Қазақ әдебиетінің өрісі

25-28 қараша аралығында Лондон қаласында «Open Eurazian Literature Festival&Book Forum – 2016» атты V халықаралық әдебиет фестивалі өткені белгілі.
Бұл – Еуразия аймағындағы әдебиеттің дамуына ықпал етіп отырған бірден-бір халықаралық әдеби фестиваль. Еуразиялық шығармашылық одақ (Лондон) пен Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы және британдық Hertfordshire Press баспа орталығының ұйымдастыруымен өткен фестиваль жазушылар мен ақындардың, режиссерлер мен суретшілер басын қосқан заманауи кеш болды. Осы фестивальге қазақстандық «Bestseller KZ» әдеби агенттігі ұсынған жазушы Серік Асылбекұлының «Бөтеннің тойы» повесі «Көркем шығарма» номинациясы бойынша, жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Қоңырқаз» әңгімесі «Көркем аударма» номинациясы бойынша лауреат атанды. Бұл әдеби агенттіктің негізін қалаушы Бақтыгүл Маханбетова. Байқауға әлемнің 43 елінен 1400 шығарма жолданған еді. Лауреат атанған қаламгерлердің шығармалары болашақта ағылшын тілінде басылып, әлемнің 43 еліне насихатталады. Лондонның атақты баспагерлері мен әдебиетшілері сарапқа салған бәйгеден оқ бойы озық шыққан әріптестеріміздің бұл жетістігін тек жеке адамның ғана емес, қазақ әдебиетінің жеңісі деп бағалауға болады.