырғызстан елдерінде ұлттық киімді паш етіп, ел атын асқақтатып жүрген әжелердің сәні мен сыны көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Алматы Сән және қызмет көрсету саласы колледжінің студенттерінің «Таң-тұмар» коллекциясы заманауи бағытымен назар аударды. Ұлттық детальдарды, үлгілерді кэжуал стилінде керемет пайдалана алған жастар жаңару, жаңғырудың не екенін сәнімен түсіндіріп өтті.




Күнделікті киім ұлттық нақышпен астаса отырып қазіргі сән индустриясында этностиль ерекше бағытқа айналып келе жатқанына көзіміз жетті. Бұл топтама ұлттық мәдениетті жаңғыртудың бір жолы ретінде жоғары бағаланды.

«Ару-Ай» бренді ұсынған топтама сән ғана емес, болашаққа бағытталған мәдени ресурс екенін айшықтады. Әлемдік сән кеңістігінде ұлттық стильдер ерекше құндылыққа айналып отырғандығын жеткізе білді.

Кешті Алматы қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының маманы Дінасыл Құрманғазы, әнші, композитор, ақын, сазгер Жанболат Құрман, «Дәстүрге жол» РҚБ Іле ауданыны филиалының мүшесі Жандыбаева Нұрдәулет әнмен әрлеп, күймен көркемдеді.

Іс-шараны қорытындылаған кітапхана меңгерушісі Тұрсынова Лаура Мәулітшәріпқызы ұлттық мұраны дәріптеуге атсалысқан барлық қонақтарға шынайы алғысын білдіріп, сыйлықтар мен алғыс хаттарды табыстады.


«Ұлттық сезім – киімнен» атты кеш қоғам үшін ұлттық киімді жаңғырту – өткенге оралу емес, тарихи сабақтастықты сақтау екендігін жеткізе алды. Дәстүр мен заманауи сәнді үйлестіре отырып, ұлттық киім мәдениетін дамыту – ұлттық болмысты сақтаудың маңызды жолдарының бірі.
М.МАУЛИНА,
журналист
