Бабалар мұрасы – әділ билік
Ахмет Байтұрсыновтың: «Әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді», – дейтін сөзі бар. Шынында да, билер институты өз дәуірінде халық өмірінің тамыршысы іспеттес еді. Қазақ қоғамын түрлі қатерден сақтап, елдің ішкі тәртібі мен сыртқы салмағын саралап отырған кешегі билер өнегесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Алайда, сол би-шешендеріміздің тарихтағы орны мен маңызын әлі күнге дейін дұрыс дәріптеп, жастар жадына тоқыта алмай жүргеніміз көңіл қынжылтары сөзсіз. Әділ билігі арқылы әділетті қоғам құра білген қазақ билерінің тағылымды ұстанымы турасында «Дөңгелек үстел» ұйымдастырған себебіміз де сондықтан болатын.
– Билер соты – кезінде мемлекеттік биліктің атқарушы, заң шығарушы, билік айтып ел басқарушы қызметтеріне араласты. Сонымен қатар ел болашағын күнілгері болжауда көрегендік танытып, ұлттық идеология, ел бірлігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Даналық нақыл сөздері арқылы халыққа түзу бағыт бере білді. Осындай көрегендік пен сұңғылалық қасиеттері бүгінгі қазақ соттарының, жалпы заң мамандарының бойына дарыды деп айта аласыз ба?
Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры:
– Қазақтың ежелгі әдет-ғұрып заңы бойынша сот ісін жүргізу негізінен мойнына алу, ант ішу жолдарымен іске асырылған. О баста қазақтарда қылмыс деген сөз жоқ еді. Сондықтан қылмыс жасаған адамды жаман іс жасады, пері соққан деп атады. Күндіз істелген қылмыстан, түн мезгілінде жасалған қылмыстың жауапкершілігі ауыр болған. Әрбір жасы он беске толған тәртіп бұзушы істеген ісіне қарай жауапқа тартылып отырған. Тек есі дұрыс еместер мен екіқабат әйелдер және де құл мен күң болғандар қылмыс субъектісі ретінде қаралмаған.
Ең ауыр қылмыс ретінде – кісі өлтіру, зинақорлық, біреудің отбасына бүлік салу, діннен безу, ата-анасын ұрып-соғу, билікке қарсы керте келу сияқты істер танылған. Жаза түрлері де істеген қылмысына қарай – өлім жазасы, тас борату, масқаралау, дүрелеу, кешірім сұрату, аяғына жығылу деген сияқты түрлерге бөлінген. Жазалау жұрт алдында жүзеге асырылған. Ал ұрлық деген нәрсе қазақтар арасында болмаған. Сондықтан болса керек, бір кездері есік бекіту, құлып салу деген түсінік қазақ үшін жат көрінетін. «Тура биде туған жоқ» демекші, кезіндегі қазақ билері өзіне тапсырылған дауларды әділ шешуді азаматтық парызы, адамгершілік борышы санайтын. Ал бүгінгі қазақ соттарының қандай ұстаныммен шешім шығаратынын, қандай негізге сүйенетінін бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол ең алдымен әр адамның кісілік келбетіне, әр маманның біліктілігі мен өз ісіне адалдығына байланысты. Шешім шығарудағы туралық, суырыпсалма шешендік, тілінің шұрайы мен ойының көркемдігі жағынан қазіргі заң мамандары кереметтей көзге түсе алады дей алмаймын.
Әсем САДИЕВА, заңгер:
– Біздің құқықтық мемлекетіміздің билік құрылымы өзара тәуелсіз, бір-біріне бағынбайтын үш жүйеден тұрады. Ол – заң шығарушы, атқарушы органдар және сот билігі. Аталған әр жүйе мамандарының басты талабы мен ұстанымы – құқықтық мемлекет құру, адам құндылықтарын сақтау. Алайда, бүгінгі қазақ қоғамының құқықтық сауаттылығы әлі де болса орташа деңгейде. Әлі де болса бізде заңды жан-жақты, нақты түсінетін азаматтық қоғам орнай қойған жоқ. Мұның басты себебі – қарапайым халықтың заң тұрғысындағы құқықтық-нормативті актілерге қол жеткізе алмауы. Оның халыққа түсінікті тілде түсіндірілмеуі. Азаматтық қоғам орнату үшін құқықтық сауаттылық жоғары деңгейде болуы қажет және мамандарды дайындау мен сол мамандардың қызметін азаматтарға ұсыну қолжетімді түрде болуы тиіс. Қазіргі таңда соттардың, заң мамандарының толыққанды азаматтық қоғамның сұраныстарын қанағаттандыратын қасиеттері мен мүмкіншіліктері жеткіліксіз. Азаматтық қоғам, халықтың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыра білетін құқықтық мемлекет құру аз уақытта жүзеге аса қалатын шаруа емес.
– Қазақ билері өз заманының дәстүрлі құқықтары мен әдет-ғұрып ережелерін заң тұрғысынан реттеп, заман ағымына қарай жаңартып отыратын, ереже-қағидаларды ел мүддесіне сай икемдеп құқықтық қолданысқа енгізетін сұңғыла да білікті заңгерлер бола білді. «Заманына қарай – заңы, орманына қарай – аңы болады» дейтін қазақтың бүгінгі заңы бұрынғы заңынан басқа, әрине. Қазақтың бүгінгі заңдарының арқа сүйейтін негізі не нәрсе?
Арықбай АҒЫБАЕВ:
– Бүгінгі қазақ бұрынғы қазақтан басқа. Бүгінгі қоғам да, заң да заман ағымына қарай өзгерді, әрине. Бұрын әдет-ғұрпы мен шариғат қағидаларын ұстана отырып бейбіт тіршілік кешкен бабаларымыз өте таза еді. Олар үшін ғұрыптан аттау, шариғатқа қайшы қылық жасау масқара саналатын. Оларды көбіне өрескел әрекеттен сақтайтын өзге соттан бұрын өз ішіндегі ар соты, ішкі ұяты болатын. Сонымен қатар, «жұрт не дейді?» деп өз-өзін тоқтататын.
Шариғат заңы бойынша ұрлық дегеніміз біреудің затын білдірмей алу. Орыс зерттеушісі В.Радлов өзінің 1884 жылғы «Сібір хақында» деген еңбегінде қазақтар арасында бірде-бір рет ұрлық болмағанын таңданыспен жазады. Бұл бәле қазақтарда Ресей империясына қосылғаннан кейін пайда болған. Қазақ қоғамы көбіне шариғат заңдарына арқа сүйеген. Ал шариғат заңы бойынша діннен безгендер өлтірілген. Осы ережелердің барлығы дерлік қазақтың «Жеті жарғысында» көрсетілген.
Әйел құқығына қазақ әдеп-ғұрпындағы заң ережелерінде ерекше мән берілген. Әйел – ошағының ұйытқысы, есіктің тұтқасы. Ұрпақ жалғастырудың қайнар көзі, мейірімділіктің кәусар бұлағы, ұлттық тәрбиенің бастаушысы болып саналған. Жеті атаға дейін қыз берісіп, қыз алыспаған, бабаларымыз қан тазалығына ерекше мән берген. Бұл қасиет басқа халықтарда кездеспейді, тек қазақтарға ғана тән.
Ұрпақ болашағы мен әйел тағдырына селқос қарамаған қазақ қоғамында жетім бала, жесір әйел жоқтың қасы еді. Қазақ әдеп-ғұрып заңдарында ері қайтыс болған жағдайда, келіннің өзге ру өкіліне тұрмысқа шығуына рұқсат берілмеген. Осыған орай әмеңгерлік институты өріс алған.
Қазақтың әдеп-ғұрып нормаларында көптеген дәстүрлер де баршылық. Мысалы, жылу сұрау, сүйінші сұрау, көрімдік сұрау, сарқыт сұрау, кешірім сұрау, асық сұрау, жол сұрау, бата сұрау, қарыз сұрау және тағы басқалары. Мұндай дәстүрлердің әрқайсының өзіндік ерекшелігі болған. Атақонысында еркін көшіп-қонып күн кешкен бабаларымыз ел ішіндегі түрлі мәселелерді осындай ұлттық мәдениет пен әдет-ғұрып, дәстүр ережелеріне сүйене отырып реттеген.
Әсем САДИЕВА:
– Әлбетте, қазіргі заманғы заңымыз бұрынғы заман заңынан ерекше. Заман өзгерген сайын оған сай заң да өзгереді. Бұл бір-бірімен тығыз байланысты ажыратылмас үдеріс. Заманның дамуымен бірге заң мен қоғамның құқықтық реттелуі де өзгеріп отырады. Заңның арқа сүйер негізі де заман ағымына, халық қажеттілігіне орай ауысып тұрады. Бүгінгі қазақ қоғамының арқа сүйер негізі – адам құндылықтары және оның құқықтары мен міндеттері болып табылады. Ата заңымызда мемлекетіміз үшін адам құндылықтары ең басты орында тұр. Қазақстан адамгершіл саясат ұстанушы ел болғандықтан адамның ең басты әлеуметтік және азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды заң негізі етіп алған. Осыған орай Қазақстан Республикасы, 1966 жылдың 16 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған «Азаматтық және әлеуметтік құқықтары туралы» халықаралық Пактіне, «Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары» туралы Еуропа конвенциясына қол қойды.
– Билер институтының адам тағдырын шешудегі көрегендігі кезінде поляк ғалымын таңғалдырған екен. «Еңлік-Кебектегі» билер тартысы көне гректердің дебаттарынан бір кем емес екенін қазақ ғалымдары да жазған еді. Жалпы, Әуезов шығармаларында қазақ билерінің билік айтудағы көрегендік тұлғасы мен суырыпсалма шешендігі жақсы суреттелген. Алайда, осы керемет ерекшелігімізді дұрыс дәріптеп, өзгелерге таныта алмай отырған секілдіміз.
Арықбай АҒЫБАЕВ:
– Тарихымыздағы билер институты – шынында да терең зерттеуді, дұрыс насихатты талап ететін тақырып. Ағаларына атқосшы болып барған Қаз дауысты Қазыбек бидің бала күнінде, жоңғар ханы Қалден Серенді сөзден жеңіп, малын алып қайтқаны секілді дүниелер шынында да ұлт рухын көтеретін өнегелі істер.
Қазақ даласындағы әділетті дәстүрлік салт-сананы адамгершілік қағидаларымен басшылыққа алған әділ билер әр заманда халқымыздың бірлігін, еліміздің тыныштығын нығайтуға едәуір үлес қосты. Өйткені, қоғамдағы билер сотының абыройы асқақ, беделі бекем еді. Қазақ елінің ынтымағы мен татулығын, біртұтастығын сақтауда атқарған билердің еңбегі ауқымды зерттеу мен кең насихатты талап ететін тақырып. Кезінде қазақ даласын билеген хандар күнделікті тіршілікте, мемлекеттің даму, өркендеу саласында үнемі билердің қызметіне арқа сүйеп, көмегіне жүгініп отырған. Осыншама кең даланы сыртқы жаудан қорғауда билердің ұлағатты өсиеттері мен нақыл сөздері заң ретінде қабылданып, мүлтіксіз орындалған. Ел ішінде түрме, колония атаулы болмаса да тәртіпті қоғам орнатып, оның қауіпсіздігін сақтау осылай жүзеге асқан. Өткен жылы қазақ тарихындағы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін мемлекеттік деңгейде атап өттік. Сол қазақ хандығы дәуіріндегі билердің атқарған қызметі мен дипломатиялық саясаты, қара қылды қақ жарған ақ-әділ шешімдері бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Қазақ даласындағы билердің ұлағат тұтқаны, өнеге алғаны – Майқы би еді. Бұл кісі бүкіл қазақ атаулыны билер арқылы басқарып, билік үстінде әділдік орнатқан. Майқы би әр уәлаяттың, әр рудың, әр ұлыстың өздерінен шыққан, сөзі тұшымды, ойы орамды адамдарды тыңдаған.
Еттің бәрі қазы болмас,
Иттің бәрі тазы болмас.
Өзі қатты сараңдардың
Ешкімге айтар назы болмас, –
деген секілді ел арасында Майқы биден қалған нақыл сөздер аз емес.
Қазақ елінің атақты үш
биі – Төле, Қазыбек, Әйтекелер Майқы биді үлгі тұтқан, оның ұтымды шешімдерін, озық ойларын, дәстүрлі ұстанымын жалғастырған.
Бірде Төле биге дау айтып төрт адам келген екен. Екі жақтың дауы балаға байланысты көрінеді. Дау қуған екі адам, «баламызды бесікте жатқанда, бір жасқа келгенде бесігімен ұрлаттық, соны, міне, 7 жылдан кейін таныдық», – десе, екіншілері бұлардікі жала, өзімнің-ақ қағанатымды қарс айырып шыққан балам, туғанына жеті жыл болғанын жұрт біледі, – деп шырылдапты. Төле би көп ойланбастан:
– Екеуіңіз де менің айтқаныма көнесіздер ғой, – деп сұрапты.
– Иә, көнеміз, – депті дау айтушылар. Екі ана да егіліп тұр дейді. Сонда Төле баланы шақыртыпты да, есік жанындағы жасауылға: – Мына баланы қазір қылышпен шауып екіге бөліп береміз, – депті. Сол уақытта Жәлел деген әйел безбүйректеніп: «Би не айтса, соған көндім», – деген екен. Ал Гүлғаныс деген әйел болса: «Ағатай, билігіңізге құлдық. Балам қайда жүрсе де аман болсын, тек шаба көрмеңіз», – деп зар еңірепті.
