Ғали Ормановтың күнделігі 80 жылдан кейін табылды
Ақын, аудармашы, журналист, Ғали Ормановтың 1939 жылғы латын қарпімен жазылған күнделігі аударылды. Бұған дейін еш жерде жарық көрмеген құнды мұрада жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мәліметтер жазылған. 1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевқа әдеби хатшылық қызмет атқарған Ғали Орманов ұлы тұлғаның әрбір кездесуі мен сапары, шығармашылығы жайлы деректерді күн сайын хатқа түсіріп отырған. Жыр алыбының ел мен жерге деген аса жоғары сүйіспеншілігі мен үнемі халыққа қол ұшын созып, әрбір сәтте жанынан табылуға асығатын ұлтжанды қасиетін де осы күнделік арқылы терең тануға болады.
«Жамбылдың 1939 жылдың 18/І дан бастап жазылған диновнигі. 19/І.1939»,-деп басталатын күнделікте:
« 18/І. Ертеңгі сағат 8-де Рахимов Қырыкбай Алма-Атадағы ІІ дед кародектегі 13 жастағы балаға шақырып алып, жол расход ақша беріп, жетілуі ісі қиын. Бұл қиындықтан оқысаң құтыласың оқы деп ақылын айтып, Ұзын-ағашқа Жамбыл машинасына салып ала кетті.
19/І. Жамбыл ауданы Қастек колхозының адамы Егишова Сая бала деген домбырашы әйел келіп, қонып Жамбылға домбыра тартып беріп, амандаса келгенін айтты. Жамбыл қарсы алып, түнгі сағат 11-ге дейін әңгімелесіп, колхоздың жайын айтады. М: қысқы мал азықтары туралы.
20/І. Жамбыл таңертегі сағат 8-ге 20 минут қалғанда тұрып, Ұзын-ағашқа машинамен барып, аудандағы партия комитетіне Сая баланың келіп қонғанын домбыра тартып бергенін амандасып болғаннан кейін айтып, қысқы мал азығы жайында өзінің тұратын колхозының тағы басқа бірнеше колхоздардың жетістік жетусіздігін жазып әңгімелесіп қайтты.
13./III. Жамбыл Тәжібай деген таныс шалдікіне барды. Көңілденіп, домбыраны бірер қағып жіберді.
Жасымнан атым аян Жамбыл едім,
Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім
Самғасам сары түнге шалдықпайтын.
Қақырап қайран дауысым қалды менің.
Шалқыған аспан-көкке қайран әнім,
Кіргізген талай жерде тойдың әрін.
А десем ауызымнан бытырайды,
Шіркінге не болғанын біле алмадым.
Тәжібай саған қалай менің мұңым.
Бұл сенен бір сұраған нағыз сырым.
Әнді алған көмейімнен сыңғырлаған,
Кінәлі бәлкім, бұған кәрілігім.
Жамбыл кешкісін ауылда болды.
12./II. Жамбылға саятқа шығып келгенімді айттым.
– Кекілік көп. Жер қара. Көрмейсіз. Бұғып қалады, дәл аяғымның астынан дүр етіп ұшқанын бір-ақ білесіз… Бір сауысқан аттым. Оғым таусылып қалды.
– Сонша кекіліктен бір атпағаның келіспеген екен! – деп Жамбыл күледі де, сәлден соң былай деді:
Кекілік ұшып дүр етті,
Ғали шошып дір етті.
Артынан бір сауысқан
Оқтың бәрін тауысқан.
Қарын ашып қалжырап,
Екі иығы салбырап
Кешке ауылға құр жетті.
19/XI. Доктор Барлыбаев келді. Қар жауған. Доктор келіп амандасқанда, Жәкәң оның қолын алып тұрып:
Жүрек неге соғады өрге қарап,
Жағар-жақпас сүймеймін ішкен тамақ,
Байдан, сауған кедейдің сауынындай
Барлыбаев отырмыз оған қарап, –
деген секілді әр күнгі оқиғалар тізбектелген.
Ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлының сөзінше, күнделік 1939 жылы жазылған.
«Күнделік латын әліпбиінен қазақша аударылған. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми қызметкері Әділәлі Жабықбайұлына алғыс айтамын. Сол күйі сақталып, жазуы өзгермеген. Бүгінде сол күнделік жазылған әліпбиді білетін адамдар аз екен. Сондықтан күнделіктен кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Күнделіктің мазмұны бойынша Жамбыл Жабаевқа кімдер келген, қандай мәселелер талқыланған деген мәлімет көрсетілген. Күнделік еш жерде жарық көрмеген. Сондықтан Жамбыл атамыздың шығармашылығын зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді А.Қырықбайұлы.
Биыл 1907 жылы 15 тамызда дүниеге келген Қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері, ақын Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл толып отыр. Соған орай Ғали Ормановтың 60 жыл бұрын қазақ тіліне аударған Ресейдің жазушы, кемеңгер ойшыл Лев Толстойдың әйгілі трагедиялық «Анна Каренина» романының 2 томдығы Жетісу облысының әкімдігінің қолдауымен «Мазмұндама» (қоғамдық қоры) баспасынан жарық көреді.
Жамбыл Жабаев жайлы деректерді жанында жүріп, хатқа түсіріп отырған Ғали Орманов Жетісу өлкесінде, қазіргі Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген. Ол – қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келген, орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да үлес қосқан. Көптеген өлеңдер жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы атанған.
Қаламгер АЗАМАТ