«Әйтеке би – әділ би»
13.02.2024
420
0

Биыл қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толды.

Әйтеке Би Байбекұлы – бар ғұмырын халық игілігіне арнаған данышпан тұлға. Барлық дауда әділ шешім шығарып, халқының ықыласына бөленген әулие адам. Осыған орай, А.П.Чехов атындағы қалалық Орталық кітапханада 5 қаңтар күні Әйтеке би апталығы басталды. Апталық «Әйтеке би – әділ би» атты конференциямен ашылды. Конференцияға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш, тарихшы, этнолог, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, әдебиеттанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мақсат Дүйісмағамбет, ақын, phd докторы Ержан Жұмабек, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты Руслан Сейтқазиев, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жұмашай Рақыш сынды қазақтың әдебиеті мен тарихына елеулі үлес қосып жүрген тұлғалар қатысты. №147 мектеп-гимназияның оқушылары да ұлттық құндылық дәріптелген осы конференцияда бой көрсетті.
Қонақтар сөз басын Әйтеке бидің шыққан тегі мен кіндік қаны тамған мекенінен бастап, оның өскен ортасы мен білім алған киелі шаңырағы жайлы толғады. Ел данасының неше жасынан ел ісіне араласа бастағаны туралы да құнды мәліметтер келтірілді. Қазақтың қабырғалы биі қалдырған сүбелі сөздер, шешендік ойлар басқосу барысында жастарға тереңінен дәріптелді. Жиынға қатысушы оқушылар да қонақтарға өз сауалдарын қойып, сұрақтарына жауап алды. Конференция қонақтары мен қатысушыларына виртуалды көрме ұсынылды. Әйтеке би апталығында конференциядан бөлек, «Әйтеке би: Парасат биігі мен сөз құдіреті» атты әдеби талдау жиыны, «Абыройы асқақ, беделі биік» виртуалды көрме, «Әйтекедей әділ би…» атты эссе байқауы және «Ақыл деген – дария…» деген атаумен зияткерлік байқауы өтпекші. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір