ҚАЙЫРЫМДЫ КӘСІПКЕР
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға өз тарапынан атсалысып жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Солардың бірі Панфилов ауданындағы «Көктал-Агро» ЖШС директоры Жәнібек Мұқатайұлы Оханов екеніне шаруасымен жете танысқаннан кейін көзіміз жетті.
Кеңес үкіметі кезінде Көктал ауылының солтүстік жағына салынған аумағы ат шаптырым «Көктал жүгері зауыты» аймаққа аты шығып дүркіреп жұмыс істеп тұрды. Бұл жүгері зауыты еліміз нарықтық экономикаға көшіп, өтпелі кезең туғанда талан-таражға ұшырап, кенеуі кеткен еді. Зауытты қайта жандандырамыз деген кәсіпкерлердің біразы келіп-кетіп, ұқсата алмаған соң қолдан-қолға өткен ғимараттар тозып, қараусыз қалды. Жәнібек ойлана келе қаржы көзі табылғаннан кейін, тәуекелге бел буып, аумағы 28 гектар жерді алып жатқан ескі жүгері зауытының ғимараттарын жекеге алды. Ондағы ойы жұмысты нәтижелі жүргізу үшін табан тірер тұғыр, жер керек екенін түсінген еді. Өз жұмысын еліміз дағдарыс алаңынан толық шықпай жатып жүргізген кәсіпкер «АзияАгроФуд» АҚ филиалы ретінде бастағанда қаржылық қоры 3 млрд теңге болған-ды. Бұл тартылған инвестицияға тауарлы-сүт фермасын салуға, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға және шетелдерден асыл тұқымды сүтті бағыттағы сиырлар әкелуге жұмсады. Осылай қолға алған жұмысты тиянақты атқаруға әдеттенген Жәнібек Оханов 2007 жылдан бастап зауыттың директоры қызметін атқарып келеді.
Жекеге алған жерлерді жаңа технологияға сай өңдеп, агротехникалық талаптарын сақтай отырып, алғашқы кезде «ЗПСК-704», «ЗПСК-599» екі мерзімді, екі сұрыпты жүгері тұқымын сеуіп, күтіп, лайықты баптап жүріп күзде бейнетінің зейнетін көрді. Себілген дәннен бір маусымда 20 млн пайда көрді. 2015-2016 жылдары израильдік тамшылатып суғару технологиясын жүзеге асырып, суды үнемді жұмсауды пайдаланып 300 гектар жерге жүгері сеуіп, әр гектарынан 20 тоннадан өнім алуға қол жеткізді. Бұл сол жылдарда өңірдегі басқа шаруашылықтар игермеген көрсеткіш еді. Мал азығын мол өндіру мақсатында 2019 жылы Италиядан көпжылдық жоңышқаның «Джея» тұқымын алдырып сеуіп, оны америкалық «Zimmatik» құрылғысы арқылы тамшылатып суғарып, мол өнім алуда. Бұл жоңышқаның ерекшелігі бір маусымда 5 рет шабылады, әрі түсімі де өте мол және малға жұғымды. Бұл егістік жерді де суғаруға израильдік тамшылата суғару әдісі қолданылуда.
Алғашқы жылдары жұмысты жаңаша жолға қою әрине оңай бола қойған жоқ. Жәнібектің жұмысты жаңа үрдіспен жүргізуіне зор ықпал еткен іссапардың бірі 2016 жылғы Еуропадағы экономикасы жоғары дамыған, қазіргі заманғы индустриалды Нидерланд корольдігіне барып қайтуы еді. Территориясының шағындығына қарамай Нидерланд азық-түлік өнімдерін экспорттаудан дүниежүзі бойынша екінші орын алады. Басты экспорты мал өнімдеріне бағытталған, оның ішінде ет-сүт, май, ірімшік шығарады. Құрамында Жәнібек бар он шақты іскер азамат елдің аумағында орналасқан ауылшаруашылығы өнімін өндіретін кооперативпен, олардың өндірген өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Негізгі ойы ол жердегі 18 мыңдай кооперативтер ауылшаруашылығы өнімдерін қалай өндіреді, өңдеу технологиясы қандай, оны тұтынушыға қандай жолдармен жеткізеді деген мәселелерге көңіл аудару болды. Ассоциация 450 кооперативті біріктіріп, олардың сүт өнімдерін зауытта өңдеп, тұтынуға қажетті дайын азық-түлікті халыққа жеткізеді. Біразын құрғақ сүтке айналдырып шетелге экспорттайды. Фермерлермен жылдам есеп айырысады. Бұл елдегі мемлекеттік қызмет түрлерінің көбі ақпараттық технология дәуірінен өтіп, цифрландыру кезеңіне көшкен. Цифрландыру үдерісінің нәтижесінде жоғары басқарушы тарап пен төменгі фермерлер жұмысы әрі тез, әрі сапалы жүзеге асырылады, яғни ақпарат алмасу тез жүреді, сондықтан да экономикалық тиімділігі өте жоғары.
«Көктал-Агро» кешенінде арнайы жобамен салынған қораларда Австриядан әкелінген етті-сүтті бағыттағы шведтік және симментал асыл тұқымды 1150 сиыр күтімде тұр. Сүт фермасын аралап жүріп көргеніміз көңілді тоғайтады. Сауымда тұрған 650 бас сауынды сиырға 6 сауыншы ғана бөлініпті. Ортадағы 36 басқа арналған компьютерленген айналмаға (карусель) үйренген, түр-тұрпаты ірі, желіндері жер сызған сиырлар бір мезетте сауылып шығып кетеді екен. Сауылған сүт лайықталынған түтіктер арқылы тығыз жабылатын, арнайы тоңазытылатын бөлменің ішіндегі 30 тонналық сүт сақтайтын екі танкерге құйылып сақталады. Күн сайын сауылған 13 тонна сүтті «ФудМастер» фирмасы өздері тасып алып кетуге келіскен. Одан басқа жерлікті кәсіпкер азамат 300 литр сүт алып, одан кілегей, май айырып, құрт жасап сатып, ел-жұрттың сұранысын өтейді. Сол сияқты 100 литрін жергілікті тұрғындар келіп алып, қажетіне жаратуда.
Бюджетке жылына 40 млн теңге салық төлеп отырған «Көктал-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жан-жағындағы ауылдардан келіп 150 жұмысшы еңбек етеді. Зауыт жұмысшыларының орташа айлық жалақысы 120 мың теңгені құрайды. Жәнібек ауыл ішінде тұрғаннан кейін ауылдастарының, тіпті әр отбасының жағдайын біліп тұрады. Үй-үйді аралап, реті келсе мұқтаж адамдардан қолдан келетін көмегін аяған емес. Жыл сайын ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға 40-50 тонна көмірін түсіріп беріп отырады. Арасында денсаулығы болмай ауырған, қаржыдан қысылған жандар қаржы сұрап келеді, қолы ашық «атымтай жомарт» Жәнібек олардың да қолын қаққан емес.
Қазіргі заманғы жаһандану үрдісі кезінде кәсібіңді тиімді жүргізу үшін білім керек. Жәнібек те жаһандағы жаңалықтардан тыс қалмауы үшін үнемі ізденіс үстінде. Өзіне қажетті мәліметтерді газет-журналдардан саралап алып отырады. Қолы қалт еткенде кітап оқумен айналысады. Қолындағы барын бұқараға бөліп беруге асығатын кәсіпкердің ісіне береке тіледік.
Молот СОЛТАНАЕВ