КӨКТЕМ АЛДЫНДАҒЫ ЖЫР КЕШІ
12.03.2024
297
0

Астанадағы «Жастар» театрында ақын, жазушы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері Есенгелді Сүйіновтің «Жайнай бер, туған елім!» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш «Сарыарқа» ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен ашылды. Қалалық Тілдерді дамыту басқарма басшысының орынбасары Исабек Досжан кеш иесін құттықтап, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің Алғысхатын тапсырып, қазақтың дәстүрі бойынша иығына шапан жапты. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Өріс Яшүкірқызы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, ұлттық «Айбоз» сыйлығының лауреаты, драматург Айгүл Кемелбаева Есенгелді Сүйіновтің шығармашылығына қатысты жылы лебіздерін білдірді.


– Есенгелді Сүйіновтің алты кітабы шыққан. Еліміздің тарихында айшықты орын алатын, ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғалар жөнінде ол біраз еңбектеніп, солардың есімдерін есте қалдыруға күш салды. Қарымды қаламгердің қай шығармасы болса да тіл шеберлігімен, көркемдік дәрежесімен, идеясының өзектілігімен ерекшеленеді, оқырманға ой салады. Мен Есенгелдінің төрт қасиетін атап өткім келеді. Бірінші қасиеті – ол иманжүзді, екінші қасиеті – жаны сұлу, үшінші қасиеті – жеке басының тәрбиелігі, төртінші қасиеті – жарына адалдығы, қазақтың аяулы ақын қызы Марфуға арамыздан ерте кетсе де оның соңында қалған өлеңдерін, туындыларын жинақтап, екі томдығын, естелік кітап шығарып, еске алу кештерін өткізіп, есімін есте қалдыру бағытында қыруар жұмыстар істеді, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ораз Қауғабай.
Көкшетаудан келген облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хатын оқып, Оқжетпестің, Бурабайдың жазғы келбеті бейнеленген картинаны сыйласа, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, әнші Кенжебай Мұқышев домбырамен ән шырқап, қонақкәде жасады. Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтауын оқып берді. Хатта былай делінген: «Бүгінгі таңда сіз әдебиетке үлкен олжа салып келесіз. Сіздің есіміңізді қалың оқырман жақсы біледі, көптеген еңбегіңіз елге жетіп, лайықты бағасын алып келеді. «Күңгіртау құпиясы», «Менің елім, менің жерім», «Мақпалды күндер», «Арайлы таң», «Тербеген теңіз әлдиі» кітаптарының авторысыз. Құрметті Есенгелді Сүйінұлы, «Жайнай бер, туған елім!» атты шығармашылық кешіңіз құтты болсын! Әдебиетке жемісті еңбек ете беріңіз, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, толағай табыс тілеймін!».
Астанадағы Есіл, Нұра аудандары әкімдерінің, AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысының м.а. Мұхамеджан Болысбектің Алғысхаттарына қоса ақынға гүл шоқтары сыйға тартылды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың құттықтау хатын осы облысқа қарасты Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Жүсіпов оқып, Есенгелдінің иығына зерлі шапан жапты.
Шығармашылық кеште ақын өлеңдерінің сөздеріне жазылған «Өзіңді күтіп жүрмін», «Сағындым ғой мен сені» әсем әндерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы, халықаралық конкурстардың лауреаты Дос секілді танымал әншілер орындады. Ақын Марфуға Бектемірова өлеңдерінің сөздеріне жазылған «Ақ қайыңға» әнін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева, «Аққуым менің, қайдасың?» әнін талантты композитор, әнші Медет Салықов шырқап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңында Есенгелді Сүйінов өлеңдерін оқып, тартымды шараны ұйымшылдықпен өткізуге дәнекер болған жанашыр азаматтарға, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік басқару органдарының басшыларына алғыс айтты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір