«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды…»
22.03.2024
124
0

Қала орталығындағы аурухана маңында орналасқан саябақ арқылы өтіп бара жатып, таяуда ғана бой көтерген «Анаға тағзым» руханият орталығының алдына қойылған қойнына жас сәбиін қысып ұстаған ана бейнесін көрген сайын оған зер саламын. Онда ананың балаға деген мейірімділігі ерекше көрсетілген. Әйел бейнесі арқылы қазақ қызының инабат­тылығын, бия­зылығын, қазаққа тән мінезін сипат­таған. Ананың оң қолына сәбиін ұстап, алға қарай бір қадам жасап тұрғанының мәні – түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиін құнды қасиет­терге тәрбиелеп, ақ сүтімен адамгершілікті дарытқан аяулы жандарға – аналарға тағзым. Осы ардақты ескерткішті көрген сайын өткен жылы бір таныс астаналық азамат­тың айт­қан мына әңгімесі еріксіз еске түседі:
– Қарапайым отбасында, ауылда өстім. Жеті баланың кенжесі болғандықтан қара шаңыраққа ие болып қалдым. Қо­лым­да 80-нен асқан шешем тұрды. Қанша жасқа келсем де анам қамқоршым болды. Мені ерекше жақсы көріп, аналық махаббатын аямай төкті. Үйленіп, бала-шағалы болсам да әрдайым есік алдынан күтіп алатын. Тіпті қызмет бабымен түн ортасында келсем де көз ілмей тосып, мені көріп: «Ә, балам, келдің бе? Жұмысыңнан шаршап келдің бе, қарғам? Құдай қуат берсін, балам», – деп, Аллаға сыйынып барып төсегіне жататын. «Мама-ау, мені тоспай-ақ демала бермейсіз бе?» – десем «Айналайын, алтыным. Сен үйде жоқ болсаң, бойымда дегбір пайда болып, ұйқым қашады. Қанша өзімді қинасам да көз жұмып, ұйықтай алмаймын, жүрегім тулайды да тұрады. Жарқыным, аман бол, абыройлы бол», – деп ақ батасын беретін. Жасы келіп, қартайып, қажып отырса да мен дегенде әр кез көңілі алаңдап отырушы еді жарықтықтың. Дүние, өмір мен үшін сонымен қызық болатын. Қазақ әнінің бірінде: «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды», – деп жатады ғой. Сол сөздің жаны бар екен. Жасыма қарамай, реті келсе, анама әзіл-қалжың айтып, несін жасырам, кейде жас балаша еркелейтінім де бар еді. Анам дүниеден озғаннан ке­йін көңілім құлазып, әжептәуір жалғызсырап, жетімсіреп қалдым. Үйге келсем, көңілім анамды іздейді, оның жылы сөздерін естігім келеді, алақан табының ыстығын сезінгім келеді. Бәзбір кез­де анаңды сағынып, жүрегің езіледі, кейде тіпті көкірегің қарс айырылып, көзге мөлтілдеп ыстық жас келеді. Қайран, ана!
Сөйтіп жүргенде, бірде түнде іссапардан үйге келдім. Есікті өз кілтіммен ашып, ішке ендім. Бала-шағам,
жұбайым, інім мен келін – барлығы қалың ұйқы құшағында, кімнің үйге келіп-кетіп жатқанын еш сезер емес. Сол сәт­те жарықтық анамның үйде жоқтығын қат­ты сезіндім. Уақытпен санаспай мені әр кез тосып отыратын бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Аяғымды жай басып, асханаға еніп жарықты қосып, шай қойдым. Үстел басында отырып анам бар кез­дегі күндерді еске алып, ойым астаң-кестең, ішкі дүнием әлем-жәлем болды. Жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймайтындай, ат­тай тулап, ішімде өксік пайда болды. Анамның: «Келдің бе, балам?..» – деген жылы сөзін ести алмағаным жаныма қат­ты бат­ты. Ананың орнын ешкім, ешқашан толтырып, алмастыра алмайтынын сол сәт­те терең ұқтым. Анамды сағынып, іштегі шерімді бір тарқатып алдым. Соңғы кез­де сиректеу болса да, осындай күй менде болып тұрады. Оным орынды ма, әлде орынсыз ба, білмеймін. Анаға деген көңіл, махаббат, сағыныш жас талғамайды-ау деп ойлаймын.
Иә, ананың мейірімін, нұрлы жүзін, алақанының жылылығын, балаларына деген қамқорлығын, сірә, санасында саңылауы бар жан ұмыта ала ма? Әт­тең, оны кеш түсінетініміз өкінішті. Қанша жылдар өтсе әлі де анамды аңсаймын, елжіреп сағынамын, әрдайым көңілімнің төрінде тұрады, бас иіп тағзым етемін. Кейде анамның басына «Анаға тағзым» деген ескерткіш қойғым келеді. Менің қиялым бойынша, ескерткіштен есік жартылай ашылып, арғы жақта сарыла баласын тосқан ана бейнесін көргім келеді. Бұл ойым орындала ма, жоқ, әлде қиял күйінде қала ма, білмеймін. Әйтеуір мені сондай ой көп мазалайды, көңілімде жүреді. Бәріне уақыт төреші ғой, көрерміз, өмір жеткізсе, солай еткім келеді. Бұл анамның алдындағы өтелген парызым болар еді, – деп еді орта жастан асқан, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған танысым ағынан жарыла, ауыр күрсініп.
Кез келген тірі пенде ана алдындағы парызы мен қарызын ойлап, дәл осылай жүрекке жүк арта алар ма еді?! Жүрекке «сызат түсірген», санаға салмақ салған дәл осындай анаға деген ұлы махаббат­ты кез келген перзент сезіне алар ма?! Әй, қайдам…
Өкінішке қарай, бүгінде қарт­тар үйінде жүргендердің басым көпшілігі – өзіміздің қара көздер. Олардың арасында самайларын қырау шалған, жүздерін әжім басқан қарт аналарды да көру таңсық емес. Барлығына көз де, бой да үйреніп барады. Қарт­тардан: «Ұл-қыздарыңыз жоқ па еді?» – деп сұрай қалсаң, жүздерін мұң торлап, көздері жәудіреп: «Ол жағын сұрамай-ақ қойыңызшы. Тағдыр тауқіметі осылай болды… Пешенеге жазғанды көріп жатырмыз», – деп тура жауап беруден тайсақтайды. Оларды түсінуге болады. Бұл – олар үшін сыздауықтай жанын сыздататын ауыр сұрақ. «Тоғыз ай көтеріп, толғатып, айналып-толғанып, барын аузына тосып, мәпелеп «Оның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін», – деп мейірімін, күш-қайратын беріп өсірген баласы ана алдындағы парызын өтей алды ма? Мына бейбіт заманда аналарын тірі жетім еткен келіні мен ұлының көсегесі көгерер ме екен?» – деген сұрақ еріксіз толғандырадыы. Әй, қайдам-ау… Ананың көз жасы, сірә, тым алысқа жібермес…
Бірде сөзден сөз шығып, бажамыз Срасил екеуміз ана, оның алдындағы перзент­тік парыз туралы ой-пікір бөлістік. Сонда ол:
– Біз – бір ата-анадан сегізбіз. Әке-шешеміз жандарын аямай, «қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» бізді мәпелеп өсірді, тәрбиеледі, білім берді. Әрқайсысымыз жеке-жеке шаңырақ көтеріп, үй болдық, өз бала-шағамыздың қамқоршысы болып, солардың проблемаларымен айналысып, өз бетімізбен кет­тік. Қартайған әке-шешеміз кенже ұлының қолында болды. Мен отбасымыздың түңғышы ретінде әжем мен атамның қойнында шолжаңдап, ерке өстім де, анамды – «жеңеше», әкемді «аға» деп атадым. 40-қа толғанымда ағайын-туыстарға дастархан жайып, батасын алдым. Сөз барысында анам абайсызда: «Бұл – менің тұңғышым ғой», – деп айтып қалды. Сонда қасында отырған замандас қайынбикелері шу етіп: «Өйтуге қалай аузың барады?» – деп анамды ұялтқаны есімде. Жарықтық, анам: «Кешіріңдер, кешіріңдер…» – дей берді сасқанынан. Расымды айтайын, ойлап отырсам, көздері тірі кез­де әкем мен шешеме тым жақындамай, әр кез «арақашықтықты» сақтап, қолдан келер жылылығымды төкпеппін. Әкем ауылдық мектепте өмір бойы мұғалім болып қызмет етіп, зейнетке шығып, балаларының қолына – қалаға қоныс аударды. Өкініштісі, қайран әкем өмірден ерте озды. Анамыз тұратын ініміздің үйіне анда-санда сәлем беруге бас сұғып, шағын бір сыйлығымызды (орамал, көйлек, шай, т.б.) беріп кетуден аспадық. Соның өзіне ол жайдарланып, көңілі жадырап, батасын беріп, балаша мәз болып қалатын. Соңғы жылдары аурушаң болып, біраз қиналды, бірнеше рет ауруханаға жатып, ем-дом алды. Бірақ дерті меңдей берді. Бір күні көңілін сұрап барсам, анам әжептеуір сынып, көз жанары сөніп, бойынан күш кетіп қалыпты. Алғаш рет қысылмай құшақтап сәлем беріп, көзінен сүйдім. Анам байғұс мұндай оқыс әрекетімді күтпеген болу керек, екі көзі суланып, мөлт-мөлт етіп келген ыстық жасын орамалымен қайта-қайта сүртіп отырып, о дүниеге ат­танып кет­ті. Сірә, мейірімді де нәзік ана жүрегі ерекше көңіл толқынысын көтере алмаған болуы керек. Міне, содан бері қанша жыл өт­ті. Біз де қартая бастадық. Тәубә, немерелеріміз «аталап» аяғымызға оралып, үйімізді думанға бөлеп, шапқылап жүр. Ойға берілген сәт­терде, анамның сол соңғы бейнесі көз алдыма көлбеңдеп келіп қалады. Оған деген сағыныш өмірімнің соңына де­йін жалғасар. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп қазақ бекер айтпаған екен. Жылдар жылжыған сайын: «Ата-анамның еңбегін ақтай алдым ба? Оларға мен қандай жақсылық жасай алдым? Олардың алдындағы парызымды толық орындай алдым ба? Өмір барысында нені елемедім?» – деген сұрақтар сиректеу болса да мені мазалайды. Сондай сәт­терде әлгіндей сауалдарға жауап іздеп қиналатыным рас.., – деп сырымен бөліскен еді.
– Біздің елде ертеректе бір жалғыз­бас­ты ана болды. Жастау кезінде күйеуі жол апатынан көз жұмып, тым ерте жесір қалыпты. Жалғыз ұлын арқа етін арша, борбай етін борша ете жүріп, ештеңеден тарылтпай өсірді. Сол уақыт­тың талабы солай болды ма, «орыс тілін білсе, сауат­ты болып өседі» деген оймен баласын орыс мектебіне беріп, барынша орысша тәрбиеледі. Рас, обалы не керек, бала алғыр, білімді болып өсті. Сонау Балтық теңізінің жағасындағы Рига қаласына барып, сондағы Азамат­тық авиация инс­титутына оқуға түсті. Диплом алғаннан ке­йін Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы авиаотрядқа қызметке жіберіледі. Бірер жылдан ке­йін сол өңірдің бір орыс қызымен көңілдері жарасып, үйленіп, отбасын құрды. Елдегі анасын сол жаққа – қолына алмақ болып біраз талпынады. Оған анасы: «Балам, өркенің өссін! Мені жылы жерімнен қозғап не қыласың?.. Өскен елімді, туған топырағымды, жүрген жерімді, мына сен өскен қара шаңырақты тастап қай жаққа барамын?.. Көңіліңе, пейіліңе дән ризамын, балам! Әзірге, Құдайға шүкір, бойымда күш-қуат бар, денсаулығым да жаман емес. Жаратқан иемнің өлшеп берген өмірін жасармын. Маған еш алаңдама. Жылы орнымды суытпай, әкеңнің шаңырағының отын өшірмей осы бауыр басқан берекелі елде отыра бере­йін, балам. Хат бар, телефон бар… Хабарласып тұрармыз. Өскен ұяңды ұмытпай, немерелерім мен келінімді елге әкеліп, атамекеніңді аралатып, әке-бабаңа Құран түсіріп, бізбен дидарластырып тұрсаң, болғаны, жарығым!» – деп ризашылығын білдіреді.
Рас, алғашқы кез­дері жыл аралатып болса да ұшқыш жігіт ауылға келіп-кетіп жүрді. Жары бір рет келіп, ауылдың ауыр тірлігін көріп, айналадағы барлық дүниеге мұрынын шүйіріп, несін айтамыз, әйтеуір, кері қайтуы тез болыпты. Бара-бара баласы анасымен тек хат арқылы хабарласып тұрды. Бірер рет кішігірім сыйлықтары салынған сәлемдеме де келіпті. Сонда әлгі әжейдің: «Балам, алтыным сыйлық жіберіпті. Летчик балам ұмытпапты мені, айналайын сол!» – деп көрші-қолаңдары мен таныстарының алдында мақтанып, жүрегі жарылардай қуанғанын көргендердің көңілдері босайтын-ды. Ауыл үстінен анда-санда ұшақ ұшып өткен сайын қолын күннен қалқалай, сонау биікке көз тігіп: «Әне, анау самолет­те менің летчик балам ұшып барады. Байқаған боларсыңдар, қанатын қағып, бізге сәлем жолдап барады ғой, қарғам. Айналайыным менің… Құлыншағым менің… Жұмыс­тан шыға алмай, келе алмай жүр ғой менің алтын жарығым. Әйтеуір аман жүрсең болғаны, қарғам. Соның өзі күш-қуат маған, көгершінім, балам…», – деп мейірленіп, екі жанары еріксіз суланады екен.
Бірақ уақыт өте келе ұшқыш баласы анасын мүлде ұмытып, туған ауылына ат ізін салмай кет­ті. Немерелерін бір иіскеуді арман еткен және ұлын күн сайын сарғая күтіп, үкілі үмітін үзбеген ана әбден қажып, қартайып, бақилық болды. Ел-жұрт болып ананы қолдан келгенше арулап, жер құшағына берді. Баласы қай жерде жүргенін ешкім біле алмай, оған хабар жетпепті.
…Ауылға барған сайын жар жаға­сын­да­ғы ескі зират­та оқшаулау тұрған бір бейітке көз салам. Уақыт өте шөп басып, жермен-жексен болып бара жатқан сол жалғыз бейіт менің көңілімді құлазытып, ауыр сезімге бөленемін. Неге олай екенін өзім де білмеймін. Сол дел-сал күйден әрең арыламын, – деп аяқтады әңгімесін тағы бір танысым.
Иә, өмірде түрлі оқиғалармен бетпе-бет келеміз. Бәрінен де биік тұратын бір ұғым бар. Ол – ананың кіршіксіз көңілі. Ешқашан қалт жіберуге, қателесуге болмайтын дүние – отбасындағы берік тәлім-тәрбие. Сол тәлім-тәрбие күллі ұрпақтың жазылмайтын заңдылығына айналатынын ұмытпаған жөн.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір