Ұлттық құндылықтар – ұлы мұра
Алматы қаласындағы Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназияда шоқпар жасаушы шебер, ақын, әнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Әділ жауап» ұрыс өнері мектебінің бас бапкері Бұлжан Нұрлыбек Рәбілұлымен кездесу өтті. Шара мектептегі «Тәуелсіздік – тұғырым» атты тарих пәні апталығы аясында ұйымдастырылды. Сыныптан тыс іс-шараны тарих пәні мұғалімі Нұржамал Ерденова жүргізіп отырды.
Осы уақытқа дейін 260 шоқпар жасаға Нұрлыбек Рәбілұлының есімі Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал. Әзербайжан, Қырғыстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан, Саха (Якутия), Канада елдерінен шебердің қолынан шыққан жәдігерді аттай қалап алдырғандар да бар. Ер қаруы – бес қарудың бір түрін жасап жүрген шебер мектеп оқушылармен еркін форматта сұхбаттасты. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұлттық өнер жанашыры тарапынан тұщымды жауаптарын алды. Қару жасаудың қыр-сыры, ұлттық құндылықтардың маңыздылығы жайлы өз тәжірибесі мен толымды ойын бөліскен шоқпар жасаушы шебер өзі қойған сұраққа мүдірмей жауап берген оқушыға «Ару» деген қол қаруын сыйға тартты. Нұрлыбек шебердің бір ерекшелігі, әр жасаған қаруына атау қойып, айдар тағып отырады екен. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбие бесігінде тербетіп отырған қара шаңыраққа да «Бесік» атты шоқпарды естелік ретінде тарту етті. Мектеп директоры Айткаримов Бауыржан Берікқанұлы оқушыларға патриотизм мен еңбекқорлықтың ерен үлгісін көрсетіп жүрген шеберге ұжымы атынан кітап сыйлады.
«Теңізге тамдым тамшы боп», «Өлеңмен өрілген өлең», «Ерге – елу, Елге – отыз» жыр жинақтарының авторы Нұрлыбек Бұлжан оқушылар алдында домбырамен де, гитарамен де ән айтып, кештің көрігін қыздыра түсті. «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» деген аталы сөзді дәріптеп жүрген шеберге көрермендер дән риза болды. Кеш соңында оқушылар мен ұстаздар шебердің қолынан шыққан жәдігерлер көрмесін тамашалап, рухани серпіліп қайтты.
ПІКІРЛЕР1