ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ
23.08.2024
93
0

Адамзат қоғамы қалыптасқалы бері, отбасындағы ер мен әйелдің қарым-қатынасы, бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар тақырыбы үздіксіз талқыланып келеді десек, қателесе қоймаспыз. Себебі бұл мемлекеттің негізі болып табылатын отбасы институтына, одан келіп туындайтын ұлағатты ұрпақ өсіру мәселесіне тікелей қатысы бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп ұрпақ тәрбиесіне қатысты бүкіл түсінік-түйткілдерді бір ғана сөзбен тұжырымдап кеткен аталарымыздың даналығына иланбасқа шараң жоқ.

Расымен, бала отбасында не көрсе, қандай тәрбие алса, ержеткенде сол көргенін жүрген ортасы мен қоғамда іске асыратыны жасырын емес. Бұл жерде ата-анасының мейіріміне бөленіп, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратуды үйренген, бойына ізгі мақсаттар мен ұлтының рухани құндылықтарын сіңіріп өскен бала адамгершілік пен елжандылық қасиеттерін жоғары ұстап өтетінін көріп жүрміз. Әсіресе халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған әдет-ғұрпы мен салт-санасын алдыңғы орынға шығарудың маңыздылығын өмірдің өзі дәлелдеп келеді.
Бала тәрбиесі туралы әңгімені қозғамас бұрын отбасындағы ер мен әйелдің орны, атқарар қызметі мен міндеттеріне қатысты ғылыми тұжырымдамалар мен ойларға назар аударайықшы. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, еркек пен әйелдің физиологиясындағы көптеген өзгешеліктерге сәйкес олардың әлеуметтік қызметтерінде де (отбасында, қоғамда, экономикалық қарым-қатынастарда) айырмашылықтар жетіп артылады екен. Ол біреуі артық, біреуі кем деген ұғымды білдірмесе керек. Керісінше, Табиғат-Ана адам баласын жаратқанда әрқайсының орны мен атқарар қызметін алдын ала белгілеп, болжап кеткендей. Бұл жерде ең бірінші кезекте ерлер мен әйелдердің әлеуметтік қызмет (функция) тұрғысынан бөлінетінін ескеру керек сияқты. Осы жағынан келгенде: ер адамның ең басты қызметі – әке болу, яғни отбасын материалдық игіліктермен қамтамасыз ету, жақындарын қорғау, ұрпағына өнегесімен үлгі көрсетіп, өмірден өз орнын табуға жәрдемдесу болып табылады. Ал әйелдің ең басты қызметі – ана болу, яғни өмірге өмір әкелу, сол арқылы адамзат баласының сабақтастығын үзбей, тіршілікті жалғау болса керек.
Танымал философ Эрих Фромм кезінде ана және әке махаббаты жайлы, терең пікірлер мен тұжырымдар айтып кеткен екен. Оның пайымдауынша, ана махаббатының формуласы келесідей: «Мен сені қандай болсаң да сүйемін!» Мұны өзгеше сөзбен жеткізетін болсақ, ана махаббаты балаға ешқандай шарт пен талап қоймайды, ана үшін баласының бар болғаны жеткілікті. Демек, ана махаббатына ие болу үшін ешқандай әрекет жасаудың, ұмтылудың, еңбек сіңірудің қажеті жоқ. Ол балаға шыр етіп дүниеге келгеннен кейін-ақ дайын күйінде беріледі. Осы формуланы ел арасында кеңінен тараған мәтелге аударар болсақ, «Жақсы бол, жаман бол – әйтеуір аман бол!» дегенге саяды.
Ал әке махаббатының формуласы бұған ұқсамайды. Ол: «Алдыңа қойған менің талаптарыма сәйкес келсең ғана мен сені сүйемін», яғни әке махаббаты – шартты махаббат. Әке баласының алдына белгілі бір талаптар қояды. Перзенті осы талаптар үддесінен көрінсе ғана әке баласын жақсы көреді. Міне, сондықтан әке махаббатына қол жеткізу үшін бала алдыға ұмтылуы, күш жұмсап, тер төгуі қажет. Бұлай болмаған жағдайда, бала әке махаббатына бөленуі күмәнді. Әке өз талаптарына сай келмеген баланы сүймейді. Бұл формуланы қазақы философияға салатын болсақ, «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген кесімді сөзі шығар еді. Ғалымның пайымдауы бойынша ана махаббатын еш еңбексіз иелену бала бойында масылдық пиғыл қалыптастырады екен. Керісінше, әкенің талапшылдығы алға ұмтылуға, еңбектенуге, жақсы істерімен көрінуге талпындырады. Ал масылдық психология бала санасында: «Мен үшін басқалар жасай салсын» немесе «Бұл өмірде барлық адамдар маған қарыз. Ал мен ешкімге қарыз емеспін» деген философияны туындатады. Осыдан кейін өз ісі мен сөзі үшін жауап бере алмайтын бозбалалар, отыздан асып кетсе де отбасын құрай алмай, өзі үшін ғана тіршілік кешіп жүрген эгоист жастар қайдан шықты деп таңғалмай-ақ қойыңыз!
Бүгіндері қоғамда ер адамның тәлімін көрмеген, үйде – анасының, балабақшада – тәрбиешінің, мектепте – мұғалімнің тәрбиесін көріп, соларға еліктеп өскен ұл бала нәзік, жігерсіз болып өсетіні жайлы айтылып жүр. Егер ғалымның сөзімен айтар болсақ, Ана – өтеусіз тұрғыда сүйетін, жебеуші, кешірімшіл, баласын қиындыққа қимайтын, керісінше, ауырлықтан арашалайтын асқан мейірімді жан. Ана махаббаты зәулім, асқақ ұстанымдардан туындайтын адам баласының ең асыл қасиеті де болар. Ал әке – үйретуші, өмірге аяқ бастырушы, міндет қоюшы, баласының бір мақсатқа жету жолындағы қайраушысы болып табылады. Ол өмір мен заманның қажеттіліктерін біліп, баланы (кеңінен алғанда адамды) соған жетелейді. Бұл тұрғыдан келгенде бала махаббаты кімге бұйырады деген сауалдың жауабын іздеп әуре болудың да қажеті шамалы-ау. Алайда уақыт өте келе перзент өзінің тұлға болып қалыптасуына әкесінің өлшеусіз зор ықпал жасағанын сезетіні даусыз. Ол әкесінің алдында өзінің қарыздар екенін түбі бір түсінетіні ақиқат!
Сөзіміздің басында отбасы құндылықтары жайлы ой қозғағанда, ең алдымен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың алар орны ерекше екенін айтқан едік. Ұлы далада еркін өмір сүрген бабаларымыз қала тұрғызып, зауыттар салмаса да өмірдің мәнін, тіршіліктің түйткілдерін түйсініп, бір ауыз сөзге түйін­деп кеткенін білеміз. Ал бүгіндері біз сол құндылықтарымызды бағалап жүрміз бе? Әлемдік өркениет көшіне ілесеміз деп жүріп, ғасырлар бойы қалыптастырған асыл қазынамыздан ажырап қалған жоқпыз ба деген сауал соңғы уақытта мені ерекше мазалайды.
Ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесі жайын­да кейінгіге нақыл болар сөздер қалдырып кетті емес пе. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт! Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген даналықты біз қалай орындап жүрміз? Ал «Қызға қырық үйден тыйым. Қала берді қара құлдан тыйым» деген мәтел, тіпті өзектілігінен айырылып қалғандай ма, қалай? Ұлдарымыздың жігерсіз, жасық болып ер жетуі, болашақта қандай нәтижелерге алып келуі мүмкін деген сауалға кім жауап іздеп көрді екен. Өз басын қорғай алмайтын еркек ертеңгі күні отбасын, Отанын арам пиғылдылардан арашалай алады ма?! Осыны көргенде, түгел сөздің атасы – Майқы бидің:
Қилы-қилы заман болар,
Қарағай басын шортан шалар.
Қарап тұрған жігітке қыз асылар,
Сиыр пұл болар,
Қатын би болар,– деген сәуегейлігіне амалсыз таңғалады екенсің.
Менің пікірімше, отбасылық құндылықтарды жалпыұлттық құндылықтармен бірлестіре қарау аса маңызды. Себебі ұлтымыздың ғасырлар барысында азап пен тозақтың өтінде жүріп екшеп алған асыл қазынасы – ұлт­тық құндылықтардың сақтаушысы да, сабақтаушысы да отбасы екені даусыз. Ал, өз отбасында айтары мен абыройы қалмаған, балаларының алдында беделі жоқ әкеден қандай тәлімгер шықпақ? Төрт-бес бала тапқан соң күйеуін де қоса тапқандай сезініп, үй ішіндегілерге әмірін жүргізетін әйелдерді аз кездестіріп жүрміз бе? Шетелдерге барып, тәнін саудалап жүрген қазақтың қыздары жайлы жиі еститін болғанбыз. Ал, алдымен, қалталы еркектермен әуейі болып, соңынан «Сотқа беремін!» – деп, ақша бопсалап жүрген бойжеткендердің қылығы, тіпті жаға ұстатады. Осының барлығы түптеп келгенде, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұмытқандықтан, өзге елдерге жөнсіз еліктеушіліктен туындамағанына кім кепілдік бере алады.
Әрине, қазіргі үрдіске салып, отбасы құндылықтары – бірге жүріп-тұру мен атқарылар істерді ақылдасып шешу; ауланы бірге тазалап, ағаш отырғызу, оқыған кітаптарды ортаға салып талқылап, театрлар мен мәдени орындарға саяхаттау, қонақ күткенде ата-анасына жәрдемдесу деп тізбектесек те болар еді. Алайда бүгінгідей аласапыран заманда жаһандану саясатының аранына жұтылып кетпей, ұлттық бірегейлігіміз бен еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін бұл мәселеге әлдеқайда терең әрі жауапкершілікпен қараған орынды болар еді.
Бұл айтқандарымыз ұлт тәрбиесіне қатысты мәселелер десек, күнделікті тірлікте көңіл аудара бермейтін түйткілдер де бала болашағына теріс ықпал етуі мүмкін. Мысалы, бүгінгідей жүрдек заманда балаларын асырап-сақтаймын деп алашапқын болып жүрген ата-аналар ұрпағын тәрбиелеуден қол үзіп қалып жүр. Олардың балаларына қарауға, отбасылық дәстүрлерді үйретуге уақыты да бола бермейді. Балаға балиғатқа толғанша дұрыс көңіл бөле алмау немесе керісінше, шамадан тыс қорғауға алу, үйдегі барлық ересек жандардың жалғыз кішкене сәбиге ерекше көңіл бөлуі, түптің-түбінде оның пиғылына кері әсер беруі әбден мүмкін. «Өзім көрген қиындықтарды ұрпағым көрмесін» деген ұстаным да көп жағдайда баланың жауапкершілігін азайтатыны ақиқат.
Ата-ананың рухани жағынан кедей болуы, ұлттық тәрбие мен этнопедагогика талаптарын білмеуі де ұрпақ тәрбие­сіне кері әсерін тигізетін фактор екенін де ұмытпауымыз керек. Соңғы кездері смартфон мен әлемжелідегі қитұрқы көріністерге тәуелді болған ұрпақ өзгені былай қойғанда, өзінің кім екенін айыра алмайтын халге жетіп отырған жоқ па. Осы орайда баланы материалдық жағынан толық қамтамасыз етемін деп жүріп, тәлім-тәрбие беруді жадынан шығарып алғандардың қарасы молайып келе жатқандай. Жас ата-аналар бала тәрбиесінің материалдық жағдаймен өлшенбейтінін түсінетін кез келген сияқты.
Ұрпақ тәрбиесінде баланы тым еркінсітіп, өз бетімен жіберу, қателіктерін дер кезінде айтып, тәрбиелемеу, жөн-жосықсыз мақтай беру қаншалықты қауіпті болса, аса қаталдық көрсету, күш көрсетіп, орынсыз жазалау, үркітіп-қорқыту да дұрыс нәтиже бермейтін әрекет екенін айтқан жөн. Бұл екі жағдайда да бала дұрыс өнеге алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп келеді.
Осы саланы тереңнен зерттеп жүрген педагогика ғылымдарының докторы Асма Қалыбекова бала тәрбиесіндегі отбасы мен мектептің айырмашылығы туралы: «Біз ұзақ уақыттан бері балаға тәрбие беретін негізгі орын мектеп, ал отбасы соның көмекшісі, серіктесі деп келдік. Бірақ өмір өзі көрсеткендей, тұлғаны қалыптастырып, қоғамға қосатын ең негізгі тәрбиеші – отбасы. Бұдан біз қандай қорытындыға келеміз? Бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана мектептегі мұғалімдердей педагогикалық білімді, білікті болуы керек», – деген екен.
Ендеше, баланың жақсы азамат болып қалыптасуына қажетті негізгі шарт – ең алдымен отбасы деген тұжырым жасау­ға болады. Себебі отбасында ұлттық дүниетанымы қаланып, сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол жан-жақты дамыған, ұлтын қадірлейтін азамат бола алады. Баланы қан-жыны араласқан қайдағы бір «жаһандану» жолымен емес, ұлттық құндылықтарымыздың негізінде тәрбиелеудің артықшылықтары да осында деп ұғамыз!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір