ҚАЖЫЛЫҚТАН КЕЙІН қоңыр дәптерге қонған ойлар
28.06.2024
126
0

Алланың әмірімен бізге маусымның 8-і мен 22-сі арасында қажылық сапары бұйырды. Кішкентай күнімізден құлағымызға сіңіп өскен «Алыстағы Мекке», «Құдайдың үйі – Қағба», «Мұхаммедке аян түскен үңгір» дегендер біз үшін аңызда бар, бірақ өмірде жоқ қиялдай көрінетін. Тек, Тәуелсіздік тұсында ғана бұл қиялдар шындыққа айнала бастады. Өйткені біз танитын адамдар қажылыққа бара бастады. Бірақ біз үшін қажылыққа бару бұлдыр болашақ сияқты еді. Сөйтіп жүргенде жас та келді, 77 деген. Бұндай жаста ондай алысқа кім барады?! Бірақ бір Алладан әмір келсе, Сауд Арабия патшасы Салман ибн Абдул-Азиз әл Саудтан шақыру келсе, сапарды муфтидің өзі Наурызбай қажы Тағанұлы ұйымдастырса бәрі мүмкін екен. 

Біз, Қазақстаннан осындай шақыруға ие болған 10 азаматтың қатарында, маусымның 9-ы күні, иығымызда – ихрам, Меккедегі әйгілі Әл Харам мешітінің табалдырығын аттадық. Тәу етушілерге толы алаң ортасында айдыны шығып Қағба тұр. Өз көзімізге өзіміз сенер-сенбесімізді білмедік. Дүниенің төрт бұрышынан жиылған түрі басқа, діні бір қауым қатарында Алланың Үйін «Аллаху акбар!» – деп, айнала бастадық. Жеті рет айналу – парыз. Қолың жетсе, Қағба бұрышындағы, кезінде Жұмақтан Жебірейл арқылы Ибрагим с.ғ.с-ға түскен Ақ Тасты сүю де – парыз. Бірақ бірін-бірі итеріп Ақ Тасқа өршелене ұмтылған топты жарып кіруге біздің шамамыз жетпеді. Қағбаны жеті айналып шыққаннан кейін құламай, аяқ үстінде тұруымыздың өзіне шүкір еттік. Отыра қалып Жаратқан Иеден жалғыз Отанымыз үшін, Алматымыз үшін, бала-шағамыз үшін, ағайын-жұрт, достарымыз және ана дүниедегі аруақтар үшін тілек тіледік. Муфтият атынан бізді басқарып жүрген Думан имамның айтуынша Алладан тілек тілегенде тілегіміз нақты болуы керек екен. Біз тілекті нақтыладық.
Далада қалған Ажар анамыз кезінде сәбиі Смайыл үшін су іздеп Сафа мен Маруа төбелері арасында зыр жүгірген ғой. Ұзындығы 450 қадамдай жер. Сол аралықты біз де қоларбада отырып «жүгіріп» өттік. Жеті рет. Одан бөлек, Адам ата мен Хауа ана табысқан Арафа төбесінің етегінде де тұрдық. Тілек тілеп. Мина жазығында жамандық атаулыға қарсы жеті рет тас лақтырдық. Құрбан айт күндері тіптен ысып кетті. Көпірлер астында, жол жиегінде отырған, жатқан ондаған мың қажыларды көрдік. Сөйтсек, үлкен қажылық Құрбан айт күндері Меккеге ағылған жұртта хисап болмайды екен. Олар қонақүйлерге сыймайды тіпті. Астына әлдене төсеп, кез келген жерде қисая кетеді екен. Содан ыстыққа шыдамай биылғы қажылық кезінде көз жұмғандардың саны 1300 кісіге жетті деп жатыр. Оны біз көзбен көрдік. Қажыларды ыстықтан қорғау үшін төбеңе, бетіңе тегіннен-тегін су шашып жүргендер бар.
Қажылықтың бір ұмытылмас сәті біз үшін осынау қайнаған ыстықта Нұр тауына шығу болды. Нұр тауына шығып тау басындағы Қира үңгіріне кіру болды. Мұхаммед (с.ғ.с.) 40 жасында айлап жатқан қылуетті көру болды. Бірақ тау басына жүз метрдей қалғанда аяқтан әл кетіп, лажсыз отыра кеттім. Қолтығымнан сүйеп келе жатқан Ерсейіт қажы дереу жайнамазын жерге төседі. Мен ұзынымнан түсіп: «Ух», – деп жата кеттім. Сол-ақ екен, ерсілі-қарсылы ағылып жатқандардың арасынан бір қауғасақал отыра қалып аяғыма массаж жасауға кірісті. Емші болса керек. Мен күлдім: «Қай жақтансыз?» – деп. «Пәкістаннанмын», – деді қауғасақал. «Өзіңіз қай жақтансыз?» – дейді. «Қазақстаннанмын». «Бауырым екенсіз ғой!» – дейді. «Қаншадасыз?» – деймін қарап жатпай. «Елудемін», – дейді. Соған таңғалдым. Жетпістегі шалдай көрінген қауғасақал елудегі баламмен жасты екен. Оның бейтаныс қазақтың аяғын уқалап отыруы бекер емес. Себебі, қажылыққа жиналған 3 миллиондай пайғамбар үмметі бір-бірін бауыр көреді. Бүгінде Жер бетінде 2,5 миллиардтай мұсылман бар. Пайғамбар арманы солардың бәрін бір-біріне бауыр ету болғаны белгілі. Осы бір бауырмалдықты біз дүниенің төрт бұрышынан жиылған қажылар арасында жүрген 14 күн бойы сезумен болдық. Қажылықтың біз үшін үлкен бір олжасы осы болды.
Нұр тауының төбесіндегі ырсиған сояу тастар ыстықтан балқыған. Бізді қолтықтан сүйеп келе жатқан Ерсейіт інімнің арқасында Мұхаммед с.ғ.с-ға пайғамбарлық түскен Қира үңгіріне де жеттік. Үңгір алдында кезек күтіп қаумалаған жұрт. Үңгірге кіргені маңдайын жерге тигізіп тәу етіп жатыр. Ақыры кезек бізге де жетті. 40 жасында осы үңгірге қарапайым адам болып кіріп, пайғамбар болып шыққан Мұхаммед с.ғ.с үңгіріне «Бісміллә!» – деп біз де кірдік. Пайғамбар отырған орынға отырып, тәу еттік. Дұға оқыдық. Тілек тіледік. Суретке түстік. Ой келді. Осында отырғанда Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзіне Жебірейл періште қалай көрінді екен деген. Бірақ елестете алмадық. Тек, уахи етілген алғашқы аятты ғана еске түсірдік. «Оқы! Оқы! Оқы!» – деген.
Қысқасы, Қира үңгірінде болу біз үшін естен танарлық оқиға болды. Содан кейінгі бізді бір бөлек толқытқан оқиға Медине қаласындағы Нәби мешітіндегі Мұхаммед с.ғ.с. қабіріне зиярат ету еді. Медине қаласына Меккеден автобуспен барған едік. 400 шақырым бойы терезеден сыртқа қараумен отырдық. Төңірек – күн қуырған тастақ мекен. Қурап қалған қаңсыған шөл. Қара таулар. Қара тастар. Дүниені мынау тас қаптап кеткен бе дерсің. Қазақстандағыдай аспанда ұшқан құс, жерде жүгірген аң, қаптап жайылған мал жоқ. Тек, бір-ақ рет қана екі түйе көрінді алыста жайылып жүрген. Жер жыртып, егін салып жүрген шаруалар да көрінбейді. Таңғалумен болдық, «Ойпыр-ай, бұл неткен қатал табиғат!» – деп. Алайда Алла Тағала бұл елге байлықты жердің үстінен бермесе де, астынан берген екен. Соның арқасында Сауд Арабиясы тек араб елдеріндегі ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы ең бай елге айналған, жыл сайынғы табысы 1 триллион доллардан асатын, яғни мұнай – негізгі байлығы. Әлдекімдер айтып жүргендей негізгі табысы қажылық емес. Қажылықтан жыл сайын ел қоржынына 30 миллиард доллардай ғана қаржы түседі екен.
Ұшағымыз Дубайдан Алматыға бет алды. Осы кезде біз де қоңыр дәптерді қолға алдық. Қажылықтан түйген ойларымызды қағаз бетіне түсірдік. Ол қандай ойлар еді?!
Ей, жол үстіндегі жолаушы! «Есің барда ел таны!» – деп біз бармаған жер, баспаған тау бар ма? Бірақ мұсылманның өміріндегі ең маңызды сапары қажылық екен. Соған көзіміз жетті.
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Қажылыққа барғанда ғана сенің көзің бір нәрсеге жетті. Мұсылман бауырларыңның Жер бетінде тым көп екеніне көзің жетті.
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Құдай Үйі Қағбаны айналғанда ғана сен Құдайдың шынайы әсерін сездің. Бұл бұрын-соңды сен бастан кешпеген сезім еді. Өйткені сен Құдайға бұрын-соңды мұншалықты жақындап көрмеп едің.
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Осы сезімдерден кейін сен мұсылманның өмірін екі кезеңге бөлу керек екен дедің. Қажылыққа дейінгі және қажылықтан кейінгі. Оған себеп, қажылығы қабыл болған мұсылман анадан туғандай тазаратын көрінеді. Ендеше, еліміз бойынша жыл сайын қажылыққа барып тазарып келіп жатқан 5 мыңдай қажылар қауымы рухани сырқат қоғамның бойына жүгірген зәмзәм суындай таза қан емес пе?!
Арабтар табиғатынан сұлу халық екен. Қайсысына қарасаң да дидарынан иман нұры төгіліп тұрады. Бірақ біз, өзге мәдениет өкілі болғандықтан ба, бір нәрсені қабылдай алмадық. Ерлердің шұбалтып ұзынетек ақ көйлек киетінін, әйелдердің көзі ғана жылтырап жаппай қара көйлек киетінін қабылдай алмадық.
Бірақ ойлана келе, әйелдердің тұмшаланып қара хиджап киюінің астарында тұрмыс тудырған бір терең қисын бар ма дедік. Ол не қисын? Дінисламның айтуынша Алла Тағала әйелді жаратқанда оған әлемдегі сұлулықтың 99 пайызын берсе керек. Сондықтан да еркек байғұс қанша шыдамды болса да әйел сұлулығы алдында әлсіз. Дәрменсіз. Ең болмағанда оны көзбен ішіп-жейді. Ал имансыз қоғамдағы имансыз еркеккіндіктілер болса жартылай-жалаңаш әйел көрсе болды, тарпа бас салуға дайын тұрады деуге болады. Өйткені ашық-шашық әйел денесі еркек бойындағы бұққан хайуани сезімді түртіп оятады. Осыдан келіп имансыз қоғамда жартылай-жалаңаш қыз-келіншектер зорлық-зомбылықтардың жиі құрбаны болып жатады. Көзден басқа денесінің бәрін жасырып әйелдердің қара хиджап киюі мұсылман елдерінде осынау нәпсілік негізде туындайтын қылмысты ауыздықтау үшін шыққан амалдың бірі болса керек.
Ұшағымыз Алматы әуежайына келіп қонды. Қураған Сауд шөлдерінен кейін жасыл желекті Алматыны көргенде жанымызды шаттық кернеді. Әуежайдың жаңа терминалында алдымыздан дуылдап жүгіріп немере қыздарымыз шықты. Соларды құшақтап, төбелерінен иіскеп бейне бір Бейіс бағында тұрғандай болдық.
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Бұ жалғанда бармаған тау, баспаған тасың жоқ шығар. Көргендерің көп шығар. Бірақ солардың бәрі өз үй, өлең төсегіңдей болмайды екен. Өз үй, өлең төсегіңнен таппаған бақты өзге жерден табу қиын екен. Демек, сенің бағың да, Жәннатың да жаныңда. Өз үй, өлең төсегің. Біз бір-бірімізді аялауымыз керек екен. Жер бетінде одан артқан байлық жоқ екен. Жер бетінде жақындарыңды сүюден өткен байлық жоқ екен. Бір-біріңе қамқор болудан өткен байлық жоқ екен.
Қажылықтан кейін қоңыр дәптерге осындай ойлар қонды.

Смағұл ЕЛУБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір