Қазақтың оқуда кеткен есесі көп
1. Сөз басы
«Тәуелсіздік» деген не нәрсе бұл? Ол қарапайым он бір әріптен тұратын, сөздіктегі сөз емес. Бұл – сонау жылдардағы бабалардың орындалмаған арман, тілегі… Бұл – кеудесін оққа тосқан ерлердің қажымас қайраты. Бұл – намысын бермеген қазақ қызының мұқалмас жігері. Бұл – елім деп емірене соққан көп қазақтың жүрек лүпілі. Бұл – қаншама жылдар тағдыр тауқыметін көріп, өзгені өзекке теппейтін, өз қолын өлсе де өзі кеспейтін, қасиеті мен қасіреті қатар тұрған қазақ жұртының елдігінің дәлелі. Мына сөйлемдерді башқұрт, не орыс түсінуі мүмкін. Бірақ, ешқашан сезіне алмайды. Бастан кешкен қазақ қана…тек, қазақ жанарына да, көңіліне де жас толтырып, сезіне алмақ. Тарих қойнауына үңілер болсақ, «аттың жалында, түйенің қомында» күн кешкен қилы замандарда қаншама ел мен жұрт түрлі азаптарға төтеп бере алмай, жұтылып кете барды. Тіпті, жер бетінен жоғалып кеткендері де жетерлік. Ал, қазақтың бұралаң тағдыры не болды? Тұлпар шапса – тұяғы, қыран ұшса – қанаты талатын кең байтақ жердің біріксе бірлігі жарасқан иесі – бүгінде егемендігінің 25 жылдығын атап өтуде. Бәлкім, біреулерге аз уақыт болар. Бізге олай емес. Әйтеуір, өткен жиырма бестің әр жылын жатқа айтамыз. Әр атқан таңға балаша қуандық. Қоғамда ерекше бір дүмпу пайда болды. Бәрі түбі бір жақсылықтың боларын сезді. Сол үшін де алға ұмтылып, тырысып бақты. Өткен тарихы мен салт-дәстүріне, әдебиеті мен мәдениетіне қол созды. Ұзақ жылдар сандығында сақтаған ұлттық құндылықтарын жарыққа алып шықты. Адам баласына балалық шағы қандай қымбат болса, бізге де күнтізбенің алғашқы жиырма бес жылы сондай қадірлі. Біле білсеңіз, қазақ – кеше ғана қалыптасқан ұлт емес. Біздің жүріп өткен жолымыз анау тау мен қыраттардың арғы жағынан басталған. Тарих бәріне куә. Бұған «сөз соңында» тағы бір көзіңіз жетеді.
Біздің қазіргі азат күніміз бұл – Тәңірдің қазақ халқына берген мүмкіндігі. Сол мүмкіндікті пайдалана алғандығымыз болар, 25 жылды артқа тастап отырмыз. Десек те мына нәрсені ұмытпағанымыз жөн: «қолдағы алтынның қадірін білмесек», кез келген минөтте аспанымыздан бұлбұлдай ұша жөнеледі. «Қадірін білу» дегенді қалай түсінеміз? Бұндағы «алтынымыз» қайсы? Мұны екі мағынада тарқатсақ: біріншісі, тәуелсіздіктің бағасын білу, яғни, жүзіміз жүзге шашырамай, бірлікте өмір сүру, ал екіншісі, қазақтығымыздан айрылмау. Міне, осы «тәуелсіздік» пен «қазақтық» ұғымдары біздің «алтынымыз». Мақалға сай оның қадірін білуіміз шарт. Осы тұста көкейде мынандай сауал қылт етеді: қазіргі уақытта тәуелсіздігіміз бен қазақтығымызды қатар алып жүрміз бе? Бірден жауап беру қиын. Өз халықтық келбетімізге бір қарайықшы… Кеше қандай едік? Бүгін кімге айналдық? Азаттықтың 25 жылына дейінгі қазақ пен 25 жылынан кейінгі қазақты салыстырып көрейікші.
2. Дейін мен Кейін
…1991 жыл. Ел тәуелсіздігін алып, абыр-сабыр болып жатқан кез. Қарапайым халық аң-таң: «кеше ғана біреуге бағынышты едік. Бүгін, міне, тәуелсізбіз! Бір күннің ішінде пайда болған бұл не деген ғажайып?!». Иә, бұл ғажайыпты дәл осы жылы, нақ осы күні болады деп ешкім ойламаған еді. Жұрт өң бе, түс пе деп бір-бірлеріне қарасты. Жоооқ, түс емес екен. Біреулер бөркін аспанға ата қуанса, біреулер қуануға да қорқақтап, әліптің артын бақты. Қараңғылыққа үйренген жанар бірден жарыққа шықса, күнге тіке қарай алмайды ғой. Бұл да сол сияқты. Халық тәуелсіздікпен қауышқанымен оны әлі сезіне қоймаған еді. Әр қазақтың бойында үрей мен қуаныш қатар жүрді. Біраз уақытқа дейін… Адамдардың сырт түр-тұлғасы тәуелсіз болғанымен, ұлттық санасы, түйсігі, танымы әп дегеннен «азатпын» деп бас көтерген жоқ. Бұл құбылыс, бәлкім, қалыпты болар. Неге десеңіз, кез келген дүниеге бой үйреткізетін де, алшақтатын да уақыт. Тәуелсіздікке дейінгі өткен уақыттың көптігі болар, тез төселе алмай жатқаны. Оған ешкімді кінәләй алмаймыз. Бастысы, қазақтың жоғалғаны табылды. Ауылдағы қария жайнамазының оралғанына қуанды. Ақ жаулықты әже ұршығымен қауышқанына қуанды. Жас бала «Ленин – біздің атамыз, саясында жатамыз…» деген ұранды енді айтпайтынына қуанды. Толған қуаныш. Өздері де елестете алмайтын бір қызықты күтуде. Бәрінің көңілінде бір үміт. Өкініш жоқ. Тәуелсіздікті алғаш қарсы алған адамдар – біз ешқашан ойлап көрмеген сезімге ие болып қана қоймай, әлемді дүрліктірген тарихи жаңалықтың куәгері атанды. Осының өзі қандай бақыт?! Сол қазақтар екі түрлі қоғамның дәмін татты: бодан қоғам мен азат қоғам. Сондықтан да олар тіл мен діннің, салт пен дәстүрдің, бірлік пен бейбіт күннің қадір-қасиетін сөзсіз түсінді. Себебі, тәуелсіздіктің бағасын тәуелді болған ғана біледі.
…2016 жыл. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Тіліміз – қазақ. Анда-санда орыс, ағылшын тілдерінде де сөйлеп қоямыз. Саясатымыз солай бұйырды. Дініміз – ислам. Кейбіріміз басқа діндерді де серік қылып жүрміз. Оған ешкім қой демейді. Еркіндік. Жаңа туған баланың тілі басқа тілде шығуда. Қызығы сол, таңғалмаймыз. Үйреншікті жағдай. Көбіміз қалада өмір сүріп жатырмыз. Себебі, жаңаның бәрі қалада. Мұнда ауылдағыдай әркімге бір амандаспайсың. Қарияны көріп, байқамай, сәлемдесіп қалсаң, артық қылық жасағандай сезінесің өзіңді. Көшеде кимешек киген әжені, не орамал таққан әйелді көрсең, бірден күнтізбеңе қарайсың: бүгін қандай мейрам еді?! Бұрымы ұзын қыз көрсек, «мәәәә» дейміз. Бәріміз көбейту кестесін жатқа білеміз. Жеті атаны сұрамаңыз… Қазақстанға сыймай, басқа мемлекетке көшіп жатырмыз. Тар екен ғой…бұрын байқамаппыз. Демографиямыздың дамып жатқаны соншалық, баланы перзентханада босанбайтын болдық. Қазақтың сөз байлығы аз екенін де енді білдік. Неге дейсіз ғой? Нәрестеге есім қоярда қиналып жүрміз. Амал жоқ, мән-мағына бермесе де басқа тілдің әдемі естілетін есімін таңдаймыз. Дастархан басында ас қайырып, бата беретін қариялар дефицит. Іздеп жүріп, әрең табасың. Ол батаңыздың өзі кейде тостқа ұқсап кете ме, қалай?! Домбыра тартатын адам көрсек, суретке түсуге асығамыз. Өйткені, ол домбырада ойнайды. Тағы не айтайын, сізге? Біздің өмір осы… Айтпақшы, мереке жақындап келе жатыр. Қандай дейсіз бе? Бұл мейрамды қалайша білмейсіз? Тәуелсіздік күні ғой. Иә, тәуелсіздік. Жалпы, бұл ұғым жайлы біз кітаптан оқыдық. Оңай келмепті-мыс. Талай оқиғалар орын алыпты. Тәуелсіздік алған сәтте қазақ — жүрегі жарылардай қуаныпты. Сол үшін де болар, олар ұлттық құндылықтарын көзінің қарашығындай сақтады. Өз көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезінбеген соң, біз бұл ұғымды анау айтқандай қабылдай алмадық. Себебі, біз дүние есігін ашқанда Қазақстан – тәуелсіз еді.
Қоғамда «Егемендікпен қауышқанда куә болғандар ғана оның бағасын жете білмек» деген заң жоқ. Бұл, тек тәуелсіз елдің 25 жылдығындағы санасы азат қазақтың көзқарасы. Біржақты шешім қабылдаудан, әрине, аулақпыз. Мақсат: көзге шұқу емес, көңілге түйгізу. Арадағы 25 жыл аз уақыт емес. Осы уақытта ненің, қалай өзгергенін жоғарыда шама-шарқымыз келгенше жеткіздік. Ой түю, сіздерден. Бәлкім, мен бір жерден қателескен болармын? Әр кезеңнің өз ұрпағы сөйлесінші…
3. Олар не дейді?
– Жастық шағыңызды тәуелсіздікпен қалай байланыстырасыз?
Арман Сқабылұлы,
«Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің хатшысы, 52 жаста:
– Жастық шағым – Тәуелсіздік алған кезбен тұспа-тұс келді.
Дегенмен, Тәуелсіздіктің жақындап қалғанын Желтоқсан көтерілісі болған кезден сезіне бастадық десем, қателеспейтін шығармын. 1986 жылы жиырма бір жастағы студент едік. Көтеріліс аяусыз жаншылғанымен біздің буынның рухы түскен жоқ. Қайта қазақтың еңсесін көтеруге бағытталған шығармалар шыға бастады. Мысалға, сол Желтоқсан оқиғасына қатысқан Табылды Досымовтың ұлттың рухын көтеруге шақырған бардтық әндері сол жылдары дүниеге келді.
Күлтегін Аспанұлы, ҚазҰУ-дың түлегі, 21 жаста:
–«Жасында тырысқан – қартайғанда қуанады» демей ме дала академиктері. Азат көңіл таза тыныстап оянысымен қал-қадірінше бар байлығын еркін түгендейді: Еділ патшаның айбынына таңданып, Күлтегін бабасының жырына тұшынып, ақтаңдағын анық танып, сыныптардың төрінде тізіліп тұрған ұлт қаһармандарының галереясына сүйсіне, жауапкершілікпен, құрметпен, зор қуанышпен қарайды. Бұл – менқатарлы әрбір ұл-қыздың кешкен күйі екеніне күмәнім жоқ. Бейбіт дәуірде алаңсыз білім алдық, өткенімізді парықтап, жаһанның ырғағына ілесуге тырысқан жас мемлекетіміз аз жағдай жасаған жоқ. Әрине, қиындықтар да болды, құмыраның да өмір сүру хронотопы болатыны секілді әр уақтың өзіне бұйырған талайы мен бағы бар. Ендігі «түн ұйықтамай, күндіз отырмайтын» қасиетті уәзипа бізге жалғанды.
– Ұлттық сана азат болуы үшін кім, не істеу қажет?
Арман Сқабылұлы:
– Ұлттық сана азат болуы үшін ең алдымен құлдық психологиядан арылу керек деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, біз отаршылдықтың қамытынан құтылғанымызбен, әлі де санамызда үрей бар. Жалтақтап отырамыз.
Күлтегін Аспанұлы:
– Біздіңше, азаттықты көп азаматтар «басқа азаттықпен» шатастырып алғандай. Көрінгенге көзсіз еліктеудің соңында табиғилығы солғындаған, сорлатушы батыстың батпырауық «азаттығынан» қажет жерінде жиреніп отыруды жадымызға жақсылап түйген дұрыс. Этнографиялық очерк-кітаптардағы «қызға қырық үйден тыйым» мен «он үш жаста отау иесі болар ұлға аманат табыстау» баптарын тірілту шараларын әрекетпен, заман ырғағына қарай интерпретациялау керек. Ең басты гумандық, имандылық, ұлттық дәстүр иірімдерін үздіксіз насихаттау әрбіріміздің өз қолымызда. Бейберекеттілік картинасында көрінетін бұл әлем түгелімен сәйкестік векторларынан түзілген. Өзара әсерленудің шындығына сенген дұрыс. Әркім өзінің қайнарын, бастауын іздесе, тапқан бар олжасын кемі отбасымен бөлісе отырса, бәрі оңалар еді. Меніңше, отбасы – басты күзір!
– Тәуелсіздікке дейінгі қазақ пен кейінгі қазақтың қайсысының ұлттық келбеті айқын?
Арман Сқабылұлы:
– Кейінгі қазақ шығар. Дейінгі қазақтың көбі жаңа айтқанымдай артына қарай жалтақтай береді. Жастарда ондай жоқ! Сол қуантады.
Күлтегін Аспанұлы:
– Тәуелсіздіктің таңындағы қазақты күнде көріп жүрміз: киімі көк, білгені көп, берері аз. Аға буыннан таныған, өткеннен көрген, кітаппен кездескендегі қазақтың жеген солта-сойылы көп болғанымен, тарихи шындыққа-халық мәдениетіне құлып салғанымен адамшылығы, түсінік-тәрбиесі қай ғасырдың шоқысынан шүйіле қарасаң да ынтаң ауады да тұрады. Діні жүрегінде, амалы хамсасында, салты ісінде, тірлігі бұжыр-бұжыр қырқасы мен адыр-адыр Арқасында, көңілі көлдей, портреті табиғи Қазақты сағынасың.Әр ұрпақ өз алдындағысын аңсауы анықталған табиғи психологиялық құбылыс.
– 2016 жыл да бітуге таяу. Ендігі 25 жылдан кейін қазақтың рухани болмысын қалай елестетесіз?
Арман Сқабылұлы:
– Жуырда мынадай дерек оқыдым: биыл мектепке барғандардың 85 пайызы қазақ сыныбын құраған. Мектеп бітіргендердің 76 пайызы ана тілімізде білім алыпты. Осыған қарап-ақ, ширек ғасырдан соң рухани болмысымыздың қандай болатынын пайымдай беріңіз. Тек, мұны дұрыс пайдаланатын ұлттық тәрбиені дұрыс жолға қою керек деп ойлаймын.
Күлтегін Аспанұлы:
– «Көн садақтың ішінде көбе бұзар жебе бар». Шалкиіз жыраудың осы уасыл сөзі ертеңге мән бітіреді, үмітімнің маңыз-қорын қоюлатады. Келешекті көрікті етер эталон-қатық — ұлттық мінез екенін ұмытпасақ, дегенімізге жетеріміз сөзсіз. Әрине, адамның өткенін іздеп, келерінен үміттенгеніндей ертеңгі қазақты жарықтың, қуаныштың мінбесінен көремін. Кері кете, жете туғаннан арытып «Атадан оза туған» ұрпақтан етсін!
– Әңгімелеріңізге рахмет!
4. Тәуелсіз қазақ өлшемі
Егеменді елдің бәрі толық тәуелсіздікке ие емес. Себебі, «тәуелсіздік» ұғымының өзі, тек бір-ақ нәрсені ғана білдірмейді. Мысалы, Қазақстан -мемлекеттік тұрғыдан тәуелсіз. Шекарамызды шегендедік, Ата Заңымызды қабылдадық, өз басшымызды өзіміз сайлай аламыз. Қай тілде сөйлеп, қай дінді ұстанамыз еркіміз біледі. Ал, біз сана тәуелсіздігіне қол жеткізе алдық па? Ойымыз, түйсігіміз, ұлттық көзқарасымыз азат па? Бұл сауалға әр оқырман, әр қазақ өзі жауап беріп көрсінші… Қазір тәуелсіздіктің алғашқы жылдары емес. Ширек ғасыр өтті. Бүгінгі ұрпақтың да ойлау жүйесі, ұлттық психологиясы сәл басқашалау. Батыстың мәдениетіне еліктеп тұрғанымен, санасы азат. Тек, қайықтың желкенін түзететін адам керек.
Сана тәуелсіздігі болмаса, анау айтқан тәуелсіздіктен халыққа, қоғамға пайда бар ма? Әрине, жоқ. Толық тәуелсіздікке ие болмай, ешқандай ұлттың мәңгілікке айналмасы хақ. Шын мәніндегі тәуелсіздікке жету үшін әр адамның ой-санасы өзге ұлттың вирустарынан таза болуы шарт екен. Сонда ғана халықтың тарих хронологиясындағы өмір сүру мерзімі ұзармақ. Елбасымыз айтқандай «Мәңгілік Ел» болмақ. Біздің мақсатымыз осы емес пе?! Мемлекетіміз толық тәуелсіздікке қайтсе жетпек? Жауабы біреу-ақ: әр қазақ сол өлшемге сай болса. Мұның амалын әу баста, Абай айтқан:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың, елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Біз жер бетіндегі жалғыз тәуелсіз ел емеспіз. Жан-жағымызда өзіміз сияқты қаншама халықтар бар. Бәрі бір-бірінің жіті назарында. Әр халық өз ұлттық мінездерімен ерекшеленеді. Мысалы, өзбек жолдастардың қаншалықты ұлтшыл екендіктерін елестете алмайсыз. Мемлекеттері қазба байлыққа тұнып тұрмағанымен, рухани қасиетке бай халық. Бұл біздің пікір. Ал, қазақ туралы өзгелер не ойлайды?
– Дамушы, жасампаз ел. Ең озық елу елдің қатарына кірді. Ендігі мақсаттары отыздықта. Экономикасы едәуір баршылық. Жер асты байлықтарының арқасында жақсы көтеріліп алды. Кейіннен нарықтық психологияны да игерді. Бұл осы жиырма бес жылдықта жеткен жетістіктері. Алдағы жиырма бес жылдықта әлемді қалай таңғалдырады, білмеймін.
Иә, ендігі ширек ғасырдағы қазақтың болмысын ешкім болжай алмайды. Біз бұрын малға сендік. Сөйтіп жүріп, жан сақтап, бүгінгі күнге жеттік. Кейін мұнайға сендік. Арадағы жиырма бес жылда ол да керегімізге жарады. Бірақ, мұнай мәңгілік емес. Енді неге сенеміз? Әрине, білімге. Саналы білім ғана бізге жол бастамақ. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романында мынандай бір сөйлем бар:
– Оқыңдар, қарақтарым, оқыңдар, – деді ағай біраздан кейін. – Қазақтың оқуда кеткен еншісі көп! Атаң үшін де оқы, әкең үшін де оқы, өзің үшін де оқы!
«Тәуелсіз қазақтың негізгі рухани болмысы мына ережелерден құралған: тілі мен дініне бекем, қазақтық қасиетке ие, ұлттық мінезге бай, білімді және ой көкжиегі азат». Бұл қаулыға сай өмір сүрмесек, ата-баба мен болашақ ұрпақ алдында қарыз болып қаламыз. Осы нәрседен қорқу керек.
Жақында орыс баласы Иван бір әңгіме айтып еді. Естідім де, ұзақ ойландым… Жанарыма еріксіз жас келді.
5.Соңғы сөз,
немесе Иванның әңгімесі
– Валя, бүгін аптаның қай күні? – деді, ұйқысынан сергек оянған Иван.
– Он алтысы. Күн – жұма, – деді, ас үйде шәй қамдап жүрген толықша, сары әйел.
– Тәәәк, желтоқсанның он алтысы…
– Иә, қаңтар әлі келген жоқ. Желтоқсанның он алтысы, – деп, Валя күйеуін келемеждегендей болды.
– Аааааа, есіме түсті. Бүгін кешке мені туған күнге шақырған. Бәсе, бір атаулы күн сияқты еді.
– Кімнің туған күні сонда? – деді Валя таңдана қарап.
– Академияда бірге оқыған группаласым Такэннің. Өзі қазақ.
– Қазақ? Білуімше, кезінде «қара орыс» атанған ел емес пе?
– Бұрын солай болған. Қазір азат ел. Бүгін сол қазақ жеріне сапар шегемін. Ерекше маңызы бар жиын болмақ. Туған күнге басқа да алпауыт елдерден өкілдер шақырылыпты. Бармай қалуға болмайды.
– Аааа…Такэн деймісің? Есімі біздікіне келе ме, қалай?
– Жоооқ, Валяжан, ол менің «өзімізше» атап жүргенім ғой. Шын есімі – Тәуелсіздік!
– Тәуелсіздік! Қызық екен. Мағынасы ерекше есім секілді…
– Онысын білмеймін…
Кеш қарая ұшағымыз Алматы әуежайына табан тіреді. Баяу соққан самал жел қуанып қарсы алғандай. Аспан үнсіз. Көкшіл-қара қабағын түйіп алып, тымырайып тұр. Не қуанғаны, не мұңайғаны білінбейді. Жұлдыздардың бәрі жиналып бір жаққа кеткен бе, әйтеуір, жоқ. Аспан шамы Ай ғана тұр. Төбе шашы ағарған қария тау да айналаға ойлы көздерімен қарайды. Әр жерден мойын соза ағарған шамдар қаланың қонақжай екенін білдіретіндей. Ұзын сонар кептелісте отырып, кешкі қаламен әңгімемді одан әрі жалғастыра бердім. Бірінші байқағаным: Мына қала неткен кең деймін?! Зымырап жатқан қаптаған көлік. Оның ішіндегі адамдарды санамай-ақ кояйын. Жаңа басқан жерімнің тыныс-тіршілігін қарап отырып, туған күн өтетін орынға да жетіппіз. Алғаш келгендегі самал жел қойын-қонышыма кіріп барады. Таза. Суық. Бірақ, жүрекке жылы. Алдымда жерге біткен бәйтеректей тікесінен-тік тұрған биік үй. Төбеме қарасам, басы аспанмен астасып тұр ма, қалай?! Бұл «Қазақстан» қонақ үйі екен. Міне, шедевр!
Зиялы қонақтар жайғасып қойыпты. Еуропадан ат арылтып келгендерден жақындағы Мәскеуде тұрып, кейін келгеніме ұялып та қоямын. Гу-гу әңгіме. Жан-жақтан шыққан әртүрлі тілдегі сөздер араның ызыңы іспеттес. Бәрі бір-бір аудармашы алып, не жайында екені белгісіз шүйіркелесіп отыр. Такэнмен есендесіп, мен де өз орныма қарай беттедім. Біршамадан соң асыға күткен туған күн кешінің де шымылдығы ашылды.
Әуезді әуен құлақтан кіріп, жүрекке жетіп отыр. Гормонымды кеудеме қысып, ортаға атып шығуға аз қалдым. Тылсым үн. Музыка өнері жағынан қазақта жалғыз артықшылық бар деуші еді. Сірә, ойнап жатқан сол болу керек. Күй. Екі ішектің билеуінен шығатын дыбысты табиғат үні ме дерсің. Жан-жағыма қарасам, ұйып тыңдап отыр екен. Иә, музыкада тіл жоқ.
Ойыма Моцарт оралды. Талант! Басқа сөздің керегі жоқ. Тек, талант! Моцарттың өмірінен алынған бір әңгіме есіме түсіп отыр. Бір күні бейтаныс жас жігіт Моцартқа келіп, симфония жазуды қалай бастау керектігін түсіндіруін өтінеді.
– Сен әлі жассың. Алдымен баллада жазып көр. Егер ұнаса маған кел,-деп жауап береді Моцарт.
– Ал, сіз он жасыңызда көптеген музыкалық шығармалар шығардыңыз ғой?
– Бірақ, мен ешкімнен қалай жазу керектігін сұрамаған едім, – дейді композитор. Бұл Моцартқа ғана жарасатын жауап. Жә, туған күнге оралайын. Шапалақ ұрылып жатыр ғой.
Қытайдан келген өкіл тілек айтып жатыр екен. Қысқа да нұсқа. Біреу түсінді, біреу жоқ. Келесі тост түріктерде. Ол кісілер бар ықыласымен, ұзағынан сөйлейді. Ішімнен менің кезегім де таяу шығар деп отырмын. Айтпақшы, бұл қазақ қаншаға толып жатыр өзі? Қап, жаңағы айтылған тілектерді тыңдап та отырмадым. Бар үміт мына түріктен енді. Құлағымды түріп отырайын.
– Kardeşim, Tauelsizdik! 25 yaşın kutlu olsun! Sana parlak bir gelecek diliyorum!
Әне, айтты. 25 дей ме?! 25! Жас екен ғой.
Айтылған тілектердің аяғы маған бұйырды. Сөзге шорқақтығымнан ба, маңдытып ештеңе айта қоймадым. Бастысы, көңіл ғой. Кеш соңына таяп қалған болар, қонақтар сағаттарына жалтақтай берді. Мұны сезгендей Такэн де ортаға шығып, сөз алды. Толқып тұр-ау шамасы. Жанарында жасырынған мұң бар. Зал тым-тырыс. Назар 25-ке толып жатқан қазақта. Бәрімізде бір сұрақ: Не айтады екен? Алысқа бір көз тастап, жігіт сөйлеп кетті.
– Құрметті, қонақтар! Мені сыйлап келгендеріңізге ризамын. Бүгінгі айтқан тілектеріңіз шын көңілден деп білемін. Бәріміз бір Жер-Ананың баласымыз. Ұлтымыз, тіліміз, дініміз бөлек болғанымен, түбіміз бір. Адамбыз. Осы сәтті пайдаланып, сіздерге бір шындықтың бетін ашпақпын. Әріден бастайын…
Ныспым – Тәуелсіздік. Тегім – Қазақ. Иә, бүгін менің туған күнім. 25-ке толып жатыр екенмін. Ақиқатын айтсам, менің жасым 25 емес. Мен қазақ отбасында туылғалы қашан?! Қателеспесем, 1465-1466 жылдар-ау деймін. Нақтысын білмеймін. Ескі құжаттарым солай дейді. Балалық шағым баянды басталған. Ер жете жорта келген Жоңғар шапқыншылығына тап болдық. Осы сәттен бастап, елімізден береке кетті. Болашақтың еншісін жатқа бермейік деп халқымыз мойымады. Қарсы тұрды. Талай қазақтың арда бастары әр төбеде домалап қалды. Қан судай ақты. Осының бәрі қазіргі бейбіт өмір үшін болатын. Кейіннен іргеміздегі орыс еліне қосылдық. Дос болып қосылдық па, қас болып қосылдық па, анығын тарих біледі. Мен ұлтымнан айрылмадым. Жариялы түрде болмаса да әр қазақтың шаңырағында өмір сүрдім. Есесіне, бауырларым Дін мен Тілімді жоғалтып алдым. Біреулер «Қай Тәуелсіздіксің?» деп сұрағанда, «Қазақтың Тәуелсіздігімін» десем, танымайтын. Мойындағысы келмейді. Ееее, біз жақтан да күн шығар деп мұңайып қалатынмын. Айлар аттап, жылдар жылжи берді. Тағы да соғыс. Кімге, не үшін болысып жүргенімізді өзіміз де білмейміз. Әйтеуір, Германияға қарсы оқты бұршақша жаудырдық. Не керек, төрт жыл соғысып, жеңіске жетіппіз. Жеке өзіміздің жеңіс болмаса да қуандық. Күндер кезегімен өтіп жатты. Дауыс шығарып, ана тілімізде сөйлей алмадық. Әр жұмада өз мешітімізге аяқ баса алмадық. Мен енді әр қазақтың жүрек тұсы қалтасындағы қағазға айналдым. Ешкімге айтуға, көрсетуге, беруге болмайтын қағаз. Мына бір жылды ұмытқан емеспін. 1986 жыл. Желтоқсанның дәл осы күні. Қақаған қыс. Талай гүлді солдырған, желтоқсанның желі соғып тұр. Біраз қазақ жастары мені жоқтап, іздеу салып, ереуілге шыққан кез. Әттең, бір көре алмады. Осы оқиға, осы күн менің қайта туылуыма ықпал етті. Тура 5 жылдан соң, аспанымыздан көптен күткен күн шықты. Айнала жарық. Жүректерге жылу тарады. Мен де екінші рет қайта туылдым. Бұл 1991 жыл болатын. Бұл менің «екінші» туған жылым. Сөйтіп, қайта жасарып, жаңғырып, бүгін міне, 25-ке толып отырмын. Сыртым жас болғанмен, ішім қарт. Біле білсеңіздер,Ұлы даланы дүбірлеткен кешегі Сақ пен Ғұн – менің ата-бабам! Менің өткенім! Тарихым анау белестердің арғы жағында жатыр. Ақиқаты осы, қонақтар.
Бәріміз аң-таңбыз. Жаңа ғана біз не естідік?! Расымен солай болған ба?! Бір өліп, екі тірілген халық болғаны ғой. Азаттықтың қадірін қазақтай ешкім білмес деп ойладым. 550 жыл бұрынғы діні мен дәстүрін, тілі мен рухын жоғалтпаған ұлт. Талай аласапыран заманда басын иіп, тізесін бүкпеген ұлт. Тәуелсіздігін кеудесінде тұмардай сақтаған ұлт. «Бұл елдің келешегі – Мәңгілік!». Менің сөзім емес, туған күн иесінің сөзі. Осы бір ойды жетектеп, үйімізге қайттық.
Мәскеуге жеткенше тағат таппадым. Тәуелсіздіктің әңгімесінен кейін Отаныма асықтым. Табаным жерге тигенше жүрегім өрекпіп отыр. Мен де елімнің Тәуелсіздігін іздегендей болдым. Егемендігімді сағынтқаныңа, рахмет, Қазақ!
P.S.:
Тәуелсіздігіміз екеу емес. Қадіріне жете білейік. Өткенімізді ұмытпайық. Бүгінмен өмір сүрейік. Ертеңгі ұрпаққа қарыз боп қалмайық…
Маржан ӘБІШ.