Ұлттық киім- ұлт айнасы
Республикалық Наурыз мерекесіне арналған онкүндік шеңберінде 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында қазақтың ұлттық киімдерін дәріптейтін фестиваль өтті. Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлттық киім үлгілерін насихаттау арқылы күнделікті қолданысқа енгізуге ықпал ету және осы бағытта жұмыс істеп жатқан дизайнерлерді ынталандыру.
Фестивальге ұлттық болмысты айшықтауға белсенді үлес қосып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР дизайнерлер одағының мүшесі, суретші-дизайнер, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Сән және киім дизайны» кафедрасының меңгерушісі Жұмағалиев Мүсілім Садықұлы, Қазақстан Этнодизайнерлер одағының президенті, Қазақстан Ұлттық дизайн Академиясының академигі, құрметті дизайнер-Еуропа консорцумының «Алтын сапа» медалінің иегері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жапарова Салтанат Аминовна, елімізге танымал дизайнер Айбек Еңсепов, «Абырой КZ» Ұлттық киімдер ательесінің директоры Терлікбаева Құралай Әбділдәқызы, «Ару.КZ» Ұлттық киімдер ательесінің дизайнері Телегина Елена және директоры Нұргүл Сейтбекова, «Tamyr» брендінің негізін қалаушы, креативті консультант, суретші, дизайнер Чапай Диас Нариманұлы және БАҚ өкілдері қатысты.
Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әсел Атабектің орындауындағы «Наурыз-думан» әнімен ашылған кеш сән көрсетіліміне ұласты. Көрсетілім Италияның Милан, Венеция қалаларындағы сән көрсетілімдеріне қатысып, ұлттық киім үлгілерімен әлемді тамсандырып жүрген Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір» орталығының «Алматы әжелерінің» ерекше топтамасымен ашылды. Әдемі қарттық үлгісін ұлттық бояуы қанық киімдерімен айшықтай білген ата-әжелерімізге көпшіліктің құрметі ерек болды.
Ал этно-дизайнер, ҚР дизайнерлер одағының мүшесі Бақыт Қызырқызы «Айпара» топтамасы арқылы қазақ ұл-қызының қайталанбас киім үлгісіндегі көркемдікті, ерекшелікті, өзіндік сұлулықты жаңашыл көзқараспен үйлестіре білген.
Жас та болса биікті бағындырып жүрген этно-дизайнер Әзберген Нуршаим Асылбекқызының адам мен табиғаттың үйлесімділігін, гармониясын сездіре білген «Самғау» топтамасы заманауилықтың жарқын үлгісі болды. «Этно-Эрато 2019» ХХІ Еуразиялық жоғары сән ұлттық киімдер байқауында, сондай-ақ Мәскеуде өткен ХІХ халықаралық байқауда «Ретро» номинациясы бойынша екінші орынды иеленген бұл топтама ұлттық киімнің европалық үлгімен үйлесімділігін байқата алды.
Алматы сән және дизайн колледжінің студенттері мен оқу өндіріс шеберінің қолымен дайындалған Несібелі Ахметованың «Сапура» топтамасы көрермендерге жылулық пен жайлылық сыйлады. Мәскеуде өткен «Этно-Эрато» байқауының І-ші орын иегері және Жас өркен Халықаралық жас дизайнерлер байқауының жеңімпазы болған бұл топтама ұлттық киім мұрасының маңыздылығын арттыра түсті.
Алматы сән және дизайн колледжінің студенттері мен оқу өндіріс шеберлері бірлесе даярланған Айсұлу Амантайдың «Ай қыз» топтамасы шығыс қыздарының, оның ішінде қазақ қызының киім үлгісін заман талабына сай тігілген нұсқамен айшықтап берді. Тараз қаласында өткен «Аспара Fashion week» байқауының 1 орын иегері, Республикалық дизайнерлер байқауы, Сән мұнарасы байқауының жеңімпазы болған бұл топтама европалық брендтермен үзеңгі қағыстыра алатындай дәрежесін көрсете алды.
Келесі кезекте көрсетілген Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің киім дизайны бөлімінің 3 курс студенттері, жас дизайнерлер Анарбек Жансаяның «Жаңа Тыныс», Айтмухамбетова Көркемнің «Көктем самалы» топтамалары да ерекше ілтипатқа ие болды.
Фестивальді филармония өнерпаздары әнмен әрлеп, жырмен көмкерді.
Іс-шара соңында филармония директоры Ақан Абдуалиев барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, ұлттық киімді тек той-томалақ, наурыз айында ғана емес, күнделікті тұрмыс салтымызға енгізуге шақырды.
Заманауи талапқа сай жаңартылып, сәнге еніп жатқан киімдердің қадірін арттырып, құтын асыру өзімізге байланысты екендігін жеткізді. Белсене қатысушыларға филармония атынан «Алғыс хат» пен сертификат және кәдесый табыс етілді.
Осылайша ұлттық киім күні арқылы халық рухының шұғыласы шашылып, ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегі тамсандырып, қазақтың бай мұрасынан шабыт алған күн болды. Дәстүр мен стильді ұштастыра білген жас таланттарды қанаттандырған мұндай іс-шаралар халық мұрасының маңыздылығын арттыра түсері анық.
Меруерт Мәулетқызы,
журналист
ПІКІРЛЕР1