ӨНЕР МИССИЯСЫ ЖАҢА ҰРПАҚҚА КӨШІП ОТЫРАДЫ
15.12.2022
282
0

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дейді Абай. Адамдар екі мақсатпен өмір сүреді дегенді де сол кісі айтады. Бірінші топтағылар пәнидің адам баласына берер бар материалдық қызығын іздейді, соған қол жеткізуге тырысады. Екінші топтағылары тіршіліктің мәніне ұмтылады, өзіне таусылып бітпес көп сұрақ қояды. Жұмыр басты пендеге бұл қарама-қайшы екі түрлі қасиет туа бітті даритын көрінеді. Алдыңғы топ өмір ағымына бейімделуді таңдаса, кейінгі топ шындыққа жету жолында өнер мен ғылымды тудырыпты.

Өнер демекші, шығыс дүниетанымында «Ин» және «Ян» деген екі ұғым бар екені белгілі. Яғни кез келген жаратылыс өзара қарама-қайшы және бірін-бірі толықтыратын екі бірліктен тұрады. Көк пен жер, ыстық пен суық, жақсылық пен жамандық, сүю мен жек көру, өлі мен тірі… Бұл заңдылық барлық жерде өмір сүреді. Адам баласы күн сайын осы жүйенің ішінде таңдау жасауға мәжбүр болады. Өмір мен өнер де осы таңдаудың бірі.
90 жылдары қазақ кино өнерінде жаңа ағым пайда болды. Кейіннен «Жаңа толқын» аталып кеткен бұл көркемдік бағыт ұлттық киноның дербес мүмкіндіктерін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Бір айта кетерлігі, отандық кинематографқа келген жаңа бейнелеу тілі көптеген өзге елдің киносына бұйырмаған бақыт еді. Еліміздің экран өнері үшін бұл үкен эволюция кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан киносы кейінгі отыз жылда коммерциялық бағыт пен қатар дербес кино тілін қалыптастыруға бет алған авторлық кино бағытында да табысты даму жолын бастан кешті. Кешіп те келеді. Сол жаңа ағымның бастауында тұрып, 1988 жылы өзінің «Шілде» атты қысқа метрлі фильмімен кино өнеріне келген автор Дәрежан Өмірбаев болатын.
Бүгінде аталған кинорежиссер туындылары әлемдік деңгейде өз бағасын алып үлгерді. Латын америкасынан тартып, Еуропа мен Азияда, Таяу Шығыс пен Жапонияда Өмірбаев фильмдері кино өнеріне қосқан үлесі үшін жоғары марапаттарға ие болды. Иран, Оңтүстік Корея, Франция, Португалия, Мексика, Жапония елдері біздің режиссерді лекция оқып, сұхбат беруге, кинорежиссурадан шеберлік сыныбын өткізуге шақырды. Алайда біздің айтпағымыз Өмірбаевтың 2022 жылдың көктемінде түсірген «Соңғы сеанс» кинокартинасы туралы болмақ.
Фильм қысқа метрлі. Бірақ оның көтеріп тұрған жүгі кез келген толықметрлі дүниеге бергісіз. Картина Алматы мектептерінің бірінде оқитын жоғары сынып оқушысының бір күндік өміріне құрылады. Күрделі драматургия, шытырман оқиға жоқ. Есесіне, ерекше құрылым бар. Олай дейтініміз – фильм жанрлық тұрғыда көркем де, деректі де емес, қайта ғылыми эстетикалық әсерге ие болуымен ерекшеленеді. Анасының ұлына есік сыртынан тіл қататын бір ауыз сөзінен бөлек, фильмнен бірде-бір диалог таппайсыз. Режиссер бұл арқылы адамдар арасында тікелей қарым-қатынастың азайғанынан хабар береді. Есесіне фильмде әлеуметтік желіде өмір сүре бастаған жаңа қазақ коғамының келбетін анық көреміз. Картина көріністерінің басым бөлігін виртуалды кеңістікте отырған адамдар тобы құрайды. Фильмдегі ұзақ сахналардың бірі автобус ішінде өтеді. Автор қоғамдық көлікте отырған әр кейіпкердің смартфоннан тыңдап отырған дүниелері арқылы режиссерлік көзқарасты шебер бере алған. Бір қарағанда фильмде сөз көптеу көрінуі мүмкін. Алайда бұл арадағы сөз, біріншіден, диалог емес, екіншіден, кадр сыртынан бір сарынды оқылатын мәтіндік қатар да емес. Есесіне мол ақпараттық мазмұнға ие осы сөздерді әр кейіпкердің ішкі әлемін ашатын және оған мінез де беретін жиынтық шешім ретінде қабылдауға болады.
Фильм астарында салмақты пәлсапалық ойлар жатыр. Айталық, тағы сол автобус ішіндегі егде кейіпкер телефонынан Қазақстандық индустриалды қоғамның ерекшелігі туралы сұхбат тыңдап отырады. Диалог мазмұны бойын­ша біздегі қалалану үдерісі еуропалық үлгімен салыстырғанда керісінше, құрылып жатқаны, батыста жүздеген жылға созылған қоғамның табиғи даму кезеңдерін біздің ондаған жыл ішінде-ақ басып өткеніміз айтылады. Әрі қарай көрермен еліміздегі индустриалды қоғамның болмысына өзі баға беру мүмкіндігіне ие болады. Фильм авторы автобус жолаушылары тыңдап отырған материялдар арқылы бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамдағы талқыланатын немесе адамдарды қызықтыратын негізгі тақырыптарды тізбелеп өтеді. Нақтырақ айтсақ дін, саясат, музыка, өнер, т.б.
Алайда режиссердың негізгі айтпақ ойы фильм финалында аңғарылады. Бас кейіпкер кинотеатрға фильм көруге келеді. Сеансты бес-ақ адам тамашалайды. Әдетте көрермен жеңіл қабылданатын ойын-сауық фильмдеріне көп барады. Ал адамның ішкі психологиялық қатпарына үңілетін, көрерменді ойландыратын, қандай да бір терең философиялық қорытындылар жасағысы келетін фильм­дердің, өкінішке қарай, көрерменнен жолы болмай жатады. Сөз басында айтқан өмір мен өнер арасындағы таңдауға қайтып оралайық. Әлеуметтанушылар өмірде адамдардың тоқсан пайызы тек еліктеушілер мен бейімделушілер екендігін жиі айтады. Қоғамды алға сүйрейтін ғалымдар, ойшылдар, өнертапқыштар, көшбасшылар қалған он пайызға кіруі мүмкін, дегенмен олардың жалпы қоғамға әсер ету күші қалған тоқсан пайызды құрайды. Иә, көрермені аз фильмдер бар, бірақ олар арқалап тұрған рухани салмаққа мейнстрим шендесе алмақ емес.
«Соңғы сеанс» – режиссер Дәрежан Өмірбаевтың кезекті ғұмырнамалық фильмі деуге де болады. Режиссердің алғашқы мамандығы математика екенін, кейіннен режиссураға келгенін білеміз. Фильмде бас кейіпкер математика сабағына қатысып отырады да, терезе сыртындағы көрініске ойы бөлініп кетеді. Бұл кездейсоқ кадр емес, өзіңіз де іштей сезіп отырған боларсыз, құрметті оқырман. Өмірбаевтың басым көпсанды фильмінде бас кейіпкер өзінің ұнататын адамына қол жеткізе алмайды. Бұл фильмде де солай. Сірә, қайталана беретін бұл көріністер – автордың жастық шағында орындалмай қалған қалауының бірі болса керек.
Фильм соңына қарай біздің оқушы кейіпкеріміз бен жасамыс көрермен кинотеатрдан бірге шығады. Олар өздері тамашалаған фильмнің әсерімен, терең ой үстінде үйге қайтады. Дәл осы жерде тұтас фильмнің айтқысы келген маңызды бір ойы қылаң береді. Таяққа сүйеніп келе жатқан қартты көрсететін кадр экспозиция әдісімен жас кейіпкерге ауысады. Қарт таянып келе жатқан таяқтың дыбысы – сағат секундтының, анығы уақыттың дыбысына, ал қалыпты кадр – баяулатылған кадрға, артық дыбыстар тыныштыққа ауысады. Аса сәтті режиссерлық шешім. Осы бір ғана көрініс бізге социализмнен капитализмге, аграрлы қоғамнан индустриалды қоғамға, бір қоғамдық формациядан екіншісіне, реалды өмірден виртуалды өмірге, ауылдан қалаға көшіп жатқан тұтас қазақ қоғамының өзгерісін бергендей еді. Қарт пен жас екі дәуірді, екі уақытты білдіретіні тағы бар. Алайда Өмірбаев өнертанушылар қауіптене айтатын шынайы өнердің жоғалып кетуі мүмкін болжамға оптимистік көзқарасын білдіреді. Режиссер өнер жоғалып кетпейді, өнер миссиясы осылай жаңа ұрпаққа көшіп отырады дегенді айтқысы келеді.
Фильмде бас кейіпкер сыныптың ең соңғы партасында отырады немесе үзіліс қоңырауында ол сыныптастарының ең соңында бөлек жүреді. Өнер адамына тән қасиеттің бірі – жалғыздық қой. Шын мәнінде бас кейіпкер – тек адамдар тобына ілесе алмай жүрген жан емес, керісінше, оңаша бақылаушы.
Бағымызға орай бүгінгі қазақ киносында режиссерлік тереңдікке, жаңаша ойлауға ұмтылатын жас авторлар қосыны қалыптасып келеді. Киноның тек көңіл көтеретін немесе уақыт өткізетін қызықты оқиғалардың экрандағы көшірмесі емес, терең өнер екенін, ерекше эстетикасы болатынын жанымен сезінетін режиссерлер де, көзі қарақты көрермен де бар және бола бермек. Фильм­дердің соңғы сеансы болуы мүмкін, ал киноның соңғы сеансы әзірге бола қойған жоқ, болмайды да.

Алпыс ОШАҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір