Болашақ қазақ азаматының келбеті
Ұлтжанды қазақ зиялылары болашақ азаматтардың келбетін, бейнесін былайша елестететін сияқты: Ол – ана тілін біліп, құрметтеп, күнделікті қызметі мен өмірінде қолданып отырады. Сонымен қатар, ағылшын тілін, орыс тілін біледі, пайдаланады. Көпшілігі көптілді қызметкерлер. Екіншіден, олар өздерінің қазақ екенін жақсы сезініп, негізгі ұлттық құндылықтарды сақтап, өзінен кейінгі ұрпаққа қалдыруға мүдделі. Үшіншіден, олар өз саласындағы кәсіпті жақсы меңгерген маман, еңбекқор, адал еңбегімен отбасымды асырап, халыққа қызмет етсем деген азамат. Төртіншіден, ол жаңалыққа жаны құмар, әлемдегі ғылым, білім, өнер саласындағы озық үлгілерге ден қоятын креативті тұлға. Бесіншіден, қазақ азаматы әділет пен заңды ұстанатын, өтірік пен өсекті іс қылмайтын парасатты тұлға. Алтыншыдан, қазақ азаматы Алланы сүйген, өзінің діні мен діліне берік азамат. Жетіншіден, ол елі үшін, жері үшін, халқы үшін күреске дайын, отаншыл патриот.
Міне, осындай тұлғалар Қазақстан мемлекеті мен қазақ ұлтының көсегесін көгертіп, оны ғасырлардан – ғасырларға алып жүретін ұрпақтар тізбегін жасаса екен деп көксейміз. Біздің пікірімізше мемлекет пен қоғамның алдында тұрған ең өзекті әлеуметтік міндет бүгінгі ұрпақты жоғарыда аталған талаптар тұрғысында тәрбиелеу. Осылай ете алсақ ұлт болашағы баянды болып, Қазақстан ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүре алады. Ұлттық рухани құндылықтар мен ұлттық мұраттар төңірегінде топтасуы мемлекеттік қауіпсіздікті күшейтетін, оны сыртқы жауларға бермейтін маңызды субъективті факторға айналдыратыны даусыз.
Тәрбие, насихат және идеология ұлттық топтасу мен жинақталу үшін қажет. Тәрбиенің негізгі мақсаты сөз жоқ адами сапаларды қалыптастыру. Осыларды тәрбиелеу барысында ұлттық сананың және мемлекетшіл сананың іргетасы қаланады. Сондықтан балабақшада, мектепте, колледжде, ЖОО тәрбиенің мазмұнын алдымен ұлттық үлгілер мен құндылықтармен толтырып алып, жалпыадамзаттық құндылықтармен байытқан дұрыс деп есептейміз.
Ұлттық құндылықтардан жалпыадамзаттық құндылықтар қайнап шығуы тиіс. Ал, ұлттық мазмұнынан айрылған қандай да болмасын құндылықтар азаматтарды аралық деңгейге, немесе маригиналдандыруға бастайды. Өзінің ана тілін біліп, ұлтының рухани байлықтарына сенбеген тұлға өзінің мемлекетін қорғауға құлықсыз. Ол үшін қандай мемлекет болғаны маңызды емес. Ол үшін өзінің және отбасының амандығы мен бай-қуатты өмірі маңызды. Ал, болашақ ұрпақтардың қандай болатындығы олар үшін екінші кезекте. Міне, осы мәселеде үлкен қателік пен зор қауіптің жасырын тұрғандығын аралық, дүбәра тұлғалар сезінбейді, түсінбейді. Оның ұрпақтарының, тіптен балаларының бақытты өмірін тек тәуелсіз мемлекеті ғана іске асыра алады.
Ендеше, Қазақстанның болашағына қызмет ететін жас ұрпақты тәрбиелеуден өткен маңызды міндет жоқ. Отаншыл, жершіл, халықшыл және мемлекетшіл ұрпақтарды тәрбиелей алған елдердің болашағы баянды екендігін әлем тарихы ұдайы дәлелдеп келеді. Осы қағидаттық шындыққа жауап беретіндей жұмыстар жүргізбесек Қазақстанның болашағы бұлыңғыр болмақ. Мемлекеті үшін халқы күреспесе ол әлемдік қақтығыстардың, бөліністердің құрбанына айналады. Сондықтан болашақты ойласақ жас ұрпақтың денсаулығының жақсы болуына, оның сапалы білім алуына, саналы тәрбиеленуіне қамқорлық жасалынуы керек. Бұл жұмыс бірінші кезекте, жетім балаларға деген мемлекеттік қамқорлықтан басталғаны абзал. Ел бойынша 90-100 мыңдай жетім балаларды толықтай мемлекеттік қамқорлыққа алуға ақша да, орын да табуға болады. Ол үшін ел көлеміндегі той-томалаққа жұмсайтын қаржыны азайту жеткілікті.
Тәрбие жүйесінде бірінші кезекте ұлттық ізгілікті насихаттау, жас ұрпаққа құндылықтарды сіңдіру пайдалы. Әр азамат өзінің туған ұлтының ізгі жақсылықтарын біліп, кемшіліктері мен қателіктеріне сыни көзбен қарап барып ненің жақсылық, ақиқат пен әділет екендігін түсінуге жетіседі. Демек, ұлттық белгілер мен сапалардың сақталуы жалпыадамзаттық құндылықтардың салтанат құруының алаңы болмақ. Бұл екі құбылыс бірін-бірі толықтырып, қатарласып жүреді. Біреуі екіншісін жоққа шығарғысы келсе ауытқу басталады. Ол ұлттық эгоизмнен, шовинизмнен, нацизмнен көрініс табады. Ал, жалпыазаматтық құндылықтарды желеу етіп ұлттық мақсат-мұраттарды жоққа шығаруға тырысушылық керісінше әсер беріп, ұлттық өмірдің жандануы жолындағы күреске әкеледі. Сондықтан ұлттық өмір мен жалпыадами өмірдің үндестік заңдарын сақтау маңызды. Олар: сенің ұлттық құндылықтарың: тілің, дінің, салт-дәстүрлер мен мәдениеттің басқа халықтардың, азаматтардың өмір сүруіне бөгет болмайды; қандай да болмасын ұлттық қайшылық мәелелерін бейбіт жолмен, барлық мүдделі таптардың өзара келісімімен, ақылдасуымен шешуге ұмтылыс; мемлекет мүддесінің, оның территориялық тұтастығының барлық даулы мәселелерден басым тұруы; тәуелсіздікті ұлт мәселесіндегі ең басты, ең қымбатты құндылық ретінде бағалау, сақтау; әлем халықтарын және олардың мәдениеттерін тең көру және құрметтеу; әлемдік тәртіптердегі әділетсіздіктерге зорлық-зомбылыққа, күш көрсетулерге төзбеу, әлемдегі бейбітшілік пен тыныштық жолында үзбей күресу; табиғи, техногендік катастрофаларға ұшыраған елдерге көмек беруге дайын болу; табиғат пен экономиканың үндестігін сақтауға ұмтылу; экологиялық мәселелерді белсене шешуге кірісу сияқты маңызды істерді айтуға болады. Жалпыадамзаттық даму мен ұлттық дамудың түйісер жерлері бұдан да көп. Мәселе, сол бағыттардың бірінің-бірі дамытылуында өзара көмекке келіуі.
Болашақты ойласақ баршаға ортақ құндылық отбасын, семьяны нығайту мәселесі бірінші орынға шығады. Қазақтың қазақ болып қалуы қазақи мазмұны бар отбасын сақтау және күшейтуге тәуелді. Ұлттық тілді, дәстүр мен мәдениетті сақтап, балаларын осы рухта тәрбиелеген отбасылары ұлттық өмірдің қайнар бұлағы. Жас ұрпақ үлкенге қарап өседі. Сондықтан отбасы тәрбиесінің тиімді болуы ата-ананың үлгісіне тәуелді. Әкесі мен шешесінің өтірік айтатындығын, арамдық істейтіндігін, әділетсіздік жасайтындығын көріп, біліп өскен бала жақсы азамат болмайды. Семьядағы жақсылық пен әділет, тыныштық пен сүйіспеншілік баланың бақыты ғана емес оның болашағы да. Шыншылдық пен әділетті, еңбекқорлық пен ұқыптылықты, тазалық пен тиімділікті өмірлік принциптеріне айналдырған отбасылардың балалары рухани бай азамат болып өседі.
Әрбір отбасы баланы имандылыққа баулуы маңызды. Имандылық бар жерде ғана жақсылық пен әділет, тыныштық пен татулық салтанат құратыны ақиқат. Имандылықтың бастауы құдайды сүю, Алланың жолымен жүру. Жүрегінде Алланың нұры жинақтаған бала ұясынан ұшқаннан кейінде жаман істерге бармайды. Оған ұрлық, өтірік, өсек, мақтаншақ, жалқаулық сияқты қылықтар жат болады. Иманды адам өз жақындарын, Отанын, елі мен жерін сүйеді. Ол – еңбекшіл, адал және әділетті тұлға. Бәсекеге қабілетті болу үшін Қазақстанға керегі осындай азаматтар.
Ұлтжандылық пен Отаншылдық халықтың ұюының, бірігуінің ғана бастауы емес, мемлекеттің бүгінгі қуатын арттырудың және келешекте дамуының да бастауы. Мәселе, қазіргі ашық қоғамда, нарықтық қатынастар жағдайында ұлтжандылық пен Отаншылдық ұстанымдарды тәрбиелеу тетіктерін табуға келіп тірелуде. Кейінгі кезде, көңілге қонымды «Қазақстандықтар қазақстандық тауарларды сатып алайық» деген бастама осы отаншылдыққа бастайтын бастама. Осындай үлгілер алдағы уақытта отандық киноға, отандық БАҚ-қа, отандық өнерге, мемлекеттік тілге қатысты күшейе түссе мемлекеттің іргесі нығая берер еді. «Қазақстан тәуелсіздігі қазақ халқымен бірге барлық Қазақстан халқы үшін бақыт», — деген қағида елдің әрбір азаматының өмірлік ұстанымына айналса Қазақстан нағыз «Мәңгілік Ел» санасына ие болары даусыз.
Өкінішке қарай, ашық қоғам, нарықтық экономика, жаһандану үрдістеріне ұлтжандылық пен мемлекетшілдікті ұластыру мәселесі шешілмей келеді. Сөз жоқ, ағылшын тілін білу қажеттілік. Бірақ ағылшын тілін енгізу қазақ тілінің дамуына ешқандай бөгет болмауы керек. Балалар мектепте ана тілін толық меңгеріп алып ағылшынша оқи бастасын.
Тағы бір мәселе, Тәуелсіздік идеологиясын ұран еткен Қазақстан БАҚ-тары елдің ақпараттық кеңістігінде 80-90 пайыздық басым үлеске ие болып отыруы керек. Сонда ғана болашақ ұрпақта қазақстандық патриотизм санасы мен мемлекетшілдік психология тәрбиеленеді. Қазір дамыған мемлекеттерде мектептер мен БАҚ негізінен ана тілінде сөйлейді, қызмет етеді. Мысалы, Францияда 80 пайыз француз тілінде, Испания, Италия, Польшада да осындай. Ресейде бұл көрсеткіш 90 пайыздан астам.
Тәрбиенің тиімді болуы тәрбие берушілердің, үлгі-өнеге көрсететін адамдардың беделіне байланысты. Бедел өте ықпалды рухани құбылыс. Адамдар беделдің соңынан еруге дайын. Бедел күш көрсетуді, үгіттеуді екінші орынға сырып тастап, үлгі-өнеге мен абыройды бірінші кезекке шығарады. Халық беделді басшының соңынан ерсе, жас ұрпақ беделді педагогтардың сөзіне құлақ түреді. Бедел тұлғаға берілген қоршаған адамдардың әлеуметтік бағасы. Қазір беделді жасауға имиджді жасау да көмекке келуде. Имиджеология саяси ғылымның бір саласына айналып отыр.
Десек те, бүгінгі қоғамда шын бедел бар және қолдан жасанды жасалынатын жалған бедел бар. Нағыз дұрыс тәрбие шын бедел бар жерде ғана мүмкін. Жасанды беделге ден қою жастардың өмірлік ұстанымдарын бұзатын қауіпті құбылыс. Кеңес Одағы кезінде коммунистік идеология жалған бедел жасауға құмар болды. Қоғамды өтірік пен жалғандық жайлап алды. Кеңес Одағының аса зор ресурстары бола тұра күйреп қалуының түпкілікті себебі жалған сөйлеу, шындықты бұрмалау мен жастарды жалған беделдер арқылы тәрбиелеуге байланысты. Өкінішке орай осы жалғандық бүгінгі Қазақстанда да орын алуда.
Жас бала адал, еңбекқор, шыншыл адаммен тәрбиелік қатынаста болса осы ізгілікті салаларды қабылдайды. Өтірікті, өсекті, жалған сөйлеуді, әділетсіздікті ұстанған адамдарды көріп өссе солардың жаманшылықтарына үйір болады. Нағыз бедел еңбекқорлықта, әділеттілікте, шыншылдықта ғана ықпалды болады. Сондықтан жас баланы қоршаған ортасындағы моральдық-психологиялық атмосфераның ізгілікті құндылықтармен толғаны абзал. Беделді тәрбиешілер ізгілікті құндылықтарды өмірлік қағидаттарына айналдыра білген жақсы адамдар. Қоғамда жақсы адамдар көп болса оның дамуы баянды, жақсылығы көп болады. Мұндай қоғамда адами құндылықтар басым болып қайшылықтар, қайғылар мен өкініштер аз болады.
Қазақстандағы тәрбие жұмысы адамгершілік идеологиясы ұғымының төңірегінде жинақталуы керек деп білеміз. Адамгершілік идеологиясының тірегі Абайдың сыншыл көзқарастарына негізделген «кемел адам», «толық адам» концепциясы, Шәкәрімнің «шын адам» концепциясындағы «ар ілімі» бола алады. Абай, Шәкәрімнің гуманистік идеялары әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.А.Иссауи сияқты отандық ойшылдардың және әлемдік адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен байытылады.
Әлемдік ізгілікті ойдағы, «барлық байлықтар мен игіліктер тек қана адал, тиімді, белсенді еңбекпен ғана келеді» деген қағида үстемдік құрғаны абзал. Қоғам таза, адал еңбекпен толыққанда ғана имандылық үстем болады. Имандылық арлы адам болудың негізі екендігі белгілі. Иманды қоғам ұлттық салт-дәстүрлерге сүйенетін қоғам. Әке – әке, шеше – шеше, бала – бала болуы шарт. Әке – асыраушы, басқарушы. Шеше – отбасының иесі, баланың тәрбиешісі. Бала – ата, анасына көмекші, олардың айтқанын орындаушы. Міне, осындай қарапайым шындықтардың қызмет етуі отбасының нығаюы үшін ең қажетті нәрсе. Отбасы құндылықтарының мызғымас маңызы туралы Қытай ойшылы Конфуцийдің ұстанымдарын пайдалану абзал.
Әрине, бұрынғы заманның авторитарлық отбасын толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Қазіргі екі жыныстың теңдігіне негізделген құндылықтар жүйесі күрделі. Бірақ тығырықтан шығар жол бұрынғы патриархалдық отбасы жүйесінің пайдалы жақтарын бүгінгі шындықта жандандыру. Батыста, отбасы болуы қазір өз маңызын жоюда. Дамыған елдерде азаматтардың көпшілігі бала тәрбиесі болуы үшін толық семьяның болуы міндетті деп есептемейді. Адам табиғатына жат мұндай қате, зиянды ұстанымдар соңынан ілесіп кетуге болмайды.
Ізгілікті адамзат жинақтаған гуманитарлық құндылықтарда отбасы тәрбиесі, ата-ана үлгісі бірінші кезекте тұрады. Сондықтан Қазақстан қоғамы адамгершіліктің орнына прагматизмді бірінші кезекке қоятын Батыстық тәрбие үлгілерінің қате жолына түспеуі керек. Тағдырлық таңдауда ұлттық тәрбие жүйесінің қателеспегені дұрыс.
Тәрбиенің негізгі діңгегі ұлттық тәрбие. Әр халықтың өкіліне өзінің этникалық үлгілері жақын, табиғаты таныс. Жас нәрестенің өзінің генетикалық кодында белгіленген ана тілінде тәрбие алуы өте үлкен игілік. Баланы қоршаған орта, жанұя мен мектепте ең алдымен ана тілі ұлықтатылуы міндетті. Қазақ баласы отбасында шешесіне – анашым, әкесіне – әкешім деп қарым-қатынас жасауының өзі тәрбиедегі үлкен қадам, баланы жылылыққа, жақсылыққа бастайтын қадам. «Мама, папа» деген өгей сөздерге қарағанда «анашым, әкешім» деген сөздер әлдеқайда тәрбиелік, адами, ізгілік қуатқа ие. Қазақи тәрбие алған жас отбасылар «анашым мен әкешім» сөзіне маңыз бере бастады. Бұл ізгілік үрдісін қазақ қоғамы қолдауы міндет. «Анашым мен әкешім» деп өскен ұрпақ «апашым мен аташымды» да құрмет тұтатын ұрпақ болары сөзсіз.
Сондықтан адамның шын бақыты оның отбасындағы тыныш, тату өмірі екендігін ұдайы еске салып отыру маңызды. Әлеуметтік өмірдің тірегіне отбасындағы тәрбие негіз бола алады. Атаның аталық үлгісі, әкенің әкелік үлгісі, әженің әжелік үлгісі, ананың аналық үлгісі әрқайсы маңызды. Олай болуы үшін ең алдымен үлкендер тәрбиелі болуы шарт.
Бізге дейінгі ұрпақ ақылсыз болмаған. Олар біздің ұлы аталарымыз бен аналарымыз иманды ұрпақты қалай тәрбиелеуге болатындығын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп кеткен. Тәрбиешілердің өзекті міндеті – өткен ата, баба тәрбиесінің озық үлгілерін қалпына келтіріп, бүгінгі ұрпаққа ұсыну. Тарихтан сабақ алу дегеніміз осы. Эгоизмді, индивидуализмді, қатыгездікті, жалқаулықты, қылмыскерлікті тек адал еңбек ететін иманды халық қана ауыздықтайды. Ал еңбек тәрбиесі, иман тәрбиесі отбасынан басталады. Ата, ана өзіне қажетті үлгіні ұлттық тәрбиедегі құндылықтардан ғана таба алады. Өткеннің озығын бүгінгі күннің теңдігі, әділеттілігі, өзара сыйластығы, өзара түсінісу құндылықтарымен байыта білсек қана жаңа заманға сәйкес отбасы қалыптаспақ.
Сайын Борбасов,
саяси ғылымының докторы,
Салтанат Ізтілеуова,
филология ғылымының докторы.