«Қыз жиырмаға толғанда» 40 жылдан кейін…
10.04.2023
2527
0

Жақында Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында «Қыз жиырмаға толғанда» атты пьесам сахналанды. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Өйткені бұл театрда пьесам қойылады дегенді естігенде жоқ едім. Маған бұл хабарды премьераға оншақты күн қалғанда театр директоры Айболат Жаудыр жеткізіп, премьераға келсеңіз деген ұсыныс жасады. Әрине, жақсы хабарға рақмет айттым, бірақ премьерға бару туралы ойланып қалдым.

Ойлануымның екі түрлі себебі болды. Мен осы жасыма дейін жиырмаға жуық пьеса жазғанмын. Олардың түгелге жуығы республикамыздың барлық қазақ театрларында сан рет сахналанған. Орыс, өзбек, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ театрларында және Моңғолиядағы қазақ театрында жарық көрген. Кезінде олардың бәріне болмаса да басым көпшілігінің премьерасына арнайы барып қатысатынмын. Бірақ кейін жұмыс көбейді, сосын жасым да біраз жерге келіп, анда-мында жүре беруім азайды. Жаңа премьераға баруға ойланғанымның бірінші себебі осы еді.
Ал ойлануымның екінші себебі бұдан сәл басқашалау. «Қыз жиырмаға толғанда» – менің бұдан тура қырық жыл бұрын жазған тұңғыш пьесам. Бұған дейін пьеса жазып, драматург атанайын деген ой қаперіме де кірмейтін. Әуелі жас ақын атанып, сосын прозаға көшіп, кітаптарымды бірінен кейін бірін шығарып жүрген жазушы ғана едім. Осындай күндердің бірінде атақты жазушы Төлен Әбдіктің Ғ. Мүсірепов атындағы театрдағы «Біз үшеу едік» атты спектакліне барып қалдым. Спектакльде үш-ақ адам – Райымбек Сейтметов, Роза Әшірбекова, Тынымбек Пірімжанов ойнады. Қойылым басынан аяғына дейін тек сөзден тұрады екен, бірақ соның өзінде көрерменді бірден магнитше тартып әкетті. Театрдағы бүкіл халық дүниенің бәрін ұмытып, сахнадағы сиқырлы оқиғалардың ішінде жүргендей әсерге бөленді. Мен аңтарылып, драматургия дегеннің не екендігін енді түсінгендей болдым. Көңіліме мен неге пьеса жазбаймын деген ой келді.
Содан екі-үш ай кітапханада отырып, қазақша, орысша жазылған пьесаларды шетінен жаппай оқи бастадым. Сөйтіп, драматургияның қыр-сырын ептеп түсінетін болдым-ау дегенде осы «Қыз жиырмаға толғанда» атты пьесаны жазып, Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық бөліміне өткіздім. Бірақ шынымды айтсам, сол сәтте менің бұл тұңғыш пьесамды біреу керек етіп, сахнаға шығарады деген ой қаперіме де кірмеді. Сөйтіп жүргенде, бір күні Мәдениет министрлігінен мені Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Райымбек Сейтметов іздеп жатыр деген хабар келді. Мен ол кісіні сыртынан білетінім болмаса, ешқашан танысып, сөйлесіп көрмеген едім, бұл хабарға сенер-сенбесімді білмедім. Дегенмен арнайы шақыртты деген соң, аздап жасқаншақтап, театрдағы кабинетіне бардым. Рекең мені жылы қабылдады. «Қыз жиырмаға толғанда» пьесасының өзіне ұнағанын, оны театр сахнасына қоятын жоспары бар екендігін айтты. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық еді, не дерімді білмедім, тіпті Рекеңе дұрыс рақмет те айтпадым ғой деймін.
Сөйтіп көп ұзамай «Қыз жиырмаға толғанда» жастар театрының сахнасына шықты. Оны сол кездегі жас режиссер, қазіргі Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбаев сахналады. Және ол бұл спектакльді мүлдем жаңаша етіп қойды. Яғни спектакль қызу жүріп жатады, сосын кейіпкердің біреуі залдағы көрермендерден сахнадағы оқиға туралы өз пікірлерін айтуды өтінеді. Сөйтіп көрермендер қойылымдағы әңгімелерге қызу араласып кетеді. Әсіресе қыздар мен жігіттердің махаббат жөніндегі пікірталастары өте қызу жүреді. Содан кейін спектакль қайта жалғасады. Сөйтіп қойылым біткенше бұл жағдай екі-үш рет қайталанады. Қазір телеарнадан «Қосылайық» деген хабар көрсетіліп жүр ғой. Бұл спектакль осы хабардың сол кездегі бір көрінісі сияқты еді.
Міне, осындай ерекшелігінің нәтижесінде бұл спектакль ұзақ жыл театр репертуарынан түскен жоқ. Басқа да көптеген театрларда сахналанды.
Міне, осы пьеса арада тура қырық жыл өткенде Астанадағы ең үлкен театрда қайтадан сахнаға шықпақшы. Енді соның премьерасына баруым керек. Бірақ барғанда не болады? Баяғыда жазғанымды бүгінгі халық қалай қабылдайды? Әрине, тарихи шығарма болса бір сәрі, оны кез келген уақытта сол қалпында қайталап көрсете беруге мүмкіндік бар. Ал менің жазғаным- заманауи дүние. Яғни мұндай пьесада көтерілетін мәселе, айтылатын әңгіме әрқашан да бүгінгі күнге сәйкес болуы керек. Бұдан қырық жыл бұрын жазылған дүние бұл талапқа жауап бере ала ма? Баяғыда айтылғандарды қазіргі көрермен қалай қабылдайды; әсіресе жастар не ойлайды? «Мына ақсақал не болса соны жазыпты», – деп күліп жүрмей ме? Мұның бәрі мені кәдімгідей ойландырды. Тіпті көңілімді әжептәуір қорқыныш пен күдік биледі. Жаңа премьераға барудан қашқақтауымның екінші себебі осы еді.
Дегенмен театр арнайы шақырып отырған соң бармай қалу тағы ыңғайсыз. Сөйтіп біраз ойланып, ақырында тәуекел деп жолға шықтым.
Енді қарап отырсам, барғаным өте дұрыс болыпты. Екі күндегі премьерада да халық театрда лық толды. Отыратын артық орын, сатылатын билет жоқ. Ең бастысы, көрермен халықтың ынта-ықыласы мен ризашылығы қуандырды. Бәрі де сахнадағы көріністерді өмірде болып жатқан шынайы оқиғадай соншама сеніп, көңілдері толқып көріп, тыңдады.
Бұл жетістік – ең алдымен спектакльді қойған режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазиннің ерекше еңбегі. Режиссер пьесаның артық-кемін жөндеп, бүгінгі заманға сай бейімдеп сахналаған. Мысалы, пьесада бұрын Ұлы Отан соғысына қатысты әңгімелер айтылатын. Ал оны бүгінгі күн тақырыбындағы пьесаға қосу қисынға келмейді. Дәурен Серғазин режиссер ретінде бұл олқылықтарды реттеп, қазіргі заманға бейімдеп, жетілдіріпті. Соның нәтижесінде спектакльдегі айтылатын әңгімелер бұдан қырық жыл бұрын емес, дәл қазіргі заманда айтылып жатқандай әсерлі шығыпты.
Сондай-ақ спектакльдегі рөлдерді орындаған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, Бегімнұр Қалила, Әбілмансұр Серіков, Арай Омарова, Олжас Жақыпбек, Жанат Оспанов пен қоюшы суретші Қанат Мақсұтов және спектакльды дайындауға қатысқан таеатрдың басқа да қызметкерлерінің бәріне айтар алғысым шексіз.
Міне, солардың еңбегінің нәтижесінде мен осыдан қырық жыл бұрыңғы жастық шағыма жадырап-жайнап, қайта бір барып қайтқандай болдым. Ең бастысы, спектакльдің сәтті өтуінің нәтижесінде мен өзімнің драматургиядағы 40 жылғы еңбегімді қорытындылап, шынайы мереке ретінде атап өткендей әсерге бөлендім.
Сөзімнің соңында бір мәселеге тоқтала кеткім келеді. Астанадаға театрда болған екі күн ішінде қазіргі көрермендердің талғам-талабы барынша өсіп, сахна өнеріне деген ынта-ықыластарының арта түскенін анық байқадым. Өйткені театрдағы бұған дейінгі премьералар да осындай жоғары деңгейде аншлагпен өткен екен. Көрермендердің осы талғам-талабына сай тартымды да көркем қойылым дайындай білетін режиссерлар мен актерлар қатары да толыса түскен. Ендігі мәселе – драматургтерге тіреліп тұр. Соңғы уақытта сапасыз пьесалардың сахналануы көбейіп, халық театрдан безіне бастағандай еді. Енді осы кемшілік қайталанбауы тиіс.
Яғни, қазіргі драматургтер, әсіресе бұл жанрға жаңадан келген жастар көрермендердің биік талғамын қанағаттандырып, режиссерлар мен актерлар шеберлігін жарқырата көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа, жақсы пьесаларды көбейтуге күш салуы керек. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясындағы кинотеледраматургия мамандығының курс жетекшісі ретінде менің өзім де осындай дарынды жас драматургтерді дайындауға шамам жеткенше үлес қоссам деймін. Және ондай дарынды шәкірттерім қазірдің өзінде баршылық. Ендігі жерде солардың да шығармалары театрларда сахналанып, көрермендердің құрметі мен ризашылығына бөлене берсе екен деп армандаймын.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір