АЛАШ, АЛАШОРДА және АТШЫБАЕВ
09.08.2024
88
0

Қуғын-сүргінге арналған істерді саралау барысында өте сауат­ты, әдемі жазылған өтініш, арыздармен етене танысудың сәті түсті. Сондай бір іздену үстінде тарихшы ғалым Жанат Нұрмұқанованың естелігіне кез­дестік. Себебі, Жанат Нұрмұқанова көрнекті алаш қайраткері Беркінғали Атшыбаевтың туған жиені болып келеді екен.

Әуелі, оқырманға түсінікті болуы үшін Беркінғали Атшыбаев туралы аз-кем мәлімет берейік. Мысалы ретінде ғалымның жұбайы Л.Г.Софенрейтердің 1956 жылы ерін ақтауды сұрап КСРО Әскери Прокурорына жазған өтінішін толық келтірейік. «Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлы 1897 жылы туған. 1937 жылы 27 қазанда Гурьевте Ішкі Істер Халық Комиссариатының адамдары ұстап әкет­ті. 1938 жылдың мамыр айында «Оралға жөнелтілген екен, тірі емес» деп естідім. Мен 1937 жылы 22 жаста едім, екі айлық сәбимен қалдым. Одан бері 18 жыл өт­ті, балам әкесін білмей өсті. Мен оны 1933 жылы геологиялық партияда кез­дестірдім. Ол геолог-партия бастығы, ал мен тағылымнан өтуші студент болатынмын. Өте адал, елгезек, білімді адам болатын. Атшыбаевты білетіндерден Горкин Степан Федоровичті (Москва қаласында КСРО Мұнай министрлігінде Жоспарлау-экономика бөлімінде жұмыс істейді), Авров Петр Яковлевичті (Ақтөбе қаласында тұрады, «Актюбенефть» тресінің бас геологы), Пермяков Илья Георгиевичті (Уфа қаласында тұрады), Новопольцев Гавриил Ивановичті (Гурьев қаласында тұрады, шофер) айта аламын. Ерім Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлын ақтауды сұраймын. «Л.Г.Софенрейтер. Гурьев, Бұхар беті, Студент переулогі, 4-ші үй, 7-пәтер. 1956 жылдың 6 сәуірі».
Тағы бір маңызды құжат бар. 1928 жылы толтырылған «Выборное обследование административно-технического персонала КРМ предприятия» деген құжат­та Беркінғалидың кеңестік кезеңдегі еңбек жолы былайша көрсетіледі (құжат оның өз қолымен толтырылған болуы керек):
«ҚАКСР, Гурьев округі. «Эмбанефть» тресі, Доссор кәсіпшілігі, Еңбек және экономика бөлімі.
Атшыбаев Берекеш (құжат­та осылай көрсетілген) Мұқашұлы, жасы 31-де. Атқарып отырған лауазымы – Жұмысшы күшін даярлайтын бөлімшенің меңгерушісі. Бұл жұмыста істегеніне жыл толмаған. Қосымша кәсіптік-техникалық курсқа және қалалық кәсіпшілік училищеге сабақ береді. Айлығы – 169 рубль. Партияда жоқ. Білімі – аяқталмаған жоғары. Москваның Тау-кен академиясының Тау-кен факультеті, мұнай бөлімі. 4-ші жыл, аяқталмаған. Қазіргі қызметі мамандығына сәйкес емес. Шетелде іссапарда болмаған. Оқытушы. Жергілікті баспасөзге мақала жазып тұрады.1920 жылдың 12 маусымынан 1921 жылдың қыркүйегіне де­йін Орынборда Қазақәскериревкомының Ішкі істер комиссариатында, сосын Ташкент­те, Бұқарада ҚазОАК-нің аштықпен күрес жөніндегі төтенше өкілі, 1922 жылдың қыркүйегінен бастап, Орынборда әлеумет­тік тәрбиешілер даярлау жөніндегі курстың меңгерушісі; 1924-1928 жылдары Москвада «Сантонин» тресінде, сегіз ай Халық шаруашылығы Жоғары кеңесінде (Высший совет Народного хозяйства – ВСНХ) – іс басқарушысы, екі рет тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланған (оқырманға белгілі болар, ВСНХ халық меншігіне айналдырылған (национализация) барлық кәсіпшіліктер мен өндірістерді қатаң бақылауға алып, бір орталықтан басқару үшін құрылған Жоғары кеңес). Тоғыз ай Ақтөбе облысында АКОСКО-ның «Қазақ өлкелік одағында» бақылаушы, одан ке­йінгі екі жылда Жоғары Сот­тың жазбаша аудармашысы болып жұмыс істеген (ғаламтордағы Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7 кітапқа сілтеме жасала отырып берілген деректер мен С.Бақтыгерейұлының жоғарыда аталған мақаласындағы деректер бұдан біраз өзгеше). «Мемлекет­тік кәсіпшіліктердің әкімшілік және инженер-техникалық персоналын есепке алу карточкасында» бұларға қоса Б.Атшыбаев туралы «Еңбек өтілі – 8 жыл, кадрлар даярлау және кәсіптік-техникалық білім бөлімінің меңгерушісі, неміс тіліндегі техникалық әдебиет­ті еркін оқиды» деген деректер берілген.
Орал-Ембі алабының мұнайға бай өңір екендігі төңкеріске де­йін де белгілі болатын. 1928 жылдың орта шенінде Мәскеудің энергетика ұйымы Ембі мұнайы бойынша үлкен жоспар жасап, 1929 жылдан бастап бұрғылау жұмыстарын жүргізу белгіленді. Беркінғали Атшыбаевтың геолог ретінде мұнай өндірісіне ауысуы осы кез­де басталған деуге болады.
Өлкемізде мұнай-газ кен орындарының ашылуына, 1930 жылдары жоғары білікті мұнайшы мамандарының қалыптасуында Алаш ардақтысы Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевтың (1897-1937 ж.ж) еңбегі ерекше. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмысы бойынша ҚР Президенті архивінде сақталған Беркінғали Атшыбаевтың №478 жеке ісін қайтара парақтаудың реті түсті. Алаш ардақтысы туралы Дәметкен Сүлейменованың (Батыс Алашорда тарихын зерт­теуші), Жанат Нұрмаханованың (Атшыбаевтардың жиені) еңбектерінде жазбалар бар.Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Шыққан тегі он екі ата байұлының шеркеш руынан.Оның жауғашты, батырқожа бөлімінен. Миялы өңірінде туған әкесі Мұқаш Атшыбаев Батыс алашорданы қолдап, оның қызметіне қатысқан кісілердің бірі болды. Оның әкесі Атшыбай 1869-1870 жылдардағы патша үкіметінің әкімшілік реформасына қарсы кіші жүз қазақтарының көтерілісіне қатысқан болатын.
Мұқаш Атшыбайұлы орысша сауат­ты кісі болып, сауда-сат­тықпен айналысқан біршама дәулет­ті кісі ғана емес, байлығын ел игілігіне жұмсаған мәрт кісі болған. Батыс Алашорда құрылып, оның әскері мен милициясын ұстауға қаржы жинағанда алғаш көмектескен адамдардың бірі. Жымпиты уезіне қараған Қаратөбе қалашығындағы «3-Орал облыстық қазақ съезі», тарихта «Қаратөбе съезі» деп аталған, 1918 жылдың 18 ақпанында өт­ті. Ойыл, Гурьев, Орал, Жымпиты, Тайпақ өңірі өкілдері қатысып, баяндаманы Халел Досмұхамедов жасайды. «Әскер құрмасақ қалай ел боламыз, әскер құрайық» деп шешім қабылдайды. Әр түтін 100 сом ақша қоссын деген шешім қабылданады.
Мұқаштың Беркінғали, Хасанғали, Әжіғали деген ұлдары болған.Беркін мен Әжіғалиды 6 жастан орысша оқуға берген. Беркін Қаракөлдегі бір кластық (атақты қызыл үй мектебі), Гурьевтегі екі кластық, одан соң Орал реалдық училищесін бітірген.
1918 жылы төртінші Орал облыстық қазақ съезінің қарарына сай Жымпитыда ашылған Ойыл облысы жігіт­терінен офицерлер даярлайтын алты айлық юнкерлік мектепке түседі. Жымпитыда өткен Орал облыстық қазақтардың 1918 жылғы 18 мамырдағы 4-съезінде Сабырғали Сарғожин Алашорда әскерінің бас қолбашысы болып бекіген және жаңаша құрамда Алаш әскерін құру тапсырылған.
