Кеңестік билік адам құндылығын ескермеді…
31.05.2024
152
0

«Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиет­терін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет».
Қ.Ж.ТОҚАЕВ,
ҚР Президенті

2020 жылы 24-қарашада Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында мемлекет­тік комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия сая­си қу­ғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділет­тілікті қал­пына келтіру, яғни қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтау міндетін орындауға тиіс болды.
Саяси қуғын-сүргін қасіретін зерт­теу­ге нүкте қою мүмкін емес. Себебі, 1917 жылдан бастап 1953 жылға де­йінгі большевиктер мен кеңестік билік лаңының зардабы тым ауқымды. Халықтың басына қасірет үйірген биліктің ақылмен зерделейтін, ғылыми тұрғыда зерт­тейтін тұстары жеткілікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 31 мамырындағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде: «Комиссия солақай саясат­тан жапа шеккен қазақ­стандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекет­тің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы.
…Тарихтан тағылым алып, мұндай тау­қымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз», – деген-ді.
2020 жылы 23 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасы премьер-министрінің өкімімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекет­тік комиссияның Жобалық офисі туралы ереже бекітілді. Жобалық офис жетекшісі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов болды. Жобалық офис басшысы – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне қатысты 3 комиссия жұмысына қатысқан, бұл мәселеде тәжірибесі мол ғалым. Ол аталған комиссиялар жұмысында алған мол тәжірибесі мен ғылыми тұжырымдарын 2020 жылы құрылған мемлекет­тік комиссиядағы жұмысында оңтайлы қолданды.
2020-2023 жыл­дар ішінде саяси қуғын-сүргін құр­­бан­дарын толық ақтау жөніндегі мем­ле­кет­тік комиссияның төрағалары Қырымбек Көшербаев пен Ерлан Қарин­нің басшылығымен көп деңгейлі, ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мемлекет­тік комиссия аясында 10 ғылыми-зерт­теу тобы жұмыс жасап, ке­йін 3 ғылыми-зерт­теу тобына қысқартылды. Мемлекет­тік комиссия құрылғаннан ке­йін ең алдымен саяси қуғын-сүргінге қатысты архив деректеріне көптеген зерт­теушілердің қолы жетіп, тың деректер талай зерт­теу тақырыптарына арқау болып, ғылыми еңбектер дүниеге келді. Бұл еңбектер Кеңестік сананың қалдықтарымен күресуге қомақты үлес қосады. Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіп екі ұрпақтың санасына өшіруге келмейтін жарақат салды. Мемлекет­тің ең басты құндылығы – адам. Адамын құрмет­теуге қабілеті жетпеген қоғамның болашағы күңгірт. Адамнан айырылу – үлкен қасірет. Кеңестік билік адам құндылығын ескермеді, адамның өмір сүруге деген табиғи құқықтарын аяқасты ет­ті. Біздің қоғамда ата-әжелері қуғын-сүргіннен қасірет шекпеген адам санаулы болар. 1920-1950 жж. саяси қуғын-сүргіннен аман қалған елді мекен, отбасы кемде-кем. Отандық танымал ғалымдарымыз қуғын-сүргін тақырыбының төңірегінде іргелі ғылыми еңбектерін жариялап, ұлт­тық сананың толығуына зор үлес қосты, әлі де қосуда. Ке­йінгі буын жастар да шама-шарқынша қуғын-сүргін тақырыбына қалам тартып жүр. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, кеңестік билік тарапынан жүргізілген қуғын-сүргіннің ауқымдылығы соншалық, оны зерт­теп бітірудің шеті мен шегі көрінер емес. Бәлкім, бұл мәселені тиянақты зерт­теу кемі 30 жылға созылар… Бүгінгі күннің ең басты мәселесі – 1917-1950 жж. жазықсыз құрбан болған жандарды толық ақтау. Президент: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», – деп айт­қандай, олардың әрқайсысын есте сақтау үшін, алдымен жазықсыз құрбандарды түгелдей, бір адам қалдырмай ақтауымыз керек. Осы мақсат­та Мемлекет­тік комиссияның қызметін ақпарат­тық қолдау шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде облыстық телеарналардың, облыстық, қалалық және аудандық газет­тердің, ақпарат­тық порталдар мен әлеумет­тік желілерді пайдалана отырып түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тек қана архив материалдары пайдаланылып қана қоймай, сонымен қатар көзі тірі құрбандар мен зардап шеккендерден (олардың ұрпақтарынан) сұхбат, сауалнама алынып, «Халық жады» деп аталатын 20 томдық жинаққа енгізілді. Сауалнама Жобалық кеңсе тарапынан даярланып, әдістемелік кеңестер берілгенін де айта кетуіміз қажет.
Кеңестік билік «халық жауы», «әлеумет­тік қауіпті элемент», «контрреволюционер», «буржуазиялық ұлтшыл» және өзге де ділімізге жат түсініктерді енгізіп кеткені белгілі. Қызыл империя кезінде тарихи айналымға енген «терминдерді» замана биігінен зерделейтін «Глоссарий» әзірленді. Мемлекет­тік комиссия шеңберінде жұмыс жасаған заңгер ғалымдар қуғын-сүргін мен ақтау процесстерін зерт­теуде рәсім­дел­ген құр­­бандармен ғана шектелуге болмайтынын дәлелдеп, жаңа тұжырымдамалық ғылыми жаңалықтар мен қорытынды әзірледі. Нақты айт­қанда, қазақ ұлты­ өкілдерінің азамат ретінде де, қазақ хал­қы­ның құқықтары мен мүдделерін қор­ғау­шы ретінде де қатарынан екі мәрте қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеді. Осы бір іргелі мәселе осыған де­йінгі ғылыми зерт­теулерде де, нор­ма­тивтік-құ­қықтық акті­лер­де де мүлдем ес­ке­ріл­ме­ген-ді. Қорыта айт­қанда, КСРО тұсында партиялық-ке­ңес­­тік органдар қа­был­да­ған негізгі мемлекет­тік актілерге, сон­дай-ақ қазақ­стандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауына негіз болған не­гізгі актілерге (жаза­­лаушы органдар қабылдаған) ғылыми-құқықтық тал­дау жасалынды. Жазықсыз құрбандарды толық ақтау мақсатында билік пен жазалаушы орган­дардың қызметі Кеңестік Конс­ти­ту­ция мен заң­дар тарапынан талданды. Мемлекет­тік комиссия жұмы­сының шеңберінде Қазақ­стандағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақ­тау­­дың жаңа тұжырымдамасы, зерт­теудің әдістемесі әзірленіп, біздің еліміздегі қу­ғын-сүргіннің ерекшеліктері айқын­дал­ды; саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі (базалық) санат­тары белгіленіп, әрбір базалық санат­ты ақтау бо­йынша арнайы әдістеме, іргелі ғылыми-теориялық қағидат­тар мен өлшемдер жасалды. Мемлекет­тік және арнаулы архивтерде құжат­тар­ды құпия­сыз­дандыру бо­йынша комис­сиялар жұмыс істеді. Осы уақытқа де­йін баспасөз бет­терінде Мем­ле­кет­тік комиссияның жұ­мысына елімізден 240-тан астам ғалым мен сарапшы тартылғаны, олардың 150-і құ­пия құжат­тарға қол жеткізгені, 2 млн. 600 мыңнан астам архив құжаты құ­пия­сыздандырылғаны, жаппай сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы қолданыстағы заң аясында 311 мыңнан астам құр­бан мен зардап шеккендер ақталғаны да жазылған-ды. Мемлекет­тік комиссияның жұмыстары халықаралық стандарт­тар мен құқықтық нормаларға, құндылықтарға сай жүргізілді.
Жұртшылыққа кеңінен танымал заңгер И.Борчашвилидің жетекшілігімен жұмыс тобы бұрынғы заңға кірмеген біздің ауылдар мен селолардағы қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санат­тарын қамтитын «Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандарды толық ақтау туралы» және қаһармандарымызды, ұлт азат­тығы, тәуелсіздігі және Қазақ­станнның территориялық тұтастығы жолында жан беріп күрескен, дінін қорғаған ерлерді саяси тұрғыдан ақтайтын «Қазақ­станның саяси тәуелсіздігі үшін күрескендер мәртебесі және саяси ақтау туралы», шетелде жүрген қандастарымыз аңсап, сағына күткен «1920-1930 жылдары Қазақ­станнан кеткен мәжбүрлі босқындар туралы» заң жобалары әзірленді.
Бірінші заң жобасы қабылданса, ақталмаған қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шек­кен­дердің 10-нан астам негізгі (базалық) санаты толық құ­қық­тық тұрғыдан ақталады.
Екінші заң жобасы қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санат­тарын саяси ақтау қажет­тігінен туындады. Сондықтан да ғылыми идеялары үшін жазықсыз құрбан болған ғалымдар мен шығармашылық адамдарын, дін қызметкерлерін, Қазақ­станның бостандығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін кү­ре­скен жандарды және т.б. тұлғаларды саяси ақтау қажет.
Үшінші заң жобасы мәжбүрлі босқынға ұшырап, тоз-тоз болып сырт жерлерге бытырап, шет елдерді мекен еткен тұлғалар мен олардың ұрпақтарына қа­тысты.
Босқындар дегеніміз – қоғамда белгілі бір күштердің (саяси-экономикалық, этникалық қысым, соғыс, табиғи апат) қысымына қарсы тұруға, төзуге шарасыз болып, өз елінен басқа бір елге көшуге мәжбүр болған адамдар. Босқындар статусы халықаралық және ұлт­тық заңдар бойынша беріледі.
Зерт­теушілердің ішінде архивтегі құжат­тар «көзімен» ғана қарағандар да болды. Мәселен, кеңестік саясаткерлердің «аштан өлгенше соғысып өлейік» деп ашынғаннан қолына бар қаруын алып, жауыз билікпен соғысқан адамдарды «бандит», «қарақшы» және т.б. жағымсыз кейіпте көрсететін атаулармен атағаны белгілі. Осы атауларды қаз-қалпында қолданғандар да болды. Тұрақты жүргізіліп отырған семинарлар барысында қате көзқарастар да түзелді. Алайда тың деректерді қазбалаған зерт­теушілер кәсіби шеберліктерін шыңдап, тың көзқарастармен қаруланды. Әркім өз бағытымен ізденді. Жобалық офис жетекшілігімен, демалыссыз ізденістердің, тиянақты жұмыстардың арқасында «Мемлекет­тік комиссия материалдарының топтамасы» көптомдығы жарияланды. 2021 жылы алғашқы 2 жинақ жарық көрген болса, 2022 жылы 14 мың 107 құжат қамтылған 29 жинақ баспадан шықты. Жинақтауды әзірлеуге 121 адам тартылып, 28 республикалық жұмыс тобы, 67 өңірлік комиссия, 16 Жобалық офис мүшелері және 11 Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлері қатысқан екен.
31 жинақтың ішінде «Ұлт азат­тығы, тәуелсіздігі және Қазақ­станнның территориялық тұтастығы жолындағы күрескерлер» ат­ты архив құжат­тары мен материалдар жинағы тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл бір біздің тарихқа зерек қоғам үшін аса қуанышты жаңалық болды. Аталарын іздеген адамдардың саны арт­ты. 2023 жылы тың деректерден жинақталған 19 том жарық көрді. Бұл жаңалықты да қарапа­йым халықтың қуанышпен қарсы алатыны сөзсіз. Себебі, біздің қоғамда атасын іздеген адам көп… Осы себептен де Жобалық офис басшылығымен «Халық жады» 20 томдық жинағын құрастыру жұмысы еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды қолға алынып, әзірленді. Жобалық кеңсе ұжымдық монография жоспарын әзірлеп, оның бөлімдерін саяси қуғын-сүргін құрбандарының зерт­телінетін санатына сәйкес жоба орындау­шылары жазып шықты.
Қасірет көріп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ата-әжелеріміздің алдындағы перзент­тік парызымыз – ақталмағандарын толық ақтап, есімдерін түгелдей қайтару.
Қасірет­тің болашақта қайталануына жол бермеу үшін тарихи әділет­тілікті толық қалпына келтіріп, кім-кімді де өз биігінен көрсету керек. Кеңестік билік келмеске кет­ті, тарих жүзінен өткен – мемлекет­тің жазықсыз құрбаны болған тұлғаларды жаппай ақтау олардың ұрпақтарының жүрегіндегі жараға ем болар еді. Бұл біздің халықтың көңіл-күйін көтеріп, бірлік-ынтымағымыздың, елдігіміздің артуына да себеп болады. Десе де, қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде әлі де толықтай зерт­телмеген мәселелер жеткілікті. Мәселен, ауылдардың сандармен таңбаланып, өзгерістерге ұшырауы, кейбір ауылдардың жойылуы; діни халықтық көтерілістер, Алаш зиялыларын қолдаған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлғалар; Голощекиннің халықты аяусыз қырған «Кіші қазан» трагедиясы; ашаршылық кезінде балалар үйінде қырылған балалар; саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылар (әйел­дер, балалар) және т.б. іргелі тақырыптар. Сонымен қатар, ауылдар мен аудандарда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдарында атылған адамдар жерленген орындарды түгелдеп, ескерткіш белгі қою ісі де – кезек күт­тірмейтін мәселе.
Өткен жылы 31 мамырда Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter желісінде: «Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе», – деп жазып еді. Ақтау ісін жалғастыру –ұлт­тық сананы биіктетуде өте маңызды іс.

Құралай СӘРСЕМБИНА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Мемлекет тарихы институты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір