АНКАРАДАҒЫ «БАБАЛАР МИРАСЫ»
Жақында Түркия елінің астанасы – Анкара қаласында «Бабалар мирасы» атты Қазақстанның көркем еңбек пән мұғалімдері мен кәсіби суретшілерінің көрмесінің тұсаукесері болды. Көрмеде ұлттық бет-бейнемізді көрсететін, құндылықтарымызды ұлықтайтын сәндік қолданбалы бұйымдар мен бейнелеу өнерінің жанр түрлерінен алпыстан аса туынды көрермен назарына ұсынылды.
Анкарадағы «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының төрайымы Ләззат Мулазымоглы ханым бастаған топ мүшелері мен TURKSOY орталығы және Түркиядағы Қазақстан елшілігінің демеушілігімен жоғары дәрежеде өткен халықаралық көрмеге аты аталған ұйымдардың делегация мүшелері қатысып, жылы лебізін арнап, туысқан екі елдің ынтымағымен өнерге деген құрметін жеткізді.
Игілікті іс-шара – өскелең ұрпақтың бойына мәдениет пен білімді ұштастыра отырып, адамдықтың, қазақылықтың дәнін егу, ұстаз мәртебесін көтеру мақсатында жасалып жатқан жоба. Аталмыш жобаның авторы һәм жетекшісі Қанағат Қалиұлының бастамасымен тамыз айында Анкара қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Түркиядағы Қазақстан елшілігінің төрағасы Еркебұлан Сапиевтің қолдауымен көркем еңбек пәні және кәсіби суретшілердің үздік туындылары жинақталған «Бабалар аманаты» кітабының тұсаукесер рәсімі болғанын да айта кеткеніміз жөн.