Міне, осы бағыт­та ашылған мектепті бітіріп, прапорщик шенін алған соң Беркінғали Атшыбаев Алашорданың Батыс бөлігін басқару бөлімшесінің бас интенданты болып тағайындалады. Алаш әскерін азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі, құралмен қамтамасыз етуде, Батыс Сібір және ағылшын елдерімен қарым-қатынас жасауда көп еңбек сіңірген. Әсіресе, оның осы керекті зат­тарға қол жеткізу үшін Қызылқоға, Сағыз уездік земствосы арқылы Сібірдің оңтүстік-батыс астықты аймақтарындағы кооперативтер мен жергілікті орыс-казактардың Орал, Ілбішін, Қаратөбе базарларында айырбас сауда жасауына жол ашқан тарихи еңбегінің мәні зор болды. Уақытша үкімет­тің кеңсесі Уфада, «Учредительное собрание» дегені Самарада болды. Осылармен терезесі тең дәрежеде араласып Беркінғали Батыс Алашорда әскеріне арнайы 2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек, 2 автомобиль алады.
Беркінғали Атшыбаев Батыс Алашорда мен мұнай өндіруші мекемелер арасындағы байланысты да қадағалады. Мұнайлы өлкенің осы кезеңдегі дамуы Жайық орыс-казак әскері Гурьев уезі атаманы мен Батыс Алашорданың үкіметі жүргізген саясатқа байланысты болды. Көмірсутегі өнімінен түсетін пайдаға олар тәуелді болып, кәсіпшіліктерге өз ықпалдарын орнатуға тырысты.
«Ағайынды Нобельдер» мұнай қоғамының 1919 жылдың 26 шілдесінде Ресейдің Оңтүстік қарулы күштері Бас басқармасы жанындағы Отын комитеті төрағасы П.П.Бедновқа жіберген хатында кәсіпшіліктер туралы мәлімет­тер берілген. 1919 жылы шілдеде жергілікті жерде 1 150 000 пұт мұнай өнімі болса, оның Ракушада – 600 000 пұт, Мақат­та – 410 000 пұт, Доссорда – 110 000 пұты сақталған. Мұнай бағасы Ракушада 1 пұт 9 сом тұрады. Оған әскери басқарма 1 сом 40 тиын, қорғаныс комитеті 1 сом 90 тиын салық қосады. Кәсіпшіліктерде өндіру, бұрғылау қондырғылары 1917 жылдан ақша болмауы себепті тоқтап тұр. Батыс Алашорда үкіметі әрекет­терін төмендегі деректерден байқаймыз.
«Алаштың куәлігі болсын! Жеделхат. Ракөш. Басқарушы инженер Г.С.Гросвальд мырзаға. Сіздің сұрағыңызға орай хабарлаймын: Жайықтың арғы бетінен келгендердің мұнай мен кірәсін сатып алуға қырғыз үкіметінің куәлігі болуы керек. Әскерден басқаға жанармай сатуға рұқсат жоқ. Жергілікті қажет­тер үшін кірәсін жіберуге ерекше куәліктің қажеті жоқ. Бірақ бізге кірәсіннің Ракөштің ішінде де облыстық басқарманың рұқсатымен жібергені орынды.
Орал орыс-казак әскерлері Әскери үкіметінің 1919 жылғы 13 тамыздағы № 2051 қатынас қағазының көшірмесінен Алаш – Орда Батыс бөлімшесінің Үкіметіне:
Төменгі поселкелер мен әскерді нан және басқа азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында мұнай кәсіпшіліктерінен мұнай, кірәсін ақшаға емес нан, пішен және басқа тағамдарға жіберіледі.
Азық-түліктің бағасы иесінің қалауы бойынша кесіледі.
Бұрын-соңды қырғыздардың мұнай мен кірәсінді бәлшебектерге жиі өткізіп жіберуіне байланысты олар Қырғыз уездік және облыстық земство басқармаларының куәліктерімен жіберілетін болады.
Сонымен бірге, Әскери үкімет Алаш­орда үкіметінен мұнай мен кірәсінді бәлшебектерге жібермеуі үшін қажет­ті шараларды алуды сұрайды.1918-1920 жылдардағы елдегі азамат­тық қарсылық большевиктер партиясы басқарған Кеңестер жағына шешілер тұста 1919 жылы 10 шілдеде Қазақ революциялық комитеті құрылады. Қазақ революциялық комитеті 1920 жылдың 5 наурызында «Алашорданың Батыс бөлімін тарату (жою) туралы» қаулысын қабылдайды.Қаулыда төмендегі жазбалар бар.
1. Қазақ ұлт­тық Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінің жауапты басшыларын Қазақ өлкесінде Кеңес өкіметі нық орнап кеткенше қазақ еңбекшілерінен жырақ ұстау. Келіп отырған жауапты қызметкерлер ішінен Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Карим Жәлелов (мәтінде Джамалов) және Беркінғали Атшыбаев Москваға немесе басқа орталық губернияларға жіберілсін.
2. Алашордашылардың дүние-мүліктері қай жерде болса да қазыналық болсын, жекеменшік болсын, мүліктерді тиісінше бөлуге құзіреті бар бірден-бір өкілет­ті орган – Ревкомның айрықша пәрмені болғанша есепке алынсын.
3.Алашорда үкіметінің, оған бағынышты органдардың түпкілікті жойылуына байланысты барлық мәселе жуырда өтетін Ревком мәжілісінде қаралсын, газет­терге Алашорда мен Ревком арасында ешқандай келісімнің болмағаны туралы тұрғындарға жария етілсін, ал бұл алашордашылардың өту шарты Ревкомның жауабында көрсетілген, яғни алашордашылардың жеке басына қатысты қолсұғушылық болмайды және бұрынғы саяси әрекет­тері үшін жарияланған амнистия өз күшінде қалады.
4. Кеңестермен ниет­тес қазақтар мен көшіп келгендердің арасында Батыс алашордалықтардың белсенді мүшелеріне қатысты жеккөрушіліктің барын ескере отырып, оларға Ревком мүшелігі, басқа да жауапты жұмыс беруді тоқтата тұру (Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Ревком қаулыларынан алынған).
Беркінғали Атшыбаев 1920 жылдың жазында ықпалды бестіктің алғашқысы болып, Орынборға жіберіліп, Қазревкомның Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі Әбдірахман Әйтиевтің ұсынысымен іс жүргізуші болып жұмысқа қабылданады. Б.Атшыбаевтың кеңестік жүйедегі еңбек жолы басталды. Ол орысша, немісше сауат­ты еді.Осы жұмыста, Әбдірахман Әйтиевпен бірге Жайық бойында кеңес билігін орнатуға қатысқан Дәрібай Бижанұлы Хангереевпен (1890-1938) танысып,жақын араласады. ҰҚК архиві деректерінде Хангереев Дәрібай Бижанұлының 1890 жылы Батыс Қазақ­стан облысы Шыңғырлау ауданының екінші ауылында туғандығы, әкесінің бай адам болғандығы жазылған. Ол 1920-1923 жылдары Қырғыз милициясы бөлімшесі бастығы, 1923-1925 жылдары Ақтөбе губерниясы атқару комитеті төрағасы, 1925-1932 жылдары Қазақ АКСР әлеумет­тік қамсыздандыру халық комиссары, Ембімұнай тресі басқарушысының орынбассары,1932-1933 жылдары жеңіл өнеркәсіп халық комиссары, 1933-1936 жылдары Гурьев облысы Маңғыстау ауданы партия комитетінің хатшысы, 1936-1937 жылдары Ембімұнай тресі транспорт кеңсесі директоры қызмет­терін атқарған.
1922 жылы құрылған Ембімұнай тресті басқармасы, 1924-1929 жылдары Мәскеуде орналасты. 1928 жылы жергілікті басшылықты нығайту мақсатында басқарма Гурьевке көшірілді. Қызылордадан тікелей Ембімұнай тресті басқарушысының орынбасары болып келген Хангереев бірден жұмысқа Атшыбаевты алғанын архив деректерінің өзі айғақтайды. Архив қорындағы №558 істе Хангереев Дәрібай туралы мол мағлұмат бар.НКВД тергеушілеріне берген жауабында Хангереев 1927 жылдың мамырынан 1930 жылдың қазанына де­йін Ембімұнай тресі басқарушысының орынбасары болдым. Осы жұмыста жүргенде Беркінғали Атшыбаевты өз жағыма тарт­тым деп жауап береді.Басында Доссорда,ке­йін Гурьевте трест қызметкері ретінде жақсы жағынан көрінген Атшыбаев 1930 жылдары геологиялық барлау партияларының геологы қызметіне тағайындалады.Осы жерде өзі білім алған Мәскеу политехникалық институтының профессоры, атақты ғалым Иван Михайлович Губкин (1871-1939) есімін еске түсіреміз.
Атақты геолог, Мәскеу мұнай институтының негізін қалаушы (1930 жылы Мәскеу политехникалық институты дербес алты институтқа бөлінді.Сол жылдан Мәскеу мұнай институты) И.М.Губкин мұнайлы Ембіде 70-80 кен орны бар екенін ғылыми дәлелдеп, 1930 жылдары, «Үлкен Ембі» перспективті жоспарын жасауға үлес қосты. 1930 жылы Ембімұнай тресті жанынан геологиялық мекеме ашылды. Ол бірнеше бюродан тұрды. Доссор бюросын С.А.Кудашов, Мақат бюросын С.А.Лебедев, Байшонас бюросын Б.Н.Бочкаров, Қаратон бюросын А.С.Королев, Новобогат бюросын Н.В.Неволин басқарды. Оларға басшылықты С.Қарымсақов, бас инженер И.П.Смилга жүргізді. Геологиялық бюроларда 20 қолмен бұрғылайтын «Войцлов» станогы, механикалық станоктар 6 «Вирт», 1 «Ганиэль Люг» және жаңа шыққан «Крелиус» станогы болды. Атшыбаев тек геолог маман ғана емес, ел таныған сыйлы азамат екенін 1931 жылғы Мұнайлы кен орнындағы оқиға дәлелдейді. Қазақ­стан ОГПУ саяси өкілдігінің ерекше бөлімінің 1931 жылғы 13 маусымдағы №26 ерекше барлау мәліметі. Мәліметке бастық орынбасары Рогозин қол қойған.
10 маусымда 12 винтовка,бірнеше аңшы мылтығымен қаруланған белгісіз адамның басқаруындағы 250 адайлықтар Жилокосадан 100 шақырым жердегі Мұнайлы мұнай барлаушыларына шабуылдап көліктер мен жөндеу шеберханасын өртеп, 62 адамның тамақ қорын алып кеткен.Осыған сай,Гурьевтен ОГПУ-дің 68-ші дивизионы мен 50 адамдық коммунистік қосын, Шалқар мен Аралдан арнайы екі топ жіберілген.Осы арнайы шараға Қазақ­стан ОГПУ ерекше бөлімінің бастығы Белоногов жетекшілік ет­ті.
Қазақ­стан ОГПУ ерекше бөлімі бойынша бастық орынбасары Рогозин қол қойған 1931 жылғы 17 маусымдағы №27 жедел барлау мәліметі.
Мұнайлы барлау орнына шабуыл жасаған бандылар 54 жұмысшыны жанұясымен қосып тұтқындаған.Ке­йін, бандылар әйелдер мен балаларды босатып, ер адамдарды сот­таған. Барлау тобының 7 жұмысшысы банды тобына қосылған.Мұнайлы барлау орнынан бандылар 18 түйе, 5 жылқы, 3 айға жететін азық қорын, 3 аңшы мылтығы мен 250 оқты тонап алып кеткен. Мұнайлы геологиялық партия басшысы Пермяковтың 1957 жылы 27 қыркүйектегі КСРО Бас прокуратурасы тергеушілеріне Атшыбаев ісі бойынша берген жауабынан. «1931 жылы 10 маусым сағат 04.00 де Мұнайлы кен орнын бұрғылап жатқан геологтарға адайлар шабуыл жасады.Геологиялық партияда 75 адам болған. Осы істе Атшыбаев көп көмек көрсет­ті.Бандылармен өзінше тіл тапты.Кейбірі оны танитын болып шықты. Партия құрамындағы 22 орысты бандылар бөліп алды. Сот­тап,атуға үкім еткенде Атшыбаев мені де бірге атыңдар деп орыс жұмысшылары қатарына қосылған.Банды басшылары ақылдасып, ұсталғандарды айдап алып кеткен. Сонда, Атшыбаев адамдарды қамап ұстайтын айдауыл бандылармен сөйлесіп, орыс геологтарды аман алып қалған. Осы жерде айдауылдардан бандылардың Қаратонға шабуыл жасайтынын біліп, қасына 22 орыс жұмысшысын ертіп дала жолымен Жилокосаға де­йін барып, бандылар хабарын жеткізген. Қаратон күзеті күшейтіліп, бандылар шабуылынан аман қалған. Мұнайлыға шабуыл кезінде бандылар құрал-жабдықтарды, киім-кешек, азықты және 75 қап ұнды алып кеткен» деп көрсетеді.Геологиялық партиялардың тынымсыз еңбегі нәтижесінде Ембі ауданында жаңа кен орындары – 1931 жылы Байшонас, 1934 жылы Ескене, 1935 жылы Қосшағыл, 1938 жылы Сағыз, 1939 жылы Құлсары кен орындары ашылып, өнім бере бастады. Міне, осы істе Беркінғали Атшыбаевтың да қолтаңбасы бар. Оны 1957 жылғы жауап парақтарында көрсетілген атақты мұнайшылар Нәрен Имашев, Жолдасқали Досмұқамбетов және 1930 жылдары Ембімұнай тресі басқарушысының орынбасары болған Қалқай Берғалиев жазбалары дәлелдейді.Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевты мұнай өндірісіндегі кеңеске қарсы қызметі үшін Гурьев аумақтық НКВД бөлімі 1937 жылы 27 қазанда тұтқындаған.Осы жылы желтоқсанда Батыс Қазақ­стан НКВД бөлімі қарауына Орал қаласына жіберіледі.Орал қаласының түрмесінде қайтыс болған. Жеке істе оралдық тергеушілер туралы және Алашорда туралы ешбір жазба жоқ.
Істе Беркінғалидың өмірлік серігі Лидия Георгиевнаның ерін іздеп жазған бірнеше арыз-шағымдары ғана тіркеулі.1933 жылы техникум студенті кезінде танысып, үйленгенін, 1937 жылы Беркін ат­ты ұлы дүниеге келгенін көрсетеді. Софенрейтер Лидия Георгиевна (1915-1987), техник-геолог. Гурьев мұнай техникумын бітірген. 1935 жылы «Ембімұнай» бірлестігі геологиялық-барлау кеңесінде техник-геолог, аға лаборант, 1939 жылы «Қазақ­станмұнай» комбинаты Орталық ғылыми-зерт­теу лабораториясында сектор жетекшісі, 1941 жылы Индер геологиялық-барлау партиясында аға коллектор, 1943 жылы «Қазақ­станмұнайгеофизика» кеңесінде есептеуші, техник-интерпретатор, аға интерпретатор, тақырыптық партия бастығы, №9 сейсмикалық партиясының инженер-интерпретаторы, кеңесінің аға геологі, 1960 жылы Қазақ геофизика тресінің Іле геофизика экспедициясында аға геолог, аға геофизик. Ал, Беркін Беркінғалиұлы Атшыбаев Волгоград автомобиль жолдары институтын аяқтап, ұзақ жыл Қазақ автомобиль жолдары министрлігінде еңбек еткен, министр орынбасары лауазымына де­йін өскен. Биыл еліміз Батыс Алашорданың негізі қаланған Қаратөбе съезінің 105 жылдығын және халқымыздың біртуар атақты перзенті, Батыс Алашорданың көсемі Халел Досмұхамедовтың 140 жылдығын атап өтуде. Ал осы жерде Халелдің сенімді серігі, Батыс Алашорданың ғана емес, «Алаштың Атшыбаевын» айналып өтуге тіпті де болмайды.
Отандық тарих ғылымына деген оң көзқарасты қалыптастыру, ұлт тарихын баяндаудағы уақыт пен кеңістік,өркениет пен ұлы тұлғалар – міне,тарих ғылымының «ақтаңдақтары мен таңдақтарын» айырудағы негізгі ұғымдар. Қазақ­стандық тарихнамада тәуелсіздік жылдарынан бастау алған тұлғатану бағытының мәні – ұлт үшін қызмет жасаған Беркінғали Атшыбаев сияқты тарихи тұлғалардың тарихын мақтан тұту және болашаққа үлгі ету.

Лесқали Бердіғожин,
тарих ғылымдарының докторы
Дана АЛИПОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университеті
Қазақ­стан және дүниежүзі
тарихы кафедрасының меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір