Қайырымды адамдар көбейіп келеді…
Байқайсыздар ма, қайырымды адамдар қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Әйтеуір соңғы уақытта жан-жағына мейірім шуағын төгіп жүрген қайырымдыжандарға жиі жолығамын. Бір қызығы олардың бәрі бірдей қалтасы қалың, үлкен қаржылық топтарға кіретін дәулетті адамдар емес. Бірақ рухани жан-дүниелері бай адамдар.
Сөзім жалаң болмасын, бірер мысал келтіре кетейін. Осыдан біраз уақыт бұрын мені «Қазақстан» телеарнасыБейсен Құранбек жүргізетін «Айтуға оңай» хабарына шақырды. Қайырымдылық тақырыбына арналған кезекті бағдарламаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген «Атымтай жомарт» адамдардың көптігін көріп қайран қалдым. Қуандым. Сүйсіндім. Бір жағынан мейірімге зәру, тұрмыс-тіршілігі төмен жандарға мемлекетіміздің өз дәрежесінде әлі жан-жақты толық қамқорлық жасай алмай жатқанына жаным ауырды. Алайда, жекелеген адамдардың «Бұның маған қатысы қанша? Осы өкімет қайда қарап отыр?!» деп сыртта тұрып, билік тұтқасын ұстағандарды сынамай, өз қандастарына шама-шарықтарына қарай көмек қолдарын созғанына риза болдым.
Атырау қаласынан келген өрімдейжап-жас қыз-жігіттер қолдары қысқа, қалталары тесік, дерттері ауыр науқастардың ем-домына қажет көп қаражатты жинау үшін өз күштерімен түрлі аукциондар ұйымдастырып, талай жанның ажалына араша болған екен. «Көп түкірсе көл» деген рас-ау. Олар жұмыстан соң немесе сабақтан бос уақыттарында бір-бірімен хабарласа отырып, мүгедек, кемтар, жоқ-жітік жандардың тозығы жеткен баспаналарын жөндеп береді екен. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүрген талай адамның алғысын алғандары сөзсіз.
Жастар бастап, көпшілік қостаған осындай ізгі іс-шаралар өзге өңірлерде жалғасын тауыпты. Атыраулық қыз-жігіттердің бастамасын республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын қарапайым студенттер мен жұмысшы жастар іліп әкетіп, қазір жер-жерде «Жүректен-жүрекке» деп аталатын кең ауқымды қайырымдылық акциясы жүріп жатыр екен. Әр облыстан келген көкөрім қыз-жігіттердің тындырған істерін бейне сюжеттерден көріп, әңгімелерін өз ауыздарынан естігенде еріксіз тебірендім. Аңқылдаған аппақ пейілдері мен жақсылық жасауға деген ынта-ықыластарынан басқа қолдарында түгі жоқ жастардың қайырымды істеріне төбем көкке жеткендей болды…
Ал Алматы қаласында тұратын, жүректері жұмсақ, мақсат-мүдделері ортақ бір топ қыз-жігіт әлеуметтік желілер арқылы бір-бірін тауыпты. Сөйтіп, әрқайсысы өз қалталарынан қаржы шығарып, жарым көңіл қарттарды қаладағы жақсы мейрамханаларға шақырыпты. Жасыратын несі бар, басы – аман, малы – түгел, төрт құбыласы түгел адамдар апта сайын болмаса да, ай сайын әйтеуір не ағайын-туысының, не жолдас-жораларының тойларына шақырылып, сән-салтанаты бір-бірінен асқан тамаша мейрамханалардың талайының табалдырығын тоздыруда. Ал қартайғанда амалсыздан қарттар үйіне қоныс аударған қамкөңіл қарияларды елеп тойына шақырып, құрметтеп төрге шығаратын жандар бар деп кім ойлаған…
Қараусыз қариялардың көңілін көтеретін қызық ойын-сауық ұйымдастыруды алматылық жастар үрдіске айналдыра бастаған сыңайлы. Бір ғажабы, бұларға шын көңілден берілген алғыс-батадан артық ештеңе де керек емес екен. «Жастар бұзылған, жастар қатыгез, жастар мейірімнен жұрдай» деген жағымсыз сөздерді жиі естіп жүргендердің талайы, бәлкім, осынау жастардың атқарып жатқан істерін көгілдір экраннан көрген соң өз пікірлерін түбегейлі өзгерткен болар деген ойдамын.
Атырау облысынан келген Мұрат Сарманов деген кәсіпкер жігіт көп балалы, тұрмыс жағдайлары төмен бірнеше отбасын өз қамқорлығына алған екен.Жасыратыны жоқ, өз адамдарымызға келгенде тиынның татын жалайтын тас сараңға айналып, ал бір түндік тойына Ресейдің танымал әнші, артистерін шақырып, басқаларға мырзалығын көрсетіп, өз атын шығару үшін жаттан ештеңесін аямай шашатын талай байшыкештерді естіп-көріп жүрген көрермендер «Шіркін-ай, осындай қолы ашық, пейілі кең азаматтар арамызда көп болса ғой!» деп Мұрат мырзаға іштей риза болғанына күмәніміз жоқ.
Тек кәсіпкерлер ғана емес, өнер адамдары да тағдыр теперішін көріп, тығырыққа тірелген кейбір адамдарға мейірім шуағын төгіп, жүрек жылуын таратып жүрсе керек. Оған да телехабар барысында көзіміз жетті. Жастар арасында танымал жас әншілердің бірі – Ернар Айдар соңғы уақытта қайырымды жігіт ретінде көптің көңілін баурап, жүрегін жаулай бастаған сыңайлы. Оның айтуынша, Қазақстандағы өнер жұлдыздарының біразы қайырымдылық концерттерін өткізіп, түскен қаржыны ауыр науқасқа шалдыққан жандарға көмектесу үшін жұмсайды екен.
Биыл жазушы Ділдар Мамырбаева екеуміз «Алтын жүрек» Ұлттық Қоғамдық сыйлығына лайықтыларды іріктейтін қазылар алқасының құрамында болған едік. Сонда жетім балаларға, мүгедек жандарға, соғыс ардагерлеріне қол ұшын созған, білімді, спортты дамытуға үлес қосқан, денсаулық саласына қолдау көрсеткен қайырымды жандардың көптігіне тағы да көз жеткізе түстік. Әрине, солардың арасынан ең мықтысын таңдау бізге оңайға түспеді.
Тіпті, араларында өздері мүгедектердің қоларбасына таңылғанымен, өзгелерге жақсылық жасаудан ләззат табатын, өмірге құштар және ізденімпаз, кең жүректі жандар да бар екен. Шағын кәсіпорындар ашып, оған өздері сияқты кісілерді қызметке тартып, өзі удай қымбат, мүгедектерге қажет шетелдік түрлі жабдықтарды алмастыратын, бағасы қолжетімді зәру дүниелерді жасап, қолданысқа шығарып жатқан өнертапқыштар жайлы біліп, соншалықты қайран қалдық.Қалай таңғалмассың!? Он екі мүшесі түгел, тепсе темір үзетін жастардың біреуге жақсылық жасау тұрмақ, өз қара бастарын асырай алмай, жұмыссыздықты сылтау ғып, сары уайымға салынып, жаңбыр жаумай су болып жүргендерін күнде көріп жүрген жоқпыз ба…
Биылғы «Алтын жүрек» жобасында Күләш Сәрсембаева, Жақсылық Үшкемпіров, Дүйсенғали Оспанов, Ұлмекен Қожасова, Ким Никон, Рада Хайрушева сияқты жаны жомарт жандар әр түрлі номинациялар бойынша жүлделі орындарға ие болды. Қайырымды істерімен көпке үлгі боп жүрген көкірек көзі ояу, жүрегінде иманы бар адамдар қатары жылдан-жылға көбейе түсеріне күмәніміз жоқ.Ел ішінде елеусіз ғана, қайырымдылық істердің ұйтқысы боп жүрген біз білмейтін жандар қаншама. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз ежелден өз ұрпағының құлағына: «Біреудің өзіңе жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпа, өзіңнің жұртқа жасаған жақсылығыңды ұмытып кет, ешкімге міндет қылма, мақтанып, жұртқа айтпа», – деп құйған жоқ па еді?! Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі…
Алайда алда-жалда балалар үйіне бір теледидар, не жалғыз компьютер сыйлай қалса, дереу телеарналарға сұхбат беріп, газет-журналдарға өзінің қандай керемет қайырымды іс тындырғаны жайлы көлемі көрпедей мақала шығартып, ел-жұрттың көзіне түсуге жаны құмар мақтансүйгіш пысықтар да арамызда жүр. Менің ойымша, оның бәріне ұлттық тәлім-тәрбиенің тамырынан қол үзгендігіміз кінәлі сияқты.
Қайырымдылық жайлы сөз қозғалса, пайғамбарымыздың /с.а.у./: «Мына үш нәрсе кімнің бойында болса, Алла оны қорғауына алып, оны жәннатқа кіргізеді. Әлсіздерге жұмсақтық, әке-шешеге мейірім, құлдарға жомарттық», – деген сөзі ойға оралады. Осыны ұмытпайықшы, ағайын!
Заря ЖҰМАНОВА,
жазушы
ПІКІРЛЕР9