ҚАЗАҚҚА ЖАНАШЫР ШЫҒАРМА
31.07.2023
4216
1

«Алладан асқан шебер жоқ…».
Жазушы-публицист Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы осылай басталады. Сондықтан біз де мақаламызды осылай бастағанды жөн көрдік.

«Күлпет» – Шархан Қазығұлдың 2022 жылы «Mecenat.kz» әдеби байқауында топ жарған сүбелі туындысы. Кітап боп жарық көрген сәттен қолдан-қолға өтіп, оқырмандарын тосын оқиғасымен, шиеленіске толы сәттерімен, аса құнды гуманистік ойларымен қуантып, таңғалдырды. ХХІ ғасырдағы қазақ бестселлерін біз де оқыдық. Оқыдық та тұшындық. Қуандық, көзімізге жас алдық. Өткен күндердің сағымы көз алдымыздан қайта бір жүгіріп өтті. Бармақ тістерлік «әттеген-ай» да болды. Ақыры кеп ат басын, Құдай мен адамға тіредік.
Романның басты кейіпкері – алпыс жас шамасындағы Абу Райс (Әбу Райысов) деген азамат. Америка аэропортында, Қазақстанға сапар шеккелі отыр. Туған жеріне бармағалы қырық жыл. Кенет Абудың өн-бойын үрей билей жөнеледі. Атамекеніне асыққан албырт көңіл ме, жоқ әлде басқа сезім ба, белгісіз. Көз алдына өткен күндердің лентасы келеді. Әрі қарай біз Әбу Райысовтың балалық шағынан бастап, осы күнге дейінгі өміріне шолу жасаймыз. Әбудің өмірі ғана емес, оның әке-шешесі, өскен ортасы, алған тәрбиесі – бәрі-бәріне терең үңіле түсеміз .
Әбудің әкесі Ерден – кеңес адамы. Бірақ кеңес үкіметін өлердей жек көреді. Оған себеп әкесі Райысты «халық жауы» деп қуғынға салғаны. Ерден мектепті бітіріп, 1930 жылдары ұжымшар кезінде жылқы бағуға келіседі. Бірақ қанша бақса да опа таппайды. Үкіметтің малы өз малың емес, жаппай қырылады. Және оған үкіметтің қарғысы болмаса, алғысы жоқ. Итке сүйек лақтырғандай алдарқатып қояды. Ерден аса білімдар адам болмаса да, айналасында болып жатқан саяси ахуалды өте зерделі бағамдайды. Оған «коммунизм» деген ертегі барып тұрған утопия екені күн сайын түсінікті бола береді. Өзі классикалық қазақ тәрбиесінен шыққандықтан араққа жаны қас, тура сөзді, шыншыл кісі. Ақыры осы турашылдығы жақпай, Әбуді әкесінің қарсыластары Ауғандағы соғысқа жазып жібереді. Ерденнің мақсаты – еркіндікке ұмтылу. Осылайша ұрпағына жайлы өмір сыйлау. Мал бағудың дәурені өткенін ол жақсы біледі. Біледі де, енді содан құтылудың амалын қарастыра бастайды. Бар жақсылық оқу мен ғылымда екенін түсінеді. Осылайша ол парткомның берген сыйлықтарынан бас тартып, ауданға көшеді. Бірақ қаншама қазақ сол надандықтың құдығында қалып қойды, жүйенің ноқтасында кетті. Бұл – өте өзекті мәселе. Шығармадағы Ерденнің образы – сонау Кеңес құрсауынан қаншама жыл бойы босап шыққысы келген қазақтың өзі. Баласына, ұрпағына тәуелсіздік сыйлағысы келген әке арманы. Автор дәл осы кейіпкерге қазақтың нағыз ұлттық жанын, арманын, тілегін жасырады. Оның сөйлеуі, жүріс-тұрысы, баласына берген тәрбиесі – барлығы бүгінгі ұрпақтың да назарында жүруі керек құндылықтар.
Ерден – қазақ идеологиясын ашушы тұлға. «Ел болуымыз барған сайын қиындап барады. Надандықтан шыға алмай жүргенімізді мойындамасақ осы кеткеніміз кеткен. «Соқыр десе Құнанбайға тиеді». Бірімізді-біріміз ұстатып жібергеннен социалистік жарысқа түскеннен асқан надандық болушы ма еді, тәйірі?! Сиырдың бүйрегіндей бытырап бара жатқан халықтың басы енді бірікпейтін шығар» деп толғанады.
Бұл – кешегі Абайдың, Ыбырайдың, Ахметтердің толғануы. Бұл – бірлікті, қазақтықты аңсау. Бұл – бүгінгі ұлттың идеологиядан жұрдай қазақ мемлекетіне қарап айтылған дөп сөз. Шығармадағы Ерден образы отан сүйгіштігімен, әкелік қамқорлығымен, сарабдал философиялық пайымдауымен ерекшеленеді. Бұл – идеалданған кейіпкер емес, бұл болған кейіпкер. Бұл – қазақтың жоғалып бара жатқан мінез-құлқы, ірілігі. 
Ал шығармадағы Әбудің анасы, Рахияға келер болсақ, ол алдымен жар, сосын ана ретінде сәтті көрініс тапқан. Жалпы өткен ғасырда болмаса, жаңа ғасырдағы қазақ әйелінің образын жасау әлі бірде-бір романистің қолынан келген жоқ. Осы тұрғыда Шархан Қазығұл өте өнімді еңбек жасады. Сондықтан «Күлпет» романы – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ аналарына қойылған алтын ескерткіш.
Айта кетуіміз керек, шығармадағы Ра­хия мен Әселдің арасында атап айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, Рахия классикалық қазақ әйелінің образына сай келсе, Әселдің киім киісі, өзін-өзі ұстауы, сөйлеуі одан шалғай. Яғни, екеуінің арасындағы ұрпақ сабақтастығы, тәжірибенің екінші ұрпаққа өтуі, ассимиляция процессі байқалады. Осы арқылы автор бізге классикалық қазақ әйелі деген қатып қалған қағида емес, процесс екенін түсіндіреді. Ол өз кезегінде заманға бейім­деле отырып, ішкі құндылығын сақтап, жаңа ұрпақтың бойынан ең үздік көріністе табылатынын айтады. Әр нәрсенің тозы­ғы емес, озығын ал деген контексті жасырады.
Әсел – биязы, білімді, тәрбиелі, қазақша айтсақ, «шеше көрген» қыз. Әбудің ғашығы. Ол да заманына еліктеп-солықтап ұлттық дәстүр мен діннен ада өмір сүрсе болатын еді. Алайда оның алған білімі мен көрген тәрбиесі өз бастауына оны қайта әкелді. Осы тұрғыдан алғанда Әсел – бүгінгі қазақ қыздарына үлкен үлгі боларлық кейіпкер. Әсел образы – жалындағы жастық пен адал махаббаттың образы. Бұрын ерін соғыстан күткен, бүгін ерін жұмыстан күткен адал жар образы. Парасат пен пайымның шыңы. Әселдің ішкі және сыртқы конфликтері екінші кейіпкер Иринамен салыстырған тұста жақсы ашылған. Автор бір дәуірде өмір сүрген екі қызды параллель ала отырып, Еуропа әйелі мен қазақ әйелінің арасындағы айырмашылықтарды сәтті көрсетеді. Ирина – өзін жақсы көретін, эгоцентризмі басым кейіпкер. Оның бітім-болмысында адам өмірге бір-ақ рет келеді, және соны өзі үшін сүру керек деген көзқарас жатыр. Ал бастауын Шығыстан алатын қазақ қызының таным-түсінігі Құдайцентризмге негізделген. Дәл осы тұста екі мәдениеттің үлкен ара-жігі ашылады.
Біз Әселді қазақ прозасындағы Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнарындағы» Гүлшатпен, Д.Исабековтың «Қарғын» романындағы Бағиламен қатар қоя аламыз. Әрине, Әселмен салыстырғанда жоғарыда аталған кейіпкерлер – әлдеқайда европалық сентиминтализмге бейімделген кейіпкерлер. Олардың мына әлемді қабылдауынан батыстық сарынды көбірек аңғаруға болады. Әсел болса, ішкі құндылық тұр­ғы­сынан Бейімбеттің «Шұғасына» жақын. Бұл образ – қазақтың дәстүрлі қазақ әйелі об­разына, яғни Бейімбетке, Жүсіпбекке қайта оралуы деп айтсақ дөп түскен боламыз.
Әңгімеміздің ауаны салт-дәстүр мен тәрбиеге ойысып келе жатқандықтан шығарманың өн-бойында тұнып тұрған бұл детальдардан аттап өте алмаймыз. Тіпті, «Күлпет» романының 40-50 пайы­зы дәстүр мен салт-санаға негізделген секілді. Әбудің әкесі Ерденнің досы Қамшыбаймен «Деңгене» дәстүрі бойынша Еренбай қартқа марқа жеуге барғаны бір бөлек әңгіме. Бүгінде «Деңгенені» білетін қазақ бар ма? Саусақпен санарлық. Немесе Әбудің Аралдағы нағашыларынан «Қырық серкеш алу» дәстүрі. «Қырық серкешті» білетіндер аз шығар, ал оның бастауы қайдан келгенін білетіндер – тіпті, жоқтың қасы. Ағайын арасындағы алыс-беріс, қонақ күту, қонақ шығарып салу, дастарқан жаю дәстүрі – барлығы шығармада рет-ретімен баяндалған. Дәл бір тұнып тұрған энциклопедия дерсің. Осындайда өз дәстүр-санасынан қол үзіп бара жатқан бүгінгі қазаққа «Күлпетті» оқу парыз емей, немене. Көне дәстүр жұрт санасынан шықса ұрпақтың мәңгүртікке айналуы да қиын дүние емес. Қазақтың тарихы – фольклорында. Оны ғылымның қай саласында да насихаттау – әр қазақтың міндеті.
Ағылшын ғалымы Уильям Томас «Фольк­лор – Құдайдың жер туралы алғаш­қы тарихы» деген екен. Әбудің болжам­дарын оқып отырып ойға еріксіз осы сөздер оралады. Біздің жадымыз – толған аңыз. Шаңын сүртіп отыру керек. Жат елде қырық жыл қаңғырған Әбуді еліне қайтарған – осы дәстүр мен тіл. Әбу осы екеуін ұмытқанда бәлкім еліне қайта алмас па еді, кім біледі?! Романның соңындағы «бүркіт оқиғасы» сияқты оны да өз туған жері танып қабылдамаса, одан асқан трагедия бар ма?! Елінің салт-дәстүрін ұмыту – дәл сол бүркіт сияқты тұмсығанан кетіліп, қанатынан қырқылу. Бұл – үлкен метафора.
Қазіргі постмодернизм-метомодер­низм деп шулап жүргеніміз Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романында тайға таңба басқандай анық көрінеді. Оны көне сөздерінен, қазіргі проекциялық санамызды мифологиялық сарынмен астастырғысы келген қадамынан байқауға болады.
«Күлпет» романы – бәріміз, әсіресе тәуелсіздік ғасырында өмірге келген жаңа буын жастана оқуы керек кітап. Романдағы басты кейіпкер Әбу – жаңа ұрпақтың идолына айналуы керек кейіпкер. Қолы аузына енді жетіп, етек-жеңін жаңа жиған қазақ қоғамында алғашқылардың бірі боп осындай нағыз жанашыр туынды жазған автор Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы – әлемдік деңгейдегі гуманистік шығар­ма. «Күлпет» – қазақтың модерн «Реквиемі».

Жантас ЕРКІНҰЛЫ,
жазушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.02.2024 | 09:56

Жанашыр адаға эссе

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір