«Рәміздер – тәуелсіздік тұмары»
4 маусым – еліміз үшін мәртебелі күн. Бұл күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері ресми түрде бекітілген болатын.
Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысының, дербестігі мен тәуелсіздігінің белгісі. Биыл еркіндігімізді айшықтайтын ұлттық символдарымызға 32 жыл толып отыр. Рәміздерімізді қастерлеу, оларды мақтан тұту мақсатында Наурызбай ауданы Отбасылық оқу кітапханасында «Рәміздер – тәуелсіздік тұмары» атты патриоттық шара өтті.
«Қазақстан – Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты, Туымен тұғырлы» атауымен кітапхананың оқу залында көрме қойылды. Кітапхана меңгерушісі Ләззат Нұрғалиқызы Мемлекеттік Рәміздердің бейнесі мен оларды қабылдау туралы заңға тоқтала отырып, кітап көрмесіне шолу жасады. Ары қарай Наурызбай ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фариза Ыдырысқызы сөз алып, тақырып аясында өз ойымен бөлісті. Кеш қонақтары Наурызбай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Тастанбеков, Желтоқсан қайраткері Серікбек Дүрімбайұлы және жас қаламерлер де оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Патриоттық өлеңдер оқылып, әуезді әндер орындалды.
Шара сонында барлық кеш қонақтары мен қатысушылар Наурызбай ауданы әкімшілігінің амфитеатрында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады. Мемлекеттік Рәміздерді құрметтеу, оларды мақтан тұту – әрбір азаматтың қастерлі борышы. Мемлекеттік Рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын!
Дана БЕКБОСЫН