– Болды, бала Гүлғаныстікі. Ала бер балаңды, – деп Төле би орнынан тұрып жүре беріпті. Төле бидің дауды шешудегі бір ғана осы амал-айласы қандай керемет десеңізші.
Төле би өлді дегенде, Қазыбек би: «Төле өлді дегенше дүниедегі әділет өлді десеңші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен», – деген екен. Әрине, бізді бүгінгі күнге жеткізген бабаларымыздың әділ билігі, ел қамын ойлаған оңтайлы істері.
Әсем САДИЕВА:
– Қазақ билерінің суырыпсалма шешендігі халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі екені рас. Алайда, бұл ерекшелігімізді тек өткен күнге қалдырып, тарих беттері мен әдебиет жазбаларында ғана кездесетін мұраға айналдырып алғандаймыз. Қазақ табиғатына тән сол даралығымызды одан әрі жетілдіріп, жастар бойына сіңіру, билерден қалған ұлағатты сөздерді дәріптеу, билердің мемлекеттің ішкі, сыртқа саясатындағы ролін әлем алдында дәлелдеп көрсету кезек күттірмейтін мәселе деп ойлаймын.
– Адам өмірін ең басты құндылық санайтын қазақ халқы үшін бүгінгі күнгі заң жүзінде адам тағдырын шешудегі қатаң сұрыптаулар мен анықтаулар кейде өте әділетсіз болып көрінеді. Әрине, шешім шығарудың қиындығын қазақ билері де жақсы түсініп, адам тағдыры мен оның жан дүниесін ескере отырып кесім айтқан. Ал бүгінгі сот жүйесінде осы мәселелер есепке алына ма?
Арықбай АҒЫБАЕВ:
– Билік бөлінбеген заманда билердің атқарған істері, жүргізген ақ-әділ саясаты ел ішін айрандай ұйытып отырды. «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» саналатын заман болды. Ал қазір заман басқа. Біз жеке, дербес мемлекет ретінде өмір сүрудеміз. Биліктің – заң шығару ісінде сот және атқарушы тармақтары бар. Әрқайсысы өз құзыретін іске асырады. Бірақ осылардың ішіндегі ең құндысы – сот билігі. Мемлекет атынан әділ шешім, билік айту сотқа сеніп тапсырылған. Осыған орай еліміздің судьялары ел тарихын, бұрынғы өткен атақты билердің ұстанымдарын жақсы білуі керек. Ол үшін барлық заң оқу орындарында «Қазақ билері», «әдет-ғұрып, салт-сана», «Әділеттілік негіздері» атты арнайы курстық сабақ оқытылғаны жөн болар еді.
Сондай-ақ, орта мектептегі Қазақстан тарихы пәнінің біраз бөлігі қазақтың әдеп-ғұрып ережелеріне, дәстүрлеріне арналуы қажет деп ойлаймын. Қазіргі жазушыларымыздың да әдеби шығармалары қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпы, салт-санасына, тағылымы мол өмір салты мен ережелеріне арналса өте керемет болар еді. Жалпы, тәуелсіз мемлекеттің әрбір азаматы қазақтың әдеп-ғұрып заңдарын құрметпен сақтап, керекті қағидаларын мемлекеттің өркендеуі, дамуы үшін пайдалануы қажет.
Әсем САДИЕВА:
– Тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде адам өмірі мен бостандығы ең басты құндылық саналады. Сот алқасы шешім шығарар алдында заңды жеңілдету жағдайларын толығымен ескереді және сот төресі объективті тұрғыда ішкі жан дүниесі мен ұстанымына сүйене отырып шешім шығарады. Қазіргі Заң нормаларында адамның ішкі жан дүниесі ескерілмейді дей алмаймын. Мәселен, адамның құқық бұзушылығы мәжбүрлі түрде жасалмағаны немесе өзін-өзі қоғау мақсатында жүзеге асқаны секілді жайттар міндетті түрде ескеріледі. Алайда, шындығына келгенде, сот шешімдерін шығару әр тұлғаның жеке басы мен нақты жағдайды ескеріп емес, құрғақ заң негізінде, барлық құқық бұзушылықтар әрекеттерді бір желі астында қарастыру арқылы іске асатын болған. Яғни бүгінгі сот жүйесінде есепке тек нақты фактілер алына отырып, заң нормасы төңірегінде іс қарастырылады.
Дайындаған
Айнара АШАН.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.