АДАМДАР АҚЫРЗАМАНДЫ АЙҒАЙЛАП ШАҚЫРУДА
12.02.2024
142
0

Адамдардың араласуы мұң екен,
Жер шары тез қартая бастады.
К.Э.Циолковский

Ақырзаман туралы ой адамзат пайда болғалы бері өзімен қатар жасасып келе жатқан «ең ежелгі досы» болса керек. Оның қашан және қандай сипат­та болатынын ешкім анық білмейді. Бірақ саналы ғұмырында адамдар осы сұраққа жауап іздеуден танған емес. Осыны тиімді пайдалана білген әлемдік киноиндустрия «қасқырлары» бүгінде армагеддон тақырыбындағы киноны жарыса түсіріп, тәп-тәуір касса жинап алып та жатыр. Әсіресе «2012» фильмінен кейін әлем жұртшылығын кәдімгідей үрей билегендей. Онымен қоса, Жапониядағы әйгілі цунами мен алапат жер сілкінісінен соң, Жер шары тұрғындары тәспісін қағып, тілдерін кәлимаға келтіруге кіріскендей.
Таяуда Йерусалим оқымыстылары классикалық физиканың атасы саналатын Ньютонның 4,5 мың бет­тен тұратын қолжазбасының құпиясын ашыпты. Онда физик Інжілге сүйене отырып, болашаққа болжау жасайды. Ғалым есептей келе ақырзаманның дәл уақытын белгілепті, бірақ біз адамның айт­қаны емес, Алланың жазғаны болатынына сенгендіктен, ғалым белгілеген уақыт­ты айтуды артық санадық. Алайда бүгінгі жағдайды бажайлап, ғаламшардың экологиялық жағдайына талдау жасау артықтық етпес.
Тіршіліктің басқа түйткілдерін айтпағанда, су, ауа, топырақ және от деп аталатын негізгі төрт элемент­тен тұратынын төрт жасар бала да біледі. Сондықтан қандай қатерді болсын, біз осылардан күтеміз.

Топан су басу қаупі зор

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Ғабит Мүсіреповтің күнделіктерінде мынадай жолдар бар екен:
– Ақырзаман бола ма?
– Болады. Бір кез­де ауа атмосфера дегенді көмірқышқыл газы – CO2 қазіргі нормадан анағұрлым асып, мұз теңіздерін ерітіп жіберсе, адам баласына, жалпы, жан-жануар, өсімдіктерге екі түрлі қасірет­ті күн туады:
1. Жер бетін топан су басады;
2. От­тегі ауадағы өз нормасынан орасан кеміп кеткен соң, жан-жануарлар уланады. Ол кез­де Нұқтың кемесінің де пайдасы болмай қалады. Мұхит суларының өзі CO2 газына лық толы болмақ.
Ал атақты болжағыш Нострадамус болса, ХХІ ғасырда адам баласы дамудың бұрынғы түрлерін жолда қалдыратындай жаңа сатыларға көтерілгенімен, ғасыр табалдырығын ат­тағаннан-ақ жер сілкінісі, топан су басу, жанартау атқылаулары секілді ғаламдық апат­тармен бетпе-бет келетінін ескерткен екен.
Енді Ғабеңнің күнделігінде жазылған ой мен әйгілі болжағыш Нострадамус толғамын сарапқа салар болсақ, айтылғандардың біршамасына қазірдің өзінде куә болып отырғанымызды ешкім жоққа шығара қоймас. Ғалымдар бүгінде ауаның түрлі улы зат­тармен ластануынан пайда болған парник эффектісінің салдарынан жылдық орташа температура ғасыр сайын үш градусқа жылып отырғанын, соның салдарынан Солтүстік Мұзды мұхит­тың ери бастағанын анықтаған екен. «Көлемі жағынан Антарктидадан кейінгі «Жасыл жер» Гренландия мұздықтарының да еріп, теңіздер деңгейінің көтерілуіне әкеп соғып жатқанын табиғат­тың кейінгі жылдардағы тосын мінезінен аңғару қиын емес», – дейді олар. Алайда мұндай мәлімет­тер қарапайым халықтан қашан да құпия сақталады.
Расында, осы уақытқа дейін Германияда, Қытайда, Үндістан, Непал, Бутан, Бангкок, Бангладеш, т.б. әлемнің әр нүктелерінде кенет­тен орын алған су тасқыны, алапат дауылдардан қаншама адамдар қаза тауып, орны толмас өкініштерге ұрындырғанын білеміз. Соның бәрі – Солтүстік Мұзды мұхитының еруінен.
Англиядағы Рейдинг зерт­теу тобының жетекшісі Джонатан Грессори: «Бүкіл әлем үшін қорқынышты құбылыс – теңіз деңгейінің 7 метрге дейін көтерілу мүмкіндігі. Оның алдын алу үшін атмосфераны көмірқышқыл газымен улауды тоқтату керек», – дейді.
Ал ауа неден ластанады? Бір мезгілде әлемнің түкпір-түкпірімен байланыстыратын әрі теледидар, музыкалық орталықтың, әрі жұмыс құралының рөлін қатар атқаратын компьютерді ойлап таптық. Ал оның қандай жолмен жасалып жатқанын білсеңіз. 10-15 келі тартатын бір компьютерді жасауға 240 тонна химиялық зат­тар мен 1,5 тонна су жұмсалады екен. Ол, біріншіден, фабрикада жұмыс істейтін адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Екіншіден, ауызсуды ластайды. Содан соң дайын болған компьютердің өзі ауаны автокөліктерден гөрі көбірек ластайды екен. Бұл – ауаның ластануына келтірілген бір ғана мысал. Бұған қаншама автокөліктерді, зауыт-фабрикаларды қосыңыз. Солтүстік Мұзды мұхиты мен Гренландия мұздарының еруі осы жылдамдықпен жалғаса берер болса, онда 2050 жылға дейін 20 пайызға кеміп, нәтижесінде, Тұманды Альбион елінде ауа райы күрт төмендемек. Оның салдары Жер шарына от­тегі өндіретін тропикалық ормандардың жойылуына апарып соғады. Мұздықтардың еруі бір жерлерге су тасқыны қаупін төндірсе, кейбір жерлерді ауызсу тапшылығына ұрындырмақ. Өткен жылдардағы орыс ормандарының өртенуінің өзі біраз жайды аңғартқандай. Бұл – климат­тық ауытқу салдарынан Африканың салқындай бастап, Сібірдің сарышұнақ аязының жұмсаруының басы ғана…

Қара алтынға құнығудың соңы жақсылыққа апармайды

Бүгінде дүниежүзінде мұнайға деген қажет­тілік жылына 70-80 млн баррельді құрайды екен. Ал Әлемдік энергетикалық Консейт­тің есебінше, 2040-2060 жылдары жер астындағы мұнай қоры түгелімен таусылады екен. Бұл да – бір апат. Себебі бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда мұнайсыз күн көру мүмкін еместей. Нендей өндіріс орны болсын, нендей көлік болсын, барлығына мұнайдан алынатын өнімдер аса қажет. Миланда өткен БҰҰ Конференциясында АҚШ неліктен Киото келісіміне қол қоймады? Мұның түпкілікті түсіндірмесі мұнаймен тікелей байланысты. Жыл сайын өндірілетін әлемдік мұнайдың көбін тұтынатын – осы ел, алайда олар өз еліндегі мұнай кеніштерін ең соңғы сәтке сақтап, Ирак, Ауғанстан секілді мұнайға бай елдердің қорына қолын салуда. Ғаламдық апат­тың алдын алу үшін түзілген Киото келісіміне парник эффектісінің 55 пайы­зын туғызып отырған 55 ел қол қоюы керек болса, АҚШ пен Ресей олай етуден бас тартуда. Себебі Киото келісіміне қол қойған елдер ауаны ластайтын көмір­қышқыл газын 92 пайызға қысқартуға мәжбүр болады екен.
«Болашақта қара алтын үшін болар соғыс Орталық Азия елдері мен Кавказда жалғасын табуы мүмкін», – дейді сарапшылар. Себебі мұнай өндіруді шектейтіндей жағдайда, оның әлемдік экономикадағы құны шарықтап өсетіні сөзсіз. Сондықтан ғалымдар ендігі жерде ауаның ластануын азайту мақсатында мұнайды алмастыратын жаңа нәрсе ойлап табуға кірісіп кет­ті. Ол жүзеге асар болса, ғаламшарымызды құтқаруға 70 пайыздық мүмкіндік туатын көрінеді. Әрине, бұл жерде шешім шығару үшін саяси еріктілік пен әлеумет­тік экномикалық қайта құрулар қажет.

Токиоға қауіп төніп тұр

Дүниежүзіндегі дамыған елдердің көш басында тұрған Жапонияның астанасы Токио көп ұзамай жер бетінен жойылады дегенге сенгің келмейтіндей. Бірақ оны біз ойдан шығарғанымыз жоқ. Сол елдің сейсмологиялық жағдайын зерт­теп жүрген ғалымдар жер сілкінісі салдарынан алдағы 50 жыл ішінде Күншығыс елінің бас қаласының жермен-жексен болу қаупі барын осыдан бірнеше жыл бұрын болжаған екен. Мұндай қасірет­ті Токио 1923 жылдың 1 қыркүйегінде бастан кешкен, онда қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны 130 мың болса, 570 мың отбасы баспанасыз босып қалған. Сол оқиғадан кейін жапондар өз үйлерін суперүлгіде – 6 баллдық жер сілкінісіне шыдайтындай етіп сала бастаған. Алайда содан бері талай рет алты аралды мекен еткен халықтың қасіретіне теңіз де тажал боп төніп, биіктігі 10 метрді құрайтын таудай толқындар көл болған көз жасы мен көпіршік қанды шайып кеткенін көзіміз көрді. Соған да қарамастан самурай рухты халық Отанын тастап кеткен жоқ. Осы жағынан келгенде, олар да қазекеме ұқсайды екен, яғни «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген қағиданы ту еткендей.

Жер-жаһанға
нұрын төккен Күн де сөнеді деседі

Ғалымдардың көбі дерлік Жерге төнер қауіптің зорын аспан денелерінен күтеді. Неміс және британ зерт­теушілері осыдан 200 жыл бұрын Жерге алып метеорит­тің құлағанын айтады. Сол сәт­те-ақ теңіздерден Цунами көтеріліп, биіктігі бір метрге жеткен толқынның қаншама тіршілікті жойғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Содан бергі кезеңдерде аспан денелері біздің ғаламшарымызға қанша мәрте қауіп төндірген. Бүгінде сондай астеройдтардың саны 900-ге жуық көрінеді. Сол 900-дің біреуі ғана абайсызда жерге соқтығысып құлар болса… Ойлаудың өзі қорқынышты! Кәдімгі өзіміз әр түні көзбен көретін жұлдыздардың ағуы жиілеп кетсе де, қорқу керек екен. Себебі олардың арасында ұсақ кометалар болады. Олар ауаның озон қабатын тесіп, мұздықтардың еруіне әсер етеді. Мұхит­тарда тіршілік ететін майда денелер қырылса, онымен қатысты балықтар, одан құстар да зиян шегеді. Ең қызығы әрі қорқыныштысы – Күнге қатысты айтылған болжамдар. Голланд астро­физигі доктор Пирс Ван дер Меер «Күн жарылғалы тұр» деген тосын жайды айтуда. Күн ядросында қалыпты жағдайда температура 27 млн градус болса, соңғы жылдары ол 49 миллионға көтеріліпті. Біз бүгінде Солтүстік Мұзды мұхитының еруін ауаның ластануынан көреміз. Ал бұл ғалым ол проблеманы осы Күн қызуының көтеріліп кетуінен көреді. Егер осы қарқынмен қыза берсе, Күн көп ұзамай жарылатын көрінеді.
Бұған қарама-қайшы пікір айтатын ғалымдар да бар. «Жер беті мәңгілік қараңғы қапаста қалмақ» деген олардың пікіріне құлақ түрсек, соңғы онжылдықта Жерге түсер Күн сәулесі 10 пайызға кеміп кетіпті. Мұны ғалымдар 90-жылдары байқағанмен, құлақ асар жан таппаған. Тек 2001 жылы Израильдегі вулконология орталығының мамандары 1958-1992 жылдар арасындағы ғаламшарға түсер Күн сәулесінің жылдан-жылға 0,23 пайыздан 0,32 пайыз аралығында кеміп отырғанын айт­қанда барып, бұл мәселеге мән беріле бастаған.

P.S. Тізе берсек, мұндай апатқа апарар жайт­тар көп. Біз бұл жерде таза ғылыми дәйектер мен мамандар болжамына сүйендік. Иісі мұсылман қашан да иманына берік, оның құлақ асатыны – тек Құран. Ол жерде ақырзаманның алдындағы үлкен және кіші белгілері анық жазылған. Соны оқыған адам ешбір алыпқашпа әңгімеге құлақ аспасы анық. Алайда Жер ғаламшарының тұрғындарына етек-жеңді жиятын кез жеткендей. Сөз соңына «Құз басындағы аңшының зары» кітабындағы мынадай жолдар сұранып тұрғандай:
…Жер-жаһанға нұрын төккен Күн де сөнеді деседі. Қартайғаны шығар. Бауырындағы жан-жануарлары тұрмақ, Жердің де өз жасы, ғұмыры бар. Ол шау тартпағанымен, алуан түрлі дертке шалдықты. Құтқарар дәру – тек адамдардың мейірімі. Сол ғана болашақ апат­тан арашалап қалмақ.

Мәриям ӘБСАТ­тАР,
Түркістан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір