Қазақ әдебиетінің қазыналы мекені
28.05.2024
509
0

И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына орай кездесу кеші өтті.

Биыл – қазақ әдебиеті үшін атаулы жыл, айрықша мереке. Қазақ әдебиетінің қара шаңырағына айналған Қазақстан Жазушылар одағы мен рухани мұраның көзіне айналған «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толып отыр. Осы шаңырақтағы әдебиет қазанында қайнап, қазақ әдебиетінің бағын ашып, бағасын асырып жүрген тұлғаларымыздың есімі елге таныс, еңбектері – ұлтқа мақтаныш.
Аталмыш мерекеге орай И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасында қаламы жүйрік қаламгерлер, газет тілшілерімен кездесу кеші өткізілді. Шара аясында Жазушылар одағы мен газеттің тыныс-тіршілігі туралы біраз түйткілді мәселені қаузай отырып Еркін Жаппасұлы, Марат Сәбдікен, Айнаш Әлдибек өз ойларымен бөлісті. Балалар жазушысы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш қазақ әдебиетінің қазіргі жай-күйінен сыр шертті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіңің 3 курс студенттері арнайы дайындаған өнерлерін ортаға салды. Шараға қызығушылық танытып келген Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің студенттері кеш қонақтарына сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Ұлт, мемлекет тарихындағы небір сындарлы кезеңдерде «Қазақ әдебиеті» өзінің сабырлы да салиқалы ұстанымымен ерекшеленіп, елдіктің ұйытқысы болды. «Қазақ әдебиеті» газеті – қазақ әдебие­тінің әлденеше буын қаламгерлерінің қанатын қатайтып шығарған шығармашылық ұстахана іспетті.
90 жыл деп бір ауыз сөзбен қайыр­ғанға оңай болып көрінгенімен, осы жылдар арасында мұнда ел руханияты үшін маңызды істер атқарылды. Алдағы уақытта да Қазақстан Жазушылар одағы ұлт әдебиетіне шырақшы болып қала бермек деген сенімдеміз.

Айдана БЕЙСЕН,
И.Крылов атындағы ҚБК қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір