БАБАЛАР БЕЙІТІН ІЗДЕГЕН…
18.09.2022
313
0

Шежіре қарттың өзі де, сөзі де тарихқа айналып кетті

Еліміз еркін күнге қол жеткізген соң, жер-жердегі журналист қауым өлкетану тарихына ден қойып, зор құлшыныспен өткенімізді түгендеуге кірісе бастаған-ды. Туған атырабының тарихын індете зерттеп, ой-санамызды кеңіткен сондай зерделі жанның бірі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ­станның Құрметті журна­лисі, өлкетанушы Қайыр­жан Хасанов болатын.

Қайыржан марқұмның қаламы жүйрік, ойы сергек еді. Республикалық мерзімді баспасөзге үнемі материал дайындап, Батыс Қазақстанның беймәлім тарихының құпиясын ашып, апта сайын таңғалдырып, жаңа дерек тауып, оқырманды да, ғылыми жұртшылықты да қуантып жүретін. Сергек қалам иесі арамызда жүрсе, биыл, міне, сексеннің сеңгеріне шығатын-ды. Амал нешік, қазыналы қарттың маңдайына сексеннің сеңгірін көру бақыты бұйырмапты. Соңғы демі қалғанша қағаз бен қаламынан айырылмаған өлке тарихының білгірі ауыр дерт алқымынан алса да білгенін жазып, айтып өткен ер болды. Фәни ғұмырдағы татар дәмі таусылар тұста өмір мен өлім арасындағы күресте жатып жазу деген, айту деген – ең мехнатты іс емес пе?! Өз басым мұндай жанкештілікті ерлік деп қабылдаймын.
Қайыржан ағамен сырттай жақсы таныс-біліс едім. Түрлі газет-журналдан жазғанын оқып, өзімізге керек дерегін алып, қажетімізге жаратып келдік. 2018 жылдың қаңтарында ұялы телефонына қоңырау шалып, екі-үш минуттай сөйлескенбіз. Сол кезде ағамыз ауырыңқырап жүр екен. Кездесеміз деп жүргенімізде ағамыздан айырылып, көз жазып қалдық…
Отан тарихына, Алаш баянына ақысыз-пұлсыз шынайы қызмет еткен ақсақалдың еңбегі туралы осы орайда аз-кем сөз қозғауды інілік міндет, азаматтық борыш санап отырмын.
Өлкетанушы Қайыржан Хасанов 1942 жылы 2 желтоқсанда БҚО-ның Қаратөбе ауданы, Сәуле ауылында (қазіргі Саралжын ауылдық округіне қарасты) дүниеге келген. Оралдағы пединститутты (қазіргі Махамбет атындағы БҚМУ) тәмамдаған соң, мектеп мұғалімі болып еңбек жолын бастап, кейіннен аудандық газетке қызмет ауыстырады.
1987-1992 жылдары Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газетінің жауапты хатшысы болады. 1992 жылы «Ұстаз үні» атты аудан мұғалімдеріне арналған газет шығарып, оның алғашқы редакторы атанады. Бұл – мұғалімдерге арналған облыс деңгейінде тұңғыш газет еді. 1993 жылдың жазынан 2005 жылдың аяғына дейін аудандық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы болып, қажырлы еңбек, зор абыроймен зейнеткерлікке шығады.
Қайыржан Хасанов – жақсының ұрпағы. Арғы бабалары дәулетті жандар болыпты. Өз атасы Төлеген Иманғазыұлы (1874-1938) – Алаш ұранды заманның ірі өкілі, ағартушы, әскери қайраткер. Алаш атты әскерін құрған, Жымпиты мен Ойыл­дағы Алаш кеңсесінің мүшесі болған белгілі тұлға. Қапияда Төлеген ұстаз ажал тырнағына ілініп, жендеттердің қолынан атылып кеткенде, Жанот апамыз Хасан, Құспан, Әсет, Қали деген төрт ұлды қуғыннан аман алып қалған. Қайыржан сол боздақ Төлегеннің немересі, Хасанның ұлы.
Тегінде бар тектілік, қанында бар тазалық оны арыстар жүрген жолға бағыттады. Совет заманында да, азаттық таңында да «дүниеге бой алдырмай, аяғын шалдырмай» өткен санаулы жанның сапында болған Қайыржан қарттың қаламынан «Қаратау би», «Соналы көтерілісі», «Ақтаңдақта атылған азамат­тар», «Қос батырдың хикаясы», «Әнші Мұхит», «Дарабоз домбырашы», Алаш азаматтары жайлы «№2368 Іс немесе Төлеген Иманғазиев тағдыры туралы», «Бижан Жанқадамов», «Жазықсыз жазаланған Жанқадамов» деген қаншама кітап туды.
Саналы ғұмырында Қазақстанның батыс өңіріне қатысты, соның ішінде Қаратөбе ауданының тарихына байланысты, сол аймақтан шыққан ақын, жыршы, батырлар мен шешендер, әулиелер, 1937-38 жылғы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тағдыры туралы тың ізденіс жүргізіп, бұрын-соңды көпке беймәлім болған тарихи жерлерді, таным нүктелерін анықтады. Сол Қаратөбе топырағында мәңгілік дамыл тапқан тұлғаларымыздың бейіттерін тауып, картаға түсіріп, игі іспен айналысты. Зерделі зерттеуші күн демей, түн демей дала кезіп, ел аралап, талай мәдени ескерткіштерді хатқа түсіріп, орнын көрсетіп, барақатты топырақтың құтты жерлерін сипаттап кетті.
Туған жерінің шежіре-баянын хатқа түсірген Қайыржан Қаратөбенің Құрметті азаматы атағын иеленді. Жерлестері алақанына салып аялады. Өлкетанушы Қайыржанның Ержан, Нұржан деген екі ұлы тарихи Қаратөбедегі әйгілі сиез өткен мешіт-үйдің орнына музей салып, шағын ауылда Алаштың алауын жақты. Зерттеушінің 80 жылдық мерейтойы аясында «Алаш және Қайыржан Хасанов тарихи-өлкетану» музейі салтанатты түрде жергілікті биліктің балансына тапсырылады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген – осы.
Бабалар бейітін іздеп, кесене тұрғызып, есім-сойы өшкен, халық есінен шығып, ұмыт қалған ұрпағы жоқ талай жақсының тұғырын көтерген көнекөздің өзі де сөзі де тарихқа айналды. Тарих жазған, шежірелі баян жасаған Қайыржан Хасанұлы ұлтымыздың рухани өсуіне, ұлттық санасының қалыптасуына бір кісідей мол еңбек сіңірген еңбеккер, ізденімпаз кісі-тұғын.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір