ПАРЫЗ бен ҚАРЫЗ: Бейбарыс Сұлтан – 800
01.02.2023
756
0

Биыл Бейбарыс ас-Захир бабаның туғанына 800 жыл толады (1223-1277). Әлбетте, бұл – сегізінші өркениет тарихындағы елеулі оқиға. Таяуда қазақ билігі ұлы қолбасшының мерейтойын атап өту туралы әңгіменің шетін шығарды.

Мерейтой – тарихи тұлғаның өзінің ғана емес, елінің де мәртебесін асқақтататын саяси шара. Оның үстіне Бейбарыс ас-Захир – жаһандық деңгейдегі тарихи персонаж. Бұл жерде өткен жылғы Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы бастама еске түседі.
Алтын Орда да, Бейбарыс сұлтан да – бүкіл түркі дүниесіне, оның ішінде этникалық бірліктің қыпшақ тармағына ортақ. Қазақ даласында Алтын Орданың мерейтойы туралы әңгіме басталар тұста Татарстанда шараның басталып та кеткенін білеміз. Алайда шара одан әрі жалғаспай сонымен тоқтады. Оның себебі айтпаса да белгілі.
Татарстан – Ресейдің құзырындағы субъект. Орыстың балағынан жел шықса… амалсыз «жәрәкімалла…» деп отырған ел. Ал Мәскеудің өзі үш жүз жыл боданында болған Сайн тағына, яғни Алтын Ордаға, оның мәртебелі тарихына қалай қарайтыны белгілі.
Себебі түсініксіз 750 жылдың әңгімесі қозғалғанымен Қазақстанда да аталып өткен жоқ.
Жалпы, тарихи субъектілердің, тұлғалардың мәртебесін көтеру шараларына БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өз саяси мүддесіне орай қарайтыны жасырын емес. Мәселен, алдыңғы жылы Шоқанның 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілерде Қытай басшылығының ерін бауырына алып тулағаны есте.
Шоқан – орыстар үшін жұқалап айтқанда саяхатшы офицер, қазақ үшін мақтаныш. Ал қытай түсінігінде – шет мемлекеттің әскери барлаушысы.
Адамзат тарихындағы ең ұлы империяның, түркі тарихындағы жарты әлемде билік құрған төрт империяның бірі болған Алтын Орда тойының өтпей қалуының себебі осы жерден белгілі болады! Оған әсте күмән де жоқ!
Соңғы кездегі әлемде жүріп жатқан, тартысқа, қантөгіске толы оқиғаларға қазір есімі ауызға түспей отырған американдық бір ғалым «өркениеттер соғысы» деген нақты, әрі қисынды анықтама берді. Алдымен ол – этнобрендттер бәсекесі, этномақтаныштар тартысы, болашақтағы өрлеу мен прогресстің алғышарты.
Этнобрендттер бәсекесі тұрғысынан алып қарастырғанда, соңғы кезде алдымен Батыс пен Шығыс өркениеттері мен мәдениеттері арасындағы мәртебеге таласты аңғару қиын емес. Әрине, көне мысыр, шумер сияқты тым ерте, әрі нақты дәлелденген мәдениеттерге ешкім таласа алмайды.
Қазіргі тарих пен археология ілімінде Батыс тарапынан барша игілікті энтикалық Грекияға бір жақты телу әрекеті анық байқалады. Әлбетте, оған шығыс мәдениеті де қарап отыра алмайды.
Мұндай жымысқылықты Бейбарыс сұлтан тарихына байланысты да байқау қиын емес. Батыс, оның ішінде орыс дереккөздері ұлы бабаны әлі күнге дейін көзі көк еуропалық, негізінен грузин етіп көрсетіп жүр.
Қазіргі Бейбарыс сұлтанға қатысты ең көне дерек ХІV ғасырдағы араб тарихшысы әл-Айнидің жазбасы. Онда ұлы мамлюк сұлтанның тегі қыпшақ деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген! Біздің тарапқа жеңіс беріп тұрған да сол жәдігер!
Кейде ұлы бабаның адамзат тарихындағы беделін әлі де болса толық біле бермейміз бе деген ой келеді. 1997 жылы ел астанасы Ақмолаға көшірілген жиында Сүлеймен Демирелдің жаңа астананың атын «Бейбарыс» деп қою туралы ұсыныс білдіргені бар, әрі оны қолдаушылар да аз болмаған.
Рас, сәл кейінірек Астананың аты өзгертілді. Бірақ ел, тұтас түрік дүниесі күткендей «Бейбарыс» емес, «Нұр-Сұлтан» болды. Осы екі адамның қайсысының басым, қайсысының бейбасым екенін түсіне алмай екі жылдай дал болып жүрген заман да өткен…
Ұлы тұлғаның генетикалық анықтамасына келсек, қазіргі алмағайып заманда оны да қолдан өзгерту, жасау қиын емес сияқты. Антрополог-мүсінші Герасимовқа тарихи адамның мүрдесін қазып алып, ұстатасың да «мына азияттан еуропалық адамның бет-пішінін жаса» дейсің. Сутегін сазбалшық тұрғанда ол да түк емес! Этнобрендтер бәсекесінде азият Шыңғысхан мен Темірланды да өзіне теліп жүргендер бар.
ХІV ғасырда әл-Айни жазып қалдырған нақты дерек – Бейбарыстың қыпшақтың тегіне келейік. Ортағасырлық медевистика ілімі Дешті Қыпшақ мемлекетін, оның тікелей мұрагерінің қазақ этносы екенін жаңа біледі. Әрі ол – ғылыми дәлелденген ақиқат дерек.
Дегенмен қыпшақ этнотармағына кіретін татар-башқұрт, өзбек, Қап тауының қарашай, құмық, ноғай, т.б. ұлттары да бар. Мәселенің кезінде бір ушыққан тұсы да сол болған. Мәртебе таласында қазақтың басты бір бәсекелесі екібастан – өзбектер. Әл-Фарабиге, Бейбарыс сұлтанға таласта қазақы мәртебе асқақ болды.
Амалы таусылған ақшапанды жұрт қайта-қайта Мысырға сабылып жүріп, ең соңында Бейбарыстан бұрынғы тағы да бір мамлюк сұлтаны Қайтбайды өзіне меншіктеп алып, тыншыды. Ол да есте ұстайтын жағдай.
Таным айдыны соңғы кезеңде Бейбарыс сұлтанды «Қазақфильм» түсірген толықметражды фильм арқылы таныды. Ал фильмнің өзі Морис Симашконың Олжас Сүлейменовке арнап жазған «Емшан» (Жусан) романының негізінде түсірілді.
Жазушының шексіз құрметі Олжасқа ауды ма, әлде қазаққа ауды ма, ол жағын білмейміз, бірақ сол шығарма арқылы ұлы бабаның өз топырағына барынша жақындай түскені күмәнсіз.
Кино да, әдебиет те – насихат құралы. Жасыратыны жоқ, әсіресе, халық жаппай көретін киноның маңызы зор.
Бейбарыстың қыпшақ екені дәлелденгенімен, сол қыпшақ тармағының қай ұлтына жататыны нақтыланбаған кезде «Қазақфильм» кино түсіруді қолға алған. Этнобрендтен дәмелі көңілдің біршама орныққан тұсы сол еді.
КСРО кинемотографында одақтас республикалар арасында Бейбарыс туралы фильм түсіруге талас басталсын. Ақыры, жеңіс «Қазақфильмге» ауды.
Алайда мәселе фильмнің режиссерін таңдарда, бекітерде қиындады. «Бейбарыс сұлтанды» кім түсіруі керек? Оның ұлты, тегі кім?
Ақыры таңдау ұлты татар режиссер Болат Мансуровқа түскен. Өрекпіген көңілдің су сепкендей басылған тұсы да сол. Себебі қыпшақ Бейбарысқа қазақпен қоса, татар да таласа алатын. Ал персонаждың ұлтының кім етіп көрсетсе де режиссердің өз еркі. Тіпті, фильм сюжетіне негіз болуға тиіс әдеби шығарманы таңдау да соның қолында.
Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса, татар режиссердің Бейбарыс сұлтанды өз ұлтына теліп жіберуі әбден мүмкін болатын. Алайда болашақ фильмнің бас иесі – «Қазақфильм». Бас кейіпкер рөлін сомдауда ол да маңызды.
Ақыры, біздің тараптың дегені болып, бас рөлді ойнауға Нұрмұқан Жантөрин таңдалды. Ұлы актердің азиялық бет-пішімі, болмысы әмбеге аян. Жантөринді ешкім еуропалық, оның ішінде грузин немесе татар дей алмайтын.
Әлбетте, ол Бейбарыс сұлтанға таласта қазақы беделді асқақтатқан оқиға болды.
Сонымен фильм түсірілді. Оның прокаты бүкіл Кеңестер Одағына тарады. Сол арқылы Бейбарыс сұлтанның қазақтығы дәлелденді. Қазір кейбір Батыс, орыс дереккөздері болмаса ұлы қолбасшының қазақтық тегіне ешкім күмәнданбайды.
Ендігі мәселе атақты Салах-­ат-Диннен кейін кресшілердің бетін қайтарған, жарты әлемді жаулаған маңғол шапқыншылығын тоқтат­қан, адамзат тарихындағы ең ұлы қолбасшылардың бірі – Бейбарыс бабамыздың 800 жылдық мерейтойын Қазақстан көлемінде атап өтуге келіп тіреліп тұр.
Араб тарихшысы әл-Аинидың нақты дерегі таным айдынында толық мойындалған заманда оған қазақ ұлысының толық хақысы бар.
Бүгінгі таңның басты парызы, өткен тарихқа қайтарар қарызы да сол болмақ. 

Өмірзақ МҰҚАЙ 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір