ТОСЫН ШЫҒАРМА ОҚЫРМАНСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
14.08.2023
368
0

Әр заманның өз кейіпкері бар. Адам болмысының құбылысы, мінез бен жан иірімдері медицина мамандары мен психологтардың ғана емес, қаламгер қауымның да негізгі тақырыбына айналған. «Талғам-таразы» айдарында Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Баян Дәулетханқызы өзі оқыған шығармаларды атап, әйел табиғатын өзек еткен туындыларға тоқталған екен.


Сіз не оқып жүрсіз? Бір қарағанда бұл бір тым аңғал сұрақ сияқты. Ақ бұлт­тан өз әлемін жасап алған азшылыққа арналмаса, көпке бұл сұрақ қызық емес. Көпшілікке «Күніне неше мың табасың?», «Қол астыңда неше адам жұмыс істейді?», «Таза пайдаң қанша?» немесе «Кредитіңнің нешесі қалды?» деген сұрақтарыңыз өтімді әрі өзекті болуы мүмкін. Бұл – халықты алалау, бірін екіншісінен биік қою емес, уақыт шындығы. «Жаппай кітап оқитын қоғамда өмір сүріп жатырмыз!» десем, сіздің де миығыңыздан мырс етеріңіз анық. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағынан қазір оқимын деген адамға мүмкіндік өте көп. Кітаптардың біразының электронды нұсқаларын ғаламтордан оп-оңай тауып алуға болады. Одан бөлек, түрлі телеграм каналдарында кітаптардың электронды нұсқалары толып тұр.
Қош, көпшеден жекешеге ойысалық. Өзіміз, мамандығы кітаппен тікелей байланысты біз не оқып жүрміз? Жасыратыны жоқ, қазір тек көркем шығарма ғана оқимын деп айта алмаймын. Университеттегі дәрістеріме байланысты көбіне ғылыми еңбектер оқуға тура келеді. Қазіргі заманның өтімді тақырыптары: психологияға, жеке дамуға, уақытты жоспарлау мен бала тәрбиесіне қатысты шетелдік әдебиеттерді де қадағалап отырамын. Сондай-ақ «Отбасы хрестоматиясы», «Мазмұндама» сияқты баспалардан жарық көрген жаңа кітаптарды назардан тыс қалдырмай, бүгінде сұранысы жоғары бұқаралық әдебиеттерді де парақтап, көз жүгіртемін. Себебі біз филолог маман ретінде бүгінде классикалық шығармалардан гөрі мидл әдебиеттің, яғни бұқаралық әдебиеттің неліктен сұранысқа ие екендігінің сырын білуіміз керек. Жастардың дені көркем әдебиеттен гөрі жеңіл оқылатын, санаға соншалықты салмақ салмайтын, көпшілікке арналған шығармаларды оқиды. Олар негізінен фэнтези, магиялық реализм, комикс, автофикшн сынды жаңа жанрларға әуес.
Дегенмен қазақ әдебиетінде оқырманын жалықтырмайтын, араға уақыт салып қайта оралтып отыратын дүние­лер баршылық. Мәселен, ХХ ғасыр басындағы әдебиетті айтпағанда, «жылымық» кезең өкілдері: Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, Т.Әбдік, С.Мұратбеков, Б.Нұржекеұлы,Б.Соқпақбаев, Б.Мұқай, Ш.Айтматов, О.Бөкей, Т.Нұрмағанбетов, одан бертіндегі А.Алтай, Н.Ораз, Д.Рамазан, т.б. жазушылардың барлық шығармасын, кейінгі жазылып жатқандарын да әр жылғы студенттермен бірге қайталап оқып отырамын. Әр оқыған сайын жаңа ой түйемін. Қайталап оқимын дегеннен шығады, жақында Мұхтар Мағауинның «Мен» атты мемуарлық романын тағы бір шолып шықтым. Өйткені ол жерде автор оқимын деген адам оқуға тиіс еңбектердің тізімін ұсынады. Ал бұл студенттерге де, өзімізге де өте керек. Әрі осы еңбегінде М.Мағауин «Жазу деген не?», «Жазушылыққа қандай қасиеттер керек?» деген сұраққа нақты жауап береді. Бұл да – филолог мамандар үшін құнды кеңес.


Жазушы өзі өмір сүріп отырған заманның көшіне ілесіп отыруы қажет. Тақырыбы да, идеясы да, сюжеті де тосын шығарма оқырмансыз қалмайды. Осы көктемде оқыған тың тақырыптағы шығарманың бірі – сұңғыла жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелердің өлімі» романы. Қазақ әдебиетіндегі бизнес, адам саудасы жайында жазылған сирек романдардың бірі деп ойлаймын. Әрине, «сюжеті мен жыланға қатысты аңызды кім бірінші болып пайдаланды?» деген әңгіме әлеуметтік желіде біраз талқыланған еді. Алайда роман тек шикізаттан тұрмайды, ондағы образ, тіл, мінез, кейіпкер психологиясы, тартыс, шешім, т.б. – жазушы шеберлігінің тағы бір дәлелі.
«Әркім жәрмеңкені өзінің тап­қанына қарай бағалайды» деген тәмсіл бар. Сол сияқты әр оқырман кітаптан өзін алаңдатқан мәселені тауып алады. Кітап та оқырманның дайындық деңгейіне орай қызмет етеді. «Көркем шығарма тәрбие құралы болуға міндетті емес» десек те, кей оқырман ешкімнен ала алмаған тәрбиені кітаптан алуы мүмкін. Кейбір оқырманның кітап оқу әдеті, ниеті мамандығына сай икемделіп отыратыны да – заңдылық. Мысалы, мен көркем шығарманы оқып отырып, «Мына бір тұсына студенттердің назарын аударту керек екен», «Мына эпизодқа немесе диалогқа талдау жасату керек екен» деп ойланып отырамын (оны өзім кейінірек аңғардым).

Әдебиеттің айналасында жүрген соң қазіргі жазылып жатқан прозалық, поэзиялық шығармалардан хабардар болып, оқып, бағдарламамызға енгізуге міндеттіміз. Өзім сабақ беретін Сулейман Демирель университетінде осы көктемде Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» тарихи романын студенттерге оқытып, талдатып, жазушымен кездесу жасадық. Сонымен бірге жас жазушы, драматург Әлішер Рахаттың әңгімелерін де жастарға оқытып, жазушының өзімен жүзбе-жүз пікірлесу арқылы біраз жайға қанықтық. Әлішер Рахаттың символға құрылған «Қып-қызыл перде» әңгімесі – қазіргі қоғамда бар, бірақ айтуға қорқатын немесе айтылмайтын тақырыпқа бара алуымен бағалы деп ойлаймын. «…Дудыраған шашын буып, киініп, ванна мен қолжуғыш орналасқан тар бөлмеге кіріп бара жатып, ас бөлменің ашық есігінен балконда азаматтық некедегі өзінен жеті жас кіші күйеуінің темекі шегіп тұрғанын байқады». Бір абзацтан-ақ оқырман бірнеше проблеманы бірден аңғарады. Нашар әлеуметтік жағдай, азаматтық неке, шашы дудыраған шаршаңқы әйел… Бұл әйелдің алдыңғы күйеуінен бойжетіп қалған қызы бар. «…Әйнектің бергі жағында жиналмаған төсегінің үстіне аяғын айқастырып, құлағын нау­шникпен бітеп алып, шайнаң-шайнаң етіп, шорты киген бойжеткен басқа әлемде шалқасынан жатыр». Келтірілген үзіндіден автордың кішкентай кейіпкерге деген антипатиясы сезіледі. Бойжеткеннің ерсі қылығын оқырман да бірден байқайды. Тар үй, анасының азаматтық некедегі күйеуі… Қысылған қыз жоқ, алайда ана көңілі алаң.
Әдетте қазақ «Ұлыңды өзге үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деп қыз тәрбиесіне аса мән берген. Әңгіме кейіпкері – шашы дудыраған әйел іштей бірнәрсені дұрыс жасамай жүргенін сезеді. Оның ішкі алаңын автор түс көру арқылы ұтымды жеткізген. «…Душтың есігін айқара ашқанда, қарсы алдында тұрған күйеуінен селк ете шошынып қалды. Дәл осы сәт, дәл осы көрініс қайталанған сияқтанып… Әйнектей полиэтилен шымылдықтың арғы шетінде қызының жалаңаш бұлдыр сұлбасына телмірген еркекті сыртынан көрді. Сол көріністің санасындағы ізі жоғалған секілді еді, қазір қайта жаңғырды. …түсінде аппақ пердеден сорғалап аққан қанды көрді. Ақ шымылдық қызылға малынып… Қан ағып жатыр екен дейді. Соған жүрегі ауырады екен дейді, неге екені… Қанның иісі сондай жақын, таныс…». Авторға ой аспаннан келмейді. Әңгіме астарын түсінген адамға өте қиын, өзекті мәселені көтерген.
Осы жаздың басында Қанат Тілеу­ханның «Қайтқан қыз» әңгімесі мен «Жаназа» повесін оқыдым. Автордың қазақ әйелі, қазақ қыздарының мінезіндегі өзгерістерді, құндылықтардың құбылысын шынайы суреттеуі сүйсінтті. «…Бірінші ат басын Жайнаның үйіне бұрдым. Қырыққа келіп қалған бұл әпкем тұрмыс құрмаған. Алматы маңын­дағы Шаңырақ дейтін ықшам ауданда біреу­дің ауласындағы кішігірім үйді жалға алып тұрады. ….Жасы қы­рықтан асқан Айна болса, тұрмысты кеш құрған. Барсам, қызыңқы екен. …Байқағаным, менің алдымда қазір мүлдем басқа Бәтимаш отыр. Өмірдің өзі шынықтырған Бәтимаш. Әпкем темекіні құшырлана терең сорды да әңгімесін қайта жалғап кетті». Дәстүрлі танымдағы әйел бейнесі мен әңгімедегі бүгінгі тәуел­сіз еліміздің әйел­дерінің портреті де, пайым-парасаты да бөлек. Өкініштісі, қазақ әйелдері қатты трансформацияға ұшырады…
Қазір уақыт тапқан, яки уақытын қиған адамға оқитын шығарма жетерлік. Біз бірқатарына ғана тоқталдық. Әрине, бәрін оқып, түгесу мүмкін емес. Дегенмен жай ғана өзіңнің адам екеніңді сезіну үшін кітап оқып тұрғанға не жетсін!

Баян КЕРІМБЕКОВА,
әдебиеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір