Билік пен бұқараны біріктіретін құбылыс – Мәдениет!
Мәдениеттанушы, әдебиет сыншысы – Құлбек Ергөбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрына арнайы барған қадамын қоштап хат жазды. Үшбу хатында әдебиет сыншысы Президенттің театрға баруы айналасына, үкімет мүшелеріне үлгі болса екен дейді.
Редакция

Сіз жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрына бардыңыз. Дарынды жас драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» пьесасы бойынша қойылған спектакльді тамашаладыңыз. Жәй барған жоқсыз. Спектакль премьерасын мемлекеттік мәдени іс-шараға айналдырып, театр мәртебесін көтере бардыңыз. Президент қолдаған театрдың шығармашылық қарымын байқайыншы деп, Астанаға арнайы мен де сапар шектім. Маусым жабылыпты. Әдеби орта, жалпы жұртшылық Сіздің театрға келгеніңізді әрқилы бағалап, әртүрлі әңгіме туындатып жатыр екен. Мен орайында өз ойымды айтуды жөн көрдім.
1936 жылы «Қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен онкүндігі» кезінде И.В.Сталин театрға арнайы келіп, ризашылық білдірген. Сталиннің театрға келуі – қазақ өнерінің шарықтап өсуіне ықпал етті.
Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов – театрды ерекше қастерлеп өткен тұлғалар. Н.Оңдасынов – Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрын салу идеясының авторы. Театр ғимаратын салу жұмысы басталып, қашан аяқталғанша игілікті істің басы-қасында жүрген зияткер басшы. С.Мұқановтың жары – Мәриям апай Ботажан есімді перзентін Республика басшысы Л.Мирзоянның қатарында отырып, театрда босанып қала жаздайды. Бұл – Қазақстан элитасының спектакльді тамашалау үшін театрға тайлы-таяғы қалмай барады деген сөз.
Щепкиннің түлектерін Талдықорғанға бөлінген жерінен, Мәскеуге арнайы барып, Торғайға бұрып алып кететін Өзбекәлі Жәнібектің Арқалықта репетициясына қатыса жүріп, сазды-драма театр қалыптағанын дүйім жұрт жақсы біледі. Сонда Өзбекәлі Жәнібек небәрі жаңа ашылған (кейін жабылып қалатын) Торғай облысының қатардағы хатшысы ғана. Труппа қашан тарап кеткенше, Өзбекәлі Жәнібекті «Театрдың атасы» атаудан танған емес. Облыс тараған сәтсіз уақыттың өзінде Өзекең Торғайға арнайы барып, труппамен жолығып (көзіне жас алыпты) уақыт қиындығына қарамай, театрды сақтап қалудың сан тарау жолын ойласқанын әртістер айтып, ақындар жазудайын жазды. Бұл – біз де куә болған, кісіні толқытатын драмалық жайт. «Сіз кімсіз?» деген сұраққа «Өртеніп кеткен театрдың режиссерімін…» – деп сарказммен жауап беретін еді, жарықтық.
Тәуелсіздіктен кейін ұштық-пұштығын да таппай қалған ( дәстүрден шығып қалған) осы игі дәстүрді Сіз жас та, дарынды драматург Думан Рамазан пьесасы бойынша қойылған «Жошы хан» спектаклін (режиссері Болат Ұзақов) тамашалауға Қ.Қуанышбаев музыкалық драма театрына арнайы баруыңызбен қайта жаңғырттыңыз. «Бағаламағанға бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» (Ә.Кекілбайұлы). Сіздің театрға арнайы барғаныңызды рухани ырысқа балап, өнерге жасаған қадамыңызға бек қуанып, хат жазып отырған жай біздікі!
Сіздің театрға баруыңызды біз қалай түсінуіміз керек?
Бұл – ұлт драматургын, жалпы жазушыларды қолдау!
Бұл – ұлт режиссерін, ұлттық өнерді қолдау!
Бұл – Мәдениетіміздің бәсін асыру!
Бұл – Мәдениетімізді ұлттық өнер дәстүрі аясында тұтастандыруға ықпал ететін моральдық қолдау, рухани демеу!
Ендігі жерде, Сіздің қазақ мәдениетіне деген осы бетбұрысыңыз, айналаңызға, Үкіметке, үкімет мүшелеріне (олардың арасында театрға бармаған, түсініп те тұщынып спектакль көрмеген көрмәдіктер көп болуы әбден мүмкін) үлгі болса екен, жалғасын тапса, дәстүр түзсе екен дейміз!
Билік пен бұқараны жақындататын, біріктіретін құбылыс – Мәдениет!
Ұлт Мәдениетіне жасала бастаған осындай табиғи қатынастар жүрегімізді жылытады. Ризашылық сезімімізді арттырады. Шығармашылық ізгі ойдағы әрбір өнер адамын қанаттандырады. Жас театрды, жас драматургке қоса қолдағаныңызға бек қуанып, қарт қаламгер райында ризашылығымды айтқым келеді.
Құрметпен, мәдениеттанушы,
әдебиет сыншысы –
Құлбек Ергөбек
Түркістан қаласы