Тұлға алдындағы парыз
09.12.2016
1486
0

Қазақ жерінде ұлт келешегі жолында том-том еңбек қалдырған тұлғалар жоқ емес. Ел Тәуелсіздігін алған соң, халық үшін бар өмірін сарп еткен арда азаматтардың мұрасын жаңғырту дәстүрі басталды. Міне, сол сүрлеудің ізімен осы уақытқа дейін қаншама тарих таныған тұлғалардың еңбектері жиналып, бірқатар кітаптар да шығарылып жүр. Алаштың бүгінгі азат күніне себепші болған әр қазақтың атын өшірмей, мол мұрасын кейінгіге өнеге ету – қазіргінің тарих алдындағы парызы деп білеміз. Осы ретте 150 жылдық мерейтойы өтіп жатқан ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін аттап кете алмаспыз. Неге десеңіз, Алматы қаласында тұлға келбетіне қатысты елеулі шара орын алмақ. Желтоқсан айының 13-і күні сағат 11.00-де Ұлттық кітапхана за­лын­да Әлихан Бөкейханның өміріне арналып жазылған «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқ­шысы» және «Әлихан Бөкейхан. Аманат» атты қазақ және орыс тілдеріндегі екі томдық монографияның тұсауы кесілмек. Қос томды монографияның авторы – белгілі жур­налист, Алаш тарихын және Ә.Н.Бө­кейханның өмірін зерттеуші, ғалым Сұлтан Хан Аққұлы (Жүсіп). Әлихан Бөкейханның келбеті бір жақты пікірмен ғана бағаланбайтыны хақ. Ұлт көсемінің ормантанушы-ғалым, агроном, әрі заңгер, табиғи дарыны бойынша та­­рихшы, экономист, этнограф, әде­биет­тану­шы, журналист, әрі публицист екені мә­лім. Әлихан Бөкейханның аталған салалар бойынша жиналған ғылыми-пуб­лицис­тикалық мұрасы 15 томға жүк болады екен. Көпшілікке ұсынылғалы жатқан қос том­дық­тың көздеген мақсаты да осы 15 томдыққа үлес қосу деп болжадық. Тұсаукесердің нақ 13 желтоқсанға қойылуы кездейсоқ жағдай емес. Осыдан тура 99 жыл бұрын дәл осы күні – 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орын­бор­дағы ІІ Жалпықазақ құрыл­тайында Қазақ-Қыр­ғыз автономиясы құрылды. Осы күні 3 үміткердің дауысқа түсуімен өткен шынайы демократиялық сайлауда Әлихан Бөкейхан Алаш авто­номиясының президенті, әрі премьер-министрі болып сайланған.
Атап өткеніміздей, еңбек екі тілде жарық көр­мек. Қазақ тіліндегі монографияның жауап­ты редакторы белгілі алаштанушы, ғалым, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Ди­хан Қамзабекұлы, орыс тіліндегі мо­нографияның редакторы – белгілі журналист Аркадий Арцишевский.
Алдағы тұсаукесер рәсімін танымал жур­налист, тарих ғылымының докторы, профес­сор, Қазақстан Журналистика ака­де­мия­сы­ның президенті Сағымбай Қозыбаев жүр­­гізеді.Монография авторының айтуынша, қазақ және орыс тілдеріндегі тұңғыш қос томдық монография шынайы тарихи деректер мен мұрағат құжаттары, куәгерлер мен Әли­­хан Бөкейханның үзеңгілестерінің, оның жа­қын­дары мен туыстарының есте­лік­тері негі­інде жазылды. Бұл – ХХ ғасыр ба­сын­дағы қа­зақ көсемінің дүниеге келген сәтінен бүкіл өмір жо­лын, оның туған хал­қы­ның құқы мен бос­тандығы, ата-баба же­рін қай­тарып алу және ұлттық мем­лекеттігін қайта қал­пына келтіру жо­лындағы қиян-кес­кі күре­сін си­пат­тауға деген тұңғыш тал­пы­ныс бо­лып табылады. Тарихты тағы бір жаңғыртуға сеп болып тұр­ған еңбекке қа­тыс­ты басқа да сауал­дарды Сұл­тан Хан Аққұлұлының өзінен сұрап көрген едік:
– Екі томнан тұратын кітапты жазуға қан­ша уақытыңызды арнадыңыз?
– Шығарылайын деп жатқан еңбекті жазу­ға 25 жылдан астам уақытым кетті. Ал­ғаш рет бұл тақырыпты 1991 жылы оқу бі­тіріп, қазіргі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметкер болып кел­ген кезден бастағанмын. Кешегі Ке­ңестер Ода­ғының архивін, бүгінгі Ресей Феде­рация­­сының Фе­дералдық Қауіпсіздік қыз­метінің мұрағатында жатқан материалдарды ақтардым. ТМД елдеріндегі бүткіл кітапхана, мұражайлардағы Әлихан Бөкейхан туралы бар­лық мәліметті жинадым. Ол кісінің те­легей-теңіз, бай мұра­сын құрастырғаныма ширек ғасыр өтті.
– Аталған еңбегіңіз басқа да тілдерге ауда­ры­ла ма?
– Иә, дәл қазір монографиям ағылшын, ук­раин, түрік тіліне аударылу үстінде. Әли­хан Бөкейхан туралы тұңғыш монография бір­ден бес тілде жарық көрмекші. Түрік ті­ліне Гүлжанат Құрманғалиева, украин тіліне Владимир Сергейчук, ағылшын тіліне өзім­нің қызым Әсем Аққұлы аударып жатыр. Ағыл­шын тіліндегі нұсқасы аударылып бітті. Оны алдағы жылдың бірінші жартысында басып шығару жоспарда бар.
– Кітапты шығаруға демеушілік көрсеткен кі­сі­лер бар ма? Әлде, өз қара­жатыңызға жа­рық көріп жатыр ма?
– ЮНЕСКО көлемінде тойлануға тиіс бол­ған Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналып, жарыққа шығып жат­қан бұл еңбекке бюджеттен ешқандай қар­жы бөлінген жоқ. Шымкент қаласынан шық­қан Отаншыл демеуші жігіттің қара­жатына екі тілде де 400 данадан шы­ғардық. Ал­дағы жылы «Алашорда» үкі­метінің құ­рыл­ғанына 100 жыл толуына орай тиесілі қара­жат бөлінеді деген үміт бар. Ол кезде 2000-3000 данамен қайта шығарамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір