Армысыңдар, Адамдар
06.09.2022
250
0

«Қырғызстанда да
Қазақбаевтар көп»

«Адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов көзі тірісінде Алматыға жиі келіп жүрді. Үлкен жиын, мерейтойларға қатысып, сөйлеген сөздерін талай тыңдадық. Кемеңгер жазушының шығармалары қаншалықты терең, мазмұны бай болса, ауызекі сөйлеген сөздері де тартымды, тыңдаушы жүрегіне жылы тиіп жататын. Өміршең шығармаларымен әлемге танылған тау тұлғалы жазушыға жолығып, әңгімелесуге талайдың жүрегі дауламай, мысы басып тұратын.
2007 жылы 29 қазанда Абай атындағы опера және балет театрында жыл сайынғы дәстүрлі ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығын тапсыру рәсіміне Қырғыз елінен Шыңғыс Айтматов та қатысып, ана мен балаға қайырымдық жасаудың ерекшелігі туралы тебірене сөз сөйлеп, бас жүлдені иесіне тапсырып, құттықтады. Жиын соңындағы концерт аяқталғанда Шыңғыс Төреқұлұлын ортаға алған бір топ жан қолтаңба жаздырып алып жатты. Көпшіліктен сытылып шығып қасындағы кісілермен сыртқы есікке беттеп келе жатқанда ерік-жігерімді қайрап, жүрегімді тоқтатып, жазушының алдынан шығып, «Алматы ақшамы» газетінде журналист болып істейтінімді, жазушы кітаптарын сүйіп оқитын оқырманның бірі екенімді айтып, ескерткішке суретке түсуін өтіндім. «Сізге еліктеп «Сүгір» атты роман жазып, романым биыл баспадан жарық көрді» дегім келді де өзімді ол кісінің деңгейімен салыстырып айта алмадым. Ұлы жазушы менің өтінішіме қарсылық білдірген жоқ, бетіме қарап: «Оуа, түсуге болад!» – деді. Жазушымен иық тіресіп, қатар тұрған кезде қаладағы №140 Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы Ақбота қызым ұялы телефонын түсіріп алуға дайындап жатты. Сол сәтте орнай қалған үнсіздікте тым-тырыс тұруды ыңғайсыз көріп: «Менің фамилиям – Қырғызбаев!» – дегенімде ұлы жазушы маған жүзін бұрып: «Қырғызсың ба?» – деп ақырын ғана жымиып қойды. Ертедегі ата-бабаларымның интернациионалдық атқа ие болғанын, Ресейге қосылған жылдары Орыс, Орман атанғанын, одан кейінгі аталарым – Қоралас, Қошан Кенесары сарбазы болып, қырғыз жеріндегі шайқастан жеңіліс тауып, Созаққа оралғанда, әйелі босанып, ұлының атын Қырғызбай қойғанын, кеңес дәуірінде фамилия ауыстырудың қиындығынан көп жыл бойы арғы атамның атымен жазылып келе жатқанымды жылдамдатып айтып шықтым. Шыңғыс Төреқұлұлы жайдары қалыпта: «Оуа, жақсы болған! Біздің Қырғызстанда да Қазақбаевтар көп. Екі ел көптен араласып жатпайды ма?» – деді. Ақбота ұялы телефонынмен түсіріп болғанда: «Ну, как, получилась?» – деп орыс тілінде сұрағанда қызым басын изеді. «Жақсы ендеше!» – деген жазушы серіктеріне қосылып, бізден ұзай берді. Ұлы ойшылмен ұшырасқан қас-қағым сәтте Шыңғыс Айтматов кітаптарындағы басты кейіпкерлердей жаны жайсаң, жүрегі жылы жан екеніне риясыз сенген едім. Аты әлемге танымал жазушымен аз-кем тілдесіп, суретке түскен сол сәт жүрегіме – шуақ, бойыма – күш-қайрат құйып кетті. Сол кездесу өмірімдегі ұмытылмас сәт болып қалған еді.

Бір немістің
пікірі керек
болып тұр

Газеттің қат-қабат жұмысында белгілі бір тақырып бойынша немесе науқандық шаруаға байланысты елдің көзқарас, пікірін білу мақсатында танымал тұлғалар мен оқырмандардан сауалнама жүргізу тәсілі бар. Талай мәрте мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ақын-жазушыларға хабарласып, ойларын диктафонға жазып алып, газет нөміріне дайындағанбыз. Біз хабарласқандардың ішінде әртүрлі сылтау айтып, басқаға сілтей салатындар да бар. Журналистің өтінішін жерге тастамай, тиянақты жауап беретін ағалар да кезігеді. Солардың бірі танымал қоғам қайраткері, аудармашы, жазушы Герольд Бельгер ағамыз еді. Алматының Қабанбай батыр мен Мұқан Төлебаев көшелерінің қилысындағы пәтеріне барып, кең отырып, әңгімелескен кезім де болды. Адам баласын жатырқауды білмейтін, кеңпейілді қазақы мінезді бойына сіңірген Герағаңның әңгімесі тартымды, ара-арасында күлдіріп те алатын. Газетке қажетті сауалнама жүргізу барысында Герағаңа телефон шалып: «Гераға қазақтардың ойын білдік, ендігі жерде бір немістің пікірі керек болып тұр!» – дейтінмін. Ар жақтан Герағаңның даусы саңқ ете қалады: «Иә, ол қандай мәселе? Қазақтардың немістен ақыл сұрағаны қызық екен», – деп сергек құлақ түреді. Әңгіме тақырыбы – Көктөбені таза ұлттық мәдениет орталығына айналдыру керек екенін еске салып: «Мына шала қазақтардың Көктөбені өзімізге бұйыртатын түрі жоқ», – деймін мән-жайды түсіндіріп. Сол кезде Герольд Бельгер: «Шет елдің шәлем-бәлем әншілеріне қоладан құйып ескерткіш орнатқанша, Көктөбені қазақтардың өздеріне қалдырайық!» – деп кесіп айтты. «Ой, бәрекелде, Гер аға! Бір немістің пікірі он қазақтыкіне татыды ғой!» – деймін риза болып. Зиялы қауым өкілдері Герольд Бельгерді ойын ашық, батыл айтқаны үшін де жақсы көретін.

«Сарыағаш» шипажайында демалған шопырлар

2009 жылы күз айында белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовпен «Сарыағаш» шипажайында бірге дамалдық. Сатыбалды ағамыз түсіріп біткен «Мұстафа Шоқай» көркем фильмінің DVD дискісін ала келген болатын. Шипалы су ішіп, таза ауасын жұтып, ем-домын қабылдап, бойымыз үйрене бастағанда Сатыбалды ағамыз: «Әй, бала, «Мұстафа Шоқайды» шипажайдың клубына қашан қоямыз?» – дегенде: «Сәке, әзірше ем-домыңызды алып, тып-тыныш жүре беріңіз! Сіздің осында келгеніңізді білсе, көпшілік мазаңызды алып, әурелеп жүрер. Қайтарға екі-үш қалғанда көрсетеміз!» – деп ағаның көңілін аулап қойдым. «Осындағылар «Қайдан келдіңіз?», «Не қызмет істейсіз?» – деп сұрап қалса не деп жауап беремін?» – дегенде: «Алматыдан келдім. Шопырмын немесе таксиспін деп жауап бере салыңыз», – деп әзілдеген болдым. Үстел басында тамақтанған серіктеріміз де әлігіндей сауал қойғанда: «Алматыдан келдік, шопырмыз. Бастықтарды тасимыз. Мына кісі «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры Ермек Аманшаевтың шопыры. Есімі – Сатан! Ал, мен «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайдың шопырымын! Атым – Өтеген!» – дедім. Жауабыма күдіктенген серіктеріміз: «Түрлерің мен сөздеріңе қарағанда шопырға ұқсамайсыздар!» – дегендерге: «Бастықтарды көп жыл тасысаңыздар сіздер де көсем әрі шешен боласыздар!» – деп жауап беретінбіз. Сонда да олар: «Қайдам, осы сендерді бір жерден кезіктірген таныс жандай болып көрінесіндер де тұрасыңдар», – деген сөздеріне: «Бәлкім, Алматыға барғанда біздің жеңіл көлікке мінген боларсыздар? Бастықтардың көзін ала бере «таксаваитап» қоятын әдетіміз бар», – қоямыз.
Алдын-ала келісілгендей демалыс мерзімі бітуге үш күн қалғанда «Мұстафа Шоқай» филімін шипажайдың клубына қойдық. Фильм көрсетілімінің алдында Сатыбалды ағамызбен сахнаға шыға келгенде залда отырғандардың ішінен: «Бұлар бізді алдап жүр. Аферистер, шопырлар!» –деген күңкіл-сүңкіл сөз шығып қалғанда шипажай қызметкерлері тынышталдырған болды. Сатыбалды ағамыз «Мұстафа Шоқай» көркем фильмін қалай түсіргені туралы айтып беріп, жұртшылық сауалына жауап берді. Екі жарым сағатқа созылған фильм көрсетілімінен кейін де көпшілік тарап кетпей режиссермен пікір алысты.
Сол күннен бастап Сатыбалды Нарымбетов су ішуге, ем-дом алуға, асханаға келе жатқанда адамдар алдын кес-кестеп, сұрақ қойып, қолтаңба жаздырып алатын болды. Жатын бөлмесінің есігін қағып келетіндер де табылды. Көпшілік сауалының ішінде жөнді-жөнсізі, орынды-орынсызы да кезігеді. Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласынан келген Бейсенкүл апай: «Біздің қалада жастарды қатыгездікке баулитын «боевик» фильмдер қаптап кетті. «Мұстафа Шоқай» сияқты фильмдер көп көрсетілсе», қарағандылық теміржолшы Қуаныш ақсақал: «Ұлтымыздың өткен тарихына қатысты осындай тағылымдық-тәрбиелік киноленталар көптеп түсірілсе екен», – деген ойларын айтты. Көпшіліктің осындай кездесулері созылып кеткен кездері Сатыбалды ағамызды қақпайлап, оңашалап алып кетіп жүрдім. Жолығысқан жандардың сауалына жауап берумен ем-домын уақтылы алуға, тамақ ішуге кешігіп келіп жүрген Сатыбалды ағамыз: «Әй, бала, сенің айтқаның дұрыс екен! «Шопыр» болып жүрген күнім әлдеқайда жақсы екен!» – деген еді.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір