Тәуелсіздік – еркіндігім, елдігім
Қанат МУСИН
облыстық,
қалалық мүшәйралардың жүлдегері
Ұлытау облысы
Ұлытау ауданы Шеңбер ауылы
Тәуелсіздік –
еркіндігім, елдігім
«О, Тәңірі,
жарылқай көр!» – деген ек!
Азат елге бұдан басқа не керек?!.
Тәуелсіздік аясында күн кешу –
Түсінгенге ұлы арман ғой керемет!
Қилы-қилы ғасыр өтті алмасып,
Жақсы-жаман жағамызға жармасып.
Көк бөрі елге көктің нұры құйылды.
Баба жолы бақ жолына жалғасып.
Қазаққа осы – бағы тасып тұрған сәт!
Қанашама жыл келдік осы күнді аңсап.
Жарқыраған атын жайды қайтадан
Арқыраған арғы бабам – Ғұн мен Сақ!
Көп кешсек де бастан небір келте күн.
Бүгін, міне, көңіл күйін шертемін.
Бар ғаламға паңдана бір қарады
«Мен оралдым!» – дегендейін Күлтегін!
Сан алуанын өткерсек де сынақтың,
Шын бақыттың құшағына құлаппын.
Жаратқаным тектілігін тұғыр қып,
Отын жақты Арғын менен Шырақтың!
Жатқандай ма жұрттың қайта сәні кеп,
Ұғам соны азаттықтықтың әні деп.
Қазақ көгін ақ туымен шарлап жүр,
Ел қорғаған Ер Керей мен Жәнібек!
Алтын құрсақ, алтын сауыт –
Алашым,
Алты құрлық таңдай қағып қарасын.
Қыран құсым қанатымен қорғасын
Алашымның ұлан-ғайыр даласын.
Көрінер шақ бірлігің мен кеңдігің,
Шартарапқа шарықтасын сендік үн.
Тұғырыңнан түспей, мәңгі жасай бер,
Тәуелсіздік – еркіндігім, елдігім!
Туған жерім түсіме
жиі еніп жүр…
Хақтан бізге бұйырған сый еді бір,
Жүрегімде маздайды киелі жыр.
Келмедің деп шығар-ау кейігені,
туған жерім түсіме жиі еніп жүр…
Қым-қуыт тіршілік бар жатағанда,
Даңғазаның жоқ, білем, шатағы онда.
Жаратқанға сыйынып, жалбарынып,
Жолға қарап жүр екен ата-анам да.
Өзгермейтін көнетоз қалыбынан,
жадау тірлік.
Үйренген бәрі бұған.
Балалықтың сәулесі менмұндалар,
Маздап жанған майшамның жарығынан.
Түн баласы болмашы жанып ішкі от,
Өң мен түстің арасы – сабылыс көп.
Ауық-ауық оянсам, дөңбекшиді,
Сары белдер санамда сағыныш боп.
Жайдақ ауыл – ырысын өрден емген,
Дүниедей мен үшін бір дөңгеленген.
Құлақ тігіп көк бесті оқыранды,
Абалайды кәрі төбет… көлденеңнен.
Түнгі самал әдет қып жарысуды,
Әрі тымық боз дала, әрі шулы…
Қуаныштан кеудемді жарып шыққан,
Тау қайталап тұр, әне, дауысымды.
Кез болып түрлі-түрлі тосын жайға,
Керемет күй жайылар сосын бойға.
Туған жерім түсіме жиі еніп жүр,
Ұйықтай бергім келеді осындайда…
Күздің күні болғанда
Жер бетіне құт-береке төгілген…
Қарамастан дене мұздап, тонғанға.
Тым ерекше қуанатын едім мен
Күздің күні болғанда.
Дала түгел сұлулыққа енетін.
Баруға асық сонда бәрі орманға.
Әрбір үйге ырыс шалқып келетін.
Күздің күні болғанда.
Сары далаға қарайтынмын сеніммен,
Болмағанға ұқсайтындай болғанға…
Тым ерекше қуанатын едім мен
Күздің күні болғанда.
Көңілде де күздің барын білмеймін,
Баламын ғой, ақыл, сірә, толған ба?
Қуанбайтын, болдым сосын
күлмейтін,
Күздің күні болғанда.
Адамда да күздің күні боларын,
Ұқтым жасым орта жасқа толғанда.
Бүгін, бірақ көңілсіздеу боламын,
Күздің күні болғанда.
Бала емеспін, қарап тұрсам толыппын,
Өзім де сол ұқсап келем орманға,
Көктемді мен сағынатын болыппын,
Күздің күні болғанда.
Шыбық
Алғаш мінген тұлпарым шыбық еді,
Шыбықтан жаралғандай күлік еді.
Шешем мінсе ашуға, шыбық алып,
Шықпыртса, шыбын жаным шығып еді.
Шұрқырап сол шыбықпен
шабатынмын,
Ол кезде шыбық мінген
шала ақынмын.
Сол шыбықпен қозымды бағатынмын,
Сол шыбықпен,
жоғалса табатынмын…
Көрмедім сол шыбыққа мініп көптен,
Көңіліме бір үкілі үміт бөккен.
Шыбық мініп, шабушы ем
боз өкпе боп,
Сүрініп шыбығым да шығып кеткен.
Шыбығым басқа үйірге кірікпейтін,
Өзгерпейтін өзінше ғұрып-кейпін.
Көнтерілі, көнбістеу көрінетін,
Бүгелік пен сонадан үрікпейтін.
Бұл да бір ұлы естелік тоқығанға,
Таптырмас таңғажайып жатыр онда.
Шыбығым бір қозғалмай тұратынсың,
Қой жусап, ал мен кітап оқығанда…
Ерттейтін сол шыбықты таңда балаң,
Қоржынға ас-ауқатты қамдап алам.
Шыбығымды кәдімгі Құлагердей,
Талай талдың ішінен таңдап алам.
Шаң қонатын шапқанда кірпігіме,
Елеңдейтін еліріп жұрт үніне.
Шыбық мініп шындалған
шабандоз ем,
Күлік мініп жортамын күн түбіне.
ПІКІРЛЕР1