Болашақ алдындағы жауапкершілік
12.07.2024
118
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталып: «Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық», – деп атап көрсетті.

Отаншылдық, әр азаматтың туған еліне деген сүйіспеншілігі әдемі сөзбен өрілмеуі тиіс, ол нақты істен көрініс табуы қажет. Ол үшін әркім тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезініп, бағалай білуі керек. Тәуелсіздік жылдарында негізі қаланған еліміздегі жастар саясатының басты мақсаты мен басым бағытының бірі де осы – өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік, ел-жерге деген адалдық, ерлік, өрлік, жасампаздық рухын қалыптастыру. Бұл, әрине, елдігіміздің негізін қалаған бабалар аманатына адал қасиетті борыш, ең қастерлі міндетіміз – бүгінде халықаралық қауымдастықтың теңқұқықты мүшесі ретінде әлемнің саяси картасынан орын алған тәуелсіз елімізді, ұлттық мүддемізді қорғауға әрдайым дайын болу мақсатындағы сан салалы тәрбиемен сіңірілмек. Солардың қатарында жастарды ел тұтастығы мен қауіпсіздігін, Отан шебін қорғауға дайындаудағы әскери-патриоттық тәрбиенің орны бөлек. Президент атап өткендей, бұл, әсіресе, әлемде «Заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті. Осы ретте әскери-патриоттық клубтар, әскери мектептер мен колледждер тәрбиеленушілерінің арасында өткізіліп тұратын түрлі жарыстар мен сайыстар жастардың ақыл-ой өрісі мен күш-қуатын шыңдап, жан-жақты дамуына, Отан алдындағы азаматтық парызды терең түйсініп, түсінуіне, еліміздің баршаға тең мүмкіндіктер жасалған мемлекетке айналуына өзіндік үлесін қосар тұлға болып қалыптасуына ықпалы мол іс-шаралардың бір парасы десек болады.
Дәстүрлі өткізіліп тұратын осындай іс-шаралардың бірі – «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны. Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай Құрлық әскерлері Әскери институтының Алматы қаласындағы «Әли» оқу орталығында өткен халықаралық әскери-патриоттық жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей құрамалары сапында 750 адам қатысты. Биылғы жыл осымен оныншы рет өткізілген жиын ережесі бойынша бас жүлдені өз санаттарында үздіктер қатысқан «Күшіміз бірлікте» ақтық ойнында жеңімпаз болған команда алады. Кілең мықтылар арасында аса тартысты өткен бұл сайыста жоғары нәтиже көрсеткен Қарағанды қаласының Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің құрамасы бас жүлдені иеленді.
«Әскери қызметші қатарына келгенге дейін мен жалпы білім беретін мектепте алғашқы әскери дайындық мұғалімі-ұйымдастырушы болып жұмыс істедім. Мектеп оқушыларымен «Айбын» әскери-патриоттық жиынына алты жыл қатарынан қатысып, жүлдемен оралып жүрдік. Ал «Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілерімен биыл екінші жыл қатысып отырмыз. Мектеп тәрбиеленушілері үшін әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру, еліміз Қарулы күштерінің мәртебесін көтеру, әскери қызметті насихаттау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Айбын» әскери-патриоттық спорттық жастар жиынының орны ерекше. Бұдан бөлек спорттың әр түрінен республикалық, облыстық, қалалық жарыстарға қатысып, тұрақты түрде жеңісті орындардан көрінетін біздің оқушыларымыз мектебіміздің мақтанышы екенін айтқым келеді. Осы өткен халықаралық жарыста біз бірінші орын алуды мақсат еттік. Жыл бойғы тынымсыз жаттығулар мен тиянақты дайындықтың арқасында көздеген нәтижеге қол жеткіздік, – деді бізбен әңгімесінде Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеші-офицері, аға лейтенант Олжас Ахметов. – Спорттық сайыстарда команда капитаны Алмас Рысмағамбет, Расул Жұманбаевтер күш-қуат тұрғысынан мықты дайындығын көрсетсе, Мырзабек Досхан өз шеберлігімен көзге түсті. Жалпы, қарағандылықтардың жарыс мәресінде үздік атанып, бас жүлдені иеленуі – команданың әр мүшесінің ақыл-ойы мен күш-жігерінің, жеңіске жету жолында жұдырықтай жұмылып, жұмыс істей білуінің нәтижесі».
Сонымен қатар қарағандылықтар «Айбын дарыны» зияткерлік байқауында және пневматикалық мылтықтан атуда бірінші орын алып, республикалық «Жас ұлан» мектептері арасында жалпы командалық есепте үздік атанды. 
Тарихы әріден бастау алатын Қарағанды қаласындағы республикалық «Жас ұлан» мектебі – ақылдың күші, ақ найзаның ұшымен ұшқан құс қанаты талар осынау ұлан-ғайыр даланы ұрпағына аманат еткен бабалардың ерлік рухы мен өнегесін, халқымыздың сан ғасырлық мәдениетін болашақ ұрпаққа жеткізетін еліміздегі ұлттық тәлім-тәрбие ордаларының бірі. Алғашында қазақ жастарын әскери мамандыққа бағдарлау, әскери оқу орындарына түсуге дайындау мақсатында ҚКСР Министрлер кеңесінің 1984 жылғы №270-20 шешімімен әскери-дене шынықтыру дайындығы және орыс тілін тереңдетіп оқытатын Қарағанды республикалық арнайы мектеп-интернаты болып құрылған бұл мектептің атауы 1992 жылы Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернаты» болып өзгертіліп, сол жылы екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Ж. Бигелдиновтің есімі берілген.
Екі мәрте кеңес одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебі тәрбие және идеология жөніндегі басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы Арман Қалдыбековтің айтуынша, өзінің қырық жылдық тарихында мектеп қабырғасынан бес мыңнан астам түлек қанат қағып ұшқан екен. «Осы жылдар ішінде «Жас ұлан» түлектері оның даңқын асырып келеді десем, артық айтқандық емес, – дейді Арман Құрманғазыұлы. – Оқу ордасының екі түлегі генерал шеніне қол жеткізді. Аға ұрпақтың даңқты ерлік дәстүрін жалғастырған ізбасарлары бүгінде егемен еліміздің әскери бірлестіктері мен бөлімдерінде, басқа да бөлімшелерде біліктілікпен басшылық жасап, қызмет атқаруда. Әрине, бұл жерде мектеп қабырғасында қаланар іргетастың маңыздылығы айтпаса да түсінікті».
Көптеген түлектер Отан алдындағы айрықша қызметтері үшін мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталған. Сонымен қатар жасұландықтар ел экономикасының әскери саладан басқа да бағыттарында жемісті еңбек етіп, абырой биігінен көрініп жүр.

Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір