Тәуелсіздік және Алашорда миссиясы
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақ мемлекеттілігін аңсап өткен ғажап тұлға Әлихан Бөкейханның мерейтойларының тұспа-тұс келуі – қос мерейтойдың даңқын асырмаса, кемітпесі белгілі. Оның үстіне, алдағы жыл – Алаш үкіметінің ғасырлық тойымен келе жатқаны да көпшіліктің есінде болар. Қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында құрбан боп кеткен Алаш азаматтарының рухына тағзым ете отырып, «Қазақ әдебиеті» басылымы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетіне хабарласып, сондағы тарихшы қауымының Алаш тойы мен Әлихан тойы, Тәуелсіздік тойы туралы пікір-пайымын білгіміз келген еді. Өткен ғасыр басындағы геосаяси ахуал, сол
ахуалды талдап-таразылаған Алаш тұлғалары, олардың күресі мен ұстанымы, Алаш идеясын зерттеу мәселелері туралы пікірлердің бір парасы төмендегідей.
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры
Ұлт-азаттық күрестің жаңа формасы
XX ғасыр қазақ халқы үшін, барша қазақстандықтар үшін үміт пен күдікке, қым-қиғаш қайшылықтар мен нәтижелері аса ауыр болған әр түрлі деңгейде және әр қилы мәндегі күрестерге толы күрделі кезең болды. Ең алдымен, ғасыр барысында дүниеге келген және өзінің алдына басты ұлттық мақсаттарды – қазақ мемлекеттілігін халықтың этникалық территориясы негізінде қалпына келтіруді, реформалар жолымен өркениетті елдер қатарына қосу арқылы шын мәніндегі тәуелсіздікке қол жеткізуді қойған – Алаш қозғалысын, жеңіске жеткен Кеңес өкіметі тарих сахнасынан күштеп кетіргені туралы айту қажет.
Алаш қозғалысын өмірге әкелген, XX ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени-рухани өзгерістердің нәтижесі ұлттық-демократиялық қазақ интеллигенциясының жұрт таныған жетекшісі Әлихан Бөкейхан Алаш партиясын құрып, Алашорда үкіметін сайлағанда, тіпті өздері саяси күрес сахнасына шыққан кезден бастап, аса маңызды үш ұлттық мақсат-мүддені: отарлық кезеңде жойылып кеткен ұлттық мемлекетті XX ғасыр басындағы геосаяси жағдайда қалпына келтіруді, оның шаңырағының астына халқымыздың ата-қонысын, яғни этникалық территориясын біріктіруді, осылардың негізінде халқымызды отарлық езгіден құтқаруды өздеріне басты міндет деп белгіледі.
Әрине, Алаш қозғалысы Ресей империясының отарлы аймақтары халықтарының арасында отаршылдыққа қарсы саяси хал-ахуалды қалыптастыруда шешуші роль атқарды.
Қалай болғанда да Алаш қозғалысы халықтың рухани өміріне әсер етті, ұлттық сананы өсіріп, ұлттық рухты жандандырды.Оның маңыздылығы сонда, Кеңес империясының тарих сахнасынан кетіп, Қазақстанның егемендігінің жариялануы мен әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшесіне айналуына жол ашты.
Сондықтан гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар салаларының өкілдері мен еліміздің басқару жүйесіндегі лауазымды азаматтарды кеңінен тартып, ғасыр басындағы қазақтың реформаторлық қозғалыс өкілдерінің мұрасын жан-жақты зерттеп, олардың тәжірибесін бүгінгі өмірге ыңғайлап, пайдалануға айтарлықтай көңіл бөлу қажет.Осы мақсатта Қазақ Ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасы да айтарлықтай шаралар жүргізуде. 2016 жылдың 4 қарашасында республика көлемінде «Ә.Бөкейхан және Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері» атты ғылыми-теориялық конференция өткізілді.
Қазақстанның тұңғыш саяси үкіметі «Алашорда» автономиясының құрылғанына келер жылы 100 жыл толуына орай, бұл атаулы мерекеге дайындық әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазірден бастап жүргізілуде.Соңғы уақыттарда Алаш қозғалысының тарихы, Алашорда автономиясының құрылуы, оның Әлихан Бөкейхан бастаған жетекші қайраткерлерінің өмір жолдары мен сан-салалы қызметтері ғылыми ізденістердің басты тақырыптарына айналды. Өткенімізді ұлықтау үшін, Тарих, археология және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасында Алаштану орталығы ашылды. Әлихан Бөкейхан ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін қалаушы ғана деп тану жеткіліксіз. Ол XX ғасырдың басында қалыптасқан геосаяси жағдайда ұлт-азаттық күрестің жаңа, сапалы формасын, яғни оның саяси түрін қалыптастырып, күрестің осы түрі негізінде елімізді тәуелсіздікке жеткізудің мақсат-мүдделерін айқындап, нақтылауда қажымас қайрат көрсеткен халқымыздың саяси көсемі десек, артық айтқандық болмайды. Сондықтан Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толу мерекесін тек университтерде ғана емес, рес-
публика көлемінде де атап өтіп, Ә.Бөкейханға ел ордасы Астанада, республикамыздың мәдени-рухани орталығы Алматыда да ескерткіштер орнатып, осы аса ірі тұлғаны мәңгілік есте сақтау шаралары жүзеге асырылса, Алашорда үкіметінің мүшелерінің өмірі мен қызметіне арналған көркем фильмдер түсірілсе. Көпшілікке арналған кітаптар шығарылып, қазақ халқының алдында істеген қызметтеріне лайық Қарағанды, Астана, Алматыда қайраткерлердің есімімен көшелер аталса, олардың есімдері ғылыми айналымға енгізілсе. Бүгінгі сұхбатымызға тақырып болып отырған Алаш арыстарының өмір жолына арналған мұражайлар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.
Ләйлә Хасанаева,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың доценті
«Ағайындық, теңдік, бостандық күні»
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша үкіметі құлатылды.
«Қазақ» газеті осы жылғы наурыздың 24 күнгі санында Минскідегі Ә.Бөкейхан, М.Дулатов бастаған қазақ қайраткерлерінің Қазақстанның сол кездегі негізгі орталықтарына жолдаған жеделхат текстін жариялады. Жеделхатта: «Ресейдегі барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды… Учредительное собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, адалдық болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер. Біз қалайтын патшалық түрі – демократическая республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі» деп жазылған болатын.
Жеделхаттан ұлттық саяси элитаның саяси айқындамасы анық көрінеді. Олар, біріншіден, халықты жаңа үкіметті қолдауға шақырып, демократиялық республика ұранын алға тартты. Екіншіден, жер жөніндегі мәселелерді шешуді күн тәртібіне қоюды ұсынды. Үшіншіден, Құрылтай жиналысына дайындық жұмысын жүргізу арқылы ұйымдасуға, бірлесуге, сөйтіп, ұлт тағдырына қатысты мәселелерді шешуге үндеді.
Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы жер-жерлерде халықтың саяси белсенділігінің артуына ықпал етті. Бұл мынадай жағдайларда айқын көрінді: біріншіден, билік мәселесін шешуде жергілікті жерлерде патша өкіметінің қойған адамдарының орнына революциялық рухпен қаруланған тұлғаларды тағайындау орын алды; екіншіден, кейбір жерлерде әкімшілік басқару тәсілдері мен жалпыға белгілі либералдық жүйенің талаптарын шығару байқалды; үшіншіден, демократиялық бостандық, жалпы демократиялық негізіндегі ұлттық автономия үшін қозғалыстар күшейді; төртіншіден, өлкеде революциялық қозғалыс пен революциялық үгіт күшейді.
Біз талдаған мәселені жоғары оқу орындарында оқып-үйренуде, әсіресе «Тарих» мамандығы бойынша білім алатын студенттер арасында дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізуде Ақпан революциясының қазақ қоғамы үшін маңызын анықтау арқылы тәуелсіз мемлекеттікті жаңғырту тарихына келу керек. Өз ұлтының жоғын жоқтап, азаттық үшін күрестің бар ауыртпалығын мойнына алған қазақ зиялылары құрған қазақ комитеттерінің қызметіне үлкен мән беру қажет. Қазақ комитеттері мен Уақытша үкіметтің мақсат-міндеттерін, атқарған істерін өзара салыстырып қарау ұлттық мемлекеттік мәселелерін терең түсінуге мүмкіндік береді және көздеген мүддесі мен ынта-жігеріне тарихи фактілер негізінде көз жеткізуге жол ашады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Уақытша үкіметтің ұлттық мәселені шешуге бейім болмауы ұлттық саяси элитаның Қазақстанда мемлекеттік билікті өз бетінше қалпына келтіруге итермеледі. Ұлттардың өзін-өзі билеуін ғана емес, мәдени автономияны мойындаған кадеттер партиясы мен қазақ элиталық өкілдері келіспеді, Ресей құрамында автономиялық мемлекеттігін құруды мақсат етті.
Қазақ зиялыларының басшылары саяси жағдайдың тез өзгеріп отырғанын біліп, жалпықазақ съезін шақыру шешімін жылдамдатты. Оның үстіне Ә.Бөкейхан кадеттер партиясынан жер, ұлттық-мемлекеттік құрылыс, дін мәселелері бойынша келіспеушіліктің осындай күрделі мәселелерді шешу үшін бүкілқазақ съезін шақыруды дұрыс деп есептейтіндігін ашық түрде мәлімдеді.
Осылайша қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру бағытында құрылған Алашорда үкіметі мен Қоқан Түркістан автономиясының өлкеде тәуелсіз мемлекет қалыптастыру, ұлттардың өзін-өзі билеу құқықтарына қол жеткізуге ұмтылысы тарихи себептерге орай күйреді. Автономиялар аз уақыт өмір сүргенімен, олардың саяси, ұлттық тәуелсіздік тұрғысындағы идеялары демократияға, өркениетті даму жолындағы күрескендерге үлгі болатыны күмәнсіз. Қазақстанның тәуелсіздігін алуы ұлттық автономия идеяларын толық іс жүзіне асыра алмаған зиялылардың бастамалары мен күресінің жалғасының нәтижесі деуге де негіз бар.
ХХ ғасыр соңында тәуелсіз мемлекет құрылысының негізін қалауда ел басшылары мен парламент депутаттары қазақ мемлекеттігін жаңғырту үшін күрескен қайраткерлерінің көзқарастары мен еңбектерін пайдаланғаны, айтыс-тартыста соларға жүгінгені мұның айқын дәлелі болса керек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген сөздерінде, баяндамаларында да Алаш қайраткерлерінің еңбектеріне сілтеме жасау аз ұшыраспайды. Сондай-ақ, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында белгілі тарихшы, ғалым М.Қойгелдиев және заңгер ғалымдарымыз С.Зимановтың, С.Сартаевтың Парламент сессиясында конституция жобасын талқылаған кезде «Алаш Орда» үкіметінің талқылауына, Алаш қайраткерлері еңбектерін негізге алып отырды. Демек, Алаш қайраткерлерінің еңбектері еш болған жоқ, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің құрылысын жасауда игілікке жарап, болашақта мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет ете алатындығы күмәнсіз. Сөйтіп, қазақ халқының саяси бағытта қалыптасқан элита өкілдерінің ұлттық мемлекетті пролетариат диктатурасы ауқымында жаңғыртуға арналған ұмтылыстары зая кетті. Отандық тарихта бұл мәселе ұзақ жылдар бойы айтылмай, айтылса да бұрмаланып, өңі айналдырып түсіндірілді. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана оның шынайы тұстары ашық айтуға мүмкіндік туды. Буржуазиялық Уақытша үкіметтен ұлттық мемлекетті жариялату үмітін үзген қазақ зиялылары кеңес өкіметімен ымыраға келуге мәжбүр болды.
Көрсетілген мәселені оқып-үйренуде осы жақтарына баса назар аудару қажет. Өркениетті дамудың жолын таңдаған ұлт зиялыларының тәуелсіздікке ұмтылыстарын жан-жақты қарастыра отырып, жастарды ұлт-жандылыққа, елжандылыққа, отансүйгіштік, халқы үшін қажыр-қайратын барынша жұмсап еңбек ету қасиеттеріне баулуды, тәрбиелеуді де естен шығармаған абзал.
ХХ ғасырдың басындағы ұлттық саяси элитаның саяси-құқықтық, қоғамдық ой-пікірінің қалыптасу процесі мен ерекшеліктері мемлекеттілік мәселесін құқықтық көзқараста қарастыруы нақты себеп болды.
Ал Ақпан революциясының жеңісі қазақ қоғамы үшін рухани сілкініске алып келген күндерінің бірі болды. Осы кезеңнен бастап жергілікті қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке араласуларына мүмкіндіктер алды. Революция нәтижесінде бостандыққа қол жеткізген қазақ халқы ұйымдық жағынан бірігіп, мемлекеттік басқару істеріне араласа бастады. Кемшіліктеріне қарамастан жергілікті жерлердің барлығында қазақ комитеттері ашылып, халықтың мүддесін қорғайтындай дәрежеге көтерілді. Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы мен Қазан төңкерісінің аралығындағы кезең – демократия кезеңі болып табылады. Сонымен қатар, осы кезеңде қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің тарихындағы мемлекеттілік мәселесі тұтастық маңызға ие болып, идеялық тұрғыда Алаш идеологиясының қол астына біріктірілді.
Сондай-ақ, қазақ өлкесінде большевизм билігінің қыспағына қарамастан қазақ зиялылары мемлекеттік құрылым ретінде Алашорда үкіметі мен Түркістан (Қоқан) автономиясын алып шықты.
1920 жылы кеңестік негізде Қазақ Автономиялық Рес-
публикасының құрылуы уақыт өте өзінің жалған мәнін ашып көрсетті. Іс жүзінде Орталық барлық күрделі мәселелерді өзінің өктем таңдауы бойынша шешті. Ал бұл сөз жоқ, қазақ қоғамындағы прогрессивті күштер тарапынан заңды наразылықты туғызып отырды.
Большевиктік басшылықтың бүкіл Ресей империясының аймағында біртұтас мемлекеттілікті құруы шағын халықтарды экономикалық және саяси жағынан тәуелді ету немесе керек жағдайда жоюға бағытталған әрекеттерінде отаршылыққа қарсы идеологияны ұстанған ұлттық зиялылары қарсы тұрды.
Қазақстан тарихындағы 30-шы жылдардағы қасіреті Орталықтың озбырлық саясаты екендігін анық көруге болады. Орталық қазақ халқының мүддесін ашық түрде елемей, Ақпан революциясынан кейінгі ұлттық мемлекет құру, ұлттық дәрежедегі жеке мәселелерін дербес шешу жолындағы жеңісінің тамырына балта шапты.
Қорыта айтатын болсақ, патша өкіметінің ХІХ ғасырдан басталған Қазақстанда хандық мемлекеттілікті жоюға бағытталған әкімшілік-құқықтық реформаларынан бастап, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының мемлекеттілікті жаңғырту мәселесін көтеруі. Сонымен бірге Ақпан революциясы тұсындағы қазақ зиялыларының мемлекеттілік үшін күрестері мен Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ зиялыларының қызметтеріне баға беру болды. Кеңес өкіметі кезеңіндегі қазақ зиялы қауымының ұлттық автономия мәселесін көтеруі сол уақыттың талабы болды. Қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құруға бағытталған іс-әрекеттері, ұлттық тәуелсіздікті қалпына келтіру қызметтері тарих беттері арқылы талдау жасау негізінде сол уақыттағы ұлттық идеялар, бүгінгі күнде бастан кешіріп отырған тәуелсіздікке жол салды.
Қазақстанның ХХ ғасырдың соңында тәуелсіз мемлекет болуына жол салғандығы айқындалды. Бүгінгі таңда мемлекет құрылысына аса қажет жер, мемлекеттік тіл, ұлттық мемлекеттік идеология, ұлттық діл (менталитет), ұлттық сананың қалыптасуы, ұлттық демократия секілді өзекті мәселелерді шешуде өткен ғасырдағы қазақ мемлекеттігінің дербестігі үшін күрескен қазақ зиялыларының еңбектері мен көзқарастарының маңызы зор болып отырғанына зерттеу барысында көзіміз жете түсті. Бұл зерттеулер Қазақстан Республикасы мемлекетінің құрылысы мен болашағына жол ашуда Алаш қайраткерлерінің еңбектері басшылыққа алынса дегендей ойға жетелейді.
Ұлттық тарихты сыңаржақ, бірсарынды тұжырымдардан арылып, жаңа таным бағытында төл деректерге негізделген шынайы өткенімізді қалыптастыруда «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мол рухани мұрасын оқып-үйрену, зерттеудің маңызы дау тудырмаса керек. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуда қазақ зиялыларының патшалық Ресей мен Уақытша үкімет кеңестік пролетарлық диктатура тұсында дербес ұлттық-территориялық автономия құрып, жариялауға ұмтылыстары өткенімізден сабақ аларлық, үлгі-өнеге боларлық тағылымы мол күрес. Алаш қайраткерлерінің қан төгіс пен қиратып-бүлдіруге емес, керісінше демократиялық, өркениетті идеологиялық әдіс-тәсілдер арқылы тәуелсіз мемлекетті жаңғырту жолдарындағы әрекеттеріне баға жетпейді. Отандық тарихтың әлемдік тарихқа мақтанып көрсететін тұсы да осы мәселе. Осындай саяси, тарихи мәнге ие күрделі де қайшылықты проблеманы зерделеудің қажеттілігі күн сайын айқындалып отыр.
Гүлжазира Абикенова,
әл-Фараби атындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
«Мәдени ренессанс» дәуірі
«Алаш» идеясын алға тартқан Әлихан Бөкейхан қазақ елін ұлтын, тілін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін қастерлеумен қатар Отанын сүюге, қорғауға насихаттады. Ол биік өре иесі ретінде өзге ұлыстардың құқығына қол сұқпай, бұдан кейінгі тұста қазақтың қайта құрылған көпұлтты және көпдінді, сан мәдениетпен тұтасқан мемлекет болатынына нық сеніммен қарады. Соған орай қазақ халқының ұлттық санасын оятып, Алаш ұлттық идеясының маңайына біріктірді.
Елінің еңсесін биіктеуге күш салған Бөкейхан сынды тұлға әлемдегі өз халқының рухани қорғаушысына айналған тұлғалармен терезесі тең тұр деп нық сеніммен айта аламыз. Мәселен, алысқа ұзамай-ақ Үндістан Ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері Махатма Гандимен, қытайлық революционер, құрметті қоғам қайраткері Сунь Ятсен салыстыруға болады. Әсіресе, отаршылдық жүйеге қарсы, ұлт-азаттығын аңсау мақсатында Махатма Ганди мен Әлихан Бөкейханның мүдделері тоғысады деп айтуға болады. Мәселен, Махатма Ганди өз кезегінде бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеп, оны сатьягараха (Шындық үшін тайсалма) деп атап көрсетті және ағылшындық отаршылдық езгіден өз ұлтын аман сақтап қалу жолдарын іздестірді. Тіпті екі тұлға да баспасөз арқылы халықтың саяси сауаттануына, ұлттық идеяны насихаттауға тырысты. Мәселен, Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы арқылы ұлттық мүддені көздеп, сол арқылы ұлт зиялыларына үндеу тастаса, М. Ганди де өзі редакторы болған «Жас Үндістан» газеті мен жетісіне бір рет шығатын «Навадживан» журналы арқылы өз идеясын насихаттап отырды.
М.Ганди күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізуге тырысты, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болған ұлт көсемі бола білді. Үндістанның кемеңгер ақыны Р.Тагор қойған Махатма (Ұлы адам) деген құрметті атақ алса, қытайлық Сунь Ятсен «ұлт әкесі» құрметін иеленді. Біздің Әлихан Бөкейхан да қазақ халқының тәуелсіз мемлекет болуын қалаған қайраткер болды, нәтижесінде «Алаш» жұрты Әлиханы да Ұлт көсемі ретінде бағалай білді.
Қысқасын айтқанда, Әлихан Бөкейхан ХХ ғасыр басындағы ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі арқылы ұлттық сананы оятып, осы жолда қызмет етті. Тіпті, Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы жариялаған «Қазақстан 1917 жылға дейінгі орыстар туралы. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов» атты зерттеуінде Ә.Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының қызметіне «мәдени ренессанс» деген баға берген.
Сәуле Үдербаева,
тарих ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы және Әлихан
Алаш қозғалысы қайраткерлерін ақтаған уақыттан бері қазақ тәуелсіздігі мен бостандығы жолында күрескен тұлғаларымыз жайлы бірқатар кітаптар жарық көрді, ғылыми диссертациялар қорғалды. Сонда да Әлихан Бөкейханның тұлғалық болмысына деген ғылыми ізденістер азайған емес және оның өмір жолындағы бірқатар мәселелер әлі де індете зерттеуді қажет етеді.
Әлихан Бөкейханның жан-жақты қызметі оның сегіз қырлы, бір сырлы еңбекқор азамат болғанын көрсетеді. Әлихан Бөкейхан көрнекті қоғам және саясат қайраткері, саясаткер, зерттеуші, ормантанушы ғалым, тарихшы, құқықтанушы, ұстаз, журналист, этнограф, экономист, әдебиеттанушы, аудармашы.
Ол өте мағыналы өмір сүрді. Бірнеше өте танымал тұлғалармен жеке таныс болды. Жазушы Жайық Бектұров Әлихан Бөкейханды Абаймен жеке таныстығы болған деп санайды. Ақын дүние салған соң Абайдың өмірбаянын жазды. 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы мен қара сөздерінің редакторы болды. Әлихан абайтану ғылымының негізін салып кеткен ғалым.
Оның лақап аттарымен жарық көрген шығармалар өте көп.
«Ә. Н.», «Қыр ұғлы» немесе «Қыр ұлы», «Қыр баласы», «Қ.Б.», «Ғали хан», «Әли хан», «Ғ.Б.», «Түрік баласы», «Қалмақбай», «V», «Сын степей», «Дала баласы», «Туземец», «Статистик», «Киргизъ-кайсак», «Алиханъ», «Ал. кочевник», «Мусульманинъ», «Киргизъ», «Степняк», «К.Степняк», «Киргиз-степняк», «Обыватель», «Наблюдатель», «Читатель», «Уакъ», «Н.Ш.», “«Қара-жаяу». Бұл Бөкейхан жиі қолданған лақап аттардың бір парасы ғана.
Саяси, ғылыми қызметінен бөлек, ол әдебиет саласында да елеулі еңбектер қалдырды, орыс және еуропа қаламгерлерін, Эзоп мысалдарын, үнді әдебиетінің үлгілерін қазақшаға аударды. Ол сондай-ақ, бірқатар ғылыми-танымдық кітаптарды да қазақ тілінде сөйлетті.Мәселен,
К. Фламарионнің жалпыға белгілі астрономиясын, Д.Бравтің «Ғалам құрылымын», т.б. еңбектерді қазақшаға тәржімалады.
Мұның бәрі Әлихан Бөкейханның ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялы қауымының мойнына артылған жүктің салмағын сезіне алғанын, өзінің бар күшін қазақ қоғамын қалыптастыруға арнағанын дәлелдей түспей ме?