Тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздіктен кейін
Алғаш тәуелсіздік алған тұста мал қайғысы жан қайғысына айналған халықтың азаттық ұғымының мәнісіне жете үңіліп, кеудесін кере қуануға мұршасы да болмай жүргенде біраз уақыт өтіп кетті. Жағдай біршама оңалды-ау дегенде бодан санадан тәуелсіз, ұлттық, елдік санаға жету жолын табу қиын екеніне көз жете түсті. Содан бергі ширек ғасырда қоғам болмысы, оның ішінде қазақ болмысы біршама өзгеріске ұшырағанын байқадық. Сөйтіп жүргенде бала тәрбиесі дейтін әрі нәзік, әрі маңызды мәселені назардан шығарып алдық. Құндылықтарының орны ауысып кеткен, болмашы қиындыққа бола өмірмен қоштасуға дайын, бойкүйез ұрпақтың обал-сауабын енді кімнен сұраймыз? Қағазбастылықтан бас көтере алмайтын ұстаздан ба? Ойсыз ән мен мәнсіз шоуға толы экраннан ба? Күйбең тірліктің қамытына жегілген ата-анадан ба? Жастарға тұлға боларлық кім бар бүгінде? Қазақ қоғамын меңдеген немқұрайдылық бізді қайда апарады? Санасын тұрмыс билеген халықтың «құрбандық комплексінен» шығуына әлі қанша уақыт қажет?
– Тәуелсіздікке дейін қазақ халқы қандай еді және Тәуелсіздіктен кейін ол ұлт ретінде қандай өзгерістерді бастан кешірді? Қазақ болмысы, оның ішінде адам болмысы тәуелсіздік алғалы бері 25 жыл ішінде қалай өзгерді?
Абзал ҚҰСПАН,
адвокат, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:
– Бұл сұраққа біржақты баға беруге болмайтын шығар, тәуелсіздікке дейін және кейінгі кезеңнің жақсы жағы да, жағымсыз жағы да жетерлік. Барлығын тізбелей бермей, негізгілеріне тоқталсам: жақсысына – елімізде, оның ішінде қалалық жерлерде қазақ ұлтының үлес-салмағының артуын, қазақ тілінің қолданыс аумағының кеңеюін, ілім-білім іздеймін деген адамға туған кең мүмкіндіктерді айтсам, ал жағымсыз жағы ретінде – мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің мансұқталуы, діни фанатизм, жастардың әдебиеттен қол үзуі, жастар арасындағы жұмыссыздықты атап өтер едім. Дінге шектеу қойылған заман болса да, бұрынғы қазақ иманжүзді болып келетін, қазіргі қазақ әр түрлі, суық, бір-біріне деген бауырмалдық сезім жоқ, құт, кие, обал-сауап деген ұғымдарды сезінбейтін жағдайға жетті.
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ,
Огайо университеті Е.Скриппс атындағы журналистика мектебінде (АҚШ) Фулбрайт бағдарламасы бойынша ғылыми зерттеуші, ф.ғ.к., доцент, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті деканының орынбасары:
– Ұлтың қазақ бола тұрып, отбасында ата-анаң өзге тілде сөйлесе, сол тілде сөйлеуге бала кезден сізді өмір мәжбүр етеді. Сондықтан тәуелсіздікке дейін және тәуелсіздіктен кейін елдің жеткен жетістігінде қазақ ұлтының болмысы қалай өзгерді десек, менің айтарым, ол еркіндікті сезінді. Халық зиялылары ұлттың ұлылығы қазақтың өзіне ғана тән тілін, дінін, мәдениетін, әдебиетін, білімін сақтауға, оны қастерлеуге және жас ұрпақ көкейіне сіңдіруге атсалысты. Алайда, небары 25 жыл ұлт болмысын толық қалыптастыруға толығымен жеткілікті уақыт деп айта алмаймыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-та халықаралық конференцияда баяндамадан кейін маған залдан мынадай сауал қойылды: «Сіз өз баяндамаңызда 18 млн.-ға жуық халқы бар Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орында, табиғи байлығы жөнінен Менделеев кестесіндегі бар элементтер кездесетін бай мемлекет деп атадыңыз. Солай бола тұра, сіздің ел халқының тұрмысы жоғары елдер қатарында емес, оны қалай түсіндіресіз деді?». Әрине, бұл күрделі сауал болды. Зал тып-тыныш. «Алдымен өзіңізге бір сауал қойсам бола ма дедім?», «Әрине», – деді ол. «Айып етпесеңіз, сіздің балаларыңыз бар ма?». «Иә, бір ұлым бар. Стэнфорд университетінде оқиды»,– деді мақтанышпен. «Тамаша, құттықтаймын, ал жасы нешеде?». «Биыл жиырмаға толады», – деді ол. «Әрине, Стэнфорд университетінде оқу кез келгеннің қолынан келмейтін керемет жетістік. Алайда, сіздің ұлыңыз өзінің алдына қойған барлық мақсатына толық жетті деп ойлайсыз ба?». «Жоға, оның жетістіктері әлі алда, ол жай ғана арманына жасаған алғашқы қадамы ғой», – деді маған сауал қоюшы профессор. «Сіздің сауалыңызға орай, менің жауабым – мемлекеттің дамуы адам өмірімен ұқсас. Сіздің ұлыңыз біздің елдің тәуелсіздігімен құрдас екен. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғашқы қадамдарын жасады және жетер жетістіктері әлі алда деп ойлаймын». «Рахмет»,– деді профессор орнынан тұрып. Сондықтан 25 жыл ішінде қазақ болмысы әлемге толықтай танылды десек, өтірік болар. Бірақ елдің бірлігі мен тұтастығын сақтап, ұлттың ұлылығын танытатын уақыт алда және оны дәлелдейтін нағыз патриот жас ұрпақ өсіп келе жатыр деп ойлаймын.
– Егеменді елміз, тәуелсіз жұртпыз, көкбөрінің ұрпағымыз, батырлардың жалғасымыз деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Сол тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетіне жете алдық деп ойлайсыз ба? Шындығына келгенде қазақ қандай халық?
Абзал ҚҰСПАН:
– Тәуелсіздік тәтті ұғым. Әлі ерте ме, кеш пе, оның қадірін толыққанды сезінетін, білетін боламыз. Ең бастысы, сол тәуелсіздікті уысымыздан шығарып алмау. Кейде маған «Елу жылда – ел жаңа» деген мақалды тура мағынасында түсіну керек сияқты көрінеді. Қазір қазақ халқы рухани тоқырау, тіпті құлдырау кезеңін бастан өткеруде, сондықтан қазіргі жәйін тілге тиек еткенде жақсы жағынан айта алмауымыз мүмкін. Алайда, қазақ халқы шынында да батырлардың, жыраулардың, әулие-ғұламалардың ұрпағы екені рас. Қазақ халқын мен бейнелі түрде жапан түздегі дараққа ұқсатамын.
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– Батыр, дана бабаларымыздың рухы, намысы, ұлттық болмысы бүгінгі жас ұрпаққа берілген бе, соған назар аударуымыз қажет. Өткенге мақтаныш сезімі бүгінгі күннің болмысына тікелей әсер етеді. Тәуелсіз елдің қадір-қасиетін танытатын, ары қарай жалғастыратын – бүгінгі жастар. Сондықтан жастардың тәрбиесіне жіті қарап, болашағына барынша мүмкіндік жасау, ел тәуелсіздігін сақтаудың ең маңызды құралына айналуы тиіс. Қазіргі кезде президенттік «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және басқа да шетелдік бағдарламалармен өзге елде білім алуға, қызмет істеуге қазақ жастары көптеп кетіп жатыр. Біз солардың ертең елге оралып, мемлекетіміздің іргесін нығайтуға атсалысуына мән беруіміз керек. Ал тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетіне жете алдық па деген сауалыңызға айтарым, спорт, ғылым, білім, мәдениет саласындағы әлемдік жарыстарда Қазақстан атауының жеңістермен қатар аталуы елдің байрағының биікте екенін көрсетеді. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін білейік деп айқайлаудың қажеті жоқ. Осы тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан әрбір адам өзінің адал еңбегімен, таза пейілімен қызмет етсе және үкімет, билік, заң тарапынан адалдық пен адамгершілік сақталса мемлекетіміз өркениетті ел қатарында аталары сөзсіз. Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті дегеніміз – онда өмір сүріп жатқан әрбір пенденің адамдық құқығының қорғалуы, ар-ұжданының сақталуы, баршылықта өмір сүруі және білімді ұрпақ, зиялы ортаның қалыптасуы.
– Біз секілді отарлаудың құрсауынан шыққан өзге мемлекеттер осы уақыт ішінде тіл, діл, дін мәселелерін ұлт мүддесі тұрғысынан жөнге келтіріп алғанға ұқсайды. Ал біз көбіне өзгені өзімізге үлгі етіп, еліктеумен келеміз. 25 жыл ішінде елімізге өзге ұлт өкілдері Қазақстанды өз Отаны ретінде сезіне алды ма? Олардың бойынан елге, жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген құрмет байқала ма? Байқалмаса неліктен?
Абзал ҚҰСПАН:
– Иә, ол мәселеде біз көршілес көптеген елдерден қалыс қалдық. Соның салдарын әлі тартатын түріміз бар. Өзге ұлт өкілдері тарапынан тілге де, дәстүрімізге де, елге-жерге деген құрмет те байқалмайды. Басқа жерді білмесем де, өзім тұрып жатқан Оралда жағдай солай. Бұның бәріне бірінші кезекте билік басындағылар кінәлі деп есептеймін. Мемлекеттің бұл салада ұстанған саясатында үлкен кемшіліктер бар. Өзімізді кемсітіп, өзгені ұлықтай беру дұрыс емес.
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– ХХІ ғасырдың басты ерекшелігі – ғаламдастыруда. Біз қанша жерден дербес мемлекетпіз, өзіміздің тілімізді, дінімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек деп даурыққанымызбен одан ешқандай нәтиже шықпайды. Қазіргі қоғамдағы жағдайды өзіңіз көріп отырсыз, жетпіс жыл бойы орыс тілін білмесең нан тауып жей алмайсың деген уәжбен орыс тілінде сайраған біздердің ұрпағымыз қазір ағылшын тілін білмесең нан тауып жей алмайсың деген жаңа үрдіске бейімделуде. Мектеп жасынан бастап қазақ, орыс және ағылшын тілін қатар үйренуі керек. Жақында Фулбрайт бағдарламасы бойынша әлемнің
35 елінен жиналған жүзге жуық ғалымдармен АҚШ-тың Алабама деген штатында бір апталық семинарда болдым. Сонда Гарвард университетінде ғылыми зерттеу жүргізіп жатқан жапон ғалымымен тілге, білім саласындағы өзгерістерге байланысты әңгімелестім. Ғалым үш баласының да үшінші сыныпты аяқтағанға дейін тек жапон тілінде оқытатын мектепте білім алғанын, тек үшінші сыныптан кейін ғана ағылшын тілін, кейін басқа қалаған тілдерін үйренуге рұқсат бергенін айтты. Неге деген сауалыма: «Кез келген адамы қандай ортада болсын өзгеден ерекшелейтін оның ұлты және тілі» деді ол. Ал осы әңгімеге қосылған финляндиялық ғалым бұл тәжірибе олардың да елінде бар екенін айта келіп, әуелі мектептерде ағылшын тілін оқытпастан бұрын оларды оқытуға жетерлік магистр деңгейіндегі сауатты ұстаздарды дайындағандарын баса айтты. Бұл жерде мен өзгені үлгі етіп, еліктейік деп отырған жоқпын. Қазіргі кезде халықаралық стандарттарға сай деп енгізіліп жатқан бағдарламаларды алдымен ол өзіміздің ұлттық болмысымызға сай келе ме және оның нәтижесі қандай болады деген сауалға жауабы болғанда ғана қолданған жөн.
25 жыл ішінде елімізге өзге ұлт өкілдері Қазақстанды өз Отаны ретінде сезіне алды ма? Бұл сауалға өзге ұлт өкілі қалай жауап беретінін білмедім. Алайда менің айтарым, адамзат баласы өзге елде екі түрлі жағдайда өмір сүреді, бірі – мәжбүрлік, екіншісі – қанағаттанушылық. Мәжбүрлік дегеніміз – тарихи немесе отбасылық, т.б. жағдайлармен өзге елде тұрақтану. Ал қанағаттанушылық – өзінің тұрмыс-тіршілігі мен рухани жағдайының сай келуі мен қоршаған ортада өзінің тұлға ретінде өз орнының сақталуы. Сондықтан тоқсаныншы жылдардың басында өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі тарихи отандарына қайтып кетті. Ал тұрақтанып қалғандары бүгін осы елдің бөлінбес бөлшегіне айналды және оларда мәжбүрліктен гөрі қанағаттанушылық сезімі басым деп айта аламын. Оған бір мысал, былтырғы жылы Еуропа елдерінде болғанымда Қарағанды қаласынан Германияға тоқсаныншы жылдардың басында көшіп кеткен отбасымен таныстым. Бір қызығы, олар Қазақстандағы соңғы жаңалықтарды менен де жақсы білетін болып шықты. Таңғалып сұрағанымда, Қарағандыда тұратын достарымызбен үнемі хабарласамыз, олардың қал-ахуалы жақсы және қазірше олардың бұл жаққа келетін ойы жоқ. «Сенесіз бе, біз де әлі күнге Қазақстанды сағынамыз», – деді. Сондықтан біз өзге ұлт өкілдері бізді құрметтей ме дегеннен гөрі, біз өзімізді-өзіміз құрметтей аламыз ба деп ойланғанымыз жөн. Әрбіріміз өмірге қазақ ұлтының өкілі болып келгенімізді мақтаныш ете білгенде, өзге ұлт өкілдері де сол қасиетті қазақ жерінде өмір сүріп жатқанын мақтаныш көреді.
– Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ ұлтына, қазақтың тіліне деген құрмет сезімі қай дәрежеде? Олар қазақтың жанын қаншалықты түсіне алды деп ойлайсыз?
Абзал ҚҰСПАН:
– Тілге құрмет емес, қажеттілік керек. Ағылшын тілін әлем бойынша адамдар құрмет сезімінен емес, қажеттілік болғандықтан үйренеді. Бізде де қашан қазақ тіліне толық қажеттілік туады, солай тіл үйренуге деген сұраныс та арта түсетін болады. Бірақ өз басым қазақ тілінің болашағына сеніммен қараймын, себебі қазақтілді қазақтар саны артып келеді.
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– Әрине, әрбір ұлт өзінің тілін өзі жете меңгергенде және мемлекет тарапынан оған құрмет пен оны білуге қажеттілік тудырған кезде оның қадірі артады, оған деген сұраныс пайда болады. Біздің елдегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейі жайлы статистикалық деректі білмеймін. Алайда, біздің қоғамда қазақ тілін білуге қажеттілік пен талап жоғары десем, ешкім сене қоймас. Және қазақ тілінде сайрап тұрғандардың барлығы қазақтың жанын толықтай түсінуі қажет деген пікірге де келісуге болмайды. Мәселен, мен ағылшын тілінде қанша сайрасам да, жүрегім қазақ деп соғып тұрады. Бұл жерде мен ағылшын тілінде сөйлейтін ұлттардың жанын түсінбеймін деген ұғым емес, бұл әр пенденің өз жейдесі өз денесіне жақын екенінің белгісі.
Сонымен қатар, тіл мәселесінде бұқаралық ақпарат құралдарында берілетін бағдарламаларды жөнге келтірген дұрыс. Теледидардан жетпіс жыл бойы орысша сайраған біздер, қазір Той BestStar секілді жартылай қазақша, жартылай ағылшынша атауларға көштік. Яғни қазақ тілінің қадірін арттыруда ақпарат құралдарының ерекше ролге ие екенін ұмытпағанымыз жөн.
Тағы бір айтарым, біздің ел үшін қазіргі кездегі ең басты мәселе, ол – тіл, дін ғана емес, экономика мен экологиялық ахуалға назар аудару қажет. Экономиканы дамытуға, экологиялық апаттың алдын алуға назар аудармасақ тіл мен дін ғана емес, ұлттың тұтастай болашағын елестету мүмкін емес. Жастардың білімді болуын және мемлекет тарапынан білім беру, денсаулық сақтау секілді халықтың әлеуметтік ахуалын ерекше назарда ұстаған жөн.
– Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» деп ұрпағын төзім мен шыдамға тәрбиелеген, мейманын төріне шығарып сыйлағанымен, төбесіне шығарып есіртпеген текті халық дейміз. Сол сабырымыз бен шыдамдылығымыз қорқақтық пен жалтақтыққа ұласып кеткен жоқ па? Ұлттық рух, ұлттық мінез, ұлттық намыс бүгін тек сөз жүзінде ғана айтылатын құр сөзге айналып қалғаннан сау ма?
Абзал ҚҰСПАН:
– Біз неге өткенге жиі үңіліп, болашаққа сенімсіз қараймыз? Неге жақсының бәрін өткен шақпен еске аламыз? Белгілі логотерапевт В.Франкл бұндай феноменге ұжымдық невроз (коллективный невроз) деп ат қойған. Бұның бәрі болашаққа деген сенімсіздік пен үмітсіздіктен туатын салдар. Жақсы диагноз емес. Негізі адам баласы жаратылысынан ұлы Мәнге ұмтылады екен, хайуаннан ең басты айырмашылығымыз да сол. Оған Абайдан, Шәкәрімнен мысалдар келтіруге болады, тіпті, ол кісілердің бүкіл еңбегі сол адам өмірінің мәнін табуға арналған десек те артық айтқандық болмас еді. Ал енді сол Мәннен айырылған адам не істейді? Ол адамның болашаққа деген сенімі азаяды, үмітсіздік пайда болады, ондай жағдайда, адамның миы автоматты түрде өткен шаққа ауысып кетеді. Яғни келер шағын нақты болжай алмаған адамға, өткен шақты еске алудан басқа ештеңе қалмайды. Осындай жағдай жалпылама сипат алса, ұжымдық невроз деген диагноз қойылады. Қазіргі біздің күйіміз осыған келеді. Ел жәйін, ұлт мәселесін ойлаған адам көңілсіз ойларға беріліп, өткенге орала береді. Ел болып жаппай тарихпен айналысып кеттік… Бірақ бұл жағдай тек қазақтың басында ғана десек, қателесеміз. Оған көптеген мысалдар бар, қазіргі шалқып отырған Еуропаның біраз елдері, Америка да бастарынан өткерген. Сондықтан бұл жағдайды трагедияға айналдырмай, әр адам өз қал-қадерінше болашақтың қамы үшін қолынан келген ісін атқарса, еліне-жеріне қызмет етсе дұрыс болар еді. Бұл орайда өз ойымды, бірінші кезекте жастарға қарата, Мұхтар Әуезовтің мына қанатты сөздерімен түйіндегім келіп отыр: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен үркер күшім жоқ, – деп ер қайратыңа мін-дағы, өрге бас!».
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– Қазіргі кезде Қазақстан әлемдік аренада өзіндік бренді қалыптасып келе жатқан мемлекет. Шет елдерде сапарға шыққанда міндетті түрде біздің елді білетін бірлі-жарым ғалымды кездестіремін. Жақында әлемнің бірнеше елін автокөлікпен аралаған саяхатшы ғалыммен таныстым. Оның есінде Орта Азия елдеріне сапары ерекше сақталыпты. Сонда айтқаны: біз Қазақстанға барғанда жол бойы кездескен бірнеше үйден тегін тамақтанып, тіпті Алматыда бұзылған көлігімізді тегін жөндетіп, ризашылықпен елге қайттық. Мен Қазақстанды ерекше жақсы көремін деді. Бұл жоғарыда Сіз айтқандай бар тәттісін мейманына сақтаған немесе «қырықтың бірі қызыр» деген ата-бабадан қалған дәстүр жалғастығы. Алайда, сабыр мен шыдамдылық, қорқақтық пен жалтақтыққа келер болсақ, олар бір-біріне кереғар ұғым. Адам баласының бойында сабырлылық пен төзімділік болмаса, одан ақылдылықты немесе адамгершілікті күтудің қажеті жоқ. Ал қорқақтық пен жалтақтық қалай пайда болады? Жасыратыны жоқ, қазір қоғам жалтақтыққа және қорқақтыққа бейімделуде. Оның сыры неде? Ең бастысы – заңның дұрыс жүзеге аспауында, соның нәтижесінде адам өз құқығын толықтай қорғай алмауында. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-қа алғашқы сапарымда бір аптаның ішінде жиырмадан астам елден келген ұлт өкілдерімен таныстым және олардың ұлттық тұрғыдан алғанда мыңдаған өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан бір-бірімен тең дәрежеде, бейбіт қарым-қатынасына таң қалдым. Себебі неде? Түсінгенім, заңның қаталдығы мен дұрыс жүзеге асырылуында. Және барлық жағдай адам үшін жасалған. Сондықтан халықтың әлеуметтік тұрмысы түзелгенде, қоғамда экономикалық ахуал жақсарғанда адамдар арасындағы қарым-қатынас та өзгеретін болады.
Ал ұлттық рух, ұлттық мінез, ұлттық намыс әрбір қазақтың бойына ата-бабамыздан берілген қасиет. Және оны сөз жүзінде ғана сақталды десек, бүгінгі қазақ деген ұлтты жоққа шығарғанымыз. Кей кездері ұлттық намыс дегенді жалған даурығумен шатастырушылардың пікірі таңқалдырады. Егер бойыңда шынымен ұлттық рух, намысың болса қоғамда қарама-қайшылық пікір тудырып, даурығуды емес, қоғамдағы мың сан мәселенің ең жоқ дегенде біреуінің шешімін табуға атсалысқан жөн. Басқаша айтқанда, ұлтына жаны ашитын және ұлттық рухты сақтауға қызмет ете алатын қоғамда ұлттық мінез, ұлттық намыс сақталатын болады.
Ұйымдастырған
Айнара АШАН.
ПІКІРЛЕР5