ӘЛЕМДІ ТАНЫҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ БОЛАМЫЗ
Бұған дейін қазақша кітаптардың сапасы сын көтермейтіні, балаларға арналған кітаптардың тапшылығы жиі айтылатын. Мұның басты себебі ретінде қазақ тілді кітап нарығының дамымағанын алға тартқанбыз. Қазіргі таңда бұл олқылықтың орны тола бастады. Бірнеше баспа үйі ашылып, еліміздің әр қиырындағы оқырманға кітаптар жетіп жатыр. Сол баспалардың бірі де бірегейі – Steppe&World баспасы. Біз баспаның директоры Раиса Сайранқызы Қадырмен аз-кем сұхбаттасқан едік.
«Қазақша кітап
жоқтың қасы»
– Раиса ханым, сіздің бұған дейін Монғолияда баспа ісімен айналысқаныңызды білеміз. Қазақстанға қашан келдіңіз? Steppe&World баспасы қай жылы құрылды? Баспаның тарихын, бағытын, ұстанымын айтып бересіз бе?
– Күйеуім екеуміз ел аралап қайтамыз деп ойладық та, әлем картасын алдымызға жайып жібердік. Таңдауымыз Қазақстанға, Алматыға түсті. Ақыры 2016 жылдың күзінде, дәл осы уақытта, Алматыға ұшып келдік. Қаланы аралап көріп, әсіресе Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияға барып, «Отырар сазының» концертін тамашалағаннан кейін сөзбен айтып жеткізе алмайтындай керемет әсер алдық. Содан соң қазақ еліне табан тірейміз деп шештік.
Біз диаспора ретінде шет елде көп жыл жүргендіктен, барған жерімізде құр жүрмей, балаларымызға, туыс-туғанға базарлық болсын деп қазақ мәдениетіне байланысты әлденелер іздейміз. Олардың қатарында ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар, басқа да бұйымдармен қатар кітап та бар. Сапарымыздың соңына таман аты белгілі кітап дүкендеріне бас сұқтым. Ең өкініштісі сол, қазақша кітап жоқтың қасы. Мен бұған қатты таңғалдым. Таңғалу аздық етеді, мен үшін бұл трагедия сияқты көрінді. Әрине, елеусіз бір бұрышта саусақпен санап аларлық кітаптар тұрады. Бірақ сапасы, дизайны сын көтермейді. Шынын айтқанда, солардың кейбірін бізге туысқандар мен достар әкеліп берген. Олар маған ұнамады. Өйткені жаңа заманмен, заманауи оқырманмен санаспай шығарылған бұл кітаптардың мәтіні көп, суреті аз немесе баяғы Кеңес дәуірінен бері келе жатқан суреттерді «жапсыра» салған. Балаларым оны қалай ашса, солай жаба қояды. Демек, қызықсыз. Адамдардан «қазақша сапалы кітап неге жоқ» деп сұрағанымда, «Ол мемлекеттің міндетті, жауапкершілік үкіметтің мойнында. Солар істеуге тиісті» деген жауап алдым. Келісемін, мемлекет қоғамның жайлы, тыныш, жақсы өмір сүруіне жағдай жасауға міндетті. Әйткенмен әр азамат артында із қалдыратын бір іс жасап кетуі керек қой… Сол кезде баспа үйін ашу туралы армандадым. Жоқ, алдыма дәл сондай мақсат қойдым. 2017 жылдың жаз айларында Моңғолия елінде баспаны аштық.
Алғашқы кітаптарымыздың бірі – Джулия Дональдсон мен Лидия Монкстың «Ақын Қояны». Шығарманы қазақ тіліне Ғалым Боқаш аударды. Авторлардың рұқсатын алып, 2018 жылдың наурыз айында жарыққа шығардық. Яғни, баспа үйін құрып, жұмысын жүргізіп, рұқсат алу, басып шығару процесі арасында бір жылдай уақыт өтті. Содан бері 50-ге таяу кітапты басып шығарған екенбіз. Менің ісім осы – балаларға арнап кітап шығару.
– Кітап нарығы қалыптаспаған, кітап саудасы жолға қойылмаған елде баспа ашу – ерлікпен пара-пар. Бұл жолда қандай өткелектерден өттіңіз? Жақсы сапаны ұстап тұру үшін мықты ұжым керек. Сіздің ұжымда қанша адам еңбек етеді?
– Жоғарыда айттым ғой, баспаны алғаш Моңғолияда ашқанбыз. Ол елдің адамдары еркін ойлы, не қаласа, соны жасайды. Сондықтан да болар, онда кәсіп өте жақсы дамыған. Біз де кәсіп бастадық, моңғолиялықтар жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Ал Қазақстанға 2019 жылы көшіп келдік. Сол сәттен бастап көптеген сұраққа, жағымсыз пікірлерге жауап беруге тура келді. Тіпті кейбірі айыптады да. Көбі «Қазақ тіліндегі кітапты кім алады? Ешкім алмайды! Қазақша ешкім оқымайды, кітабың да сатылмайды!», «Сен ақшаңды қайда шашарыңды білмей хайп қуып жүрсің!», «Қазақша кітаптарға сұраныс жоқ. Дүкендерде орысша кітаптар толып тұр, қазақша сапалы кітап табу мүмкін емес, онсыз да уақыты жоқ кісі артық уақытын бос әуремен өткізгісі келмейді» деген сыңайда. Демек, қазақша оқуға тиісті емеспіз деген түсінік қалыптасып кеткен. Мен оларға: «Біз бір елдің облысы емеспіз. Тәуелсізбіз. Ендеше, неге орыстың дайындап берген ақпаратын ғана оқып, құнды кітаптарды не үшін сол тілдің аясында ғана сіңіруіміз керек? Біздегі орысша кітаптар – Ресей баспаларының «жемісі». Одан сатып алдың екең, еліміздің дамуына жұмсалуға тиіс ақшаң шекара асады», – деп жауап беретінмін. Осылай, бар күшімізді жұмсап, кітап нарығын өзімізше қалыптастыруға күш салдық. Бұл біз үшін үлкен қадам болды. Мәселенің түп-төркіні мұнда жатқан жоқ. Әр азамат қандай да бір істі бастарда өз балама, келер ұрпаққа қайтсем пайдам тиеді деп ойлануы қажет. Баспамызда әзірге онға таяу әріптесіміз бар. Иә, біз өте шағын баспамыз.
– Жоғарыда дәл осы уақытқа дейін 50-ге тарта кітап шығардық деп айттыңыз. Байқасам, олардың көп бөлігін балалар әдебиеті құрағанмен, мотивациялық, психологиялық кітаптар да, әлем әдебиеті де қамтылған. Аударуға тиіс кітапты таңдарда не нәрсеге мән бересіз, қандай талап қоясыз?
– Біз бастапқыда аса танымал бестселлерді аудардық. Себебі, қоғамда, әсіресе жастар арасында қазақша кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін осындай кітаптар керек болды. Дүниежүзі жұртшылығы қызыға оқыған кітаптардың құндылығы да жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Ал үлкен кісілер кітап оқуды өткен ғасырдың 70-80 жылдары үйреніп алған, оларда «кітап оқу мәдениеті» деген түсінік жоқ. Олар қазақша кітап шықса онсыз да оқиды. Жастар жағы болса қазақша кітап шықты дегенде қатты таңырқайтын. Қазір бәрі үйреніп қалды. Кітапты сатып алып оқу – олар үшін таң емес.
Бұл үшін біздің сапалы кітап шығаруымыз керек болды. Сапалы кітап дегеніміз – жақсы аударылған, оқырманды қызықтыратын, үйлесімді иллюстрациямен көмкерілген ой салатын туынды.
Мәселен, біздің баспадан шыққан «Анна Франктың күнделігін» алайықшы. Анна Франк қаншама жыл фашистерден қашып, тығылып жатты. Ешқайда шыға алмады. Пандемия кезінде біз де соған тап болған жоқпыз ба? Бұл кітаптың көп сатылған уақыты да індеттің күшіне мініп тұрған кезіне сәйкес келеді. Себебі айтпаса да түсінікті, далаға аттап баса алмаған Анна Франктың көңіл күйі, сезімі, жұбанышы оқырманның жан дүниесімен қабысып жатты. Осы шығарманы еврейлерге қарсы жасалған қастандық – геноцид жер жүзінде енді қайталанбасын деген мақсатпен шығардық. Мұны оқыған адамның да тілегі осы болар.
Ал балаларға арнап шығарған кітаптар қалай әсер етеді? Жоан Роулингтің, Хэрри Потердің ғажайып хикаялары туралы кітаптар сериясын ақын-жазушылардың көбі: «Іліп алатын ештеңесі жоқ, фильм көп көрілім жинағаны үшін ғана кітап танымал болып кетті. Оқуға тұрмайды», – деді. Бірақ ол кісілер Жоан Роулингтің қаншама жыл өзге елдердің фольклорын, мифологиясын оқығанын, зерттеп-зерделегенін, неше тілді меңгергенін білмейді. Автор француз тілін жетік білді, латынша оқыды, неміс тілінде емін-еркін сөйледі, испан тілін де бір кісідей түсінеді. Қазақ қаламгерлерінің біразы орыс тілін де жетік білмейді (бәрі емес, әрине) ізденбейді. Дегенмен оқымай жатып кеуде қағады.
Білесіз бе, жас оқырмандарымыз бізге хат жазып тұрады. Солардың арасында «Хэрри Потердің кітаптарындағы ертегілерді оқығаннан кейін күйзелістен арылдым» деген хаттар да бар. Әсіресе «Хэрри Поттер мен Азкабан тұтқыны» кітабында басты кейіпкерге деминторлар келіп шабуыл жасайды. Ол бастағы негатив ой дегенді білдіреді. Соны қалай жеңуге болады? Кітапта бұны ертегі ретінде өте әдемі айтып береді. Ал біз, ересектер, балалардың жан дүниесінде не болып жатқанын түсінбейміз. Балалар нені оқып, қалай әсер алатынын білмейміз.
Міне, біз кітап таңдаған кезде балаға қандай білім береді, қалай әсер етеді, қандай құндылықтарды түсіндіреді – сол жағына өте қатты мән береміз.
– Ал ересектерге арналған кітаптарға қандай талап қоясыздар?
– Коллекциямызда мотивациялық кітаптар болуға тиіс деп есептедік. Сол себепті Хал Элродтың «Таң шапағаты» кітаптар сериясын шығардық. «Таң шапағаты» – әлем оқырмандарына жақсы әсер берген кітап. Онда «Былай істесең тез байып кетесің» деген құр сөз жоқ, керісінше, адамның өзін-өзі дамытуға арналған нақты бағдарлама бар.
Қазақстанда махаббатпен бас құрған жастардың жолы көп өтпей екіге айырылып жататын жағдай жиі ұшырасады. Бұл сөзімізді ресми статистикада мақұлдайды. Бұл ретте «Екеуге арналған таң шапағаты» қосылған қос ғашық үшін пайдалы кеңестер, ақпараттар ұсынады. «Студенттерге арналған таң шапағатын» да шығардық. Бұл кітап студенттерге, жетістікке жетудің, оқу орнын тәмамдағаннан кейін қалай әрекет ету керек екенінің нақты қадамдарын жақсылап көрсетіп береді. Басқа да мотивациялық-психологиялық кітаптар, бұдан бөлек, ересектерге арналған әдеби шығармалар да жоқ емес.
– Сонымен, сіздің баспадан шығуға лайықты кітап танымал, пайдалы және түсінікті болу керек қой?
– Иә. Алғашқыда солай болды. Алайда қазір аса танымал болмаса да, халыққа берер пайдасы болса жарыққа шығарып жатырмыз. Мысалы, «Сан құбыжық» деген кітап бар. Неміс тілінен аудардық. Аталмыш кітап Германияда танымал, бірақ әлемде ондай «даңққа» бөлене қойған жоқ. Мәселенки, АҚШ-тың «Now York Times» бестселлер тізіміне енбеген. Дегенмен өте жақсы кітаптардың бірі.
«Менің міндетім – балаларға әлемді көрсететін терезені ашу»
– Белгілі бір істі бастаған кезде оған қарсы негативті пікірлердің болуы да заңды. Сіздерге бір жаман пікір айтылса, ол былай боп келеді: «Бұл баспа аудармамен айналысады және Батыстың кітаптарын аударады. Бұл біздің қазақ балаларына қаншалықты пайдалы? Батыстың мәдениеті бөлек. Қазақтың топырағына табаны тимеген, ділін білмейтін, тілін түсінбейтін, тек өз мәдениетін ғана сіңіретін оқулықтар бізге пайда бермейді, жастарымызды ұлттық құндылықтардан ажыратады». Бұған қалай жауап берер едіңіз?
– Иә, ондай пікірді көп естігенмін. Мұны, әсіресе қаламгерлер көп айтады. Ең қызығы, сол кісілер менен «Ал бізді әлемге қашан танытасың?» деп сұрайды. Жауабым жалғыз. «Өзіңді әлем әдебиетін оқып барып қана танытасың». Біз әлемді танығаннан кейін ғана әлемге танымал боламыз. Олай істемесек, тұрған орнымызда, тар шеңберде, қаққан қазықтай тұра береміз. Шеңберден шыққыңыз келсе, тек қазақ ертегілерін оқығанымызға мәз болып отыра беруге болмайды. Бірақ сүйтемін десеңіз де ешкім сізге қарсы шықпайды. Ал менің өз міндетім – балаларға әлемді көрсететін терезені ашып беру. Балалар оны оқи ма, жоқ па – ол өз еркі.
Айтқым келетіні, әлемде қазақтан басқа да ұлттар мен ұлыстар бар. Олардың ертегілеріндегі тұрмыстық дүниелер болмаса, құндылық бәріне ортақ. Мысалы, біз табиғатқа, малға жақын елміз. Ертегілеріміз осы төңіректе өрбиді. Ал басқа елдердің ертегілері де дәл осылай, тек киіз үй мен ауылдың орнына «шаруа қожалығы», «фермер» деген сияқты сөздер кездесіп отырады. Әлде адалдық, достық, бірлік, еңбек сынды құндылықтарды қазақ қана дәріптей ме?!
– Дегенмен сіздер шығаратын кітаптар мен мектеп оқулығындағы шығармалардың көп ретте құндылықтары, тілі, ойлау формасы үйлеспей жататын сияқты. Айтыңызшы, сізге мектеп оқулықтарына Steppe&World баспасы шығарған шығармаларды енгізу туралы ұсыныс түспеді ме?
– Бұл енді оны жасап жатқан адамдарға байланысты. Бәрінен бұрын мектепте оқытылатын кітаптарды шығару жүйесіне тікелей қатысты. Онда жұмыс істейтін адамдардың көбі жаңа көзқарастарды қабылдай бермейді. Бізге сіз айтқандай ұсыныс түскен жоқ. Болашақта болып қалатын шығар деп ойлаймын. Біз кітаптарды мектепке емес, көпшілікке арнап шығарамыз.
– Сіз осы кәсіпті бастаған кезде Қазақстанда қазақша кітап нарығы жолға қойылмаған еді. Бұл жердегі ең бірінші кедергі де, артықшылық та – кітаптың тапшылығы болды. Ал қазір бірнеше баспа бар…
– Біз нарық жоқ дейміз, дұрысын айтқанда, қазақ тіліндегі кітаптың нарығы болмады. Қазақстанда негізі кітаптың нарығы бұрыннан керемет қайнап тұрған. Яғни Қазақстандағы кітап нарығы орыс баспаларының, дұрысын айтсақ, Ресейдің нарығы болды. Қазір де кітаптың 90 пайызы орыс тілінде шығып жатыр. Жоғарыда айтқандай, сіз қанша теңгеге сол кітаптарды сатып алсаңыз, Қазақстанның ақшасы сонша теңгеге азаяды. Осыны ескергеніміз жөн.
– Осы олқылықты немен, қалай толтыруға болады және сіздер ол үшін қандай жұмыстар атқарып жатсыздар? Алдағы уақытқа жоспарларыңыз?
– Балаларға арналған кітаптарды шығара береміз. Бұған қоса әлемнің классикаларын да, жаңадан шығып жатқан «трендтегі» кітаптарды да қазақша сөйлетеміз. Қазіргі таңда комикстер өте танымал болып кетті. Біздің баспадан «Тентек балақайдың күнделігі» деген комикс шықты. Мұны балалар жақсы көріп оқиды. Өйткені «Тентек балақайда» шектеу жоқ. Керек десеңіз, онда бейпіл сөздер де ұшырасады.
Шыны керек, қазақ тілін тым «киелі» қылып қойдық. Қазақ тілінде жаман сөз болмау керек деп шектеп тастадық. Жоқ, тіл шектеусіз болуға тиісті. Әсіресе балалар өзі білетін сөздерді оқыған кезде, кітапты жалғастырып оқығысы келеді. Баланы кітаппен достастыру керек. Қалай достастырамыз? Кітап бас алмай оқитындай суреті тартымды, тілі жатық, қызықты болуы керек. Ал күрделі тілмен жазылса, бала түсінбейді де, кітапқа қайтып жоламайды да. Оны күштеп оқытудың ешқандай пайдасы жоқ.
– Әңгімемізді баспадан бастадық қой. Соңғы сұрақты халыққа арнайықшы. Балалар мен жасөспірімдерге күзде оқуға қандай кітап ұсынасыз?
– Цифрлы ғасырда, технологиялардың қарыштап дамыған заманында балаға кітап оқыту – өте күрделі іс. Бірақ баланың көңілі далада емес, планшет пен телефонда болып тұр. Тіпті бұрынғыдай далада болса, жақсы еді. Себебі бала ойнап жүріп логикасын дамытады, адаммен қалай қарым-қатынас жасау керек екенін үйренеді, жүгіреді, шынығады. Сондықтан балалар әзір өзіне ұнаған кітаптарын оқыса екен деп ойлаймын. Маған салса, қазір қазақша шыққан қандай кітап бар – соның бә-ә-рін ұсынар едім. Егер мынадай мұңлы заманда мотивация беретін кітап керек десе, Хэрри Потердің барлық кітабын оқығаны дұрыс. Балалар үшін олар – өте құнды, өте жақсы кітап. Даһлдың кітаптарынан «Жеміс пен Дәу шабдалыны» және «Матилданы» оқыса ғой деймін.
Күзде сабақ басталды. Оқушылардың кейбірі математикадан қиналатынын білеміз. Мұндай жағдайда біздің баспадан шыққан «Сан құбыжық» септігін тигізеді.
Джордж Оруэлдің «Мал қорасы» да өте жақсы кітап. Оны «Мазмұндама» баспасы басып шығарды.
Ал «Менің атым Қожаны» қай заманның баласы да сүйіп оқитынына сенемін. Айтматовтың кітаптарын да міндетті түрде оқу керек. Кітап оқуды әдетке айналдырған балалар үшін қазақ классикасы таусылмас азық.
Сұхбаттасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