ӘДІЛ БИ БОЛҒАН
Биыл қазақ әдебиетінің классигі, ағартушы, данышпан, әділ би Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Қазақтың бас ақыны Абайдың болыс болғанын жұрт біледі, ал оның әділ би болғанын және «Қарамола» ережесін жазғанын көпшілік біле бермейді. Абай әділ би болған деген сөзім жалаң болмас үшін, ол өзінің туған інісі Оспанға тарттырған айыбына қатысты бір нақты мысал келтірейін. Құнанбайдың кенже баласы ретінде қара шаңыраққа ие болып отырған Оспан жастайынан содыр мінезді, дандайсыған, сотқарлау болып өседі. 1880-жылдары Оспан малын айдап жайлауға көшіп кеткенде, қыстауда қора-қопсыны бағып қалған 12 үй жатақ бірлесіп, ағаш соқаға сауын сиырларын жегіп, ой-ойдағы тың 20-25 десятина жерді жыртып, азды-көпті бидайларын егіп, оны күтіп, еңбектеніп өсіреді. Бірде Оспан жайлаудан жылқыларын айдап келе жатып, жатақтардың жайқалып өскен егініне жылқыларын жаюды бұйырады. Жылқылар егінді тұяқтарымен жайпап, жеп кетеді. Бұны көрген жатақтар зар жылап, өкініп қалады.
Осы кезеңде Абай Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде болатын төтенше съезге келе жатып, жатақтың егіні інісі Оспанның бұйрығымен тапталып қалғанын, содан қыстаудағы халықтың, шиеттей бала-шағаның ас-сусыз қалғанын біледі.
Орын алған келеңсіз мән-жайдың анық-қанығына жеткен соң Абай Оспанға жылқыдан 24 жылқы айдап әкелуді бұйырады. Сөйтіп, оны 12 жатақ үйге 1 ірі жылқы және 1 құнаннан бергізіп: «Бұл менің Оспаннан әперген айыбым, қорықпай алып, пайдаланыңыздар!» – дейді. Ал Оспанға: «Әкенңің шаңырағының қасиетін сақтасаң, жайлауға кеткенде қыстауыңды күзететін, іркітіңді құрт қылатын, жүніңді киіз қылатын, малыңның көңін отын ететін жатақтарда әкеңнің құны кеткен жоқ. Оларды неге қорлайсың, жер-суды сен жаратқан жоқсың. Жер-су Құдайдыкі, оны кім пайдаланып, игілікке асырса, соныкі. «Әдепсіз өскен ұл-қыз ата-анасының сүйегіне тіл тигізеді» деген сөз бар», – деп інісі Оспанға жатақтың егініне малын жайғаны үшін айыбын тартқызған екен.
Міне, осыдан-ақ «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық нақылының айқын көрініс тапқанын аңғарамыз.
Қабыл Дүйсенби

Ақшоқы. Құнанбай қорымы
Абайдың шешендігі
Жанқұтты шешен бірде Құнанбай ауылына қонаққа келгенінде Абаймен жауаптасып, бала Абайдың болашағын болжап, батасын беріпті деседі. Ел ауызында кең тараған әңгіме былай өрбіпті: «Аға сұлтан Құнанбайдың үйінде мейман болып отырған Жанқұттыға ауыл молдасынан сауат ашқан, өзі алғыр бала Абай сәлем бере келеді. Құнанбайдың өзі тапқыр, өлең шығаратын баласы туралы естіп жүрген Жанқұтты баланы шақырып, қасына отырғызып алғаннан кейін сауал тастайды:
– Шырағым, дүние неге сүйенеді?
Абай лезде:
– Дүние үмітке сүйенеді.
– Көздің көрмесі бола ма?
– Көз қабағын көрмейді.
– Шам жарығының түспесі бола ма?
– Шам жарығы түбіне түспейді.
– Болат пышақтың кеспесі бола ма?
– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
– Тамағына тартпайтын
махлұқат бола ма?
– Өз тамағына тартпайтын
махлұқат болмайды.
Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрайды. Сонда Абай:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табанына,
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Махлұқат тартпай қоймас тамағына, –
деп жауап береді.
Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:
– Сізден сұрауға бола ма? – дейді тағы да үзілген әңгімені жалғап.
– Е, шырағым, сұрай ғой, – депті Жанқұтты шешен.
– Арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай.
– Шырағым, арзан – тірлік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Жанарың отты екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп батасын беріпті.
Қуат Қиықбай