25 жыл… 25 үздік шығарма
21.07.2023
267
0


7 шілде күні Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, елордалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен «Үздік жас қаламгер» байқауы өтті.
Астана қаласының 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараның шымылдығын ашқан Дәулеткерей Кәпұлы: «Еліміздің астанасы Жетісудан салқар көш болып сайын Сарыарқа төсіне ауысқанда Елордаға елдік туын көтеріп келген тұлғалар аз болған жоқ. Бір өзі бір дәуірдің жүгін арқалаған Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдімбек, Әкім Тарази, Фариза Оңғарсынова, Рымғали Нұрғали, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Нұрғожа Ораз, Кәкімбек Салықов, Қойшығара Салғараұлы сияқты ұлт зиялылары осы шаһардың рухани кемелденуіне ерен еңбек сіңіргені мәлім. Елдің бағына туған бұл алыптар шоғырын Марфуға Айтқожина, Несіпбек Айтұлы, Намазәлі Омаш, Тұрсын Жұртбай, Серік Тұрғынбеков, Өтен Ахмет, Құныпия Алпысбаев, Мәди Айымбетов секілді көрнекті қаламгерлер толықтырды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен шілденің 2-3 күндері Елордада тұратын 80 қаламгерді құттықтап, марапаттаған едік. Бұл жолы жас ақын-жазушыларды ынталандырып, шығармашылық қолдау жасаудамыз. Астана руханияттың алтын бесігіне айналсын», – дей келе, 25 жыл ішінде шаһар шын мәнінде әдеби Астанаға айналғанын атап өтті.
Ширек ғасырда еркіндік пен елдігіміздің нышанына айналып үлгерген бас қаламыз – қаламгерлердің де қасиетті ордасы. Бүгінде Жазушылар одағына мүше 160 ақын-жазушы астаналықтар қатарында.
Жас қаламгерлерге қолдау көрсетуді мақсат еткен байқауға 14-35 жас аралығындағы елордалық қалам иелерінен  100-ге жуық өтінім (шығармалар) келіп түскен. Байқау аясында үздік шығармалар жиналып, әр жүлделі 25 қатысушыға – 500 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Қорытынды марапаттау кешіне жазушы-драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, Астана қалалық әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Дәкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы және Жазушылар одағының мүшелері мен қала қонақтары қатысты.

Олжас ҚАСЫМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір