Тәуелсіздік – ұлы күш
07.06.2024
389
0

Тұрсынбай ДӘУІТҰЛЫ

Тәуелсіздік – ұлы күш

О, тәуелсіз Қазақстан, Отаным,
Бар әлемді шарлап жатыр атағың.
Әлемдегі бар қазақты түгендеп,
Жылдан-жылға толықтанды қатарың.

Тәуелсіздік – жетелеген ұлы күш,
Аңсап жүрек, сағынышқа тұнып іш.
Бабалардың аманатын арқалап,
Өміріме жасап келдім бұрылыс.

Сан тарихты бастан қазақ өткерген,
Тағылым мен өнегең бар өткеннен.
Атажұртқа бір шыбық боп шаншылып,
Бір кірпіш боп қаланайын деп келгем.

Өзіңе арнап келдім жастық жалынды,
Қазақ деген ардақтаумен арымды.
Өзің үшін қасиет­ті Отаным,
Керек болса аямаймын жанымды.

Көк туымда алтын қанат қыран құс,
Азат күннің таңы – бақыт, қуаныш.
Ән салғызып, шабыт берген жырыма,
Туған Отан, туған елге мың алғыс!

Мен саған Қарабура, барып қайтам

Қарабура, мен саған барып қайтам,
Алдымда тұрса-дағы алып қайқаң.
Сарығын сағыныштың сонда басып,
Жігерімді жасыған жанып қайтам.
Қасиет­ті қазына қарт­тарымнан,
Ақ тілеулі батасын алып қайтам.
Думаныңа қосылып баяғыдай,
Тамылжыған әнімді салып қайтам.
Елге деген салмақты сәлеміңді,
Борышым деп мұндағы халыққа айтам.
Шілдеде маңдайымды күнге қақтап,
Қаңтарыңда аязға қарып қайтам.

Сарымсақты аралап қырат­тарын,
Жазбай табам көк жуа тұрақтарын.
Аршып алып айранға турап-турап,
Сімірем қызарғанша құлақтарым.

Жоталап Ақбұлақтың белестерін,
Іздеймін өткен күннің елестерін,
Шиге қонып, сайраған сары шымшық,
Мен іздеген аңсарым емес пе едің?!

Сағаны өрлеп асайын құлаған жар,
Жанарымнан жас тамшы құламаңдар,
Жүк ауып, өгіз құлап, қазан сынып,
Зар илеп мұнда талай жылаған бар,
Оның сырын тек менен сұрамаңдар.
Көне көзден сыр жиып, жөн іздесең,
Тарихтан алар асыл сыбағаң бар.

Түбірін көріп жалғыз қарағайдың,
Ат басын бұрып неге қарамаймын.
Қанша ғасыр жалаулап тұрды екенсің,
Қара шалдай қабақтан тарамай мұң.

Көк шоқының шығайын жотасына,
Сусадым қарт­тарымның батасына,
Айқай салып әндеткім кеп тұрғаны-ай,
Баладай еркелеген атасына.

Қараймын шымылдырық қарағайға,
Көз тартып тұр күлімдеп анадайда,
Сазыңнан, қыратыңнан көрінбейді,
Біздердей асыр салған бала қайда?

Қақпа тас төр жайлаудың кеденіндей,
Шұбырған көш өтпейді бөгелінбей.
Үзеңгі тасқа тиіп сыңғырлайды,
Мен өт­тім аман-есен дегеніндей.

Еңкейіп қасқа жолдан Тасбастауға,
Қазған тоған ортақ тұр қос бастауға.
Бесқарағай жонына шығып тұрып,
Амал жоқ қалғанымен қоштаспауға.

Сырлас жүрек

Сырлас жүрек лүпүліңді сезгенмен,
Сырлас жанды, аңсай іздеп көз көрген.
Қағысыңда кейде өзгеріп жүдейді,
Құбылысты көрген кезде өзгерген.

Сырлас жүрек жаны жайсаң досыңмен,
Жаза бассаң аялаған, кешірген.
Жабырқаған жаныңды ұғып, жұбатып,
Желеп-жебеп, мерейіңді өсірген.

Сырлас жүрек, сағынысқан жандармен,
Үміт сыйлап алаулаған таңдармен.
Арманыңды асқақтатар әр қашан,
Кісілікті, түсінікті жандармен.

Сырлас жүрек, өтіп жатқан өмірмен,
Өскен орта, табиғатпен, өңірмен.
Ой түбінде жатқан сырды ақтарып,
Шабыт құсын ұшыр көкке көңілден.

Сырлас жүрек, жаны жайсаң құрбымен,
Құпиясын ақтаратын сырдың ең.
Лебізінен жан сарайы көрінер,
Кей пендеге көрінбейтін дүрбімен.

Келі-келсап, түскиіз

Келі-келсап – жәдігерің, мұратың,
Түйген талқан, ас-ауқатың, қуатың.
Ал түскиіз гүл жайнатып іргеңді,
Жастығыңның куәсі боп тұратын.

Келі-келсап, тары-талқан түйетін,
Қал-қадірін татқан адам білетін.
Отын бұтап, күнге тастап қаңсытып,
Кәрлендіріп жатқан бұл кім киесін?!

Әкең шапқан келі-келсап киелі,
Зерделі жан одан бір сыр түйеді.
Әке өнерін дәл осылай қорласаң,
Шапқан шоты маңдайыңа тиеді.

Түскиізді анаң тіккен кестелеп,
Май шам жағып, еңбектеніп кеште көп.
Сол тілегін ақтаған жан сен болсаң,
Қайран үміт кеткен екен ешке тек.

Отаным деп, қазағым деп жеткенің,
Нені танып, нені біліп тектедің.
Отынқора қымтағанша іргесін,
Абзал еді жұртқа тастап кеткенің!

Осылайша табалай ма мұраны?!
Қадірлесең құнын жоймай тұрады.
Жетесіз ұл, мұндай тексіз келінді,
Ана, мұра қасиеті ұрады.

Ақсарайда жатсаң егер шалқалап,
Неге әкелдің әуре болып арқалап?
Ісің өрге басқан егер жан болсаң,
Келіге отын бұтамас ең жаңқалап.

Керексіз қып неге бұлай ерледің,
Ерлік емес намысыңды жерледің.
Қажетіңе жарамаса жүдетпей,
Мұражайға неге апарып бермедің!

Қой, бауырым, артық кет­тің осы рет,
Бұдан аспас рухсыздық, қасірет.
Есіңді жи, тәубеңе кел, кеш емес,
Сонда сені елі-жұртың кешіред!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір