Аударма саласы өркендеп келеді
Көркем аударма қазақ оқырманына өзге тілдегі қаламгерлердің туындыларын ана тілімізде оқуына жол ашады. Оқырман бұрын әлемнің үздік шығармаларын өзге тілден қиналып оқып келсе, енді қазақ тіліне аударылып, әдемі кітап болып басылған нұсқасын оқуға мүмкіндік бар. Бұл үрдіс жылдан-жылға жақсарып, оқитын кітаптар да көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Кітап дүкеніне бара қалсақ, көркем аударма кітаптарының әсем мұқабасы өзіне тартып, баурап алады. Бірақ көркем аударма кітаптарын шығару бар да, аударатын, оқырманға ұсынатын дүниені таңдап, іріктеу бар. Осы ретте аударылып шығып жатқан кітаптың барлығы керемет сатылып, оқырманға өтіп жатыр деп айта алмаймыз. Қазақ қоғамының сұранысына сай, оқылатын, өтетін кітаптарды сұрыптап, ерекше талғаммен шығарғанымызда ғана біз – қаламгерлер, баспагерлер, жеңіске жетеміз.
Әр көркем туынды – сол әдебиеттің өкілі, айнасы. Біз көркем шығарманы аударғанда талантсыз, қалталы пысықайлардың туындысымағын, халтурасын емес, ең үздік шығарманы таңдауымыз керек. Өкінішке қарай, нағыз лайықты туындылар аударылмай, оның орнына жай, ортаңқол шығармалар аударылып, керемет мұқабамен жарыққа шығып жатқанын көріп құлазисың. Ондай кітаптар өтпей, сөреде өз кезегін күтіп, шаң басып тұрады. Шыққан соң үздік кітаптар шықса, олар сөреде тұрмай, сатылып, өз оқырманын тапса дейміз.
Төменде мен тоқталайын деп тұрған кітаптардың барлығы шетінен үздіктер қатарында. Кітаптың мазмұнына да, аударма сапасына да риза боласың. Қош, сонымен әрқайсысына кезек-кезек тоқталайық.
Танымал неміс жазушысы Эрих Мария Ремарктің «Салтанат қақпасы» романын Әбубәкір Смайылов аударыпты («Фолиант» баспасы). 535 беттік роман 1000 данамен жарық көрген. Романның оқиғасы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Парижде өрбиді. Басты кейіпкер – француздардан да, нацистерден де бой тасалап, адам өмірін құтқарып жүрген дәрігер-хирург, құжаты жоқ неміс босқыны. Екінші кейіпкер – көркіне көз тоятын, ел-жұрттың бәрі ынтық италиялық актриса. Романда ғашықтар табысқан кезеңдегі уақыт бедері, төніп қалған қасіреттің ызғарын сезінген қаланың тыныс-тіршілігі, тағдырлас адамдар бейнесі шынайы суреттеледі. Бұл – ешбір қиындыққа мойымаған, әрі азап шеккізген әрі шексіз қуаныш сыйлаған махаббат хикаясы.
«Ол әлі терезеге көз салып тұр. Кез келген «кейіннен» кейінгі осынау біртүрлі құлазу сезімі. Жиналған төсек енді ештеңені еске салмайды. Өткен күнді жемтігіндей талап тастаған шибөрі секілді жаңа күн. Қараңғылықта ертегідегідей қанат жайған түнгі елестер енді тағы да қиянның қиянында қалыпты, желбіреген желектей артта адыра қалған сәттердің үстіндегі сағымдай… (132-бет). Міне, осындай сөйлемдер аудармашының романды шебер аударғанын, кітаптың тілі жатық екенін аңғартады.
Аудармашы Әбубәкір Смайылов аударған тағы бір кітап – ағылшын жазушысы Джейн Остиннің «Асқақтық пен адасу» романы («Фолиант» баспасы). Бұл кітап – ағылшын әдебиетінің жауһары саналатын туынды екені әмбеге аян. Алғаш рет 1813 жылы жарық көрген роман көпшілікке танылып үлгермеген Джейн Остиннің есімін ең танымал жазушылар қатарына қосты. Басты кейіпкерлер Элизабет Беннет пен Дарси мырзаның романтикалық махаббат хикаясына құрылған шығармада автор XIX ғасырдың басындағы ағылшын қоғамының тұрмысы мен әдет-ғұрпын астарлы ирониямен баяндайды. Бойжеткен бес қыз тәрбиелеп отырған қарапайым Беннеттер отбасының күнделікті тыныс-тіршілігі арқылы күллі ағылшын қоғамындағы оқиғалар көрініс тауып, әлеуметтік таптардың қарым-қатынасы сипатталады. Ақсүйектер мен төменгі тап өкілдерінің арасындағы кереғар қайшылықтың өзі махаббаттың алдында дәрменсіз екенін байқатады.
Роман: «Дәулетті жас жігіттің өзіне жар іздеуге міндетті екені әмбеге аян. Оның ниет-пиғылы, дүниетанымы айналасындағыларға беймәлім болса да, маңыздысы ол емес, бастысы – қаражаты бар, басы бос. Егер мұндай жігіт жаңа мекенге қоныстанса, бірден жақын маңдағы қожалық иелерінің назарын аударары хақ», – деп басталып, оқырманды бірден өзіне баурап, тартып әкетеді. (7-бет). Аударманың сапасы жоғары, сөйлемдер түсінікті, еш қиналмай, кібіртіктемей, бірден зулатып оқи жөнелесің.
Қолыма түскен кітаптардың тағы бірі америкалық жазушы Маргарет Митчелдің «Жел өтіндегі тағдырлар» романының 2-томы («Фолиант» баспасы). Кітапты қазақ тіліне аударған – Ақтөбедегі қаламдас-әріптесіміз Гүлімай Әбішқызы. Әлеуметтік өткір мәселелерді айшықты бейнелейтін әсерлі туындыны аудармашы шебер аударып шыққан. Шығарма АҚШ тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірі – Азаматтық соғыс пен қайта құру жылдарын қамтиды. Романда оңтүстіктің сұлу да батыл бикеші Скарлетт О`Хараның соғыста жақындарынан айырылуы, жауапсыз махаббат пен қоғам таңып берген түсініктерге қарсы жанкешті тағдыры баяндалады.
Романның 2-томы 700 беттен тұрады екен. Гүлімай Әбішқызының кітапты ерекше ұқыптылықпен, жауапкершілікпен аударғаны білінеді. Роман алғашқы бетінен-ақ қызықтырып, керемет әлемге сүңгітіп жібереді.
2023 жылы жарық көрген көркем аударма кітаптарының ішіндегі ауқымдысы – Дүкен Мәсімханұлының «Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» деп аталатын 5 томдығы («Литера – М» баспасы).
Бірінші томда Қытайдың атақты қаламгері Лу Шүннің таңдаулы әңгіме-хикаяттары бар. «Тілеу» деген әңгіме баяу баяндаудан басталып, өмірдің боямасыз шындығын суреттейді. «Мен сасып қалдым, оның қадалып тұрған көзін көргенде жон арқамнан қанжар қадалғандай қиналдым. Мектепте оқып жүргенде аяқ астынан емтихан алып, қырсыққанда мұғалім тура қасыңда тұрып алатын сәттер болатын, мына жағдай дәл соны еске түсірді», – деп автордың Сяң Линь жеңгейді көргенін суреттеуі қызықты. (197-бет).
Екінші томға да Лу Шүннің шығармалары енген.Үшінші томға Қытайдың классик жазушысы Ба Цзиньннің «Әулет» романы еніпті. Бұл роман «XX ғасырдағы Қытайдың ең үздік 100 романынан» сегізінші орын алған екен. Ал төртінші томда XX ғасырда өмір сүрген қытайдың көрнекті жазушысы Мао Дуннің «Түн» романы бар. Бұл – жазушының әлемге кең таралған әйгілі шығармасының бірі екен. Бесінші томға Дүкен Мәсімханұлының Қытайдың атақты ақын-жазушыларынан аударған аудармалары кіріпті. Ішінде Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның «Моншада», «Қызыл төсек», «Апамның асыл пышағы», «Ғажайып кездесу», «Түстен кейінгі Бейжің күзі» сияқты әңгімелері мен эсселері бар.
Бұл 5 томдық «Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармаларын» оқып отырып, Дүкен Мәсімханұлының еңбекқорлығына, жанкештігіне таңғалдым. Бесінші том шығарманың бәрін қытай тілінен шып-шырғасын шығармай аударып, қытайдың классик қаламгерлерінің ең таңдаулы туындыларын қазақ оқырмандарына таныстыру, әр томына алғысөзі мен түсініктерін жазу – жай адамның қолынан келмейтін еңбек.
Келесі тоқталатын кітап – Болат Жандарбековтің «Сақтар» атты тарихи роман-дилогиясы («Фолиант» баспасы»). Бұл 818 беттен тұратын қалың кітапты аударған – Темірақын Жақып. Роман-дилогияның бірінші кітабы – «Томирис патшайым» деп аталса, екінші кітабы – «Шырақ батыр». Кітаптың басында-ақ оқиға мінезбен, суреттеумен басталады: «Ширақ қимылды әйел шатырға бас сұқты. Екпіні аса қатты. Түрулі шымылдық төмен сырғыған сәтте үстіндегі сауытының күміс қабыршақтары күнге шағылысып, жалт-жұлт етіп барып сөне берді. Бұрыштағы бұл өмірден бейхабар, қатты қорылға басқан Рүстемге көзі түсуі мұң екен, қабағы түнеріп кетті. Рүстем қуатты қолын екі жағына жайып жіберіп, шалқасынан түсіп жатыр. Тап бір кісі емес, кішігірім төбе тәрізді» (9-бет). Темірақын Жақыптың романды шебер аударғаны сондай, шығарма орыс тілінен аударма емес, қазақ тілінде жазылғандай, түпнұсқадан оқып отырғандай күйде боласыз. Бәрекелді! Бұл бәріміз жаппай оқитын, тамырыңды танытатын, рухыңды көтеріп, еңсеңді тіктететін кітап екен!
Андрей Рейзвих деген автордың «Дала» атты деректі хикаяты. Орыс тілінен аударған – Мереке Құлкенов пен Мырзан Кенжебай. Қостанай облысында дүниеге келген автор қазір Ресейде тұрады екен. Оқиға текті, бай әулеттің соңғы тұяғы Қаһардың қиын тағдыры жайлы. Кеңес үкіметі кезінде байдың ұрпағы болғаны үшін әкесі абақтыға жабылып, қуғын көрген Қаһар жетім балалар үйінде өседі, ержеткенде соғысқа аттанады.
Бас кейіпкерлердің бірі – Ольга болса Ресей империясы кезінде Германиядан Украинаға қоныс аударған неміс. Соғыс кезінде қазақ даласына жер аударылады. Хикаятта нәубет жылдарындағы қазақ халқының қиын жағдайы, ауру мен аштық қысқан, асыра сілтеуден күйзелген Ұлы дала суреттелген. Екі аудармашы кітапты жоғары деңгейде аударған. Сөз тіркестері мен сөйлемдер дұрыс құрылған, түсініксіз жерлері жоқ, калькадан ада. Кітаптың жас ұрпақ үшін тәлім-тәрбие, ғибраттық қыры мол.
Якут жазушысы Нина Дьячковскаяның «Жоғалғандардың жан сыры» атты хикаяты Ресейде 2023 жылы ең көп оқылған кітаптардың ондығына енеді екен. Автор хикаятты болған оқиға ізімен жазыпты. Хикаятты қазақ тіліне аударған – Саят Қамшыгер (автор). Кітап мұқабасының соңында мектеп директоры Гүлжазира Раеваның, ақын, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлының, психолог Мөлдір Тоқжанованың пікірлері жазылған. Хикаяттың тілі жатық, жеңіл оқылады.
«Адамның қадірі» атты кітапқа Шымкентте тұратын жазушы Бақтыгүл Ауданованың аудармалары жинақталыпты. Кітапқа енген аудармалар әлем балаларының өмірі мен бастан кешкендері, дүниежүзі балаларының өмір сүру салты мен тағдыры, адамның қадірі мен құны, сана болмысының түрлі құбылыстары жайлы әңгімелейді. Аудармашы Бақтыгүл Ауданова Асхад Мұхтор, Азам Обидов, Шахло Ахророваның әңгімелерін өте сауатты аударған.
Ақын, аудармашы Ержан Алаштуғанның бұл жылы ғана емес, үнемі көп жоба атқарып, аудармаға мол үлес қосқанын байқап жүрміз. Астанада өткен «Еуразия» халықаралық кітап жәрмеңкесінде, Алматыда өткен «Ұлы Жібек жолымен» кітап жәрмеңкесінде Ержан Алаштуған аударған, құрастырып, баспаға даярлаған кітаптардың тұсаукесері өткен еді. Қазір ол кітаптар қолымызда болмағандықтан тоқтала алмадық.
Ақын Бауыржан Әліқожаның «Ақ түн» атты жыр жинағына түрік ақыны Вейсел Шатыроғлыдан, әзербайжан ақыны Хусейн Жәуидтен аударған өлеңдер де еніпті. Бұл аудармалар Бауыржанның өз өлеңдеріндей жақсы оқылады.
Аударма саласының дамуына үлес қосып жүрген қаламгерлердің бірі – Дәулеткерей Кәпұлы. Якут Халық жазушысы, Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Николай Лугиновтың «Шыңғыс хан әмірімен» атты мың беттік романын тауып әкелген ол жазушы Өтен Ахметке аудартып, «Фолиант» баспасынан шығарды. Роман – қазақ оқырмандары үшін өте құнды шығарма. Аудармашы асқан шеберлікпен романды керемет аударған.
«Саха поэзиясының антологиясы» («Фолиант» баспасы) деген кітапқа классикалық саха поэзиясы мен қазіргі заманғы поэзиясы жинақталыпты. Осы антологиядағы жырлардың бәрін 30 бен 45 жас аралығындағы ақындардың буыны аударғанына сүйсіндім. Бұл жұмыстың басы-қасында да Дәулеткерей Кәпұлы мен Танагөз Толқынқызы тұр.
Әзербайжанның танымал ақыны Әкбар Қошалының «Тұранның бір түп жусаны» («Фолиант» баспасы) атты жыр жинағын да жоғарыда айтқан 30 бен 45 жас аралығындағы ақындардың буыны шебер аударып шыққан. Аудармаға өздері де араласып, үйлестіру жұмыстарын жасап, құрастырған, кітапты баспаға даярлаған Дәулеткерей Кәпұлы мен Танагөз Толқынқызының бұл жинаққа да асқан жауапкершілікпен қарағаны байқалады.
Көркем аударма саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан баспалардың ішінде «Фолиант», «Мазмұндама», «Steppe and World», «Самға», «Шығыс әдебиеті» сияқты баспалар бар. Қазақстан Жазушылар одағына «Жыл қорытындысына» арнап тапсырылған кітаптардың ішінде «Мазмұндама», «Steppe and World», «Самға» баспаларының кітаптары болмауына байланысты баяндамамда ол баспалардан шыққан аударма кітаптарына тоқтала алмадым. «Фолиант» пен «Шығыс әдебиеті» баспалары болса жарық көрген аударма кітаптарының кейбірін Жазушылар одағына тапсырыпты.
«Шығыс әдебиеті» баспасы шығарған аударма кітаптардың ішінен қытай жазушысы Шэнь Шисидің «Қасқырлар патшайымы» романын ерекше атар едім. Романды қазақ тіліне аударған – Нұрхалық Әбдірақын. Роман бір деммен оқылады, қасқырлардың тіршілігін зерттеуге өмірін арнаған автордың суреттеу, баяндауларына, көркемдік әдістеріне сүйсінесің.
Бұл баспаның көркем аударма бойынша шыққан кітаптарынан қытайдың қазіргі заманғы жазушылары Ли Пэйфудің «Өмір кітабы» романын (аударған – Бекжігіт Жантеев, Динара Самажан), Лу Яоның «Тағдыр» романын (аударған – Бекжігіт Жантеев), Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» романын (аударған – Бекжан Қатбеков) ерекше атауға болады.
Шыға бастағанына келер жылы 25 жыл болатын «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналы. 2023 жылы журналда «Өзбек әдебиеті жылы» деп жариялап, 34 өзбек қаламгерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялады. Өзбек тілінен шығармаларды Бегабат Ұзақов, Кенжеғали Қошым-Ноғай, Нұрлыбек Саматұлы, Нұрбану Камал, Гүлнұр Қыранбай, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Рашид Ошақбаев, Саят Қамшыгер, Ақсұңқар Ақынбабақызы, Қалбай Әділ, Ахмет Өмірзақ, Жәлел Қуандықұлы аударды. «Таң-Шолпан» журналы 2022 жылы жыл бойы қырғыз қаламгерлерін аударып басса, биыл Әзербайжан ақын-жазушыларын жариялап жатыр. Көркем аудармаға, туысқан халықтар әдебиетіне бірнеше жылдан бері осылай көңіл бөліп жатқан «Таң-Шолпан» журналына оқырман риза.
Міне, көркем аударма бойынша баяндамамыз да осымен тәмам. Қуанатынымыз – аударма кітаптарының жыл сайын көбірек жарық көре бастағаны. Аударма сапасы да уақыт өткен сайын жақсарып келеді.
Cаят ҚАМШЫГЕР,
ақын