Шығарма және аударма
(Жазушы Ш.Мұртаза аудармасындағы Ш.Айтматовтың
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі)
Әлем әдебиетінің жақсы үлгілерін бойына сіңірген, жазу шеберлігі жоғары, тақырыптық-идеялық мән-мазмұны жағынан адамдықтың құнды қасиеттерін асқақ жырлайтын Шыңғыс Айтматов шығармаларының көркемдік бәсін жоғалтпай қазақ оқырмандарына жеткізуде жазушы Шерхан Мұртазаның аудармашылық еңбегінің орны ерекше. Ойымызды автордың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінің қазақ тіліне аударылуы негізінде өрбітелік.
Повестің оқырманға байқалатын бірінші әсері – бейтаныс өлкенің, ондағы сібірлік нивх тайпасы тұрмыс-тіршілігінің, дүниетанымы мен салт-дәстүрінің көркем суреттелуі. Автор жергілікті халықтың аңыз-әпсанасын, теңізбен байланысты аңшылық жорығын, оған қатысты ескі түсінік-сенімін, өмір сүруге құштар қажыр-қайраты мен философиясын бірде Орган қарттың терең толғанысымен, бірде Кириск баланың қиял-ғажайыпқа сенгіш таза да аңғал көңілімен береді. Шығармада онша көп сөйлемесе де, ішкі қайратымен, мықтылығымен көрінетін баланың әкесі Эмрайин, ағасы Мылгун да мінез-бітімі тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер болғанмен, сібірлік нивх халқы туралы оқырман түсінігін толықтыра түсетін, өзіндік көркемдік жүк арқалаған айқын образдар.
Образдардың ішкі толғанысымен, қажыр-қайратымен және мінез-бітімімен терең ашылуы үшін шығармаға өзек боларлық күшті тартыстың қажет екені белгілі. Автор мұны халықтың тұрмыс-тіршілігіне, күн көрісіне тікелей қатысты аңшы кейіпкерлердің аңшылық жорығымен байланыстырады. Жорықта үлкен символдық мән де бар. Ол – Кириск баланың теңіз сапарына алғашқы шығуы. Ал бірінші сапар балаға да, оның әулетіне де үлкен жауаптылық жүктейді. Адам болып өмірге бірінші қадам басуы, ержетіп азамат болуының шарты, балалықпен қоштасуы – бұл әке Эмрайин, бала Кириск үшін ғана емес, бүкіл Балық-әйел әулетінен тараған ұрпақ үшін айрықша сын еді. Бұл сынға қарт балықшы Органның да, ағасы Мылгунның да қатысы бар. Бала Кириск теңіз қаупіне, қорқынышына төтеп бере алар ма екен, аңшылықтағы қадамы құтты ма, ең бастысы өздерінің тіршілігін жалғастырар батыл да мықты, ерік-жігері шыңдалған ұрпақ өсіп келе ме, жоқ па – бұл қайықтағыларды ғана емес, ауылда қалған анасын да, қарындасын да, баланың көңілінде орныққан Музлук қызды да толғантатын сапар еді.
Жазушы кейіпкерлердің толайым сипатын жан-жақты бейнелеуі үшін осы қатерлі сапарды алады. Әрине, оқиғаның басталуы жарқын суретке толы. Әсіресе, бала Кирискінің теңізге шығуы оны айрықша қуанышқа бөлейді. «Тағы бір түн ұйыған шақ. Теңізге аттанар қарсаңдағы түн. Бұл түні ол ұйықтаған жоқ. Ғұмырында тұңғыш рет ұйықтамады, ғұмырында тұңғыш рет ұйқысы қашты. Тезірек таң атып, тезірек теңізге тартар мезгілді аңсады. Нерпа терісінің үстінде ол сонда теңіз соққысынан жердің болар-болмас діріл қаққанын, қойнауда толқындардың арсылдап, сілесі қата тынымсыз жұлқынғанын сезіп жатты. Түн сырына құлақ түрген бала осылайша ұйқы көрмеді…». Өйткені, бұл оның өміріндегі ең қуанышты, бақытты күні саналатын. Ертеңіне теңіздің ұшанына бет алғанда да, көп уақытқа дейін көзден таса болмайтын, алыстан қарағанда теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетке ұқсайтын алып жартасқа да бала қиялымен, асқақ сезіммен қызыға да ұзақ қарайды. Шеті, шегі жоқ теңіз де бар жұмбақ сырымен алға тартып,бала жанын үйіреді.
Шығарманың бұл тұстарын әрлендіруде автор лувр үйрек пен Орган қарттың көңілімен өрілетін Балық-әйел туралы аңыздарды сәтімен өрбіткен. Лувр үйрек туралы аңызда символдық мән бар. Жұмыртқалағысы келген лувр үйректің шалқыған шетсіз, шексіз мұхиттан алақандай жер таппай, ақыры төсінің жүнін жұлып ұя салған екен дейді. Сол лувр үйректің төс жүнінен жасалған кішкентай ұядан бірте-бірте жер пайда бола бастаған. Әлбетте жердің пайда болуы жөнінде әр халықта түрлі аңыздардың болуы мүмкін. Ал нивх тайпасының бүкіл тіршілігі көз жетпес ұшан теңізбен тікелей байланысты болғандықтан, олардың аңызында астан-кестеңі шығып, алып толқындары аспанға атылып жататын мұхитпен қатысты болуы заңдылық еді.
Орган қарттың көңілінің тереңінде жататын мәңгілік сағыныш сазы – Балық-ана туралы аңыз да – тек қарттың жан дүниесінің асыл қазынасы емес, халықтық дүниетанымның ғажайып көрінісі. Олар да өздерінің жаратылуын теңізбен, Балық-анамен байланыстырған, шығу тегіміз бір, тамырласпыз деп ұққан. Осы аңыздардың біресе Кириск баланың көңілімен, біресе Орган қарттың жан толқынысымен өрілуі шығармаға әдемі өң, шырай берген.
Жалпы, Ш.Айтматов шығармашылығындағы үлкен бір өзіндік ерекшелік – халықтық аңыз желілерін ұтымды пайдалана білуі. Бұл аңыздық желілер туындыда суреттеліп отырған халықтың тарихынан, дүниетанымынан, тіршілік-кәсібінен, табиғи ортасынан бір жағынан оқырманына мол хабар беретін болса, сонымен қатар шығарма идеясының әсерлі жетуі мен ашылуына көркемдік қызмет жасайды.
Біздің байқағанымызда, Ш.Айтматов туындыларында ірі характерлердің шайқасы ірі тартыстарды талап етеді. Осы сипат «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінен де көрінген. Кейіпкерлер ұзақ теңізде жүзіп, «Кіші аралға» жетіп, Кириск баланың бірінші аңшылығынан соң, «Орта аралға» бет алғанда, аяқ астынан қалың тұман түсіп, алып толқындар көтеріліп, қайықшылар өз бағытынан адасады. Қайықшылар басындағы қиындық осылай басталады.
Аяқасты табиғаттың дүлейімен кезігіп, онымен адамның, жанкешті арпалысуы, сол соқтығыс үстінде кейіпкерлердің түрлі мінез-қырларымен ашылып жатуы – әлем әдебиетінде біршама мол кездесетін мотив. Қазақ әдебиетінде де бұл сюжеттік сарын молынан ұшырасады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайдың қысқы боранда адасып, Тоғжан ауылынан шығуынан бастап,
ХХ ғасырдың 60 жылдары жазылған жазушы Тахауи Ахтановтың «Боран» романының бүкіл сюжеттік желісі ақ дүлеймен – табиғат сұрапылымен арпалысқа құрылған. ХХ ғасырдың соңында аяқталып, оқырманға жол тартқан жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романында да ашық теңізде сең үстінде ыққан кейіпкерлер арпалысының суреттелуі шығарманың идеялық-көркемдік жүгін еселеп көтеріп тұр. Әрине, Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесіндегі табиғат дүлейімен арпалыс пен өзге шығармалардағы табиғат дүлейі мен арпалыстың суреттелуінде осындай ортақ мотив сырттай байқалғанмен, әр шығармадағы кейіпкерлердің тағдыры мен көркемдік шешім бірін-бірі қайталамайды. Әр шығарманың идеялық-философиялық түйіні де басқаша болып келеді.
Повесте осы ретте алдымен жойқын дауылға тап болып, алып толқындармен жанкешті арпалысқан қайықтағы аңшылардың халі бірте-бірте күрделене береді: жойқын дауылдың соңы көзге түртсе көргісіз қалың тұманға ұласады. Аңшылар бағыттан жаңылады. Албастыдай басқан қалың тұман бірнеше күн мен түн айықпастан тұмшалап тұрып алған. Алдындағы жойқын дауылда су құйыла бастаған қайықтың батып кетуінен қорыққан қайықшылар бар затты теңізге атқан. Енді, міне, қалың тұманда аштық пен шөл оларды екі жақтан қысымға алады. Жазушы қатерлі сәттегі кейіпкерлерінің психологиясын өте әсерлі және шынайы суреттейді. Орган қарт қатерді алдын ала сезіп, іштей өз-өзімен болып, кейде өткен ғұмырын ойша саралап, мына пәни жалғандағы бес күндік баянсыз ғұмыр туралы терең толғанысты ой кешсе, аштық пен шөлдің азабына шыдамаған Мылгунның бүткіл психологиясы сыртқы іс-әрекетімен, елірген айқайымен беріледі. Эмрайин әкенің де жан азабы күшті. Әке мен бала қауіптің бел ортасында ажалмен бетпе-бет келіп отыр. Өзі өлгеннен кейінгі белгісіз бала тағдыры оны қатты қиналтады.
Автор кейіпкерлерін осындай сұрапыл өмір талқысына әкеліп тірейді. Кеспектің түбіндегі борсыған су да азайып барады. Су – өмір! Алдымен аштық пен шөлден әбден қалжыраған Орган қарт есінен алжаспай тұрғанда, қараңғы түнде өзін суға атады. Одан соң аштық пен шөлге шыдамаған, аласұрып жанталасқан Мылгун өзін суға ағызады. Орган қарт өзін өлімге байларда тағдырдың салғанына көнбістік танытып, өзінің өлімі өзгелерді аман сақтап қалудың жолы екенін жан дүниесімен терең түсінсе, Мылгунның бұл дүниемен қоштасуы, өзін-өзі өлімге байлауы аса ауыр жағдайда өтеді. Ал амалсыз өзін өлімге байлауы тиісті екенін терең сезінген Эмрайин әкенің толғанысы мүлде бөлек. Ол өзінен бұрын қасындағы баласының келешек жайын, тағдырын ойлайды. Аса қиын азапты басынан өткереді. Өздерін теңізден жаралғанбыз деп түйсінетін олар денелерін теңізге атуға бейіл болса, Эмрайинның соңғы тілек-өтініші баланың өзін-өзі теңізге атпауына тіреледі. Әлдебір үміт пен күдік жанын қинайды.
Бұл кездегі баланың халі, жан дүниесі мен тілек-өтініші өзгеше суреттелген. Тек жалбарынысқа толы көк тышқан туралы аңыз қалжыраған жан дүниесін билеп алған. «Көк тышқан-ау, бізге су бер! Көк тышқан-ау, бізге су бер!» деп жалбарынады. Ақырғы тілегі Тәңірінің құлағына шалынса деп қайта-қайта айтады. Оның үлкендерді бірінен соң бірін жоғалтуы да жанына ауыр тиеді.
Автор оқырманын осындай қиын психологиялық сәтпен шегендеп алады. Оқырман демін ішінен алып, қалтыранып-дірілдеп отырып оқитыны сөзсіз. Повестің эмоциялық-эстетикалық әсері бұл тұста жақсы берілген. Бұл пәнидегі адам мына жалғанның опасыздығына ойланады. Таусылмастай көрінген қызылды-жасылды дүние бір сәтте бір дәннің қауызына сыйып, көзден мәңгілікке бұлбұл ұшуы мүмкін… Мүмкін емес-ау, рас. Кім-кімде… Қай пенде болмасын… Дүниені жалпағынан басқан бай да, қатардағы пенде де. Қатыгез адам да, данышпан да… Сондай заманақырда пендеге тиянақ болатын бір ой бола ма? Өлер алдында да өз ертегі-аңызынан мәңгілікке айырылып қалғысы келмеген, бәлкім, Орган қарт бақытты болар? Бұл түйіннің шешуі оңай емес. Бұл түйін повесте де шешілмей, сол күрделі қалпында қалады.
Повестегі мәңгілік идея – ұрпақ жалғастығы. Қандай қиындықта болсын, Кириск баланың ғайыптан-ғайып аман қалуында өмірлік символдық мән бар. Өлер алдында Кириск баланың бойындағы аңшылыққа тән барлық қасиетті, төзімділікті Орган қарт таныған. Егер де ол осы кесапаттан аман қалса, оның түптің түбінде мықты аңшы болатынына сенген. Ал мықты аңшы болып жорыққа шығатын болса, өздерінің рухы әрдайым осы баламен бірге жасайтынына Орган қарт сенген.
Повестің күрделі идеялық түйіні мен сауалы да осында деп білеміз.
Шығарманың қазақ оқырмандарына ішкі қуатымен, көркем әуезімен жетуінде жазушы Шерхан Мұртазаның тамаша аудармашылық шеберлігі мен жазушылық дарыны қоса қабат қызмет жасаған. Қазақ тілінің ішкі әуезін, тіл байлығы мен сұлулығын терең сезінген Ш.Мұртаза Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесін қазақ тіліне жатық, көркем аударуының белгісі сол – қазақ оқырмандары бұл шығарманы аударма деп емес, өз тілінде жазылған көркем туынды деп қабылдайды.
Повестің көркем де жеңіл оқылуы, ішкі ырғағы мен кей тұстарда өрістеп кететін романтикалық әуен-сазы жақсы сақталған.
«Бір заманда бәрі де басқаша болатын. Сонау ықылым заманда Лувр үйрек болмаса, дүние мүлде өзгеше жаратылуы мүмкін екені: құрлық пен теңіз арпалыспауы, бір-біріне қарсыласпауы мүмкін екені қазір ешкімнің қаперіне де кіріп шықпайды. Әу баста, дүние-әлемнің бозала таңында табиғатта құрлық атаулы тұрмақ, титтей тозаң да жоқ еді ғой. Дүние түгел топан су еді, тек қана су еді. Су болса шыңырау оппа түнектен, түпсіз терең иірімде өзінен-өзі пайда болды да, толқынды толқын қуалап, аяғы жоқ, басы жоқ, шегі менен шеті жоқ, күншығысы жоқ, құбыласы жоқ кеуек әлемнің жан-жағына су жайылып кете барды.
Осы күнге дейін біздің төбемізден топ-тобымен ұшып жүретін жалпақ тұмсық, қырқылдақ сұр үйрек, иә-иә, кәдімгі сұр үйрек, Лувр үйрек, сол бір заманда жападан-жалғыз екен де, тіпті жұмыртқа салатын мекен таппай сандалған екен. Күллі әлемде судан басқа, жұмыртқа салар бір тал шыбық та болмапты ғой».
Бұл, ең алдымен, Ш. Айтматовтың жазу мәнері, бірақ сол мәнердің ырғағын бұзбай, көркемдігін сақтап қазақ оқырмандарына әдемі жеткізуші Ш.Мұртаза қаламының құдіреті деп білеміз. Сөйлемдегі дыбыс үндестіктері мен қайталаулар, сөздің үйлесімін тауып орынды пайдалану, бір сөзге байланып қалмай синонимдік қолданыстар еркіндігі – аудармаға көрік берген. Бұл тұста біз орыс тіліндегі мәтін мен қазақ тіліндегі мәтінді салыстыруды міндетімізге алып отырған жоқпыз. Бірақ осы шағын аударманың өзінде «дүние-әлемнің бозала таңында», «титтей тозаң», «оппа түнек» тәрізді тың қолданыстар кездеседі.
Шығармадағы:
Қайда жүзіп жүрсің сен,
Балық-әйел?
Сенің ыстық құрсағыңда –
тіршілік.
Сенің ыстық құрсағыңнан
біз тудық,
Сенің ыстық құрсағыңдай
жаннат жоқ.
Қайда жүзіп жүрсің сен,
Балық-әйел?
Аппақ мамаң нерпа
балық басындай,
Ақ мамаңның сүтін
емдім жасымда.
Ең ержүрек еркек
саған жетер-ау,
Құрсағыңа ұрық
сеуіп кетер-ау.
Жер бетінде
ұрпақтарың көбейер,
Қайда жүзіп жүрсің сен,
Балық-әйел? –
деп келетін халықтық таным мен рухтың көркем жеткізілуінде селкеулік жоқ. Тағы да орыс тіліндегі мәтінмен салыстырып өтуге болар еді, біз оны міндетімізге алып отырған жоқпыз. Бірақ шығарманың бүкіл мазмұнымен тікелей сабақтасып жататын осы өлең жолдарындағы өр рух пен қайсарлық, әлдебір құдірет күшке сену еш алғаусыз қазақ оқырмандарына жетіп, сөйтіп, олардың да жан дүниесін сілкіп-сілкіп өтетін көркемдікті иеленген. Оны халық аударма деп қабылдамайды, ескі заманнан келе жатқан бағзы халық жыры деп сезінеді.
Мұның бәрі айтар ауызға жеңіл болғанмен, аудармашы шеберлігінің көрінісі, өте қиындықпен атқарылатын, кез келгеннің қолынан келмейтін шығармашалық деп білеміз.
Көркемдік бәсі жоғары жеке сөйлемдердегі сөз қолданыстарына назар аударып көрейік: «Тағы бір түн өтіп, тағы бір күн толғатып келеді», «Жағаға лақтырылған қаңғыбас мұздар сиықсыз, дәрменсіз күйге түседі», «Толқындар бір деңгейде, бір ырғақта шалқиды. Мұндай бір мінез толқында жылдам жүзесің», «Рульге бас білгі қайық тұмсық толқынға да, қаптал толқынға да сыр бермей, нық сырғиды», «Сен мен соққан қайықтардың ішіндегі ең еренісің», «Жағадан алыстай берген сайын әлгі жартас жанашыр жолдасыңдай, қия алмай ұзақ қарайды да, айдын судың енді бір бұлымында бұлаң етіп көзден тасаланады», «Қараса – болмай кеткен сұлу: денесі күмістей аппақ, айлы түнде су түбінде жатқан малта тастай жалт-жұлт етеді, кеудесінде қос алмасы серіппелі доптай дір-дір етеді, жасыл түсті жанарынан ұшқын шашырайды», «Иә, бұл қуанышы мен мұңы аралас, жанға жазылмас жара салып, жүрек сыздатып, жиі келетін жансерік түс еді», «Жансыз аяғын сүйретіп, төрт тағандап еңбектеп, оппа секілді опасыз құмда қайраңдап, Балық-әйелге жеткенше арада мың жыл өткен шығар», «Ал, қайық болса сол бұрынғысынша толқындарды сүзгілеп, қаздақ қағып барады», «Қайықты қайта бұрып, кері жүзу қауіпті болса да, ескекшілер қарттың бұйрығына тақ тұрды», «Аңнан соңғы рәсім – жып-жылы шикі жігерді пышақ үстінен үлесіп жеу рәсімі басталды», «Содан кейін ескекшілерге дәсірі шөміштен су берілді», «Орган қарт – түп туғаннан ылғи да осындай, жұтқыншағы шодырайған, ұзын мойын, ағаштың безді тамырындай ұзын қолы бар, ұдайы жасаурап тұратын ақылды көздері бар қарт болған сияқты», «Көздерің де әкеңдікі секілді еменнің жаңғағындай қоп-қоңыр, алдындағы екі күрек тісің де аздап сойдақтау, тура әкеңдікіндей», «Эмрайиннің інісі деп кім айтады: сақалы жоқ көсе. Әр жерде бір қылшық бар, морждың мұрты құсап тікірейіп тұрады», «Ішінде Эмрайин да бар, бірнеше кісі оны қолын артына қайырып байлап тастамақшы болып еді, аюдай күшті екен, бой берер емес», «Тұман түсіп, дүн-дүние аппақ сүт дариясына шомылып, мүлгіп тұрғандай», «Шөл қысып, шөл өртеп бара жатқанда, тұманның түрілуін күту жүз есе ақикөз азапқа айналды», «Мына ындыны кепкен сусамырлар дәл қазір кеспек түбіндегі бір тамшы суды ғана емес, бір көлдің суын бір-ақ ішіп қойғысы келіп обынып отыр», «Десе де, ол әзірше дәтке қуат беріп, түрегеп тұрып қурайтын бәйтеректей, міз бақпайды-ау», «Қияда жалғыз отырған қыран тәрізді бұл отырысы», «Орган ақсақалдың соры қалың, созалаң соңғы күні осылайша тәмәт-тәмам бола берді», «Ақ кебіндей қымтаған қалың тұман әлі қамалып тұр», «Ендігі тұман теңіз үстінде безіп жүрген қияли-құбыжықтар сияқты» деп келетін сөйлемдердегі ерекшелеген сөздер шығарма табиғатына сай тың қолданысымен де, соны бейнелігімен де, көркемдігімен де образды күшейтуге, не жағдайды нақтылауға қызмет атқарып тұрғанын байқаймыз. Сол секілді, теңіз үстіндегі табиғи құбылыстарға байланысты сөздерді іріктеп алып, өзара салыстыра қарайтын болсақ, жазушының, соған сәйкес аудармашының қиял өрісінің кеңдігіне, сөз байлығына таң қалғандай боласың. Шығармада молынан кездесетін еспе қайталаулар, қаратпа сөздер, дыбыс үндестігі, параллелизмдер, өзге де фигуралардың түрлері повестің көркемдігін күшейте түскен.
Түйіндей айтқанда, жазушы Ш.Мұртазаның Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесін қазақ тіліне аударуы жатық та әсерлі шыққан. Ұзақ құрылымды орыс тілі сөйлемдерінің өзін қазақ тілінің сөйлем құрылымына ыңғайлы, келісті келтірген. Шығарма кібіртіксіз, еркін оқылады. Автор құдды өз шығармасын қазақ тілінде жазғандай. Бұл – жазушы Ш.Мұртазаның аударма өнеріндегі қалыптасқан жоғары шеберлігінің көрінісі деп білеміз.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының докторы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ профессоры.